Жар (қыз, жігіт) таңдауда есте ұстауға тиіс 15 кеңес


Жастық шақтағы ең терең әрі салиқалы ойлардың төресі –  «жарымды қалай таңдаймын?», «жар таңдағанда неге мән беру керек?» деген сауалдар төңірегінде. Әйтеуір, біріміз Төлегеннің Жібегіндей, Абайдың Әйкеріміндей аруды аңсап жүрміз, ал екінші тарап қиялына Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пен оның сахабалары секілді иманды, парасатты жігіттердің образын сақтап қойған.


Төңірекке қарасаң, жігіт те, қыз да көп. Бағың ба, сорың ба ешбірінің маңдайында жазулы тұрған жоқ. Білмейсің. Алайда, бізден бұрын өмір сүрген және ең жақсы жар бола білген ізгілер жар таңдаудың әдістерін, қағидаларын, маңызын жан-жақты айтып кеткен. Жаңалық ашудың қажеті жоқ. Әсіресе, күллі тіршіліктің Иесі болған Алланың көкейіне құйғанын ғана сөйлейтін Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өсиеттері әр адамға дұрыс бағдаршам болмақ, деп жазады Асыл арна.

Егер адам баласы сол салихалы салтымызға сіңген, имандылыққа құрылған қайталанбас қағидалар бойынша жүрсе, онда үйлену аса түсіністікпен, сүйіспеншілікпен орындалар еді. Нәтижесінде, олардан дүниеге келетін ұл-қыздар иманды, көркем мінезді, ибалы болмақ. Сонымен, Дана, Білуші, Игілік Беруші, әр нәрседен Хабардар болған Раббымыздан жәрдем сұрай отырып, жар таңдауға қатысты қағидаларды топтастырып көрмекпіз.

1.     Ниет еткен нәрсеңнің нәтижесін көресің! Үйленуді құлшылық десек, ниет – әрбір құлшылықтың жаны. Не үшін отбасын құрмақсың? Жүрегіңе сауал қойып, ниетіңді бекіт! Ер де, әйел де некеге дейін ескеруі қажет, Әнастан (оған Алла разы болсын) жеткен мына хадисте: «Алла Тағала атақ-абыройы үшін некеленгеннің төмендеуін арттырады. Малы (дүниесі) үшін үйленгеннің жоқшылығын арттырады. Тегі үшін некеленгеннің қор болуын арттырады (қорлыққа ұшыратады). Ал, егер біреу көзін бөгдеден қорғау үшін, өзін (зинадан) сақтау үшін, сондай-ақ жекжат болу үшін (жақындықты нығайту үшін некеленсе, Алла ол еркекті бұл әйел арқылы, әйелді бұл еркек арқылы бақытты етеді» делінген. (Тирмизи) Демек, адам өзіне лайықтыны емес, Алланың ризалығына талпынушы, Алланың дініне толық бойсұнушыны іздеп, өзі де сондай адамға лайықты жар болуға ниет етуі керек.

2.     Жар іздеген бойжеткен бағалауы тиіс 2 қасиет Жар таңдау кезінде дініміз әйел затына ердің иманының беріктігіне және мінезінің көркемдігіне назар аударуды өсиет етеді. Егер бойжеткен өзін сұрап келген тақуа (Алладан қорықатын) әрі көркем мінезді жігітке тұрмысқа шықпаса, нағыз бүлік басталады екен. Хадисте: «Егер сіздерге дініне, мінез-құлқына риза болатын (жігіт қыздарыңызды сұрап) келсе, (қыздарыңызды) оған беріңіздер. Егер олай істемесеңіздер, жер бетінде іріткі кеңінен етек жайған бұзықтық болады» делінген (Тирмизи). Өйткені, Алладан қорыққан ер әйелді Алланың аманаты деп біліп, қиянат жасаудан сақтанады. Сондай жігіт қана отбасын асырау, ерлі-зайыптылық хақтарын орындау, балаларын тәрбиелеу, намысты қорғау, үйді қажетті нәрселермен қамтамасыз етудегі міндеттерін толық орындайды, құлшылығына көмектеседі.  Ал, мінезінің көркем болуына келсек, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Көркем мінезді мүмін иманның ең жоғарғы сатысында болып табылады, ал араларыңдағы ең жақсыларың – әйелдеріңе жақсы қарағандарың (жақсы қарым-қатынаста болғандарың)» деген (Тирмизи). Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өсиетіне құлақ асқанның амалы қандай көркем! Ол адамда ешбір уайым да, ұтылыс та жоқ!

