Оразаның және Рамазан айының құндылығы

Оразаның және Рамазан айының құндылығы

Сұрақ: Рамазан айының құндылығы қандай?
Жауап: Рамазан айының құндылығы туралы Имам Раббани хазреттері былай деген:
Мүбәрәк Рамазан айы өте қасиетті, мәртебелі. Бұл айда жасалған нәпіл намаз, зікір, садақа және бүкіл нәпіл ғибадаттарға берілетін сауап басқа айларда жасалатын парыздардың сауабына тең. Бұл айда жасалған бір парыз басқа айларда жасалатын жетпіс парыздай болады. Бұл айда ауыз бекіткен бір адамға ифтар беріп, ауыз аштырған адамның күнәлары кешіріледі. Жаһаннамнан азат болады. Сол ораза тұтқан адамның сауабындай сауап бұған да жазылады. Ораза тұтқан адамның сауабы да мүлдем азаймайды.
Бұл айда қол астындағыларға жұмыстарын жеңілдеткен, олардың ғибадат етулеріне жеңілдік жасаған әмірлер, басшылар да кешіріледі. Жаһаннамнан азат болады. Қасиетті Рамазан айында Расулуллаһ тұтқындарды азат ететін, мұқтаждардың барлық сұрағандарын беретін. Бұл айда ғибадат және жақсылық жасай алғандарға бүкіл бір жыл осы амалдарды жасау нәсіп болады. Бұл айға құрметсіздік еткендердің, күнә істегендердің бүкіл жылы күнә істеумен өтеді. (Бұл айды ғанибет, мүмкіндік деп білу керек.) Қолдан келгенше ғибадат ету керек. Аллаһу та’аланың разы болған істерін жасау керек. Бұл айды ахыреттің бақытына қауышу үшін мүмкіншілік деп білу керек.
Құран кәрім Рамазан айында түсті. Қадір түні осы айдың ішінде. Рамазан айында ауызды шам уақыты кіруімен көп кідірмей ашу, сәре тамағын да имсак (фәжр) уақытына жақындатып кеш жеу сүннет. Расулуллаһ бұл екі сүннетті орындауға қатты мән беретін. Ауыз ашуға асығу және сәре тамағын кешіктіру бәлкім адамның төмендігін, әлсіздігін, ішіп-жеуге және барлық нәрсеге мұқтаж екендігін көрсетуде. Ғибадат ету дегеніміз де осы. Құрмамен ауыз ашу сүннет. Ауыз ашқанда «Зәхәбәз-зама-у уәбтәлләтил уруқ уә сәбәтәл-әжр иншаллаһу та’ала» дұғасын оқу, тәрауих намазын оқу, хатм оқу маңызды сүннет болып табылады.
Бұл айда әр түні жаһаннамға түсетін мыңдаған мұсылмандар кешіріледі, азат болады. Бұл айда жаннат есіктері ашылады. Жаһаннам есіктері жабылады. Шайтандар шынжырлармен байланады. Рахмет (мейірімділік) есіктері ашылады. Аллаһу та’ала бұл қасиетті айда Оның мәртебесіне лайықты түрде құлшылық етуді және Раббымыздың разы болған ұнатқан жолымен жүруімізді бәрімізге нәсіп етсін! Амин. (Мәктубат 1-том. 45-хат)
Рамазанда жұрттың көзінше ашықтан тамақ жеген адам бұл айды құрметтемеген болады. Намаз оқымайтын адамдардың да ораза тұтуы және харамдардан тыйылуы керек. Бұлардың оразалары қабыл болады және имандарының бар екендігі осыдан белгілі болады.
Рамазан айында ораза тұту үлкен сауап. Үзірсіз (себепсіз) ораза тұтпау үлкен күнә болады. Хадис шәрифте: «Рамазанда үзірсіз бір күн ораза тұтпаған адам, оның орнына бүкіл бір жыл ораза тұтса да, әлгі бір күннің сауабына қауыша алмайды.» делінген. (Тирмизи)
Рамазанда ораза тұту туралы айтылған хадис шәрифтердің біршамасы мынадай:
