Астрономия | ЖЕР ТОБЫНЫҢ ҒАЛАМШАРЛАРЫ

 Астрономия | ЖЕР ТОБЫНЫҢ ҒАЛАМШАРЛАРЫ

ЖЕР ТОБЫНЫҢ ҒАЛАМШАРЛАРЫ
Өздерінің физикалық сипаттарына қарай ғаламшарлар — Жер тобы ғаламшарлары және алып ғаламшарлар деп екі топқа бөлінеді. Біз екі топтағы ғаламшарлардың да негізгі ерекшеліктеріне шолу береміз, оның негізінде сендер әрбір ғаламшарларға сипаттама бере алатын боласыңдар.
1. Жер тобы ғаламшарларының жалпы сипаттамасы. Жер тобына жататын ғаламшарлар — Меркурай (36-сурет), Шолпан (37-сурет), Жер (38-сурет), Марс (39-сурет) — олардың көлемдері мен массалары үлкен емес (VI қосымшаны қар.), бұл ғаламшарлардың орташа тығыздықтары судың тығыздығынан бірнеше есе асып түседі; олар өз осьтерінен баяу айналады; олардың серіктері де аз (Меркурий мен Шолпанда мүлдем жоқ, Марста — екі кішкентай, ал Жерде — біреу).
Жер тобы ғаламшарларының ұқсастықтарымен қатар шамалы айырмашылықтары да бар. Мысалы, өзге ғаламшарлармен салыстырғанда Шолпан өзінің осінен Күнді айнала қозғалатын өз бағытына қарама-қарсы бағытта, әрі ол Жерден 243 есе баяу айналады (Шолпандағы жыл мен тәулік ұзақтығын салыстырыңдар). Меркурийдің Күнді айнала қозғалу периодын (яғни бұл ғаламшардың жылы) оның өз осінен айналу периодынан (жұлдыздарға қатысты алғанда) 1/3-ге ғана ұзақ. Жер мен Марс осьтерінің олардың орбиталары жазықтығына ауытқу бұрыштары шамамен бірдей, ал Меркурий мен Шолпан тіптен басқаша. Ал бұл жыл мезгілдерінің алмасуы сипатын анықтайтын себептердің бірі екенін сендер білесіңдер. Олай болса Жердегі сияқты жыл мезгілдері Марста да бар (әрине, ондағы әрбір жыл мезгілі Жердегіге қарағанда екі еседей ұзағырақ).
Бірқатар физикалық сипаттарына қарағанда Күн жүйесіндегі 9 ғаламшардың ішіндегі ең кішісі — алыстағы Плутон да Жер тобы ғаламшарларына жатуы ғажап емес. Плутонның орташа диаметрі — 2260 км. Плутонның серігі — Харонның диаметрі одан екі есе кіші. Сондықтан да Плутон — Харон жүйесі де Жер — Ай жүйесі сияқты „қос ғаламшар" болып табылады.
36-сурет. Меркурий (жақын қашықтықтан түсірілген сурет).
37-сурет. Шолпан (АҒБ-тен жіберілген суреттердің бірі).
2. Атмосфералар. Жер тобының атмосфераларын зерттеу барысында олардың бір-біріне ұқсастықтары мен айырмашылықтары айқындалады. Ай сияқты Меркурийдің де атмосферасы жоқ, Шолпан мен Марста атмосфера бар. Шолпан мен Марстың атмосфералары жөніндегі соңғы мәліметтер бурынғы Кеңес Одағының „Венера", „Марс" және американдық „Пионер-Венера", „Маринер", „Викинг" автоматты ғаламшараралық бекеттерді ұшырулар нәтижесінде алынды. Шолпан мен Марс атмосфераларын Жер атмосферасымен салыстыра отырып (VII қосымшаны қар.), біз азотты-оттегілі Жер атмосферасына қарағанда Шолпан мен Марс атмосфераларының негізінен көмір қышқыл газынан тұратынын көреміз. Шолпан бетіндегі қысым Жер бетіндегі қысымнан 90 еседен де артық, ал Марс бетіндегі қысым Жер бетіндегіден 150 еседей аз.
Шолпан бетіндегі температура өте жоғары (500 С шамасын-да) және ол бірқалыпты сақталады. Бұл неге байланысты? Бір қарағанда, мұның себебі Шолпанның Жерге қарағанда Күнге жақын орналасқанынан болуы мүмкін. Бірақ бақылаулар көрсеткендей, Шолпанның Күн сәулесі мен жылуын шағылыстырғыш қабілеті Жерге қарағанда жоғары, сондықтан да Күн бұл екі ғаламшарды шамамен бірдей жылытады. Шолпан бетіндегі жоғары температура бу эффектісімен түсіндіріледі. Оның мәнісі мынада: Шолпанның атмосферасы оның бетін қыздыратын Күн сәулесін өткізеді. Қызған Шолпан беті инфрақызыл сәуле шығару көзіне айналады, ол ғаламшардан ұшып кете алмайды, өйткені оны Шолпан атмосферасы құрамындағы көмір қышқыл газы мен су буы, сондай-ақ ғаламшардың бұлтты жамылғысы ұстап өткізбейді.
