Қиял-ғажайып ертегі: Майлықарашаның ертегісі

Қиял-ғажайып ертегі: Майлықарашаның ертегісі

Ертеде бір бай бар екен. Ол байдың үш баласы бар екен. Үлкенінің аты Жандос, ортаншысының аты Табанақ екен. Ең кішісінің аты Майлықараша екен. Майлықараша үш жасар екен. Бір күні екі ағасы мал табамыз деп жолға шықты. Майлықараша айтты: «Ай, ағалар, мен бірге барамын». Ағалары айтты: «Жарайды, жүрсең жүр»,—деді. Үшеуі ата-шешесіменен амандасып кетті. Келе жатып бір үлкен тасқа келді. Сол тастың түбінде қонды. Үшеуі жатты. Майлықараша айтты: «Ай, ағаларым ортадарыңа жатқыз,—деді,—Мен қорқамын»,—деді. Екі ағасы жатқызады. Майлықараша үш күн, үш түн ұйықтайды екен. Екі ағасы қастық қылып бір үйдей тасқа байлап кетті. Ұйқысы қанды. Майлықараша оянды. Білді, екі ағасының қастық қылып байлап кеткенін. Біліп, тасты көтеріп, екі ағасына алып келді. Екі ағасы айтты: «Мұны не қыласың?»—деді. Майлықараша айтты: «Шешемнің ұршығының басы жоқ еді, соған бас қыламын»,—деді. Екі ағасы шешіп тастады. Тағы да келе-келе жатып бір терек түбіне келді. Үшеуі сол жерге қонды. Майлықараша айтты: «Ай, ағаларым, қорқамын,—деді,—Ортадарыңа жатқыз»,—деді. Екі ағасы жатқызды. Тағы да ол терекке байлап кетті. Үш күннен соң ұйқысы қанып оянды. Теректі тағы да көтеріп екі ағасына алып келді. Екі ағасы айтты: «Мұны не қыласың?»—деді. Майлықараша айтты: «Шешемнің ұршығының сабы жоқ еді. Соған сап қыламын»,—деді. Екі ағасы шешіп тастады. Келе келе жатып Майлықараша бір жай қылып алды, құлан мен бұланды атып алып, екі ағасына таудай қылып үйіп беріп, мал табам деп кетті. Күн батыс жақта үш алып бар екен. Сол батырды іздеп кетті. Бір уақытта жетеді екен. Үлкенінің үйіне келді. Бір сұлу қатын отыр екен, ол қатын айтты: «Ай, бишара, байымның келетұғұн уақыты болды.
Кішкене қымыз ішіп шыға ғой»,—деді. Майлықараша кетті: «Сабаңды сабасыменен ішіп қоймасам, Майлықараша атым құрысын! Байыңның жолы қайсы?»—деді. Қатын байының жолын көрсетті. Майлықараша жолына келіп жатты. Алып келе жатыр екен. Майлықараша тұрып айтты: «Атыспақ керек пе, алыспақ керек пе?»—деді. Онда алып айтты: «Атыспақ атаң басы деген, алыспақ керек»,—деді. Екеуі алыса кетіп еді, Майлықараша алып ұрып, басын кесті. Ортаншысының үйіне келді. Алыптың қатынына айтты: «Байың қайда?»—деді. Қатын айтты: «Аңға кетті». Майлықараша барып жолында жатты. Келе жатқанында түрегеліп: «Атыспақ керек пе, алыспақ керек пе?»—деді. «Атыспақ атаң басы деген, алыспақ керек»,—деді. Екеуі алысып еді, Майлықараша алып ұрып басын кесті. Енді ең кішісінің үйіне келді. Бір айдай сұлу келіншек отыр екен. «Байың қайда?»—деді. Келіншек айтты: «Аңға кетті»,—деді. Майлықараша айтты: «Байыңның жолы қайсысы?»—деді. Қатын көрсетті. Майлықараша келіп жолында жатты. Алып келе жатқанда ұшып түрегеледі. «Атыспақ керек пе, алыспақ керек пе?»—деді. «Атыспақ атаң басы деген, алыспақ керек»,—деді. Екеуі үш күн, үш түн алысса Майлықараша алып ұрып басын кесті. Үшеуінің үйін көшіріп алып келді. Үлкенінің үйін үлкен ағасына, ортаншысының үйін ортаншы ағасына берді. Кішісінің үйін өзі алды. Сөйтіп, үш ауыл болып отырды. Бір заманда екі ағасы бұл кіші інісін күндеп өлтірейік деді. «Өзі сұлу қатын алды,—деп екеуі ақылдасып,—мұны қалай өлтіреміз?»—деді. Бір уақытта айтты: «Өзінің қанжарын ұрлап алып, есікке көлденең байлап қояйық»,—деді. Қанжарын ұрлап алып, есікке байлап қойды. Жылқыны дүркіретіп айдап: «Майлықараша, Майлықараша, жылқыны ұры алды!»—деп айқай салды. Майлықараша жүгіріп шықты. Аяғын қанжары кесіп түсті. Таң атқанда екі ағасы көшіп кеткелі жатыр екен. Майлықараша жұртында қалды. Қатынын, ат-айғырын алып кетті. Қатыны жанына қанжарын, шақпағын тауып беріп, жылай жылай кетті. Бір заманда бір мұрны жоқ келді. Майлықараша айтты: «Неғып жүрген адамсың?»—деді. Мұрны жоқ айтты: «Екі ағам бар еді. Өзім жер дүниеден иіскеп білуші едім,—деді,—Күндеп екі ағам мұрнымды шауып тастады». Екеуі жолдас болды. Бір уақытта бір көзі жоқ келді. Оған айтты: «Сенің көзің қайда?»