3.     Қызды ері сақтамайды, ары сақтайды   Әйел алса төрт белгісін көздейді, Бұл төртеуден кездеспейді өзгесі. Бай әйелді біреу іздеп жүреді, Енді бірі сұлуға көз тігеді.  Бірі тілер тұқымы асыл, тектіні, Қуаныш боп ұлықтығы, бектігі. Бірі нәзік, имандысын таңдайды, Оны тапса, көңілде алаң қалмайды,- деп жігіттерге насихат айтқан Жүсіп Баласағұн бабамыздың негізгі ойы даналықтың бұлағы болған хадистен бастау алады. Ердің әйел таңдауына қатысты, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әйелге төрт нәрсесі үшін үйленеді: байлығы үшін, тегі үшін, сұлулығы үшін және діні үшін. Сен діндарды (иманына қарап) ұнат. Алла қолыңды кеңітеді. (Яғни, әйел иманды болса үйге берекет кіреді Х.Алтай)» деп өсиет етеді (Бұхари, Муслим, Насаи, Ибн Мәжәһ). Иманды жар – тәрбиелі ұрпақ мәйегі, еркектің иманының жартысы, жанының тыныштығы мен тынымы, көзінің қуанышы.  «Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын, асыл пышақ қап түбінде жатпайды, деген. Келінім ақылды болса, ұлымның елге даңқы кетеді. Би түскендей үй болу әйелден. Әйелі жақсы болмай ер оңбайды. Ердің бақытын кетіретін де әйел, ерге бақыт әперетін де әйел». Осындай ой құшағында жүрген Төле биді Түркімен еліне билік айтуға шақырады. Аттары болдырып, шөлдеп-шөліркеп келе жатқан жолаушылардың алдынан бір топ атты қыз-келіншек көрінеді. Ол топтың ішінде Данагүл дейтін кедейдің қызы да бар еді. ─ Әй, қыздар, тоқтаңыздар, аттарыңыздың басын тартыңыздар. Жоғарыдан бір қатар аттылар келе жатыр, алдынан кесе-көлденең өтпейік, арасында ер бастаған батыр бар шығар, сол ерге ақыл айтқан ақсақалы бар шығар, батасын алып, алғысына бөленейік. Атты кісілер алдымыздан кесіп өтсін. Сонан соң жүрсек те ауылымызға жетерміз, – дейді Данагүл. Төле би мұны алыстан көріп, қыздарды шақыртады. Данагүлдің бұйрығымен қыздар аттан түсіп, жаяу келіп сәлем береді. Данагүлді сөзге тартып, даналығын байқаған Төле би құда түсіп, өзіне келін еткен екен. Осы тектес оқиға Омардың (оған Алла разы болсын) мұсылмандарға әмірші болып тұрған шағында да орын алған. Ол түн ішінде серігімен бірге Медине көшелерін аралауға шығады. Бір үйдің қабырғасына сүйеніп тұрғанда ар жақтағы анасы мен қызының әңгімесі естіледі. Анасы: «Қызым, анау тұрған сүтке су қосып, таңертең сатуға шықсаңшы» деді. Сонда қыз: «Омар бізге сүтке су қосуға тыйым салды емес пе?» дегенде анасы: «Сені Омар көріп тұр деймісің?» деп жекиді. Қыз: «Омар көрмесе де, Алла көріп тұр ғой» деп жауап береді. Мұны естіген Омар үйіне қайтып, ертесіне ұлы Асимге айттырып келеді. Әлгі иманды әйел дүниеге қыз баласын әкеледі. Ол қыз бойжетіп заманында халифа болған Абдул Мәлик ибн Мәруанға тұрмысқа шығып, олардан Абдулазиз деген салихалы кісі дүниеге келді. Ал Абдулазиздың баласы Омар бесінші ізгі халифа атанған салихалы тұлғаға айналды.