«Рамазан айы мүбәрәк ай. Аллаһу та'ала сендерге Рамазан оразасын парыз етті. Ол айда рахмет (мейірім) есіктері ашылады, жаһаннам есіктері жабылады, шайтандар байланады. Ол айда мың айдан да құнды бір түн бар. Ол түннің (Қадір түнінің) жақсылығынан мақрұм қалған адам, бар жақсылықтан мақрұм қалды деп саналады.»(Нәсаи)
«Рамазан айында ораза ұстауды парыз деп біліп, сауабын Аллаһу та'аладан күтіп ораза ұстаған адамның күнәлары кешіріледі.»(Бұхари)
«Рамазан оразасын ұстап өлген адам жаннатқа барады.»(Дәйлами)
«Рамазан айы келгенде “Ей жақсылық иесі, жақсылыққа жүгір! Жамандық иесі, сен жамандықтардан қолыңды тарт” деп айтылады.» (Нәсаи)
«Рамазан береке айы. Аллаһу та'ала бұл айда күнәларды кешіреді, дұғаларды қабыл етеді. Бұл айдың құнын біліңдер! Тек жаһаннамға баратын адам бұл айда рахметтен махрұм қалады.» (Табарани)
«Рамазан айы келгенде Аллаһу та'ала періштелерге мұсылмандар үшін истиғфар айтуларын әмір етеді.» (Дәйлами)
«Парыз намазы келесі намазға дейін, Жұма келесі Жұмаға дейін, Рамазан айы келесі Рамазанға дейін болатын күнәларға кәффарат болады.» (Табарани)
«Артпа-арт үш күн ораза тұта алатын адамның Рамазан оразасын ұстауы керек.» (Әбу Нуайм)
«Рамазан оразасы парыз, тарауих сүннет. Бұл айда ораза тұтып, түндерін ғибадатпен өткізгеннің күнәлары кешіріледі.» (Нәсаи)
«Бұл айдың Рамазан деп аталуының себебі күнәларды жағып жоқ қылғаны үшін.» (И. Мансур)
«Рамазан айында жанұяларыңның напақасын кең ұстаңдар! Бұл айда жұмсалған нәрсе, Аллаһ жолында жұмсалған сияқты сауап болады.» (Ибн Әбиддунйа)
«Рамазанның басы рахмет (мейірім), ортасы мағфирет, ал соңы жаһаннамнан құтылу.» (Ибн Әбиддунйа)
«Ислам - шаһадат кәлимасын айту, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын тұту және қажылық жасау.» (Мүслим)
«Жаннаттағы зәулім сарайлар сөзі жақсы, сәлемі көп, тамақ жегізген, оразасын жалғастырған және түнгі намазды оқығандарға беріледі.» (Ибн Наср)
«Ораза тұтқан мұсылманның үндемеуі тәсбих, ұйқысы ғибадат, дұғасы қабыл және амалының сауабы көп болады.» (Дәйләми)
«Әсіресе, ораза кезінде жиіркенішті, жаман сөз айтпаңдар. Егер біреу сендермен ұрысса, «мен оразамын» деп жауап беріңдер.» (Бұхари)
«Шынайы ораза тек жеп-ішуді ғана емес, бос және ұятсыз сөздерді де тәрк етіп тұтылған ораза (Хаким)
«Аллаһу та'аланың көздердің көрмеген, құлақтардың естімеген және ешкімнің ойына да келмеген ниғмет толған дастарханына тек ораза ұстағандар отырады.» (Табарани)
«Аллаһ жолында бір күн ораза ұстаған адамды, Аллаһу та'ала жетпіс жылдық қашықтыққа жаһаннамнан алыстатады.» (Бұхари)
«Тазалық иманның жартысы, ораза сабырдың жартысы.»(Мүслим)
«Аузы берік кезінде өлген адамға қияметке дейін ораза тұтқандай сауап жазылады.» (Дәйләми)
«Аузы берік кезінде өлген адам жаннатқа кіреді.» (Бәззар)
«Ораза ұстаған, намаз оқыған адам, қияметте ақылындай марапат алады» (Хатиб)
«Ораза шәхуатты сындырады.» (И. Ахмед)
 
