Керқұла атты Кендебай

 Керқұла атты Кендебай

Ерте-ерте ертеде, ешкі құйрығы келтеде, Қаратаудың ойында, Қарасудың бойында Қазанқап деген бір кедей болыпты. Қазанқап құс атып күн көреді екен, әйелі ау тоқып, жамау жамайды екен, осылай өз күндерін өздері көріп, жүре беріпті. Күндерде бір күн Қазанқаптың әйелі жүкті болыпты, ай-күні жақындап, күн өткен сайын әйелдің аяғы ауырлай беріпті. Тоғыз ай, тоғыз күн болғанда, әйел толғатып, босаныпты. Торсық шеке, аппақ ұл тауыпты. Ата-анасы қуанып, төбелері көкке жетіпті, баласына Кендебай деп ат қойыпты. Кендебай ай сайын емес, күн сайын өсіпті, алты күнде күліпті, алпыс күнде жүріпті, алты жылда жігіт болыпты. Сондай күшті болыпты, алысқанын алып ұра беріпті, күрескенін жыға беріпті, шыңырау құдыққа құлаған атандарды жалғыз тартып шығара беріпті. Аң аулап, әкесіне жәрдемдесіпті, бара-бара құлан алыпты, құралайдың көзінен тигізген мерген болыпты, арқар мен киікті құлан мен маралды мая-мая үйіп тастапты. Қарасудың бойындағы қара үйлі кедейлер қарқ болыпты да қалыпты. Күндерде бір күн Кендебай аң аулап жүрсе, Қаратаудың ойында, терең құздың бойында арыстандай көкжал бөрі бір буаз биені жаңа ғана жарып, жегелі жатыр екен. Кендебай жүгіріп барып, көкжалды құйрығынан ұстап алып, бұлғап-бұлғап лақтырып кеп жіберіпті. Қасқыр арс етіп, аузын қисаңдатып, өліпті де қалыпты. Кендебай қасқырдың терісін сойып алып, биенің қасына келсе, бие жанталасып, өлгелі жатыр екен. Кендебай алмас қанжарымен биенің қарнын жарып жіберіп, құлынын суырып алыпты. Арыстай еркек құлын екен. Кендебай құлынды үйіне алып қайтыпты, оны құланның сүтімен асырапты. Құлын сағат сайын емес, минут сайын өсіпті. Алты айдың ішінде алты кез ат болып шығыпты. Аттың түсі керқұла болыпты. Кендебай Керқұланы үйретіп мініп, түн қатып жүріп, аң аулапты. Керқұла қуса жетіп, қашса құтылатын, аузымен құс тістеген ерен жүйрік болыпты. Кендебай Керқұланы құстай ұшырып, алты қырдың ар жағынан қаша жөнелген құланды көзді ашып-жұмғанша қуып жетіп, құйрығынан ұстайтын болыпты. Кендебай осылай аң аулап, ел аралап жүре беріпті. Ол мейлінше қайырымды болыпты, жылағанды жұбатыпты жатсынуды сүймепті, табысына бүкіл ел ортақ болыпты. Керқұла атты Кендебай батыр атанып, әлемге аян болыпты. Күндерде бір күн Кендебай аң аулап, алысқа ұзап кетіпті. Кетіп бара жатып, қозысын бағып жүрген бір балаға кездеседі. Бала еңіреп жылап жүр екен. Кендебай жетіп келіп:

- Көзің жасты, көкірегің қайғылы не еткен жансың? - деп сұрапты.

Баланың басы таз, киімі өрім-өрім екен.

- Ардақтаған анаңды алса, төгілмей ме ырысың. Асқар таудай әкеңді алса, көрген күнің құрысын! - деп қоя беріпті бала.

- Не болды? Жөндеп айтшы? - деп сұрапты Кендебай. Бала көзінің жасын көл қылып, ауыр бір күрсініп алып, былай деп жауап беріпті:

- Мен Мергенбай деген батырдың жалғыз баласы едім. Қазір алтыға шықтым. Биыл төртінші жыл, елімізге жау тиіп, жылқы біткеннен тігерге тұяқ қалдырмай айдап кетіпті. Әкем алып ұйқылы батыр еді. Ұзақ жортуылдан келгенде алты күн қатарынан ұйықтайтын. Осы ұйқыда жатқанда әкемді жау әскері байлап әкетті. Әкемді арашаламақшы болып жетіп барған шешемді қайырымсыз жау алдына өңгеріп жөнеп берді. Мен жетім қалдым. Ішерге асым, киерге киімім болмаған соң, амалсыздан Тасқара байдың қозысын бағып жүрмін. Арыдым, тоздым. Ернім жалақ, басым таз болды. Содан бері көзімде жас, көңілімде қайғы. Мен әке-шешеме жылаймын, бай жылқысына жылайды.

