Қарындасына бүйрегін берген жігіт жеңгесіне қалай алданғанын айтып берді

Қарындасына бүйрегін берген жігіт жеңгесіне қалай алданғанын айтып берді

Алматыда екі бүйрегі істен шығып, бүйрек алмастыру отасын жасатқан 11 жасар Жәнел Жайлауоваға қатысты тың дерек пайда болды деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

30 қарашада «Қайырымды жандар» еріктілер тобының ұйымдастыруымен халық болып жинаған 12 миллион теңге қаражатты Жәнел Жайлауованың анасы Ақмарал Жақсылықоваға ел алдында табыстағаны туралы NUR.KZ порталында осыған дейін жарияланған болатын.

Редакциямызға Жәнелге донор болған оның ағасы Бақтияр Жылқыбаев хабарласып, жеңгесіне деген өкпе-назын білдірді.

Сонау қыркүйектің басында Жәнелге бүйрек қажет екенін ести сала, еш ақысыз, бірден келіскен қайнысын Ақмарал Жақсылықова халықтан соңына дейін жасырған болып шықты. Ал, Бақтияр Жылқыбаев (донор, Жәнелдің ағасы) барлық диагностикалардан өтіп, қажетті ем-дом шараларын қабылдап, қараша айында-ақ отаға толық дайын болған. Оны жеңгесі бұқаралық ақпарат құралдарына есімін атамай, құпия ұстап, шындықты жасырған.

«Мен өзімнің қарындасыма шын ниетіммен бүйрегімді беруге келістім. Алайда, оған анамыз, яғни Жәнелдің әжесі қарсы болды. Ол кісі мені: «Үйлі-барандысың, өзіңнің де екі қызың бар, жалдамалы пәтерде тұрасың, басыңда банкте жабылмаған екі миллион кредитің бар, өмір бақи мүгедек атансаң, ертең жұмыс таба алмай жүресің. Екеуің де баламсың», - деп ойланып шешім қабылдауымды өтінді. Мен сол аралықта күзет қызметінен кетіп, әскери қызметке орналасуға құжат жинағалы жүр едім. Бір жағынан анам менің болашағыма алаңдады десем болады. Бірақ жеңгем хабарласып, анамды райынан қайтарды. Ол кісі маған барлық қажеттілігіңді өтеп беремін, халықтан ақша жиналса, банктегі қарызыңды да жабамын, дәрі-дәрмекпен де көмектесемін, шын ниетіммен рахметімді білдіремін деп уәдесін үйіп-төкті. Мен оған сендім және бүкіл тәуекелімді салып, жұмысымнан айырылдым», - дейді Бақтияр Жылқыбаев.

Белгілі болғандай, бүйрек алмастыру отасы Алматыдағы медицина орталықтарының бірінде мемлекеттік квота аясында жасалды.

Ақмарал Жақсылықованың халықтан нақты қанша ақша жинап алғанын Бақтияр Жылқыбаев тек медицина орталығында ота жасалар алдында NUR.KZ порталынан оқып-біледі. Сол уақытта 12 миллион ақшаны жеңгесінің қайда, қалай жұмсағаны туралы Бақтиярдың сұрауға мұршасы да болмаған. Тек Жанелдің аман-есен орталарына оралуын тілеген ол жеңгесінің өзі берген уәдесінде тұрып, банктегі қарызы мен отадан кейінгі ем-шараларына қажеттілігін өтеп беретінінен үмітін үзбепті.

Қарындасына бүйрегін берген жігіт жеңгесіне қалай алданғанын айтып берді

«Алайда, отадан кейін Ақмарал жеңгем маған күтпеген жауап қайтарды», - дейді Жәнелдің ағасы.

«Сенің интернеттен көрген соманың бәрін емес, балалар бізге оның 2 миллионын ғана аударады. Өйткені мен оларға донор ағасы болатынын айттым», - деді маған Ақмарал жеңгем. Ол ауруханада жатқанда қалымды сұрап келушілер болса ешкіммен сөйлеспеуімді, жауап бермеуімді өтінді. Мені неге құпия ұстағанын түсінбеймін», - дейді Жәнелдің ағасы.

Бақтияр Жылқыбаевтың айтуынша, ол жеңгесінің отадан кейін қал сұрап келуін қатты күткен. Алайда екінші күні ол Ақмарал Жақсылықоваға өзі хабарласқан.

5 желтоқсанда жасалған отадан біраз уақыт өте келе ес жиған Бақтияр Жылқыбаев жеңгесіне Шымкентке, үйге қайтатынын айтқан. Алайда жеңгесінің уәдеден айнып, әп-сәтте керексіз адам қылып тастағаны Бақтиярдың жанына қатты батқан.

«Жеңгем маған ол ақшаны пайызға біреуге беріп қойғанын айтып, менің кредитімнің бір миллионын жауып бере алатынын айтты, алайда, ең соңында айқай-шумен 100 мың теңгені лақтырып, әрең берді», - дейді Бақтияр Жылқыбаев.

Бақтияр ол ақшаны амалдың жоқтығынан алғанын айтады.

«Шымкентке барғанда отадан кейінгі ем-домым бар, отбасым бар. Оның үстіне тіккен жері, кіндігімнің асты ашылып, қанталап тұрған. Сондықтан 100 мың теңгені амалсыздан алдым», - деп шындығын айтты ол.

Бақтияр Жылқыбаев үйіндегі ата-анасының «Жан жылуы» бағдарламасында Жәнелге донор болған ағасы туралы бір ауыз сөз айтылмағанына жүректері ауырып, көз жасына ерік бергенін айтады.

«Бір күні кешкілік теледидардан «Жан жылуы» хабарында Жәнелді көрсетіп жатыр екен. Бағдарламаны ата-анам қалт жібермей көретін. Анам ол жерде донор туралы бір ауыз сөз айтылмағанына қатты қынжылды. Хабар барысында донорды көп іздегенін айтқан Ақмаралды естіген әке-шешемнің жүрегі езіліп, ызаға булығып жылады», - дейді донор.

Бақтияр Жылқыбаев әке-шешесінің көз-жасы мен ызасы бар жағдайды жайып салуға итермелегенін жасырмады. Бақтияр жеңгесінен ешқандай ақша сұрамағанын, қарындасына бүйрегін шын ниетімен бергенін қадап айтты.

«Мен өзімнің бүйрегімді бергеніме міндетсінбеймін. Менің мақсатым – ақша алу да емес, банк алдындағы қарызым өтелер, құтылармын. Алла бұйырса денсаулығым да ақырын-ақырын қалпына келер. Отбасым, ең бастысы, Жәнел қарындасым аман болсын. Бірақ кішкентай қызының көз жасын сатып, өзгеріп отырған жеңгеме менің өкпем қара қазандай» - дейді Жәнелдің ағасы.

Ол жеңгесінің өзі уәде еткен соманы төлеп беруінен бір жола күдер үзгенін айтады.

Бақтиярға медициналық мекеме қызметкерлері заңды түрде мүгедектік туралы құжат ала алмайтынын жеткізген. Ол өз денсаулығына сай, отбасын асырай алатындай, жұмыс тапсам деп жүр.

«Мен қазір екі келіден артық көтере алмаймын. Алдағы уақытта менің заңдық мәселемді шешіп бере алатын жан болса ғой. Бала-шағамның ішіп-жемі бар, маған өзімнің денсаулығыма сай Шымкенттен жұмыс табылады ма деген ой мазалайды», - деп мұңын шақты Бақтияр Жылқыбаев.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?