38-сурет. Жер.
39-сурет. Марс (Жерден түсірілген суреттердің бірі).
Осының нәтижесінде инфрақызыл сәуле шығаруды еркін өткізетін ғаламшарда болуға тиісті жоғары температурада тепе-теңдік қалыптасады.
Біз судың майда тамшылары немесе мұз кристалдарынан тұратын Жер бұлтына үйренгенбіз. Шолпан бұлтының құрамы басқаша: онда күкірт тамшыларымен қоса тұз қышқылы болуы мүмкін. Бұлт қабаты Күн сәулесін қатты әлсіретеді, бірақ „Венера-11" және "Венера-12" автоматты ғаламшараралық бекеттері арқылы жасалған өлшеулердің көрсетуіне қарасақ, Шолпан бетіндегі жарық Жердегі бұлтты күндердің жарығындай екен. 1982 жылы „Венера-13" және "Венера-14" автоматты ғаламшараралық бекеттері жүргізген зерттеулер Шолпан аспаны мен оның ландшафы қызғылт-сары түсті екенін көрсетті. Бұл ғаламшар атмосферасындағы жарықтың таралу ерекшелігінен деп түсіндіріледі.
Жер тобындағы ғаламшарлардың атмосфераларындағы газ үнемі қозғалыста болады. Бірнеше айға созылатын шаңды дауыл кезінде тұмандай қаптаған шаң Марс атмосферасына көтеріледі. Шолпан атмосферасының бұлт қабаты орналасқан биіктігінде (ғаламшар бетінен 50-ден 70 км-ге дейін) дауылды жел болып тұратыны байқалған, бірақ осы ғаламшар бетіне таяу биіктіктегі желдің соғу жылдамдығы секундына бірнеше метрден аспайды.
Осылайша, кейбір ұқсастықтарына қарамастан, тұтасымен алғанда Жерге жақын ғаламшарлар атмосфералары Жер атмосферасынан күрт өзгеше. Бұл алдын ала болжап айтуға болмайтын жаңалықтың мысалы. Физикалық сипаттары жағынан ұқсас (мысалы, Жер мен Шолпанды кейде „егіз ғаламшарлар" деп те атайды) және Күннен бірдей қашықтықта орналасқан ғаламшарлардың атмосфералары өте ұқсас болуы керек деген саналы болжам алдын ала бекер айтылмаған. Шынында да байқалған айырмашылық себептері де Жер тобындағы әрбір ғаламшардың атмосфералық эволюциясы ерекшеліктерімен байланысты.
Жер тобына жататын ғаламшарларды зерттеу Жер атмосферасының пайда болу тарихы мен қасиеттерін жақсы түсінуге мүмкіндік беріп қана қоймайды, сонымен бірге ондағы экологиялық мәселелерді шешуде де мәні болады. Мысалы, ауаны былғаудан түзілетін Жер атмосферасындағы тұман-түтін өзінің құрамы жағынан Шолпан бұлтына өте ұқсас келеді. Марстағы шаңды дауыл сияқты, бұл бұлттар, егер біз Жер бетінде өмір сүруге және оны дамытуға қажетті жағдайды ұзақ уақытқа сақтап қалғымыз келсе, біздің ғаламшарымыздың атмосферасына шаң мен өндірістік қалдықтарды шығаруды шектеу қажеттігін еске салады. Марс атмосферасында бірнеше ай бойына созылатын және ғаламат аумақты бұлт болып жабатын шаң дауылдары ядролық соғыстың салдары қандай экологиялық апатқа апарып соғатынын көзге елестетіп ойландырады.
3. Ғаламшарлар беттері. Жер тобындағы ғаламшарлардың беттері де Жер мен Ай сияқты қатты. Жерден жасалған оптикалық бақылаулар олар жөнінде толық мәлімет алуға мүмкіндік бере алмайды, өйткені Меркурийді тіпті оның элонгациясы кезінің өзінде де жақсылап бақылау қиын, ал Шолпанның беті қалың бұлттан көрінбейді. Марста әрбір 15—17 жылда бір рет қайталанатын ұлы қарсы тұру кезінің өзінде (Жер мен Марстың ара қашықтығы мұндай сәтте 55 млн. км-ге дейін азаяды) ірі телескоппен өлшемі шамамен 300 км бөліктерін бақылауға болады. Дегенмен де, соңғы онжылдықтарда Меркурий мен Марс беттері жөнінде көп білуге, сондай-ақ жақын уақытқа дейін құпия болып келген Шолпан беті туралы да мәліметтер алудың мүмкіндігі туды. Бұл "Венера", „Марс", „Викинг", „Маринер", „Магеллан" автоматты ғаламшараралық бекеттері ғаламшарлардың маңынан ұшып өтуі немесе Шолпан мен Марс бетіне қонуы және Жерден жүргізілген радиолокациялық бақылаулар арқасында жүзеге асты.
