Тарих | Қазақ-өзбек шекара мәселесі

 Тарих | Қазақ-өзбек шекара мәселесі

Мазмұны
Кіріспе .......................................................................................................
І-тарау. Коммунистік билік. Оның мемлекеттік аумаққа тигізген әсері.
1.1. 1924-1925 ж.ж. ұлттық-мемлекеттік межелеу саясаты. Қазақстанның тұңғыш шекарасының белгіленуі............................................
1.2. Кеңес Одағы ыдырағанға дейінгі шекарадағы ауыс-түйістер.......
ІІ-тарау. Тәуелсіздіктен кейінгі шекаралық өзгерістер
2.1. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы шекараны делимитациялау және демаркациялау процестері...
2.2. Делимитациялау процесіне қоғамдық көзқарас...............................
Қорытынды..................................................................................................
Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімі.......................................

Кіріспе
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Кез-келген мемлекеттің мемлекет екендігін айғақтайтын бір дәлел оның шекарасының болуы. Онсыз мемлекет болмайды.
Мемлекеттік аумақ белгілі бір мемлекеттің егемендігіне қарасты жер шарының бөлігі. Мемлекеттік аумақтың құрамдас бөлігі болып құрғақтағы, судағы, жер қойнауындағы және әуедегі кеңістіктер мен оларға теңесетін объектілер жатады /1/. Бұл аумақ шекара сызығымен белгіленеді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекара туралы 1993 жылғы 13 қаңтардағы заңында былай делінген: «Қазақстан Республикасының шекарасы дегеніміз- Қазақстан аумағының шегін-құрлығын, суын, жер қойнауын және әуе кеңістігін айқындайтын сызық және осы сызық бойынша тігінен өтетін үстіңгі қабат» /2/.
Тарихқа көз жүгіртсек осы мемлекет аумағы үшін қаншама соғыстар өткен. Мақсат- жер иемдену. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жерлер дауы сонау тарих тереңіне тартады. Шыңғысхан жаулап алушылығына дейін бүкіл Дешті Қыпшақ даласы мен Орта Азияда түркі тектес мемлекеттер өмір сүріп жатты. Шыңғысханның жаулап алуымен бұл жерлерде Монғол империясының үстемдігі жүрді. XIV-XV ғасырлар тоғысында Орта Азия жері Әмір Темірдің иелігіне өтті. XV ғасырда Орта Азия мен Қазақстан жерінде ыдыраған империялардың орнында ұсақ мемлекеттер бой көтерді.
XV ғасырдың ортасында құрылған Қазақ хандығы мен Шайбанилер арасындағы таласты жерлер Сыр бойы қалалары болды. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығына қараған Сыр бойы қалалары оның ізбасарлары тұсында Шайбаниліктерге (өзбектерге) тиесілі болды.
Тоқымдай жер үшін жан беріскен таластар болып жатты. Есім хан 1598 жылы Ташкентті алып, оны Қазақ хандығының астанасы етеді. 1798 жылы Уәли тұсында Ташкентті қоқандықтар басып алады. Осыдан кейін Қоқан хандығының агрессиясына Оңтүстік Қазақстан өңірі, Жетісу ұшырайды.
1864-1865 жылдары Перовский мен Веревкин бастаған орыс әскерлері Қазақстанның Оңтүстігіндегі Шымкент, Түркістан, Әулиеата, Ақмешіт секілді қалаларды қоқандық езгіден азат етеді. Көп кешікпей орыс әскерлері қоқандықтардан Хиуа, Ташкент секілді ірі қалалардағы алып қоқандықтардың үстемдігіне біржола нүкте қояды. Ендігі кезекте реформаларға толы Ресей құрамындағы өмір басталады.
1867-1868 жылдардағы реформалар бойынша Қазақстан жері Генерал-губернаторлықтарға бөлінді.
1917 жылы қос бірдей революцияны өткерген Ресейде Кеңес өкіметі орнады. Елде біртұтас Совет халқын қалыптастыру шарасы қызу жүргізіле бастады. Коммунистердің көзсіз көсеміне айналған В.И.Ленин «Әр ұлт өзін-өзі билеуге құқылы» деп жариялады. Бұл сөз 1917 жылғы революциялардың жеңіске жетуіне үлес қосқан болатын. Өйткені әр аймақтағы ұлттық қозғалысты өршіту арқылы қарсыластарын жаныштауға мүмкіндік алды.