Қасиетті уақыттарда (түндерде, айларда) күнәлардан міндетті түрде ұзақ болу керек, жақсылықтарды және ғибадаттарды көбейту керек. Өйткені Аллаһу та’ала тарапынан жақсы көрілген адам, қасиетті уақыттарда қасиетті істермен шұғылданады. Жаман көретін құлы болса қасиетті уақыттарда жаман істермен шұғылданады. Жаман істермен шұғылдануы, оның азабының одан да ауыр болуына және Аллаһу та’аланың бұрынғыдан да көп оны жек көруіне себеп болады. Өйткені ол бұл әрекетімен осы қасиетті уақыттың берекесінен махрұм қалып оның құрметімен қасиеттілігін жерге таптаған болады. (Мәуиза-и хасәнә)
 
Расулуллаһ алейһиссаламның түсі:
«Түсімде таңқаларлық нәрселер көрдім. Үмметімнің бірін азап періштелері ұстап алыпты. Алған дәреттері келіп, оны бұл қиын жағдайдан құтқарды. Біреуін көрдім, қабірі оны қысып жатқан еді. Оқыған намаздары келіп, оны қабір азабынан құтқарды. Біреуіне шайтандар бас салған еді. Жасаған зікірлері келіп, оны шайтаннан құтқарды. Біреуінің сусыздықтан тілі шығып кеткен еді. Тұтқан Рамазан оразалары келіп, шөлін қандырды.
Біреуін қараңғылық қаптаған еді. Орындаған қажылығы келіп қараңғылықтан шығарды. Біреуіне өлім періштесі келген еді. Ата-анасына жасаған жақсылықтары келіп, өліміне кедергі болды, кейінге қалдырды. Біреуін мұсылмандармен сөйлестірмей жатты. Сыла-и Рахим (туыстарымен араласуы) келіп, оған шапағат етті, олармен сөйлесті. Пайғамбарының қасына барғысы келіп тұрған біреуге кедергі болып жатты. Алған ғұсылы оны қасыма алып келді. Оттан сақтанғысы келген бір адамға садақасы келіп отқа перде болды. Біреуін забанилер (тозақ періштелері) ұстап жаһаннамға алып бара жатқанда, жасаған әмри маруфтары және нахи мункәрлары келіп құтқарды. Біреуі жаһаннам отына тасталған еді. Аллаһтан қорқып төккен көзжастары келіп, оны ол жерден құтқарды.   
Біреуіне амал дәптері сол жағынан беріліп жатқанда, Аллаһ қорқынышы келіп, дәптерін оң жағына алды. Сауаптары жеңіл тартылған біріне өзінен бұрын өлген балалары келіп, сауабын ауырлатты. Жаһаннамның жанында, қорқыныштан дірілдеген бір адамға, Аллаһу та'алаға болған хусни заны (жақсы ойы) келген кезде, дірілдеуін доғарды. Сырат көпірінен қиналып өткен бір адам жәннатқа келді. Бірақ, есіктері жабық еді. Шаһадат кәлимасы келіп, оны жәннатқа кіргізді.» (Табарани, Хаким Тирмизи)
 
Сұрақ: Күнә жасауымызға шайтандар себеп болғанына қарағанда, Рамазанда байланған шайтандар қалай күнә істетеді?
Жауап: Күнә жасауымызға тек шайтандар ғана емес, өз нәпсіміз де себеп болуда. Нәпістің зияны шайтаннан да көп. Нәпістің барлық қалауы өзінің зиянына болып табылады. Рамазанда күнә істететін өз нәпсіміз. Бұл айда шайтандар байланғандықтан уәсуәсә (жаман ой) бере алмайды. Рамазанда есінеулер де шайтаннан емес. Жүйкелік есінеулер шаршау, ұйқысыздық сияқты жағдайлардан пайда болады. (Мәктубати Раббани)
 
Ораза тұтып қайтыс болу
Сұрақ: Дәретті болып өлген адам шәһид болады екен. Ораза ұстап өлген адамға да сауап бар ма?
Жауап: Иә, сауабы өте көп. Бір хадис шәрифте «Ораза ұстап өлген адам жәннатқа кіреді» делінген. (Бәззар)
 
Сұрақ: Рамазан айы жазда да, қыста да бола алады. Қыстың қысқа күндері ораза ұстау оңайырақ, ал жаздың ыстық ұзақ күндерінде ораза тұту өте қиын. Екеуінің сауабы бірдей ма?
Жауап: Жоқ, қиналып орындалған ғибадаттың сауабы көп болады. «Машақатына қарай сауабы» делінген. Имам Раббани хазреттері былай деген:
Кедергілерге қарсы, ғибадат орындау қиыншылығы, тауқыметі сол ғибадаттың абыройын, беделін көктерге шығарады. Кедергісіз, оңай орындалған ғибадаттар төменде қалады. (3/35)
Рамазан айы қыста болса да, парыз ғибадаты болғандықтан сауабы көп болады. Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Қыста ораза ұстау, машақатсыз қол жеткізілген олжа.»(Тирмизи)
«Қыс мұсылманның көктемі. Күндіздері қысқа болады, ораза ұстайды. Түндері ұзын болады, тұрып ғибадат жасайды.» (Бәйһақи)


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?