Қазаншұңқырларға толы Меркурай беті Ай бетін еске түсіреді (40-сурет). Онда Айға қарағанда „теңіздер" аз, оның үстіне олар шағын. Меркурийдегі Аптап Теңізінің диаметрі Айдағы Жаңбырлар Теңізі сияқты 1300 км. Меркурий бетінде тіктеме жарлар ондаған және жүздеген километрге дейін созылып жатыр, шамасы, бұл Меркурийдің бір замандағы тектоникалық белсенділік әсерінен беткі қабатының араласып және жылжуынан пайда болған. Қазаншұңқырлардың көпшілігі де Айдағы сияқты оған метеориттердің құлауы нәтижесінде түзілген. Қазаншұңқырлар аз аймақтарынан оның бетінің жас аудандарын көреміз. Жиектері құлап жарылған ескі
40-сурет. Меркурий бетінің аймақтары.
41-сурет. „Венера-14" автоматты ғаламшараралық бекеті Жерге жіберген Шолпан бетінің панорамасы.
қазаншұңқырлардың жақсы сақталған жас қазаншұңқырлардан айырмашылығы анық көрінеді.
„Венера" сериясындағы автоматты бекеттердің Шолпанның бетінен жіберген (41-сурет) алғашқы фототелевизиялық панорамаларынан тасты бетбақдала мен көптеген жеке тастар көрінеді. Жерден жүргізілген радиолокациялық бақылаулар арқылы диаметрлері 30-дан 700 км-ге дейін жететін көптеген онша терең емес қазаншұңқырлардың бар екені анықталды. Жердегі Тибеттің өлшемдерінен екі есе үлкен ірі тау массивтері мен ұзаққа созылған төбелерге қарамастан, Шолпан беті Жер тобына жататын өзге ғаламшарлармен салыстырғанда әлдеқайда тегістеу болып табылады. Сөнген жанартау Максвелл ғаламат, оның биіктігі 1 2 км (Джомолунгмадан бір жарым есе артық), табанының көлденеңі 1000 км, қазаншұңқырының бас жағындағы диаметрі 100 км. Гаусс және Герц конус тәрізді жанартаулары да ғаламат, бірақ олар Максвеллден кіші. Жер мұхиттарының түбіндегі созылып жататын жартасты аңғарлар секілді, Шолпанда да жартасты аймақтар бар, олар бұл ғаламшарда да бір заманда (бәлкім, қазір де өтіп жатқан болар) қауырт процестер (мысалы, жанартаулық әрекет) болып өткенін дәлелдейтіндей.
1983—1984 жылдары ғаламшар бетінің картасы мен атласын жасауға мүмкіндік берген „Венера-15" және "Венера-16" бекеттерінен радиолокациялық зерттеулер жүргізілді (бет детальдарының өлшемдері 1—2 км). Шолпан бетін зерттеудегі жаңа қадам американың автоматты ғаламшараралық бекеті „Магелланның" бортына орнатылған неғұрлым жетілдірілген радиолокациялық жүйелерді қолданумен байланысты. Бұл ғарыш аспабы Шолпан төңірегіне 1990 жылдың тамызында жетті, сөйтіп, оның созылыңқы эллипс пішіндес орбитасына шықты. 1990 жылдың қыркүйегінен бастап оның бетін үзіліссіз суретке түсіру жұмысы жүргізіліп келеді. Одан Жерге айқын бейнелер берілуде, олардың кейбіреулерінде өлшемі 120 м детальдар да айқын көрінеді (42—46-суреттерді қар.). 1993 жылдың мамыр айына қарай ғаламшар бетінің 98%-і суретке түсірілді. Тек қана суретке түсіру емес, сонымен бірге өзге де зерттеулер жүргізуді (гравитациялық өрісін, атмосферасын және басқаларын) қамтитын бұл эксперимент 1995 жылы аяқталды.
Марс беті де қазаншұңқырларға толы (47-сурет). Ол әсіресе ғаламшардың оңтүстік жарты шарында көп. Ғаламшар бетінің көбірек бөлігін алатын қарайған аймақтар т е ң і з д е р деген
42-сурет. Диаметрі 100-ден 200 мың км-ге дейін жететін Шолпан бетіндегі сақина құрылымдар (1991 жылы „Магелланнан" жіберілген радиолокациялық кескін).
43-сурет. Шолпан ландшафының кейбір детальдарының ұлғайтылған бейнесі (1991 жылы „Магелланнан" жіберілген радиолокациялық кескін)...........
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?