4.     Әйел – сенің өзіңнен Бір жас жігіт анасынан: «Анашым! Өзіме лайық әйелді қалай табамын?» – деп сұрайды. Сонда анасы: «Балапаным-ау! Лайықты жар табуды уайымдағаннан бұрын, оған қалай лайықты күйеу боламын деп уайымдасаңшы!» – деген екен…Расында, әрбір адам «ол маған лайық па?» деген сұрақтан алдын, «мен оған лайықпын ба?» – деп ойлануы керек. Себебі, кімнің неге лайықты екенін Алладан басқа білуші жоқ. Ендеше, Алладан жақсы жар кездестіруді сұраған жігіт (қыз) өзін (мінезін, түсінігін, ниетін, білімін т.б) жақсартуы қажет. Себебі, Алла –Әділ. «Сұм әйелдер сұм ерлерге, сұм ерлер сұм әйелдерге, ізгі әйелдер ізгі ерлерге, ізгі ерлер ізгі әйелдерге лайық» («Нұр» сүресі, 26-аят). Қазақтың: «бақытты боламын деп емес, бақытты қыламын деп үйлен», – деуінде де үлкен даналық жатыр.

5.     Тәніне емес, тегіне қарап, денесіне емес дініне қарап үйлен! Келесі ереже – өмірлік жолдасын жақсылығы, көркем мінезділігі, тегі мәртебелі болған, абыройлы, тамырын терең жайған отбасынан таңдау. Өйткені, адамдардың да кен қазбалары сияқты ұлықтығы мен төмендігі, жақсылығы мен жамандығы әр түрлі болады. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір сөзінде: «Сіздер көңдегі жасыл шөптен сақ болыңыздар» деді. Адамдар одан: «Я, Алланың Елшісі, көңдегі жасыл шөп не?» деп сұрады. Сонда ол: «Жаман жерде (отбасында) өскен сұлу қыз (әйел)» деп жауап берген. Басқа хадистерде:  «Ұрықтарыңызға орынды таңдаңыздар. Себебі, әйелдер аға-інісіне, әпке-сіңлісіне ұқсайтындарды туады»), «Тегі жақсы әйелге үйленіңіздер. Өйткені, тектігі текке өтеді» делінген. Осы негізге сүйене отырып, Осман ибн Әби әл-Ас әс-Сақафи өз балаларына текті жерден таңдауға, жаманынан сақтануға кеңес бере отырып: «Ей, балаларым! Үйленіп жатқан адам, бейне бір ағаш отырғызып жатқан адам тәрізді. Сондықтан әркім ағашын қайда отырғызатынына мән берсін. Нашар тұқымның жақсыны дүниеге келтіруі сирек кездеседі. Олай болса, біраз уақыт өтсе де, таңдаңдар» деген. Алаштың Абайының мына бір өлең жолдары жар таңдаудың тамаша формуласы бола алады: «Жасаулы деп, малды деп байдан алма,  Кедей қызы арзан деп құмарланба.  Ары бар, ақылы бар, ұяты бар  Ата-ананың қызынан ғапыл қалма». Осындай таңдау болу керектігін Омар ибн Хаттабтың (оған Алла разы болсын) бір кісінің: «баланың әкедегі хақысы не?» деген сұрағына: «Анасын таңдауы, жақсы есім қоюы және оған Құран үйретуі» деп жауап бергендігінен де аңғаруға болады.  Адамдардың ең абзалы болған Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланның игілігі мен сәлемі болсын) үндеген бұл таңдау ғылыми шындықтан, тәрбиелік мәні бар теориялардан тұрады. Өйткені, қазіргі тұқым қуалау ілімі жас сәбидің туылғанынан бастап әке-шешесінің мінез-құлқындағы, дене-бітіміндегі, ақыл-ойындағы сипаттарды алатынын анықтады. Сондықтан әйел немесе еркек тегіне, құрмет-беделіне, жақсылығына қарай таңдалса, балалардың түзу, жақсы күйде өсетіні даусыз. Сондай-ақ бала өмірінде жақсы тұқым қуалау мен лайықты тәрбие астасып жатса, ол көркем мінез-құлықты, тақуалы, үлгі-өнеге боларлықтай биязы мінезді, діндар болып жетіледі.

