Ақтөбеде әкіммен кездесуге келген көпбалалы аналар шу шығарды (фото)

Ақтөбеде әкіммен кездесуге келген көпбалалы аналар шу шығарды (фото)

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың есептік кездесуіне халық көп жиналды. Әкім өткен жылы жасалған жұмыстарды қорытындылап, биылғы жоспарымен таныстырды. Есептік кездесудің сұрақ-жауап бөлігі айқай-шумен өтті десе болды. Жоқшылықтан шаршаған аналар микрофонға таласып, жеке сұрақтарын айтқанда жылап жіберді деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

"Міне базарда тұратын барлық әйел осы жерге келді. Мәселеміз – баспана! "Нұрлы жер" бағдарламасымен үй алу үшін 10 пайызын төлеу керек екен. Біз сол 10 пайызды да жинай алмай отырмыз. Бес баламен пәтер жалдап отырмын. Базардан күніге 1 мың теңге табамын. Сол ақшаны тамаққа, пәтер ақысына жеткізуім керек. Біз сияқты аналар үй алу үшін балаларымыз өліп немесе өзімізді әкімдіктің алдында өртеу керек пе", - деген Алмагүл Берекеқызы әкімнің алдында жылап жіберді.


Ашынған аналар бір - бірінің сөзінен кейін қол шапалақтап, шулап отырды.

"Мен жас анамын. Құдайға шүкір, үш балам бар. Несиемді төлей алмаған соң балаларға алып отырған ақшамды банк осы айда алып қойды. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз. Енді пәтер ақысы мен балаларыма тамақты қайдан аларымды білмей отырмын. Көлік жуу мекемесінде жасайтын күйеуім күніге 1 мың теңге тапса әкеледі. Болмаса ол да жоқ. Біз қалай күн көреміз?", - дейді Салтанат Арыстанбек есімді келіншек.


Сонымен қатар жиында жер мен автобус мәселесін көтеріп, әкімнің орынбасарын ұялтқандар да болды.

"Ақжар ауылында ауыз су мәселесі қиын. "Ақбұлақ" бір үйге аптасына үш рет 80 литр су құйып кетеді. Оның үсіне су таза емес, сары су ішіп отырмыз. Ауылда автобус мәселесі қиын. №44 бағыттағы автобус жүрмейді. Талай далада қалып қойдық", - деген ана үйінің құжатын реттей алмай жүргенін де айтты.


Ақтөбеде әкіммен кездесуге келген көпбалалы аналар шу шығарды (фото)


Қала әкімі шағымын айтқан келіншектің мәселесін жиын үстінде өзінің орынбасары Ұшқын Мыңбаевқа тапсырған болатын.

"Оған талай барғанмын, шепейді" деген келіншек қолын бір сілтеп, қала әкімінің орынбасарына бұрылып та қарамады.


Ақтөбеде көп балалы аналардың мәселесін қарау үшін арнайы комиссия құрылатын болды. Қала әкімі әр отбасының тұрмыстық жағдайын топқа бөліп, зерттеу жасалатынын айтты. Алдағы үш күнде комиссия көпбалалы аналардың сұрағын қарайды. Әкім жәрдемақы мен пәтер мәселесінің қараусыз қалмайтынына уәде берді.



"Арнайы комиссия құрамы бекітілді. Сіздердің араларыңыздан да 5-6 ана шықсын. Көпбалалы аналардың барлығы көмекке мұқтаж деп айта алмайсыздар. Тұрмысы жақсылар да бар. Сол себепті әр отбасының мәселесін бөлек қарау керек. Үш күн бойы қабылдау өткізетін боламыз.


Бізде тұрғын үй салынып жатыр. Жалға берілетіні аз. Бірақ арнайы жобаменен жұмыс жасайтын боламыз. Сұрақтардың көпшігі газ берілмей жатыр, автобус жоқ және су мәселесі туралы. Біз мұның барлығын шешіп береміз. Ал ең бастысы баспана мәселесін назарда ұстаймыз", - деді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.


Жиында көпбалалы жалғызбасты ана қала әкімін үйіне шақырып, жағдайын өз көзімен көріп кетуді сұрады.

"Жалдап тұрған пәтерім қара мұз. Балам арнайы мектепте жеңілдікпен оқитындықтан, басқа жерге көше алмай отырмын. Сіз маған қандай көмек бере аласыз?", - деген ананың үйіне баруға қала әкімі уәде берді.


Ақтөбе қаласы әкімінің халықпен кездесуінде көтерілген мәселе де, айтылған уәде де көп болды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?