- Олай болса, жылама. Мен әке-шешеңді іздеп тауып берейін, - дейді Кендебай. Бала қуанып кетеді.

- Ағай, онда біздің қойшылардың қасына екі-үш күн жатып тынығыңыз, содан кейін жүрерсіз, - деп өтінеді. Кендебей «мақұл» деп, қойшылардың касына барып түседі. Атып алған құландарын асып, тамақ пісіреді. Кешке басқа қойшылар келеді де, манағы бала қозышы келмейді, әрі күтеді, бері күтеді. Кендебайдың көзі ұйқыға бара бергенде уһілеп-аһылап қозышы келеді.

- Неге кешіктің? - деп сұрайды Кендебай.

- Жәй, ішім ауырып қалды, - дейді бала. Бала таңертең ойнап-күліп қозысын өріске айдап кетеді. Кешке басқа қойшылар келгенде, манағы қозышы тағы да келмейді. Кендебай іздеп барып, талып жатқан баланы тауып алады. Бала есін жинағаннан кейін Кендебай мән-жайды сұрайды. Бала жөнін айтпайды. Содан кейін Кендебай балаға ашуланады. Сонда қозышы бала айтады:

- Кешеден бері күн батқан кезде алты аққу төбемнен айналып ұшады да:

Кендебай сал мұнда ма?

Керқұла аты қолда ма?

Бауда нұры балқи ма?

Балақ жүні шалқи ма? -

деп сұрайды. Мен тұрып:

Кендебай сал мен едім,

Керқұла атым қолда еді.

Бауда нұрым балқиды,

Балақ жүнім шалқиды, - деп жауап беремін. Олар мені қанаттарымен қағып, жығып кетеді. Мен талып түсем, - деп жауап береді. Үшінші күні қозышы баланың киімін киіп, қозыны бағуға Кендебай өзі шығады. Күн батып, қас қарайған кезде баяғы алты аққу Кендебайдың төбесінен алты айналып ұшып, жақындап келеді де:

Кендебай сал мұнда ма?

Керқұла аты қолда ма?

Бауда нұры балқи ма?

Балақ жүні шалқи ма? - деп сұрайды.

Керқүла атты Кендебай қозышы бала болып:

Бауда нұрым балқиды,

Балақ жүнім шалқиды, - деп жауап береді.

Сонда аққулар ашуланып, Кендебайды қанаттарымен қағып, сабай бастайды. Кендебай біреуінің аяғынан шап беріп ұстай алады. Аққулар ұша жөнеледі. Кендебайдың қолында біреуінің алтын кебісі қалып қояды. Байқап қараса, кебістің бетінде жазу бар екен. Кендебай басқа аққуларды бірнеше күн күтеді. Бірақ олар келмейді. Содан кейін Кендебай қойшылармен қоштасып, үйіне қайтады. Ата-анасына бір жылдық азық дайындап беріп, сауыт-сайманын киініп, жау-жарағын асынып, азығына алпыс құлынның қазысын алып, баяғы жетім баланың әке-шешесін іздеуге шығады. Керқүла ат құстай ұшып, құйғытып барады, айлық жерді алты-ақ аттайды. Көз ұшындағы құс қанатын жазып, жерден көтерілгенше Керқұла ат үстінен аттап өтіп кетеді. Теңізді көл, дарияны шалшық, тауды қырат құрлы көрмейді. Сонымен, Кендебай күн жүреді, түн жүреді, ай жүреді, апта жүреді, бір жерлерге келгенде аспанмен тірескен бір биік тау көрінеді. Таудың етегіне келгенде Керқұла атқа тіл бітіп сөйлейді: «Достым Кендебай, іздеген жоғың алыста емес. Біреуі емес, екеуі де осыдан табылады. Мына таудан әрі ассаң, ағып жатқан өзенді көресің. Өзеннің ортасында бір арал бар. Ол аралда адам перісінің ханы тұрады. Сенің қолтығыңдағы алтын кебіс осы хан қызының кебісі. Баяғы қойшы баланың әке-шешесі де осы ханның қолында. Олар терең зынданда жатыр. Зынданның аузы құлыпты. Оның кілті қолға түспейді. Ол кілт алпыс өзен құйылған терең дарияның түбінде жатыр. Адам баласы оның түбіне жете алмайды. Таудың арғы беткейінде сиыр бағып жүрген зор денелі бір адам бар. Ол жорықта қолға түскен адам, қазір ханның құлы. Сен сол адамға бар да жолына жетерлік пұл бер. Оның киімін өзің ки де, өзіңнің киіміңді оған кигіз. Сөйтіп, әлгі адамды азат ет те, өзің сиырды бағып қал. Қазір құйрығымнан бір тал қыл ал да, мені қоя бер, сауыт-сайман, құрал-жабдықтарыңды менің үстіме сал. Әзірге саған менің де, құралдың да керегі жоқ. Егер керек бола қалсам, құйрығымнан алған қылды тұтат. Сонда мен дайын боламын. Ендігі әңгімені барған соң көрерсің», - дейді. Кендебай Керқұла аттың құйрығынан бір тал қыл жұлып алды да, қоя берді. Оның айтқанының барлығын істеді. Малшыны азат етеді. Жолына пұл береді. Оның киімін киіп, сиырды өзі бағып қалады. Кешке жақын өзеннен айдап өткізейін десе, сиырлар суға түспейді. Кендебай, ашуланып кетіп, сиырларды сирағынан ұстап алып, бір-бірлеп лақтыра бастайды. Лақтырған сиырлар өзеннің ортасындағы аралға томпылдап түсіп жатады. Сол кезде ханның кіші қызы судың арғы жиегінде көріп тұр екен.

- Ой, оңбаған-ау, кырасың ғой малды. Неге күндегідей: «Айрылғырдың суы айрыл!» деп айтпайсың? - деп айғай салады. Кендебай: «Айырылғырдың суы айырыл» - деп еді, өзеннің суы екіге айырылып, ортадан жол ашылады. Сөйтіп, Кендебай мал бағып жүре береді. Күндерде бір күн хан өзінің екі баласын шақырып алып:

- Бүгін қара бие құлындайды. Бұл тоғызыншы құлындауы. Құлындаған күні түнде құлын жоқ боп кетеді. Бүгін осы биені өздерің күзетіңдер. Не болғанын көздеріңмен көріңдер, - дейді. Мұны Кендебай естіп тұрады. Кешке ханның екі баласы биені күзетуге барғанда, Кендебай да жасырынып барып отырады. Біраздан кейін ханның екі баласы қорылдап ұйықтап қалады. Кендебай ұйықтамай отыра береді. Таң біліне берген кезде, бие алтын құйрықты, құндыз жүнді арғымақ құлын туады. Бір кезде аспаннан бір бұлт түйіліп келеді де, құлынды көтеріп ап жөнеледі. Кендебай шап беріп құйрықтан ала түседі. Кендебайдың қолында алтын құйрық жұлынып қала береді. Кендебай алтын құйрықты қойнына тығып, ұйықтап қалады. Ертеңіне таңсәріден хан екі баласын шақырып алып, не көргендерін сұрады. Балалары тұрып:

- Бие құлындаған да жоқ, ешнәрсе болған да жоқ, - деп жауап береді.

Хан тағы да таңқалып отырғанда, Кендебай есіктен кіріп келіп:

- Дат, тақсыр! - дейді.

- Датың болса, айт! - дейді хан ақырып.

- Мен айтсам, бұлардың айтып отырғаны өтірік. Бұларға көрінбей мен де күзеттім. Түн ортасы кезінде екі балаңыз ұйықтап қалды. Таң алдында бие бір алтын құйрықты, құндыз жүнді құлын туды. Аспаннан бір бұлт түйіліп келді де, оны көтеріп ала жөнелді. Мен құйрықтан шап беріп ұстай алдым. Бұлтпен араласқан үлкен құс құлынды алып кетті де, құйрық менің қолымда қала берді, - дегенде, сөздің аяғын күтпей:

- Құйрық қайда? - деді хан.

- Тақсыр, сабыр етіңіз. Мен алтын құйрықты пайда қылғым келсе, сізге айтпаймын ғой, міне, құйрық, - деп Кендебай құйрықты қойнынан суырып алғанда, үйдің іші жап-жарық болып кетеді. Ханның балалары ұялып жерге қарайды.

- Қазір үшеуің іздеп шығып, құсты да, құлынды да тауып келіңдер. Таба алмасаңдар, менің маңымды көрмеңдер! - дейді хан. Кендебай өзеннен өтіп алып, құйрықтың қылын тұтатқан кезде Керқұла ат жетіп келеді. Құла атты мініп алып, қару-жарақты іліп алып, сауыт-саймандарды киіп алып, Кендебай жөнеп береді. Бір жерлерге келгенде ат тағы тоқтайды да, Кендебайға: «Анау жалыны аспанға шығып жатқан от дариясы. Сенің баратын жерің сол дарияның ар жағында. Қазір көзіңді жұм. Мен аш дегенше ашпа. Көзіңді ашсаң, екеуміз де өлеміз», - дейді. Кендебай көзін жұмады. Сонымен ұша береді, ұша береді. Бір кезде ең әуелі ыстық лепті, одан кейін ысылдаған желді сезді. Талай уақыт өткеннен кейін: «Аш көзіңді!» - дейді Керқұла ат. Кендебай көзін ашып жіберсе, үлкен дарияның ортасындағы аралға келіп түскен екен. Аралда алтын құйрықты сегіз құлын, құйрығы жоқ бір құлын алтын науадан су ішіп тұр екен. Керқұла атқа тағы да тіл бітіп: «Аспанмен тірескен анау бәйтеректің басында самұрық құстың ұясы бар. Ол алты айда бір рет азық іздеп кетеді де, он бес күнде кері айналады. Қазір ол азық іздеуге кетіпті, оның қайтып келуіне әлі алты күн бар. Біз оның қолына түспес үшін алты сағатта алты айлық жол алуыңыз керек. Менің үстіме мін де, алтын науаны алдыңа өңгер. Құлындар, алтын науадан қалмай, біздің соңымызға ереді де отырады. Біз құлындарды соңымыздан ертіп отырып манағы от дариясынан тікелей өте алмаймыз, айналып жүруіміз керек. Біздің келердегі қысқа жолымыздың кетерде алыс болып отырғаны да сол. Бұл жолымызда үш бөгет бар. Ең әуелі жеті басты дәу кездеседі, ақырған арыстанға жолығамыз, содан кейін жәдігөй кемпір байланысады. Ал, уақыт оздырмай жүрейік», - дейді. Кендебай алтын науаны Керқұла атқа өңгеріп алып,жөнеліп береді. Барлық құлын оның соңынан ереді. Бір уақытта алдарынан бір үлкен тау көрінеді. Тау теңселіп, қозғалып бұларға қарай жақындап келеді. Бұл жеті басты дәу еді. Кендебай алтын науаны жерге қояды. Құлындар науаға иіріліп тұра қалады.Кендебай қолына жүз батпан шоқпарын алып, Керқұла аттың барлық шабысымен дәуге қарсы шаба жөнеледі. Көзді ашып-жұмғанша ағып өтіп бара жатып, салып кетеді. Дәудің бір басы ұшып түседі. Кейін қарай шауып, тағы соғып өткенде, екінші басы ұшып кетеді. Осылай ерсілі-қарсылы жеті өтіп, жеті рет соққанда жеті басы бірдей ұшып кетіп, дәу төңкеріле құлайды. Кендебай дәудің көзін ойып, қоржынға салып алады. Кендебай қайтып келіп, алтын науаны өңгеріп, құлындарын ертіп, жүріп кетеді. Екпініне шаң ілеспей, әйт дегенде, алты қырдан бір-ақ асып, Керқұла ат зымырап келеді. Бір кезде алыстан арыстанның ақырған дауысы естіледі. Кендебай бұл жолы Керқұла атты құлындардың қасына қаңтарып тастап, дауыс шыққан жаққа жаяу жүре береді. Ілгері екі-үш аттағанда, бір леп Кендебайды тартып ала жөнеледі. Бір уақытта Кендебай арыстанның апандай аузын көреді. Кендебайды тартып жатқан соның лебі екен. Кендебай алты құлаш алмас қылышын көлденең ұстай қояды. Алмас қылыш арыстанды екі бөліп, Кендебайды ар жағына бір-ақ түсіреді. Кендебай арыстанның азуын қағып алып, тағы жүріп кетеді. талай белестер, талай таулар бұлдырап артта қалып барады. Бір кезде жер дүниені қап-қара тұман басып кеп кетеді. Тек алтын құйрықтардың сәулесі ғана бұлардың жолын жарық қылып көрсетіп тұрады. Сол екі арада қараңғылық серпіліп жүре бергенде, сылаңдаған бір сұлу қыз шыға келеді. Кендебай атынан түсіп қызға қарсы жүреді. Қыз мұның бетіне ұзақ қарайды да:

- Ұзақ жүріп шаршаған шығарсыз, ордама жүріп, тынығып кетіңіз, - дейді. Жәдігөй кемпірдің қыз болып қарсы алатынын, оның ордасына кірген кісі кері шықпайтынын Керқұла ат айтқан болатын.

- Шаршағаным рас. Демалуға қарсы емеспін, бастаңыз, - дейді Кендебай. Қыз алға түсіп аяңдай бергенде, Кендебай алмасын сермеп кеп қалады, алмас қылыштан от жарқ ете түседі де, дүниені тағы да тұман басып кеп кетеді. Тұман ашылғанда қыздың орнында екі бөлінген кемпір жатады. Кендебай кемпірдің басын кесіп қоржынға салып алады. «Бұл кемпірдің қарамағындағы жерден ұшқан құс, жүгірген аң өте алмайтын. Кемпірдің өлгенін қазір ешкім білмейді. Сондықтан бұл жерге самұрық келмейді. Осыжерде бір үш-төрт күн демалайық», - дейді Керқұла ат. Кендебай сол арада үш-төрт күн тынығып, кемпірдің асыл казынасын жинап алып, Керқұла аттың алдына алтын науаны өңгеріп, алтын құйрықты құлындарды ертіп, аман-есен ханның үйіне жетеді. Хан қуанып үлкен той жасайды. Той үстінде түк таба алмай, сандалып мойындары ырғайдай, сирақтары шидей болып, азып-тозып, ханның екі баласы келеді. Хан Кендебайды төрге отырғызып, оның аты-жөнін сұрайды.

- Мен хан баласы емеспін, адам баласымын. Өз атым - Кендебай, ел мені Керқұла атты Кендебай деп атайды. Сіздің еліңізге ерігіп келгенім жоқ, жұмыспен келдім. Екі бірдей жоқ іздеп жүрмін... Намыс іздеп жүрмін, рұқсат болса айтайын, - дейді Кендебай.

- Айт, айт, балам! - дейді хан.

- Бұдан бірнеше жыл бұрын сіздің жорықшыларыңыз елімізді шауып кетіпті, малымызды айдап, қолға түскен батырымызды байлап алып кетіпті. Міне, сол батырды босатып әкетпек болып келдім. Бұл - бірінші. Екінші жоғым мынау: бір күні малда жүргенімде аспандап ұшқан алты аққудың алтын кебісі менің қолымда қалды. Сол алтын кебіс сіздің елдікі дейді. Соны табыс еткелі келдім, - деп, Кендебай алтын кебісті ханға ұсынады. Хан: - Дұрыс, балам! Сіздің елдің малын айдатып, батырын байлатып алдырғаным рас. Мергенбай батыр әйелімен екеуі біздің қолда. Зынданда жатқан Мергенбай батырға: «Маған қызмет етсең босатам», - деп елші жіберіп едім, қарысқан батыр екен. «Жауыма қызмет істемеймін. Бірақ, қол-аяғымды босатсаң, содан кейін сөйлесем», - деп, қарысып жатып алды. Босатуға корықтық. Ондағы мақсат: сені қолға түсіру еді. Сенің атағың бізге де мәлім еді. Сені алдыртып, құлынымды қоймайтын қара құсқа жұмсамақ едім. Өзім іздеп таба алмаған сон, намысы болса, іздеп келер деп елінді шаптырып, батырыңды байлатып алдыртқан едім. Одан кейін де екі жылдай келмедің, содан соң алты қызым сені іздеп барған болатын. Бұл менің кіші қызымның кебісі. Енді сенің алдыңа қоятын тағы бір шартым бар. Ол мынау: дүниеде жеті басты дәу бар, ақырған арыстан бар, жалмауыз кемпір бар. Осы үшеуін өлтіріп, бастарын алып кел. Осыны орындасаң, батырыңды босатып, беремін, малыңды өзіңе қайтарамын. Кіші қызымды беріп күйеу етемін, - деді. Кендебай Керқұла аттың қанжығасындағы қоржынын алып келіп, арыстанның азуын, кемпірдің басын, жеті басты дәудің көздерін ханның алдына төгіп тастайды. Хан разы болып, зынданда жатқан Мергенбай батырды, оның әйелін, қолға түскен басқа адамдарды азат етеді. Шауып алған малын қайтарып береді. Кіші қызын Кендебайға қосып, отыз күн ойын, қырық күн тойын істеп, көп сыйлықтар беріп, Кендебайды еліне аттандырады. Кендебай елдің малын айдап келіп, иелеріне табыс етеді. Ата-анасына қосылып, бала қуанады. Баласына қосылып, ата-ана қуанады. Ұлы думан, үлкен той істейді. Кендебай тұрғанда елге батып ешбір жау тие алмайды. Сөйтіп, бұл ел Керқұла атты Кендебай батырдың елі болып атаныпты.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 1 628



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?