6.     «Тең теңімен, тезек қабымен» Халқымызда ғасырлар елегінен өткізген мынадай мақал бар: «Кедей мен кедей құда болса, екі ортада дорба жүреді. Бай мен бай құда болса, екі ортада жорға жүреді. Кедей мен бай құда болса, екі орта зорға жүреді». Екі жақтың дастарханы, өмірге көзқарасы, тектілігі деңгейлесі болғаны да жастардың жарасып кетуіне жол ашады. Екі түрлі әулеттен шығып, екі түрлі тәрбие көрген адамдардың бір-біріне сіңісуіде қиынға соғады. Менталитет, түсінік деген нәрсе аса маңыздылықпен ескерілуі тиіс. Осының бәрін елеп-ескерген қазақ: «Тең теңімен, тезек қабымен» деген тобықтай түйін айтқан. «Ұрықтықтарыңызға орынды таңдаңыздар және теңдестеріңізбен тұрмыс құрыңыздар» (Ибн Мәжжаһ) деген хадис те осыны нұсқайды. Жүсіп Баласағұн бабамыз бір өлеңінде: «Жақсы болсын тегі, заты, ұрығы, Пәк, ұятты болсын жанның тұнығы. Дұрыс үйдің қызын ал, қол тимеген, Сенен өзге еркек жүзін көрмеген» деген екен.

7.     Болашақ жарыңды зертттеуден қапы қалма! Жалпы, әйелдің үш түрі болады: 1.     Ерке әйел (ол еркектің қызы секілді ерке болып, күйеуіне әкесі секілді арқа сүйейді, ақылына, тәрбиесіне мұқтаж болады. 2.     Дос әйел (еркек онымен сырласады, ақылдасады, қиыншылықтарда демеу күтеді). 3.     Анаң секілді әйел (еркекке анасы секілді қамқор болады, ақылын айтады. Еркек оның құшағына кіріп, анасы секілді еркелеуі, мейірімін күтіп тұруы мүмкін)  Осыдан хабардар болған әрбір қыз не жігіт өзіне не керектігін анықтап алуы тиіс. Өйткені, ол – өзін ең жақсы танитын адам. Ер жігіт жоғарыдағы әйелдің қай түрімен тұра алады? Қыздың қандай әйел болуға шамасы жетеді? Осы сұраққа жауап іздеу барысында, өзі қалайтын адамның қасиеттері, сипаттары анықтала бастайды. Содан кейін ниет еткен адамды зерттеу үдерісі шығады. Мұндайда, қызды не жігітті жақсы танитын адамдармен сөйлесіп, жан-жақты сауалдар қойған абзал. Аса әділетті халифа Омар ибн Хаттаб (оған  Алла разы болсын) адамдардың шын келбетін білуде ең дұрыс таразыны жолға қойған. Бір адам екінші адамға куәлік беру үшін келген кезде Омар оған: «Бұл адамды білесің бе?» деп сұрайды. Ол: «Иә» дегенде, Омар: «Сен оның кіретін де, шығатын да орындарын білетін көршісісің бе?» дейді. Ол: «Жоқ» дейді. «Оның мінез-құлқын білетіндей, онымен бірге сапар шегіп пе едің?» дегенде, ол: «Жоқ» дейді. «Оның сенімді, тақуа екенін білетіндей, онымен динар, дирһаммен (ақша) қатынас жасап көріп пе едің?» деп сұрағанында, ол: «Жоқ»,—дейді. Сонда Омар дауысын көтеріп: «Онда оның басын бірде көтеріп, бірде төмен түсіріп, бірде тұрып, бірде отырып мешітте намаз оқып жатқанын көрген шығарсың?!» дейді. Ол: «Иә»,—дейді. Сол кезде Омар оған: «Бар, кете бер, сен оны танымаған екенсің» деп, куәлік беріліп жатқан адамға қарап: «Бар да, өзіңді білетін адамды алып кел» дейді. Яғни, жігітті не қызды осы жағдайлар арқылы жақсы танитын адамдардан мол ақпарат алуға болады. Және дінімізде мұндай жағдайда ғайбат айтуға рұқсат етіледі.

8.     Жақсы жолдас таңдауға 5 кеңес Ислам ғұламалары дос таңдау барысында мынадай кеңес берген екен: ·         Білім көзін қайдан алатындығына қара;

·         Бос уақытын қалай өткізетіндігіне қара;

·         Достарының қандай екендігіне қара;

·         Отбасымен қарым-қатынасында қандай екендігіне қара;

·         Аузындағы сөзіне қарама.

