Небары 15-16 жасында жүкті болып қалған қыздар ауыр тағдыры

Небары 15-16 жасында жүкті болып қалған қыздар ауыр тағдыры

Оңтүстік Қазақстан облысында жылда жүздеген жасөспірім қыз жүкті болып қалады. Мамандар ерте жүкті болғандар қоғамда кемсіту мен шеттетуге ұшырайтынын айтады деп жазады Азаттық.

ЖАСӨСПІРІМ АНАЛАР

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданынан Шымкент қаласына жұмыс істеуге келген 16 жастағы Майра (аты-жөні өзгертілді – Азаттық) өзінің жүкті болып қалғанын білгеннен кейін бірге жүрген жігіті тастап кеткенін айтады.

"Аяғым ауыр екенін естіген соң алғашында телефонын өшіріп қоятынды шығарды. Бұрын жиі келіп, кездесіп тұратын едік. Қазір байланысты мүлде үзді", - дейді ол.

Майраның құрсақ көтергеніне қазір 7 ай болған. Басындағы жағдайды жігітінің анасына айтуды ұйғарған қыз тек сөгіс естіпті.

"Ана ғой, жағдайымды түсінетін шығар деп жігітімнің шешесімен сөйлестім. Бірақ ол кісі өзімді кінәлап, кемсітіп, балағаттап шығарып салды", - дейді Майра.

Шымкентте тұратын 15 жастағы Гүлдәуреннің (аты-жөні өзгертілді – Азаттық) жүкті болғанына бесінші ай. Осымен екінші сәбиіне екіқабат болып отырған Гүлдәурен бір жарым жастағы тұңғышының әкесі кім екенін білмейтінін, оны еркінен тыс көтергенін айтады. Жас қыз отбасының әлеуметтік жағдайына байланысты оқуын кешкі мектепке ауыстырып, жұмыс істеп жүрген кезде зорлыққа ұшыраған, бірақ оны ешкімге айтпаған.

Небары 15-16 жасында жүкті болып қалған қыздар ауыр тағдыры

"Асханада еден жудым. Жұмыстан жиі кеш шығатын едік. Сондай күндердің бірінде екі жігіт мені зорлап кетті. Бұл туралы ешкімге тіс жармадым. Ішімдегі бала 7 айға толғанда жүкті екенімді білдім", - дейді ол.

Гүлдәурен алғашқы балаға босанғанда 14 жаста болған. Әуелгіде баладан бас тартпақ болғанымен кейін райынан қайтқан.

"Балалар үйіне тастаймын деп ойлағам, тіпті есігінің алдына дейін бардым. Бірақ тастауға қимадым. Үйге алып келдім. Анам асырап алды", - дейді Гүлдәурен.



Гүлдәурен қазір өзінен екі жас үлкен жігітпен көңіл қосып жүргенін, құрсағындағы баласын әкесі тастап кетпейді деп сенетінін айтады.

"Ол (жігітін айтады – Азаттық.) 16 жасқа толғанымда маған үйленем деп уәде берді. Құрсағымдағы баланы алдырып тастауға қимаймын. Бір жағынан әлі өзім де баламын ғой. Соған өкінемін", - дейді көзіне жас алған жас ана.

ЖЫЛДА ЖҮЗДЕГЕН ЖАСӨСПІРІМ ЖҮКТІ БОЛАДЫ

Оңтүстік Қазақстан облысының бас гинекологы Мира Ерғалиқызының Азаттыққа айтуынша, облыста жыл сайын 600-800 аралығында жасөспірім қыз жүкті болып қалады.

"Ерте жүктілік ауылды жерде көп кездеседі. 16-17 жасында екінші, үшінші рет жүкті болып жүрген қыздар бар. Жасөспірім қыздар физиологиялық жағынан ерте дамып, жетіледі. Басым бөлігінде жүктілік сәтті өтеді. Бірақ уақытынан бұрын босанатындар көп", - дейді ОҚО бас гинекологы.

Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Айгүл Сапарғалиеваның Азаттыққа берген дерегі бойынша, былтырғы жылдың 11 айында облыста 15-17 жас аралығындағы 312 ана босанған. 286 жасөспірім қыз жүктілер есебіне алынған (2016 жылғы қарашадағы мәлімет).

Сонымен бірге аталған мерзімде 21 жасөспірім қыз түсік тастап, алтауы аборт жасатқан. "Жүкті және босану кезінде қайтыс болған жасөспірімдер жоқ" дейді денсаулық сақтау басқармасы өкілі. Ол жасөспірім қыздар арасында сексуалдық зорлықты жасыру оқиғаларын анықтау үшін анонимді сауалнама жүргізілгенін айтты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?