Атамекен. Ел. Халық
Атамекен. Халық, Ел туралы мақал-мәтелдер топтамасы
- Қалыптан шықсаң да, халықтан шықпа.
- Қанша жуан болса да, Жалғыз ағаш үй болмас. Қанша жақсы болса да, Жалғыз жігіт би болмас.
- Қанша тұлпар десе де, Мініп болмас жалсызды. Қанша білгіш десе де, Халық сүймес малсызды.
- Қара жерді жамандама, қайтып сонда барарсың. Қауым елді жамандама, қарғысына қаларсың.
- Қараша үйден ханша шығады.
- Қараша үйде сұңқар бар ораздыға кездесер.
- Қараңғы үйде қабан күркірейді.
- Қардың басын қар алар, Ханның басын хан алар.
- Қарға тамырлы қазақ.
- Қарны аштан назары аш жаман.
- Қарын тойса, қарта боқ сасиды.
- Қары бар жерде қаһар бар, Кен бар жерде шаһар бар.
- Қасықтап алғанмен, көл таусылмайды, Қанша ұры алғанмен, ел таусылмайды.
- Қаузанып шығар үйің болса, ордадағы, Қоғамшыл қарияң болса, қорғандағы.
- Қатты жерге қақ тұрар, ынтымақты елде бақ тұрар.
- Қатты қыста қамысты сағала, Басыңа пана, малыңа қора.
- Қатардан аспақ бар, Халықтан аспақ жоқ.
- Қараша хан тұсында, қатын ер тұсында.
- Қашпақ-қумақ—ерге сын, Көшпек-қонбақ—елге сын.
- Қойлы бай—қорлы бай, Жылқылы бай—сылдыр бай.
- Қойлы бай—қорлы бай, Сиырлы—сары май.
- Қойды кәрі-құртаң бүлдіреді, Елді сұлтан бүлдіреді.
- Қашқан жаудан құтылады, Көшкен жұттан құтылады.
- Би болатын жігіттің етек-жеңі кең болар, Қошқар болар қозының маңдай алды дөң болар.
- Қуыс үйден құр шықпа.
- Құдайға қарсы болма.
- Құтты қонақ келсе, қой егіз табады.
- Құл—құл емес, кім жаман туса, сол—құл.
- Құлдың діңкесін «бәрекелді» құртады.
- Құлды «құл» десе өлгісі келеді, Биді «құл» десе күлкісі келеді.
- Құл жиылып бас болмас, Құм жиылып тас болмас.
- Құлда құдірет жоқ.
- Құлды жіберсең еркіне, Күнде тышар бөркіңе.
- Құлмен жеген құйқа құстырмай қоймайды.
- Құл құтырса, құдыққа қармақ салады, Күң құтырса, көтіне бармақ салады.
- Құрастырып айтса, құлдыкі жөн, Біріктіріп айтса, бидікі жөн.
- Қыңыр көшіп бай болмас, Қисық сөйлеп би болмас.
- Қысқа жіп күрмеуге келмейді.
- Қырық кісі бір жақ, Қыңыр кісі бір жақ.
- Қыс киімін жаз киіп, жарлы қайдан байысын.
Қысы-жазы жұмыс қып, жалғыз мая
қайтіп қайысын?
- Қонысқа қарай мал өсер, ырысқа қарай ұл өсер.
- Қонысы ауған ел оңбас, Өрісі ауған мал оңбас.
- Қопалы жерге қонбаңыз, қора өртенсе, үй кетер. Жар басына қонбаңыз, дауыл тұрса, күй кетер.
- Қорқақтың бәрі Құдайшыл.
- Қырықтың бірі—Қыдыр, Мыңның бірі—Машайық.
- Қызығы жоқ өмірден ұйқыда көрген түс артық.
- Менде болсын,
Менде болмаса да, елде болсын.
- Мал басқа бітеді, қына тасқа бітеді.
- Нағашым бай, қайным бай, Жарлы қылар қай Құдай!