Жар таңдау барысында да осы қағидалар жәрдем етеді деген ойдамыз. Өйткені, сенімі, білімі дұрыс адамның әдебі де, сөзі де, мінезі де, амалы да көркем. Бос уақытын дұрыс пайдалана білген адам тіршілікте де, құлшылықта да үлкен жетістікке жетеді. «Адам досының дінінде. Сол үшін кіммен дос болып жүргендеріңе қараңдар» (Бағауи) деген хадис  – пенденің досына қарап басқа қасиеттерін анықтауға болатындығын нұсқайды. Адамның қандай екендігі, тақуалығы отбасында, бірге тұратын жақын адамдармен қарым-қатынаста сыналады.Түзге шыққанда көркем мінезді, Алладан қорықатын тақуа болу оңай, ал сенімен үнемі бірге болатын жандардың қасында оның қасиеттері ашылады. Кісінің білім көзіне, бос уақытын қалай өткізетіндігіне, достарына, отбасымен қарым-қатынасына қарап, алайда, оның аузындағы сөзге мүлде назар аудармау керек екен! Оның көркем, құлақтың құрышын қандыратын сөздері біздің алдамауы тиіс екен. Себебі, ауыздан шыққан сөз амалға тиек бола бермейді. Ғұлама Суфиян Саури «Аллаға жақын болғың келсе – әдемі жүздерден, сыңғырлаған дауыстардан, шектен тыс шешен сөздерден алыста» деген.

9.    Неке – сүйікті елшіңнің мақтанышына себеп болуға мүмкіндік Ислам дінінің әйел таңдаудағы жолдауларының тағы бірі – көп туатын әйелді таңдау. Мұны екі жолмен білуге болады: 1.     Әйелдің бала көтеруге кедергі келтіретін ауру түрлеріне ұшырамауы (білу үшін арнайы мамандардын көмегіне жүгіну керек).     2. Әйелдің анасына және тұрмыс құрған әпкелеріне қарау. Егер олар көп перзентті болса, қыз да осындай артықшылыққа ие болады. Медицинада анықталғандай, көп бала табатын әйелдің денсаулығы мықты, қуатты болып келеді. Бойында осындай қасиеті бар әйел үй шаруасын да, тәрбиелік міндеттерін де, ерлі-зайыптылық хақтарын да толық орындай алады. Осы орайда ескерте кететін бір жайт: көп туатын әйелге үйленіп, көп бала сүюді қалаған адам асырау, тәрбиелеу, оқыту тәрізді міндеттерді орындауы тиіс. Немқұрайлылық танытып, міндеттерін дұрыс атқармаған жағдайда Алла алдында жауап береді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала әрбір жауапты адамнан қол астындағыларды қорғағаны не зәбір қылғаны жайында сұрайды. Тіпті еркектен үй-іші (бала-шағасы) жайлы сұрайды» деген (Хиббан). Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір адам келіп: «Я, Алла Елшісі, мен абыройы, мансабы, мал-дүниесі бар, бірақ (тумайтын) бедеу бір әйелді жақсы көріп қалдым. Сол әйелге үйленсем бола ма?» деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оны қайтарған. Екінші рет келіп сұрағанында да сондай жауап алады. Үшінші рет сұрағанында, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Көп туатын сүйкімді әйелдерге үйленіңіздер. Себебі мен сіздермен (Қиямет күні) басқа үмбеттер алдында көп болып тұрамын» деп жауап берген (Әбу Дәуд, Насаи).