—деді. Көзі жоқ айтты: «Екі ағам бар еді. Өзім қырағы едім,—деді,—Күндеп көзімді ұрып тастады»,—деді. Үшеуі жолдас болды. Тағы бір уақытта бір қол жоқ келді. Майлықараша айтты: «Қолың қайда?»—деді. Қолы жоқ айтты: «Екі ағам бар еді, өзім елде жоқ шебер едім. Екеуі күндеп қолымды шауып тастады»,—деді. Төртеуі жолдас болды. Аяқ қолдары тәуір болып жазылайын деді. Майлықараша айтты, мұрыны жоққа: «Иіскеші,—деді,—Не бар екен?» Мұрыны жоқ иіскеп айтты: «Анау жақта бір хан бар, сол ханның күйеуі келіп қызын ұзатқалы той қылып жатыр»,—деді. Майлықараша құбыл екен, бір күміс ер тоқымды қара жорға ат болып кетті. Ханның күйеу қызы сейілге шығып жүр екен. Майлықараша күйеуінің алдынан өте берді. Күйеу бозбалалар жыйылып қуды, ұстатпады. Енді қыздарының алдынан өте берді. Қыздар қуды. Ханның қызы алдынан шығып еді, Майлықараша тұра қалды. Қара жорғаны мініп алды. Майлықараша алдын ашық, артын тұман қылып, қашып кетті. Жолдастарына алып келді. Қызды қатын қылып алмады. Қарындас қылып алды. Күндердің күні болғанда Майлықарашалар бәрі аңға шыққалы жатқанда, қыз Майлықарашаға айтты: «Маған бір мысық тауып бер»,—деді. Майлықараша бір мысық тауып берді. Қызға айтты: «Анау тауға шықпа»,—деді де аңға кетті. Күндердің күні болғанда қыз бір мейіз тауып алып мысығына айтты: «Мысығым, келе ғой, бір мейіз тауып едім, жей ғой»,—деді. Мысық айтты: «Тұра тұр, барайын»,—деді ойнап кетті. Қыз мейізді мысық келмеген соң өзі жеп қойды. Бір уақытта мысық: «Мейіз қайда?»—деді. Қыз енді: «Ойбүй, жеп қойып едім»,—деді. Мысық ашуланып құйрығыменен отын сөндіріп, қашып кетті. Қыз Майлықарашаларға ас қылып қоюға от таба алмады. Манағы шықпа деген тауға келіп қараса, бір жаман қараша үй тұр екен. Қараша үйге жүгіріп келді. Бір кемпір отыр екен. Жаман кемпір айтты: «Шырағым, басымды қарап берші?»—деді. Қыз кемпірдің басын қарап отырды. Кемпір тізесінен қанын сорып отырды. Өзі жалмауыз кемпір екен, қыз от алып келді. Бір уақытта Майлықараша келді. Қыздың бетінде қан жоқ, құп-қу боп отыр екен. Білді. Мұрны жоқты тастап, аңға кетті. Мұрны жоқ есіктің алдынан бір ор қазып алып, тығылып жатты. Аяғын аңдап басып кемпір келді: «Майлықараша үйде ме, сайман-садақ қолда ма?»—деді. Қыз айтты: «Майлықараша үйде жоқ, сайман-садақ қолда жоқ»,—деді. Кемпір келіп басын қаратып, қанын сорып-сорып кетті. Шыға берейін дегенде мұрны жоқ ұстай алды. Мұрынға қойып қалып еді, мұрны ауырып айырылып қалды. Кемпір қашып кетті. Кешке Майлықарашалар келді. Енді Майлықараша өзі қалды. Таң атты. Аналар аңға кетті. Кемпір келіп, басын қаратып, қанын сорып, шығайын дей бергенде, Майлықараша ұстап алды. Кешке басқалар келді. Кемпір айтты: «Мені өлтірмеңдер,—деді,—Мен қолы жоғыңа қол, тағы мұрны жоғыңа мұрын, көзі жоғыңа көз бітіремін»,—деді. Майлықараша: «Жарайды»,—деді. Майлықараша қызға айтты: «Мыналардың бәрін жұтып, таста дегенде тастар,—деді,—Мені жұтып, таста дегенде, тастамас,—деді. Сонда менің қанжарымды алып басын кесіп, бірде башпайын қоймай шаққайсың!»—деді. Аналардың бәрін жұтып, таста деп айтты, тастады. Қолы жоққа қол, мұрны жоққа мұрын, көзі жоққа көз бітіп шықты. Енді Майлықарашаны жұтып таста деп еді, тастамады. Қыз басын кесіп, бір бақайын қоймай шақты. Майлықарашаны таба алмады. Бір бармағы «көкек» деп ұшып қонып, ұшып қонып жүр екен. Қыз ұстап алып шақса, Майлықараша ішінде отыр екен. Аяғы Майлықарашаның жазылды. Майлықараша айтты: «Енді, Құдайға шүкір, аяғымыз жазылды. Елімізді табайық»,—деді. «Қызды қайтеміз?»—деді. Майлықараша айтты: «Әр қайсымыз өз жолымызға жүрейік,—деді,—Қыз қайсымыздың көтімізден жүрсе, сол апарып салғай»,—деді. Әрқайсысы өз жөнінде жүрді. Қыз Майлықарашаның көтінен жүрді. Майлықараша үйінің жанына алып барып тастады да өз жолына келді. Келе келе жатып, екі ағасына келді. Екі ағасы мұны танымады. Майлықараша екі ағасына жөнін айтып еді, екеуі маңайына жуытқысы келмеді. Майлықараша екеуінің де басын алды. Сөйтіп, екі ағасының қатынын өзі алып, малын малданып, жанын жанданып, бай болып отырды, барша мұрат басына шықты.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?