Бір үзік сыр...

Бір үзік сыр...

Бәлкім білетін де шығармын, тек мойындағым келмес...бірақ неге??? Тағы да әдеттегі бір «жалп етпе» махаббатым деп алданғым келмейтін болар...
Жалғыздықтан, тосудан жалығып барамын... Бірақ, екінші бір бейтаныс жанға кеудемнің қуысынан «жүрегімді» – денемнің бір уыс бөлек етін бөліп бергім келмейді...
Мен неге өзімшілмін... Не себеп...? Неліктен осындай болдым...?
Жоқ, әлде әлі де махаббаттан, бір жанға толығымен берілуден қорқамын ба? Кім білсін...
Өткенде бір «адаммен» танысқам. Өзі хабарласты. Танысайық деді. Таныстық. Сол сәттен бері көңіл күйім өзіме түсініксіз болып жүр...
Түсініп, айырып бола алар емеспін. «Таңданыс»?, «Қуаныш»?, әлде «бақыттан бас айналу ма»? Әйтеуір білетінім, жүрегім ғана алқынып, үздіксіз соғуда... Оны ойыма алсам, қаным тулап, оның тезірек хабарласуын қалап, бір өзгеше тынымсыз күй кешемін... Біртүрлі өміріме мағына пайда болғандай ма...Жоқ, олай емес! Әй, ғажап, сонда да мойындамаймын, ә! Мынадай мінезбен түбінде жалғыз қалсам, таң қалуға болмас.
Бірақ кеудеме сыймай жүрген сезімді тілмен жеткізу мүмкін емес, біртүрлі қорқытады да, біртүрлі қанаттандырады, және біртүрлі таңдану, жан-жағыңдағы тіршіліктен қайману, имену де бар, бірақ сонда да осы күй өте ғажап ләззат сезімін сыйлауда...
Мен оның өзі хабарласуын тосамын, оған өзімдегі бұл сезімді білдіргім келмейді... біртүрлі оны тексергім келеді. Әлде онымен ойнап, өзіме үйіргім келе ме? Жоқ, бұл ойын емес, бұл наздану ма, әлде еркелеу ме, біртүрлі ләззат аламын, осы күйден айырылғым келмейді, я, мен эгоистпін, әйтеуір білетінім, біртүрлі бұл сәттік қуаныш сезімі мені шарықтатып, кеудемде әсем әуендер шырқатып жатыр... Іштей әлі де осы ғажап күйдің бітпеуін қалаймын...

Қараша. Сәрсенбі. Уже екі апта болды, оның маған хабарласпағанына. Оның мына қажет қылған уақытта хабарласпай жатуы маған деген көзқарасын дәлелдегендей... қанша дегенмен де оның не қалайтынын білмеймін ғой... кешеден бері ойыма жаман нәрселер кіріп, өзімді алдын-ала сақтандыратын сияқылды...
Ол неге хабарласпай қойды, олай жоғалып кететіні бар екен, неге осынша уақыт әуреледі? Ол адам нені қалайды? Өзі менің мына мазасыз күйімді сезгендей, хабарласпай жатыр.
Мүмкін оның жұмысы бар шығар, бір шұғыл шаруа болып қалған шығар...
Жоқ, сен оны ақтама, жай кезде ертемен тұрып, күні бойғы жұмыстан шаршап тұрса да, бір келіп, не хабарласып «өліп қала жаздап», хабарласып тұрушы еді ғой. Шіркін-ай, өзін, қорғауын!!!

Қаңтар. Сенбі. Ол со-беті хабарсыз кеткеннен кейін, мен оны ұмытып бара жатыр едім...тіпті, оған ренжіп те қалғам.
Содан ол кеше ойда жоқтан келе қалды да, менің беймаза күйім тағы басталды...
Онымен сөйлесіп тұрғанда, түріне қарап, «осы адам маған керек пе» деп ойлап та алдым... бірақ оны сағынғандығымды түсіндім. Ол да біртүрлі мейірлене қарап, қал-жағдайымды сұрады.
Екеуіміз ұзақ сөйлестік... оның бар айтқан сылтауына сендім, сенгім келді, өйткені сағындырып келгенде одан айрылып қалғым келмеді...
Көп-көрім сырластық....Бір таң қалдырғаны, ол менің өмірімде болып жатқан оқиғалардан хабардар болып шықты...іштей сезе ме, әлде мені аңдиды ма екен?
Тіпті өткенде ол жоқ кезде «ескі ғашығыммен» кездескендігімді де білетін болып шықты, тәппіштеп, егжей-тегжейін сұрап алды.
Тек қана «осы бос уақыт өткізу не үшін керек, мені неге еркіме қоймайсың, маған бөлек айтарың бар ма» деген сұраққа «осы уақытқа дейін түсінбедің бе? Сен өзің дұрыстап ойланшы» деп, қысқа қайырды.
Түсіндім, баяғыда түсінгем, оның менің өмірімнің мағынасына айналғандығын мойындаймын. Тек менің түсінбегенім, оның кейде бейхабар кететіндігі...
Басында жыным ұстайтын, оған сеніп қалғаныма, оны ұмыта алмайтындығыма жыным ұстайтын. Кейіннен етім үйреніп кетті, тіпті оның бір хабарын тосатын жағдайға жеттім... Не деген бір шексіз тосу, бітпес тосу...ол менің бақытым болса, неге оны осынша тосуым керек...Жоқ, әлде бақытымның баға жетпес құны тек тосудан тұрғаны ма?
Бір жағынан, ол адам маған бірдеңені мойындатқысы келетіндей...Менің оңай мойындай қоймайтын ащы шындығым – «ғашық болудан қорқудың» керек еместігін, оның еш қорқынышты сезім еместігін мойындатқандай...

Ақпан. Сәрсенбі. Ішкі жан дүниемде арпалыс, не үшін? Неліктен? Белгісіз...
Не қалайтынымды өзім де білмеймін. Іштей аласұрудамын... Неге? Мүмкін бірдеңені үміттеніп тосатын шығармын, мүмкін осылай жалғызсырағанда мені де біреудің «қалағанын» тілейтін шығармын. Біртүрлі түсініксіз күй.
Екі сағаттай болып қалды, не қалап, не тілеп отырғанымды түсіне алмай, арпалысудамын. Бағанадан бері радионы ары бері бұрап, өз көңіл-күйіме қажетті әуен таба алмадым. Теледидар - «тоже самое», сосын танысыма хабарласқым келді, ол поэзда келе жатыр екен, жөні дұрыс сөйлесе алмадым. Бірақ әлі де ішкі арпалысым басылған жоқ, біртүрлі өзгеше бірдеңені тілейді, қалайды, іздейді... Мүмкін, ол бір жанды іздейтін шығар, бір жанды, ол жанның кім екенін де білетін шығар, ал, білсе, неге мойындамасқа... неге айтпасқа?? Мүмкін мойындауға қорқатын шығар... оңай берілуге намыс көре ме әлде?
Сағатыма қарап қоямын. Яғни жүрегім бірдеңені қалайтын болғаны ма?
Ал, жарайды, мойындайын, мен оның хабарласуын тіледім, оны сағынып кеттім...
...Мен ол адамды іштей ұнатамын, сол бейтаныс, жұмбақ, жасық жанға сырттай ғашықпын.
Бірақ, қорқамын. Қорқамын, себебі, менің шексіз махаббатым жауапсыз қалып, қиналам-ау деп қорқамын...
Сен неге бұлай істеп жүрсің, жаным? Мені ойыншық қылып жүрсің бе? Түсініксіз, түпсіз, жұмбақ жағдайдан шаршадым.
Менің қалағаным осы ма еді? Егер де мені анық қалайтын болсаң, неге ашық айтпайсың, үнемі маған қарап, жаутаңдап тұрасың. Әлде менің алдыма келгенде жігерің құм болғаны ма?
Жаным, мен сені шын көңіліммен беріле сүйе бастағандаймын. Саған іштей толық берілгендігімді, ішкі жан дүнием тек сенімен тыншу табардай болып, саған тым бауыр басып бара жатқанымды сеземін..
Сен өткенде талай уақыт хабарласпай кетіп, қайта келгенде өзімнің сені қаншалықты сағынғандығымды, сенің дауысыңды естуге, әдемі, қамқор көздеріңе қарауға асығып, сенің әр дем алғаныңды тыңдауға ұмтылып, әр деміккен үніңнен іштей үнсіз рахаттану, мейірлену, сусындағандай бір ғажап күй кешкендей болдым. Біртүрлі жоғалтқан асылымды қайтарғандай, бақыт құсын қолыма қондырғандай бір ерекше керемет қуаныш сезімін сезіндім.
Кейінгі кезде сенің бір ауыз ғана түсінік беруіңді үмітпен дәмеленіп, әлдеңені тағатсыздана тосамын...
Әрең шыдап жүрмін, іс-әрекетіңді ақылға салсам, сана сезімім сені қабылдамайды. Ол қалай? Осы уақыт бойы тек сөйлесіп қана жүру, еш мақсатыңды айқындамай, осынша уақытты созып жүру...?

Маусым. Дүйсенбі. Қазір оны ойламайтын болғам. Қаңтар-ақпан көрген түстей, әсем болып еді. Сол уақытта бақыттан басым айнала жаздап, осы қуанышым қысқа болмасын деп тілеуді ұмытыппын. Оның ойда жоқта тағы да бейхабар кетуі бәріне нүкте болды. Ешкімді де тосқым келмейді. Оған деген ынтызарлық қазір уақыт өтуіне қарай жоғалып кеткен...тек...Өкінішті-ақ, осы бір беймәлім, жасық жанға жүрек түкпірімнен орын ысырып, осы жанға түрлі жоспарларым мен ойларымды арнағандығым үшін өзімді жерден алып жерге саламын.
Қойшы енді, ол жанды мүлде есіме алғым келмейді. Тек өзім жайлы, тек өзімді ғана ойлағым келеді...
Қазіргі уақытта өзімді еш қалытқысыз қабылдайтын жанды кездестіргім келеді...Құр босқа қияли ойға салынып, бос уақытымды ол адамды тосумен өткізгім келмейді... болды, мен оны ұмытамын!!!

Желтоқсан. Жұма. Күтпеген жерден ол тағы да пайда болды. Мен тыңдамай қойып едім, ол да қырсығып кетпей қойды. Жалбарынып, кешірім сұрап, отырып алды...
Ақыры оны тыңдауға тура келді. Қатемді түсіндім, ендігі сенен айрылғым келмейді деп ақталды. Сенгім келмеп еді, бір мүмкіндік берші деп қиылды. Бірақ оған деген сезімдерім әлі тыншымаған екен.... оны қалай кешіргенімді білмей қалдым...тек әлі де алданып қалғым келмейді... «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген ғой...

Желтоқсан. Сәрсенбі. Ол сөзінде тұрды. Қазір уақыт салмай, хабарласып, күнде келіп тұрады. Тіпті «үйленейік» деп сөз де салды. Тек не жауап берерімді білмей жүрмін.
Осы бақыттың ұзағынан болғанын қалар едім....!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?