10.  Неке – шашылудың емес, кедейліктен арылудың жолы Соңғы уақытта үйленіп, үй болуды қаржы мәселесіне байланысты кейінге ысырып қоюшылар қатары артпаса, кеміген емес. Мұның себебін де шайтанның белсенділігімен түсіндіретін едік. Өйткені, шайтан кедейшілікпен қорқытады, ал Алла Тағала Өзінің кеңшілігіне шақырады. Бұл туралы бізге жеткен екі бірдей хадис бар: «Әйелдерге үйленіңдер, ақиқатында, олар сендерге мүліктерімен келеді» (Баззар, Хаким), «Некеден ризық күтіңдер» (Дәйләми). Бұл өсиеттерді сахабалардың сөздері толықтыра түспек. Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) айтады: «Мені некенің жеткіліктілігіне үміттенбейтін адам таңғалдырады. Алла Тағала: «Әрі араларыңдағы некеге тұрмағандарды және құлдарың мен күндеріңнің түзулерін үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла оларды Өз кеңшілігімен байытады. Алла – мейірімді Кең, бәрін Білуші» деп айтты емес пе?» («Нұр» сүресі, 32-аят). Басқа ислам ғұламалары: «Құдіретті Алла некенің кедейліктен арылтатын жол екендігін хабарлады» немесе «Алла Тағала некеге отырғандарды Өз рақымымен асырайтындығына уәде береді. Мұсылман үйлену немесе отбасын кеңейту материалдық жағдайды нашарлатады деп жансақ ойламауы тиіс. Өйткені, Алла Тағала шаңырақ көтеруге шақырып, қажеттіліктер мен кедейліктен арылтатындығына уәде берді. Оның көркем есімдерінің бірі – Кең және Білуші. Оның рақымы мен ізгілігінде шек жоқ. Ол кімге рухани және материалдық байлық керек екенін жақсы біледі. Және әрбірін Өзінің білімімен және даналығымен қамтамасыз етеді» деген.

11.   Алламен ақылдасқан ұтылмайды! Маңызды сәттерде барша жаратылысты жоқтан бар еткен Жаратушыға жалбарынып, дұға жасауды, тілек тілеуді ұмыт қалдыруымыз – көптеген бақытсыздықтың негізгі себебі. Әу бастан-ақ, тағдырымызды қосатын, жүректерге иелік ететін Жаратушымызбен байланыста болу – берекенің кілті. Мәселен, қыз баланы алайық. Тәрбиелі жерден шыққан ибалы, қазақтың қызы. Оған екі жігіт көзін салып, сөз айтып жүр. Қыздың ең атқарар ең маңызды амалы – истихара, яғни, қажет дұғасына жүгіну. Қасиетті болған маңдаймызды қара жерге, сәждеге қойып немесе екі алақанды жайып, «Я, Раббым! Мені жоқтан бар қылып жараттың. Мына қара жігіт Ғабит, сары жігіт Сәбит екі жағымнан келіп, жақсы пікірлерімен әрекет етіп жатыр. Қайсысы менің бағым екенін білмеймін. Қайсысы менің екі дүниелік бақытым болса, маған соны жақындатшы, қайсысы, маған қайырсыз болса, оны менен көркем түрде алыстатшы. Мен білмеймін, сен Білушісің, Көрушісің» деп Алладан сұрау қажет. Сол секундтан бастап бүкіл құдіреттің Иесі болған Алла сіздің ісіңізді басқарып, реттей бастайды. Тіптен, таңғаласыз. Он, жиырма жылдан кейін сол дұғам тағдырымды шешіпті-ау деп қуанасыз. Ғылыми жұмыс, сабақ мәселесінде мұғаліммен, профессормен ақылдасып, сәттілікке жетіп жүргендер қаншама? Ал, истихара – Алламен ақылдасу, кеңесу, ісіңді Оған тапсыру, Өзі разы болатын дұрыс таңдау жасауда көмек сұрау. Өйткені, бізге бәрінен де артық жақсылықты қалаушы – Алла ғана. Осы дұғадан кейін Алла жүрегіңізді қандай шешімге бағыттаса, сонда міндетті түрде қайыр болады және жеңілдігін береді. Жәбір ибн Абдуллаһ (оған Алла разы болсын): «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге барлық істерде Құран сүрелерінің бірін мұқият үйреткеніндей Алла Тағаладан истихара (сол істің жақсылығын) сұрауды үйрететін» деген екен.

