Қайғы, мұң, уайым

 Қайғы, мұң, уайым

Бұл дүниенің құсасы о дүниеге кетпейді.

Күйесіз қазан жоқ,
Қайғысыз адам жоқ.

Қайғының жолы құлама.

Қайғының уытын қуаныш алады.

Қайғы қартайтады,
Қуаныш марқайтады.

Қайғыдан жан шіриді,
Жан ауырса, тән шіриді.

Жан ауырса, тән азады,
Қайғы басса, жан азады.

Сырқат - тән жарасы,
Қайғы - жан жарасы.

Қайғың қара көже болсын.

Қазаны басқаның қайғысы басқа.

Қайғысыз қара суға семіреді.

Қайғысыз ішкен қара судың қаймағы бір елі.

Қайғылының қайғысын,
Қабағынан білерсің.

Жарлы мен бай кісіні,
Тамағынан білерсің.

Қасапшыға мал қайғы,
Қара ешкіге жан қайғы.

Сырты бүтін, іші түтін.
Шертер күй - шығар мұң.

Уайым - ердің қорғаны.

Қайғы жоқта қайғы болды,
Қайынатамның өлгені.

Байтал түгіл бас қайғы.

Тат темірді, қайғы адамды кеміреді.

Түздегі май ішеді,
Үйдегі зәр ішеді.

Түздегі май құсса, үйдегі қан құсады.

Қайғың болса, досыңа бар,
Қарның ашса, қосыңа бар.

Қайғың болса, ханға бар,
Қарның ашса, байға бар.

Қайғыны қайраткер жеңеді.

Қас бекзаттың белгісі,
Қайғысын жұртқа сездірмес.


Қасық асым - қайғысыз басым.

Уды у қайырады.

Діңкелеген дәрменсізге мұңын шағады.

Әркім өз мұңын айтады.

Аштың ақылы болмас,
Тоқтың қайғысы болмас.

Ойлының алдында көкірек керме,
Жазасына ұшырайсың,
Қайғылының алдында қарқылдап күлме,
Назасына ұшырайсың.

Рахат іздесең, бейнетінен қорықпа,
Қуаныш іздесең, қайғысынан қорықпа.

Өз басына іс түспеген,
Өзгенің қайғысын білмейді.

Гүлсіз болса, жер мұңды,
Күлкісіз болса, ел мұңды.

Қайрат - қыран, қайғы - жылан.

Қайрат деген қыран бар,
Қайғыға тізгін бермейтін.
Қайғы дейтін жылан бар,
Өзекті жағып өртейтін.

Рахат пен қайғы егіз.

Қайғысызға қара су да ас.

Күйікті күлкі сүймейді.

Жаман ердің қайғысы,
Өз отының қасында,
Жақсы ердің қайғысы,
Ауылының басында.

Күйікті жан кірпік ілмейді.

Қара мойынға қара моншақ.

Уды у алар.

Апат айтып келмейді.

Түтін түтеткен ыс жұтады.

Ботасыз іңген боздайды,
Баласы өлген ананың,
Қайғы-шерін қозғайды.

Ашудың ақылы болмас,
Тоқтың қайғысы болмас.

Адам баласы зарыға бермейді,
Ит баласы зорыға бермейді.

Сараңға мал қайғы,
Сардарға жан қайғы.

Қайғылы қаралыны жебеу ләзім.

Адам баласы қайғысыз болмас,
Қайғысыз адам адам да болмас.

Ауыр жүкті нар көтереді,
Ауыр қайғыны ер көтереді.


Қарғыс жеті атаға жетеді.

Аз қайғыны ас басады,
Көп қайғыны дос басады.

Жыласа кімнің аузы қисаймайды?

Бауыры жыртық жылауға келеді,
Бауыры бүтін сынауға келеді.

Бауыры бүтін пенде жоқ.

Қырсыққанда қымыран іриді.

Мың қайғы бір борышты өтемейді.

Күн түскен жерге көлеңке де түседі.

Қайғы шеккен жігіттің шерін,
Не бала сүю, не лашын шүю тарқатады.

Біреу суға жете алмадым деп «аһ» ұрады,
Біреу судан өте алмадым деп «аһ» ұрады.

Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,
Қанаты бүтін сұңқар жоқ.

Жаман еркек қайғылы,
Өз отының басында.

Жақсы еркек қайғылы,
Отанының басында.

Сіркесі су көтермейді.

Жүрек дертін Тәңірі де жаза алмайды.

Қайғың қара қазан болсын.

Қайғы бөліссе, азаяды,
Қуаныш бөліссе, көбейеді.

Қайғы - саңырау.

Сары уайым - жігітке сор.

Жазылмайтын жара жоқ,
Серпілмейтін аза жоқ.

Жауы үйде, досы түздегі адамның қайғысы ауыр.

Қасірет соңы - қуаныш.

Көзде - жас, көңілде - шер.

Қайғысыздан сақ бол,
Қайғылыға жақ бол.

Бір қайғыны ойласаң,
Жүз қайғыны қозғайды.

Бай күйігі сыртта,
Бала күйігі іште.

Ат басына күн туды.

Басы жаралы, күні қаралы.

Қайғылыға туыстан көмек, достан демеу.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?