1920 жылы Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы құрылды.
1924-1925 жж. ҚазақАКСР мен Өзбек КСР-нің арасындағы шекара заң бойынша белгіленді. Бұл Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеу арқылы іске асқан болатын. Осыдан бастап біртұтас КСРО-ның аясындағы әкімшілік-аумақтық өзгерістер Қазақ КСР-ін де айналып өтпеді.
1991 жылы КСРО ыдырап ТМД құрылды. Енді тәуелсіз Республикалардың шекара делимитациясы келіп жетті. Үлкен жұмыстар жүргізу арқылы күні кеше ғана шекара мәселелеріне нүкте қойылды.
1991 жылға дейінгі 70 жылдан аса мезгілде КСРО шеңберінде цензура үстемдік етті. Тарихты тек Сталиндік-Лениндік принцип тұрғысында жазу жөнінде бұйрық шықты. Ал 1991 жылдан кейін жариялы өмір келді. Тарих қайта жазыла бастады. Бүгінгі тәуелсіз елдің тарихшыларының алдындағы мақсат өткенге сын көзбен қарап объективті шындықты жазу.
Ұлыбританиялық Дурхем университетінің зертеулері бойынша, бүгінгі таңда әлемнің құрлықтағы шекараларының 25% толық анықталмаған, соңғы кездегі қақтығыстардың 15 % шекаралық мәселелердің шешілмеуінен туындап отыр, ал шекаралық таластан шыққан қақтығыстардың жалпы саны 95 жеткен /3/.
Сондықтан да шекара мәселесі нәзік, әрі қауіпті. Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында жерге талас барысында үлкен даулар туды. Тіпті адам өлімдері де болмай қалмады. Кезінде солақай саясаттың шешімімен тұтас аудандар көрші мемлекетте «Сыйға» беріліп кеткен. Бүгінгі сол аудандар көрші мемлекетке мәселені күрделендіре түсті. Зерттеу жұмысы сол аудандардың тарихи ақиқатын ашуға жұмыс жасамақ.
Зерттеу тақырыбының тарихнамасы мен дерек көздері. Зерттеу тақырыбы бойынша ең құнды деректер тарихи процестер өткен кездегі зерттеу еңбектері мен мақалалар. Ең негізгі еңбектердің бірі Орта Азия бюросының төрағасы және Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің жауапты хатшысы И.Зеленский мен И.Верейкистің еңбектері. Бірақ бұл кітаптағы (Верейкис И. Зеленский И. Национальные –государственное размежевание Средней Азии. Ташкент, Средне-Азиатское государственное издательство, 1924) бағыт Лениндік ұлт саясатының озық үлгісін дәлелдеуге тырысады.
С.Қожанов, Ә.Бөкейханов, М.Шоқай, С.Меңдешев, Ф.Ходжаев секілді сол кезде тірліктің басы-қасында жүрген қайраткерлердің мақалалары да зор, маңызға ие. «Советская степь», «Народная Хозяйство Средней Азии», «Туркестанская правда», «Новый Восток» секілді баспасөз материалдары межелеу саясаты туралы деректерге толы.
Межелеу саясатының тарихын ашудағы көлемді еңбектің бірі өзбекстандық ғалым Х.Турсыновтың «Национальная политика Коммунистической партии в Туркестане» атты монографиясы. Автор межелеу саясатының астарлы қажеттілігін ашып көрсеткен. Ол осы тақырыптар бойынша ұзақ зерттеулер жүргізген ғалым. Сонымен қатар Кеңестік кезеңде Ш.З.Уразев, А.Ағзамходжаев, М.Хакимов, А.Гордиенко, Т. Ағдарбеков секілді зерттеушілер осы шекара тарихына арнайы зерттеулер жүргізді.