12.   Ақылдасуда береке бар!   Хадисте ақылдасуда береке бар екендігі айтылған. Айтыңызшы, жер бетінде Мұхаммед Пайғамбардан (оған Алла разы болсын) асқан ақылды, ақ пен қараны ажырата алушы жан бар ма? Солай бола тұра, Жаратушы оған: «(Ей, Мұхаммед)… Әрі іс жөнінде олармен кеңес» («Әли Имран» сүресі, 159-аят) деген аят түсірді. Алла Тағала адамдардың арасындағы ең ақылды, кемел, ең дана адам болғандығына, Алладан уахи алатындығына қарамастан, Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айналасындағы адамдармен ақылдасуды бұйырады. Жаратушы бұл арқылы пайғамбар болмайтын қоғамда бір-бірімен кеңесудің маңыздылығын үйретеді. Алла Елшісі де (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үнемі адамдармен кеңесетін, сахабаларды жинап мәселелерді ақылдасатын.  Аяттан алатын тағы бір ғибарат –ақыл-ойы кемелденген қандай адам болса да, кейде оның ойына келмейтін дүниелер болады. Ол мүлде ойланбаған нәрсені шеттегі екінші бір адам айта алады. Ол жас болса да, қарт болса да…  Сондықтан да, жастардың истихарадан кейінгі амалы – отбасылық өмір туралы білімі, түсінігі, тәжірибесі бар жанашыр адамдармен ақылдасу. Ақылдасу – Өмірге береке кіргізіп, амалдың алға басуын тездететін игі іс.

13.  Ата-анаңда бар тәжірибе сенде жоқ! Кейде біз «әке-шешеміз ескі заманның адамдары ғой, ауылдың тұрмысымен қалып қойған, біз заманауи ұрпақпыз» деп ойлап қаламыз. Алайда, біліңіз, әке-шешеңіз қай заманда өмір сүрсе де, жар таңдау мәселесінде оларда бар тәжірибе сізде жоқ. Тәжірибе жаспен, таяқ жеумен, өмірдің өрнегін қолмен ұстаумен келеді. Мейлі, сен көп кітап оқып, көп ақпаратпен таныс шығарсың, бірақ, тәжірибе біліммен келмейді. Қызық, біз киім таңдайтын болсақ ата-анамызбен ақылдасамыз, оқу, кәсіп таңдайтын болса, олар ақыл айтады. Кейде «анау сыныптасыңмен жақын бол, мынаған жақындама» деген өсиеттерін естиіміз. Өкінішке орай, ата-ананың ақылы ең қажет болған жар таңдау мәселесінде олардың қатысуын байқамаймыз. Сол себепті, мұндай маңызды мәселеге ата-аналардың тікелей араласуы аса қажет. Әсіресе, «құлақтан семіретін», сезімге жақын қыз баласына суық ақылға, суық сезімге құрылған ер адамның кеңесіне мұқтаж. Өкінішке орай, әке-шеше «Бізде ұл бар еді, сіздерде қыз бар екен, екеуі бір-бірін ұнатып, шаңырақ көтерсек деп» отыр деп алдарына құдалар келгенде ғана араласады. Нәтижесінде құданың құдаға қадірі өтпейді, бір-бірін жақсы танымайды. Қыз бен жігіт ренжісіп жатса, ажырасып кету де оңай болып жатыр. Бұл қиындық ата-ананың «қызымыз өскенде кімге аманат етіп тапсырамыз?», «баламыздың ұрпағын тәрбиелейтін, біз қартайғанда бірге болатын келінді қалай таңдаймыз?» деген сауалды перзенттері сәби кезінде-ақ ойланумен шешіледі.

14.  Білім – бақытты шаңырақтың негізгі тірегі Білетіндер мен білмейтіндердің тең болмайтындығына ешкімнің таласы жоқ. Құранда: «Шын мәнінде, Алладан Оның құлдарының ішінен, білімі барлары қорқады…» («Фатыр» сүресі, 28-аят) делінген. Яғни, имандылығымыз бен аманатшылдығымыздың өлшемі қаншалықты білімді екендігімізге байланысты. Және кез келген амалдың алдында білім тұрады. Рас, білім алған адамның бәрі бірдей аманатшыл, амалы көркем емес. Дегенмен, барлық нәрсе – білуден басталады. Сондықтан, некеге ниеттенген әрбір қыз не жігіт отбасылық өмірге байланысты түрлі кітаптар оқып, өздерінің міндеттерін жіті меңгеруі тиіс. Ерлі-зайыптылардың Алламен және адамдармен қарым-қатынастағы әдептерін үйреніп, үйленуге қатысты құлшылықтарға қандай сауаптың не жазаның барынан хабардар болып, шаңырақты шайқалтпаудың әдістерін зерттеуі қажет. Әбу ад-Дарда: «Алла бақыттыларды біліммен нұрландырады, ал бақытсыздардан алып қояды» деген.