- Миға ерген дене азбайды, Милыға ерген ел азбайды.
- Мыңның түсін білгенше, Бірдің атын біл.
- Мың кісі салған көпірді бір кісі бұза алады, Бір кісі жаққан отқа мың кісі жылынады.
- Мал қайыры жоқ байдан
Күш қайыры бар жарлы артық.
- Мыңын жемей, бай өледі, Бірін жемей, жарлы өледі.
- Мың қосшыдан—бір басшы.
- Бай—теңіз, оны жей алмаған доңыз.
- Опасызда отан жоқ.
- Орнында бар оңалар, орнында жоқ жоғалар.
- Орыс бар жерде қоныс бар.
- Орыс ойына келгенін істейді.
- Ортақ өгізден оңаша бұзауым артық.
- Отан от басынан басталады.
- Отансыз да бір, опасыз да бір.
- Отан оттан да ыстық.
- Отансыз ұл—ормансыз бұлбұл.
- Отты шұқылаған өшірер, Қоңсыны шұқылаған көшірер. Отты қаузаған өшірер, Қоңсыны қаузаған көшірер.
- Отау үй—оңаша бас.
- Отырса, от басында, Көшсе, жүк қасында.
- Өз елімнің басы болмасам да, Сайының тасы болайын.
- Өз еліңнен шет жерде Шуақсыз болар көктем де.
- Өз жұртын танымаған Кісі еліне би бола алмас.
- Өз елім—алтын бесік, Жат елдің түбі тесік.
- Өз айыбын өзі білген жігіт би болуға жарайды.
- Өз елімнің басымын,
Басы болмасам, сайының тасымын.
- Өз халқының қарғысына қалған, Өзге халықтың алғысын алмас.
- Өзгеге ұл болғанша, Өз еліңе құл бол.
- Өз елімнің иті де қадірлі.
- Өзі жарымағанның сарқытын ішпе.
- Өзім үшін туыппын, Жұртым үшін өліппін.
- Өзбек—өз ағам, Сарт—садағам.
- Өлсең, көрің кең болсын.
- Өлі—тірінің азығы, Бала—атаның қазығы.
- Өкпеден тиген жел жаман, Елінен безген ер жаман.
- Өлген сарттың қойнында наны бар.
- Өле жегенше, бөле же.
- Өрісі жуық от оттайды, Ауылы жуық ас ішеді.
- Пайдасыз мың теңгеден Пайдалы бір теңге артық.
- Патша болсам, май жер едім.
- Патша залым болса, жұрт тозады, Патша ғалым болса, жұрт озады.
- Патшаның баласын басып өтпе, Өзі болған жігітке тәсіп етпе.
- Пәлен жерде пайда бар, Өз еліңдей қайда бар!
- Сабан бол, шөп бол, Шамаң келсе, көп бол.
- Салт атты, сабау қамшылы.
- Сақалды құл жарытпас.
- Сатып алмай, құл болмас, Өзіңнен тумай, ұл болмас.
- Саудагер—қасық, ел—теңіз.
- Саяқ жүрсең, таяқ жерсің.
- Сегізбін деме, тоғызға жолығарсың, Тоғызбын деме, доңызға жолығарсың.
- Сексенде сегіз байлық, сегіз жарлылық.
- Семіз—көркем, Бай—шешен.
- Сорлы қатын алса, таң қысқарады.
- Сұлтан сүйегін қорламас.
- Тамам кедей жиылып, Құдай берген байша жоқ, Тамам жұлдыз жиылып, аспандағы айша жоқ.
- Таста тамыр жоқ, Төреде бауыр жоқ.
- Тау белгісі тас болар, Бай белгісі ас болар.
- Азған елдің белгісі—біріне-бірі қас болар.
- Тар қоныстан кең шиыр артық.
- Тастаған таяқ сорлыға тиеді.
- Тауық құсқа ұшу жоқ, Там үйліге көшу жоқ.
- Тәңірім берейін деген құлының айдап
салар жолына, Бермеймін деген құлының іздесе,
таптырмайды пұлына.
- Темір отта, адам жоқшылықта шыңдалады.
- Темір байлық—тозбас байлық.
- Тозған елді там жинар.
- Тозар елдің жанжалы бітпес, Озар елдің арманы бітпес.
- Төбелеске бергісіз араша бар, Ағайынға бергісіз жанашыр бар.
- Төреге ерген ерін арқалайды.
- Төремен ойнасаң, басың кетеді, Итпен ойнасаң, саның кетеді.
- Туған жерге туың тік!
- Туған жердің қадірін Шетте жүрсең білерсің.
- Тура биде туған жоқ, Туғанды биде иман жоқ.
- Туырлықсыз тұл үйге ту байлаған не керек? Туысы жоқ жалғызға топқа шапқан не керек?
- Түркімен төрін бермес, Төрін берсе де, өрін бермес.
- У ішсең, руыңмен,
Ат сатсаң, ауылыңмен.
- ұлығың кәпір болса да, әмірін тұт.
- ұлықсыз жұрт—бассыз дене.
- ұры—қасық, ел—теңіз.
- Үйде неше жансың, Бір-біріңе меймансың.
- Үй менікі демеңіз, Үй артында кісі бар.
- Үйі жоқтың күйі жоқ.
- Үйде озған түзде озар.
- Үйдегі сауданы базардағы нарық бұзар.
- Үйде туысы көпке
Түзде дұшпаны тимейді.
- Үйің үй-ақ екен,
Әттең, ішінде бала болса.
- Үйдегі кедейліктен базардағы кедейлік жаман.
- Үйдің жылы-суығы қыс түскенде білінер, Адамның алыс-жуығы басыңа іс түскенде білінер.
- Үлгісізден би қойсаң, өсиеті болмайды Қайырсыздан хан қойсаң, қасиеті болмайды.
- Үлкен үйдегілер күлсе, Кіші үйдегілер езу тартады.
- Үлкен үйден дәметпегеннің Құдайдан үміті жоқ.
- Халық алмас қамал болмас.
- Халық қартаймайды.
- Халық сөзі—қаһарлы.
- Халық—қапысыз сыншы.
- Халық ұйғарса, Хан түйесін сояр.
- Халқын алдаған би оңбас, Қатыны салақ үй оңбас.
- Халық қабылдамағанды қаулымен орыңдау қиын.
- Хан әділдік қылмаса, Хан мәнінен айырылар. Би әділдік қылмаса, Иманынан айырылар. Мал бетіне қараған
Жан жарынан айырылар.
- Хан екі айтса, қара болады, Қара екі айтса, қатын болады.
- Хан—қазық,
Қараша—азық.
- Хан—қарақшы, Халық—сарапшы.
- Хан қарау болса, Халық ұры болады.
- Хан қарашасыз болмас, дау арашасыз болмас.
- Хан қасында уәзір білгіш болса, Қара жерден кеме жүргізеді.
- Хан жарлығынан қатын жарлығы күшті.
- Хан—шаңырақ, Халық—уық.
- Ханда қырық кісінің ақылы бар.
- Ханды Құдай ұрайын десе, қарашысымен
қас болар, Байды Құдай ұрайын десе, дәулетіне мас болар.
- Ханның ісі қарашаға да түсер.
- Ханның қасында болғанша, Судың басында бол.
- Шайтан менен жын басқа, Бәйбіше менен күң басқа.
- Шекара берік болмай, Басыңда ерік болмайды.
- Шетте жүрсең, тарығарсың, Туған елді сағынарсың.
- Шеткі үй көшсе,
Ортадағы үй шеткі үй болады.
- Шын би сөзіңді бағады, Сұм би көзіңді бағады.
- ынтымақ—елдің ырысы.
- ынтымақты елге ешкім жетпес, ынтымақ кетсе, өкініші бітпес.
- Ішілмеген ас умен тең,
Кісі кірмеген үй көрмен тең.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?