Соңғы кездері қазақ тарихшылары да қазақ-өзбек шекара мәселелеріне арнайы зерттеулер жүргізуде. Соның бірі Бейбіт Қойшыбаевтың «Орталық Азия Кеңес Республикаларының ұлттық-территориялық жіктелуі және қазақ саяси басшылығының ұлттық-мемлекеттігі түрін орнықтыру жолындағы ізденістері мен қызметі» атты кандидаттық диссертациясын қорғау үшін дайындаған зерттеуі. Сонымен қатар Діл газетінің 2002 жылғы 12 ақпандағы «Межелеу шындықтары» атты мақаласында да мұрағат материалдары арқылы сол кез саясатын тарихи тұрғыда саралаған. Зерттеу жұмысы тек 1924-1926 жылдардағы межелеу саясатын нысанаға алған. Автор зерттеу кезінде тың деректерді молынан қолдаған. Межелеу саясаты кезіндегі зиялылардың айрықша қызметіне тоқталып, оларға өзінің жоғары бағасын береді.Сонымен қатар сталиндік қуғынның қалай қазақ зиялыларына әсер еткендігі жазылған. Бірақ зерттеу 1924 жылдағы процестерден басталғандықтан оған дейінгі өлкедегі мемлекеттік құрылым және межелеу саясатына дайындық жұмыстары арнайы қарастырылмаған.
ҚР Президенті аппаратының қызметтері Нұрлан Сейдіннің «Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекарасының қалыптасу тарихы (1917-2003 жж)» тақырыбымен кандидаттық диссертация қорғағаны белгілі. 1917 жылғы төңкерістен кейінгі кезден бүгінгі таңға дейінгі аумақтық ауыс- түйістер және қазақ жері тұтастығының қалыптасуы сөз болады. Зерттеу жұмысынаң басым бөлігі Қазақстанның Шығыс шекарасының тарихына арналған. Шекара межеленуі Лениндік ұлт саясатымен байланыстыра зерттелген. Зерттеу жұмысында Қазақстан мен Ресейлік мұрағат материалдары, Ташкент пен Бішкек мұрағаттарының құжаттары жіті сараланған. Отаршыл өктем биліктің « бөліп ал да билей бер» саясатын сынайды. Жергілікті халықтың тарихи тағдырлары да назардан тыс қалмаған.
Малдыбекова Меруерттің «Түркістан Республикасының межеленуі және Қазақ КСР-нің территориялық тұтастық мәселесі» атты зерттеу жұмысы да межелеу саясатының ащы шындығын ашуға арналған.
Сонымен қатар тарих ғылымдарының кандидаты Ғаппар Маймақов «Қазақ жері тұтастығының қалыптасуы» атты көлемді монографиясының ерекше атап өтуге болатын еңбек. Еңбек тарихи оқиғаның құқықтық жағын ашып көрсеткен. Автор зертеу барысында большевиктер партиясының ұлттық бағдарламасы –Орта Азия мен Қазақстандағы ұлттық-мемлекеттік межелеудің теориялық негізін зерттеуден бастап межелеу саясаты аяқталған 1925 жылға дейінгі аралықты қамтып қарастырған. Межелеу жұмыстары барысында туындаған өткір пікірталастардың стенографиялық көшірмелерін де талдаған. Монографияда осыған дейін жазылған осы тақырыптағы зерттеулер де автор назарынан тыс қалмаған.
Диплом жұмысын жазу барысында 1956 жылдан бүгінгі күнге дейін баспасөз беттерінде жарық көрген тарихи мақалалар қарастырылған. Оңтүстік Қазақстан облыстық мұрағаттарынан да қажетті материалдар пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері.
Зерттеу жұмысында қарастырылған мәселелердің хронологиялық шеңбері ХХ ғасырдың 20 жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтиды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеті.
Осынау зерттеу жұмысының алдына қойылған мақсаты өткен тарихи процестің ақтаңдақ беттерін ашуға үлес қосу. Әрбір дерекке сын көзбен қарап, оларға ғылыми зерттеу жүргізіп, сараптама беру, оның кезеңдері мен ерекшеліктерін ашу. Өткен тарихи процестерге сипаттама беріп, одан сабақ алу қажеттілігін түсіндіру. Осыған сәйкес зерттеу жұмысы өз кезеңінде алдына мынадай міндеттер қойды:
• Тақырыпқа байланысты деректер мен мұрағат құжаттарын жинастырып, талдау;
• Қазақтар мен өзбектердің ортақ шекараларының ең алғаш заңды түрде өмірге келу тарихын зерттеу,
• Коммунистік партия органдарының қазақ жерінднгі басқару әдістерін және партияның Қазақстанда жүргізген саясатының мазмұнын ашу;
• КСРО ыдырағанға дейінгі Қазақ КСР-і мен Өзбек КСР-і арасында жүргізілген жер саясатын ашып көрсету;
• Тәуелсіз Қазақстан мен Өзбекстан Республикасының арасында жүргізілген делимитация процесіндегі қиындық туғызған жерлердің түп тарихына үңілу;
• Шекара дауларының шешілу нәтижесіне баға беру.
І-ТАРАУ. КОММУНИСТІК БИЛІК. ОНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК АУМАҚҚА ТИГІЗГЕН ӘСЕРІ.
І.1. 1924-1925 жж. ұлттық-мемлекеттік межелеу саясаты. Қазақстанның тұңғыш шекарасының белгіленуі.
ХХ ғасырдың басында қазақ жеріндегі мемлекеттілік үшін күрес күрделі сипат алды. В.И.Лениннің идеясы бойынша басталған Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеуге қазақ саяси басшылығының көзқарастары үйлесе бермеді. Мәселен Мұстафа Шоқайдың «Тұтас Түркістан» идеясы Орта Азиядағы түркі мемлекеттерін біріктіруге арналған еді. Бірақ Кеңестік билік Мұстафаның бұл идеясынан өлердей қорықты. «Мұндағы саяси тіршілікке сын көзін қадап отырған М.Шоқайдың түрлі мысалмен дәлелдеп қорытқанындай большевизм « Түркістанда ұлттық тұтастық пен ұлттық мемлекеттің құрылуынан өлердей қорқады. Сондықтан қайткен күнде де мұндай тұтастықты болдырмауға тырысады». Тұтастықты бұзудың жалпытүркілік тұтастықты сезіну беретін қуатты әлсіреудің төте жолы - Орта Азиядан алдымен Қазақстанды оның Орта Азиялық бөлігімен қоса бір бөліп алу, сөйтіп бауырлас халықтардан қазақтарды ажыратып алшақтатып жіберу» /4/.
Тұрар Рысқұловтың да идеясы осы сипатта еді. Ол Түркістан Республикасын құру үшін талмай күресті. Осыған байланысты Т.Рысқұловты 1924 жылдың аяғына таман Монғолияға елші етіп ауыстырды. «Түркістан Республикасы Кеңестерінің ХІІ съезі Орта Азияда ұлттық-мемлекеттік межелеу саясаты іс жүзіне асырыла бастаған кезде өтті. 1923 жылдың соңына таман бұл бағыттағы шаралар тұрақты сипат ала бастаған еді. РКП (б) Орталық Комитетінің алдында Орта Азияның үш республикасының аумағын қайта межелеп, жеке-жеке ұлттық республикаға жіктеу міндеті тұрды. Ал РКП (б) Орта Комитеті Т.Рысқұловты бұл процеске қарсы тұрған адам деп санады, сондықтан да оны межелеу саясаты толық қарқынмен басталғанға дейін республикадан тысқары алып кетуге тырысты. ХІІ съезд аяқталысымен-ақ РКП (б) Орталық Комитеті бұл іске шұғыл кіріскені белгілі. 1924 жылы 24 және 31 қаңтар, 4-14 ақпан күндері бұл мәселе РКП (б) Орталық Комитетінде үсті-үстіне талқыланды. Талқылауға С.И.Гусев, М.И.Калинин, В.В.Куйбышев, И.М.Межлаук, Я.Э.Рудзутак, И.В.Сталин, Г.В.Чичерин және басқа да көптеген адамдар қатысты. Сондықтан да Т.Рысқұловтың Түркістан Республикасынан өтуі РКП (б) Орталық Комитетінің саясатының нәтижесі деп түсіну қажет /5/.
Сұлтанбек Қожанов өз кезегінде Орта Азия Федерациясын құру жөнінде бастама көтерді. Ол өлкеде ту тіккен республикаларды алдымен экономикалық қауымдастыққа, содан соң Орта Азия федерациясына біріктіру, сосын экономикалық және саяси-әкімшілік тұрғыда қалыптасқан қуатты құрылым ретінде, Республикалар Одағына - КСРО-ға кіру бағытын ұстанды /6/. Өйткені дәл солай 1922 ж Закавказье Федерациялық Социалистік Республикасы құрылған болатын. Оған грузиндер, армяндар, әзірбайжандар біріккен еді. Бірақ С.Қожановтың бұл идеясын Ортаазбюро қолдамай тастайды. Ол жөнінде И.Варейкис өз пікірін білдіріп, бұл идеяны болашақтың ісі деп қарастырады. Менің пайымдауымша – деп жазды И.Ворейкис –Қазреспубликаның Орта Азия бірлестігіне кіруін мына себепті уақытша тоқтата тұру керек. Бірінші ой қорыту бойынша, Қазреспублика экономикасының қай орталыққа таралуы әлі нақты анықталмаған (оны Қазреспубликасының өзі де дәл білмейді), тіпті бүкіл Қазақстан үшін тартылыс орталығы болатын сондай орталық бар ма екен? Бұл нәрсе әлі анықталмаған. Екінші ой қорыту, Қазақстан орасан үлкен аумақты алып жатыр, ол автономиялы республикаларын қоспағанда РКФСР аумағына тең. Қазақстанның бір шеті Амударияға тіреліп, Өзбекстан шекарасына жетеді, екінші бөлігі Алтай, Томскіге созылып жатыр, тағы бір бөлігі Самараға сәл жетпейді. Осы себептерге байланысты И.Варейкис Қазақстанның Орта Азия бірлестігіне кіруіне қарсы болды /7/. Осылайша қазақ зиялыларының бірігуге бастаған ұсыныстары қабылданбай тасталды. Сөйтіп, И.Варейкисше айтсақ енді «үлкен бір пәтердің жеке бөлмелері» анықталатын болды.
Орта Азия республикалары арасында ұлттық-территориялық межелеуді жүргізу аса күрделі мәселе еді. Мұндағы халықтардың тарихи байланыстарының тереңде жатуы мен ұлттардың бір-бірімен аралас және тығыз орналасуы ұлттық республикалардың шекараларын анықтауда көптеген қиындықтар туғызды. Сондай-ақ, экономикалық орталықтар мен елді мекендерді бөлу мәселелері көп жағдайда тығырыққа тіреліп отырды. Экономиканың даму деңгейі мен халықтардың ұлттық құрамы туралы статистикалық мәліметтердің мардымсыздығы жағдайды одан әрі қиындатты /8/. Болашақ шекараны анықтау үшін КСРО тәжірибесінде қалыптасқан мынадай үш принциптің негізге алынуы тиіс болды:
І. Ауданның табиғи-тарихи жағдайының біртектілігі;
ІІ. Экономикалық құндылықтар;
ІІІ. Халықтарының ұлтық-мәдени және тұрмыстық жағдайларының біртектілігі /9/.
Орта Азиядағы ұлттық- мемлекеттік межелеуді тікелей жүзеге асырушы Орта Азия бюросында И.Зеленский, Я.Руздзутак, К.Бауман, Ф.Карклин секілді азаматтар қызмет етті. Өзбектер жағынан А.Икрамов, Ф.Ходжаевтар жұмыс жасаса, қазақтар жағынан С.Қожанов, С.Меңдешев, Т.Жүргенов секілді азаматтар ат салысты. Ұлттық –мемлекеттік межелеудің жүргізілу барысы және оның мәні үнемі баспасөз беттерінде жарияланып тұрды. Баспасөз құралдары белгілі бағытта үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатты.
Ұлттық-мемлекеттік межелеу барысында Түркістан АКСР-ның Қазақ АКСР-на қосылуының зор маңызы болды. Түркістанның Сырдария және Жетісу облыстарының қазақтар басым өңірлері ҚазАКСР-на қосылуы тиіс болды.
1924 жылғы ақпандағы мәлімет бойынша осы екі облыстың межелеу кезінде Қазақстанға өтетін жер көлемі 602713 кв версті құрды. Бұл аумақ Орта Азиядағы жаңа республикалар аумағынан әлдеқайда көп. Мысалы,.......
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?