15.  Ұлға – жауапкершілік, қызға сауатты өлшем керек Махаббат – асқа қосқан тұз немесе шөлдегендегі бір жұтым су секілді қастерлі дүние. Ал біз абайсызда махаббаты дүниедегі елеусіз нәрселердің қатарына қосып алдық. Оған әсер еткен үлкен себептер: теледидарды қоссақ махаббатқа үндеген телесериал; кез келген ән махаббатты шырқайды, әлеуметтік желіде махаббатқа арналған түрлі топтар тараған т.б. Яғни, махаббаттың қисапсыз насихатының өзі адамдарды адалдық, жауапкершілік деген нәрседен әкетіп, керісінше, махаббатқа малданып, алдануға итермелеуде. Таңнан кешке дейін құлаққап тастамайтын қыз жігіттер «махаббатым, жаным, сүйемін, құшақтаймын» деген әнді тыңдап, махаббат негізгі тірек екен деп, жігітке өз тағдырын тапсырып қояды. Ал махаббат – жалаң қылыш сияқты, оның қыны, ұстайтын қуатты қол болмаса кез келген жеріңді жарақаттап, тағдырыңды тәлкекке айналдырады. Соқыр сезімге ерген сүрінеді. Отбасындағы негізгі қателіктер де ұстанымсыз, қорғаусыз махаббаттың нәтижесі. Өйткені, қыз баласы нәзік, жауһар, маржан секілді бағалы жаратылыс. Бір бума ақшамызды көрінген жерге тастамаймыз, алайда, сырласатын, сұхбаттасатын, қамқорлығына шомылдыратын жаны көркем, ақылы сау қыздарымызды қараусыз қалдырып қойдық. Сөздің түйіні, неке мәселесінде жігіттерге қызды көзінің қарашығындай сақтауға жетелейтін жауапкершілік деген сезімді өте биік деңгейде күшейту керек. Қыздарға некеден кейінгі өмірін өлшеп, өзін кімнің қолына тапсыратындығын асықпай, ақылмен ойлану амалы ауадай қажет. Оның жігіттік, мәрттік, азаматтық мінездеріне назар аударған жөн. Серік Қалиев ағаңыздың ұлға айтқан өсиетін сізге де, өзімізге де айтқан соңғы түйін деп біліңіз: Сөйлесең оған тәттісін арна сөзіңнің, Сақтай біл оны қарашығындай көзіңнің. “Ерім” деп саған тағдырын сеніп тапсырған Бір үйдің гүлін аманатым деп сезінгін. Бас ие болдың, кешегі жүрген бала емес. Демейді өмір, басыңнан сипап “Маладец!” Әулетке лайық саясат деген болады Жанұя бағу жалақы табу ғана емес! Байқасаң кейбір ерлерге жетпей даналық, Бала боп өзі әйелін алар ана қып. Шырылдап жүрер өзіндік пікір, ойы жоқ, Әйелі сызған шеңберден шықпай қамалып. Маңызды іс болды отбасын бүгін құрғаның Көбейту керек Алланың адал құлдарын. Шығарма естен өзіңді өсірген Отанның Тағдыры сенің қолыңа қарап тұрғанын! Қорыта айтқанда, бозбала мен бойжеткеннің бір отаудың астында баянды өмір кешуі үшін ата-ананың, қоғамның, туған туыстың атқаратын рөлі ерекше. Осыны ескеріп, жар таңдау мәселесіне ата-ана араласса, ағайын-туыс, тілектес жандар ақыл айтса, Аллаға алақан жайылса, жастар жоғарыдағы қағидаларға жүгінсе – Аллаға жағатын азаны, ағайынға жағатын қазаны, баламен қызған базары болатын отбасылар көбейеді деп сенеміз. Раббымыздан бойдақ жүрген ерлерімізге көз қуанышы болатын иманды әйел, қаракөз қыздарымызға діні берік, мінезі көркем күйеу, ерлі-зайыптыларымызға қайырлы, иманды ұрпақ сұраймыз!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу