Мамай батырдың арманы

 Мамай батырдың арманы

Бұрынғы өткен заманда үш жігіт жолаушы жүріп, қоналқа ауылға жақындағанда, бір малшыға жолығып:

— Мына көрінген ауыл кімнің ауылы? – деп жөн сұрапты. Малшы:

— Мамай батырдың ауылы, – депті. Одан жүріп кетіп тағы бір малшыға жолығып:

— Мына ақ ауыл кімнің ауылы? – депті. Малшы:

— Мамай батырдың ауылы, – депті. Сонымен бұлар тоғыз ауылдың малшысынан сұрағанда, тоғызы да Мамай батырдың ауылы болыпты. Күн бата оныншы ауылға келіп, бірақ үйдің артына түсіп, бір жігіттен жөн сұрап:

— Бұл кімнің ауылы, қонуға бола ма? – депті. Жігіт:

— Мамай батырдың ауылы. Мен барып ақсақалдан ұлықсат сұрап келейін, – деп кетті. Жолаушы жігіттер: «Бұл Мамай деген кісі ме, жоқ бір ел ме?» – деді өзді-өзі. Жігіт те келіп:

— Сіздерге ұлықсат, қонсын деді, – депті. Сонымен үш жолаушы әлгі үйге түсіп, сәлем беріп кіріп келді. Келсе, төрге көрпе-жастық тастаған төсекте сақалы белуарына түскен аппақ қудай бір шал отыр.

— Е, қонағым, жоғары шық, – деді шал. Сонымен қонақтар төрге шығып барып отырды. Сәлемдесіп отырған соң шал:

— Я, жігіттер не естіп білгендерің бар? – деді. Отырған қонақтар шалға сұрақ қойды:

— Осы Мамай батыр кісі ме, жоқ, болмаса, бір тайпа ел ме? Біз жолда келе жатып тоғызыншы ауылдан өтіп, оныншы ауылға келіп отырмыз. Барлығын Мамай батырдың ауылы дейді, – дейді. Сонда төсекте отырған шал:

— Ей, бәйбіше! Менің астымдағы көрпені қонақтардың қасына салшы. Мен қонақтарыма әңгімемді айтайын, – деп, бәйбішесіне көрпені салдырып, қонағының қасына отырып: «Е, балалар, сол Мамай батырың мен. Айтқан тоғыз аулың менің тоғыз ұлым бар, солардың ауылы. Өзіммен оныншы ауыл, – деді шал Мамай. Сонда қонақтар:

— Ойпыр-ай, ақсақал-ай. Сізде де арман бар ма екен? – деді. Сонда Мамай батыр:

— Ой, балалар. Ол не дегенің, мені қартайтқан сол арман ғой, – деді.

— Ай, ақсақал-ай! Сізді арман қартайтса, басқа ел арманнан өліп қалмай босқа жүр екен, – деді аналар.

Сонда Мамай батыр айтты:

— Мен сендерге арманымды айтып сынатайын. Мені екі арман қартайтты, – деді ол. — Бірінші арман: тоғыз үйдің ортасында жалғыз қызым болды. Аты Бикеш еді. О жалғыз қызым ұл болып, тоғыз ұлым қыз болмады», – деді. Қонақтар:

— Неге үйдейсіз? – деді. Мамай айтты:

— Менің әкемнің әкесі де, менің әкем де Үшарал деген жерге аң аулап барып, жоқ болып кетіпті. Содан мен ержеттім, ат жалын тартып міндім. Сөйтіп жүргенде, маған ой түсті. «Менің әкелерім Үшаралға барып өлді. Онда қандайлық пәле бар, барып көрейінші», – деп ойладым. Елімізде бір балгер адам бар еді, соны шақыртып алып жөнімді айттым. Ол қобызымен ойнап-ойнап жіберіп, маған былай деді: «Тіл алсаң, барма, әкелерің де сонда өлді, сен де сонда өлейін деп пе ең?» – деді. Оған да болмадым. Не болса да Құдайдың салғанын көрдім деп, бәйге күрең атым бар еді, соған мініп тәуекел деп, Үшаралға жүріп кеттім. Сонымен бірнеше күн жүріп, Үшаралға келіп жеттім. Жері шүйгін, неше түрлі аңдары да, қалың тоғайлары да көп екен. Екі-үш күн аң атып жеп жүрдім, өзімді-өзім күзетіп, еш нәрсе көрінбеді. «Бұл менің әкелерімді құртып жүрген пәле қайда?» – деп ойладым. «Сонымен қанша жүре берейін, қой қайтайын», – деп бір аңды атып алып, бақырға салып, жеп кетейін деп пісіріп отыр едім, әлден уақытта арқандаулы тұрған атым осқырынып қоя берді. Жүгіріп қасына барсам, атым дірілдеп, қан сиіп тұр екен. «Е, бір пәле бар екен, етімді жылдам пісіріп жеп кетейін», – деп, асып отырған бақырымның қасына келіп отыра бергенде, бір нәрсе зуылдап келе жатты. Қарасам, ұзын бойлы қарасұр әйел. Екі қолы қусырулы, екі көзі ішіп-жеп бара жатыр. Келіп асулы тұрған еттің қасына отырды. Мен де екі көзімді одан айырмадым. Бір қолыма мылтығымды ұстап, бір қолыммен еттің астына от жағып отыра бердім. О да көзін менен айырмайды. Ет пісті. Ол кететін емес. Бір қолымда мылтық, етті түсіріп, шанышқымен жеп отырмын. Бір жіліктің басын шанышқымен алып, ұсынып ем аузын ашты. Аузына сүйек-мүйегімен асатып едім, ол бір-ақ толғап, сүйегімен жұта салды. Сонымен мен де отырдым. Ол да жауап қатпады. Мен де етті жеп болдым. Көзімді одан айырғам жоқ. «Егер көзім ауып кетсе, қағып жібереді екен», – деп ойладым.

Соныменен біраздан соң тұрып, жүріп кеттім. «Қой, менің әкелерімді құртып жүрген сол екен», – деп, енді кетейін деп, атымды әкеп ерттеп ойланып тұрып: «Бұ қалай, мен елге барғанда не көрдім деп барамын. Бүгін Құдай сақтағанда, тағы сақтар. Осы жерге қонайын», – деп, қайта ойландым. Мұның артынан тағы байқайын деп, түнде өз бойыммен бірдей жуан терек кесіп әкеп, ер-тоқымды басыма жастап, үстіне қара шапанымды айқара жауып, кісі құсатып жатқызып, өзім биік талдың басына шығып, мылтығымды ұстап, ұйықтамай қарап отырдым. Ай жарық еді. Бір уақытта атым тағы да осқырынып қоя берді. Қарасам, әлгі қатын келе жатыр екен. Шапан жамылып жатқан мен екен деп, келе сала ағашқа мініп алып, жұлмалай бастады. Мен мылтықпен тақ өкпеден дәлдеп басып салдым. Тұра жөнелді. Мен де жылдам атымды ерттеп міне сап, ізіне түсіп келемін. Жүрген жерінен қан жосып келеді. Бір жерге келгенде, қалың тоғайдан атым жүре алмады. Соңына түсіп, жаяулап келсем, қалың талдың ішінде балағаны бар екен. Соған кіре құлап өлген екен. Екі қолын кесіп алдым. Қолы пістедей темір, жезтырнақ екен. Балағанның төбесінде ақ балта жарқылдап тұр екен. Соны қоса алдым да атыма мініп, жүріп кетіп, қайтып үйіме келдім. Келісімен, баяғы барма деген бақсыны шақыртып алып:

«Міне, мынау – жезтырнақтың қолы, мынау – балтасы. Сен барма деп ең, мен барып әкелерімді өлтірген дұшпанымнан кек алдым», – дедім. Сонда бақсы отырып:

— Бұл көктырнақ адамды ұсатып жібереді және бұл ерлі-байлы екеу еді. Сенің өлтіргенің дұрыс. Бірақ балтаны алмау керек еді. Енді мұның ері бар. Ол осы балта қайда тұрса, соны іздеп тауып, ауылыңмен үгіп кетеді, – деді. — Балтаны бекер алдың, бұл үш айда болмаса, үш жылда қайдан болса да табады. Оған дейін босағада ұйықтамай қарап отыруың керек. Егер білмей қалсаң, ауылыңның шетінен аяғына дейін түгел қырады. Және оның өз балтасы болмаса, өзге нәрсе оның басын кесе алмайды, – деді.

Сонымен бақсының сөзінен шошып, қорқып, түн болса ұйықтамай, ақ балтаны алып босағада қарап тұратын болдым. Сөйтіп жүргенде, жалғыз қызым Бикешті күйеуге беріп, қалыңмалы біткен сон ұзатпақ болдым. Басына үй тігіп, қанша мал беріп:

— Ал, Бикеш, менен не сұрайсың? Жалғыз қызым едің, сенен не сұрасаң да аямаймын, – дедім. Сонда қызым айтты:

— Маған берген малың, үйің керек емес. Мені қызым десең, жезтырнақты өлтіріп әкелген ақ балтаңды бер, басқа түк те сұрамаймын, – деді. Мен састым:

— Әй, балам-ау, оны қалай беремін, саған берсем, мен өлмеймін бе? – дедім. Оған қызым болмады.

— Оны бермесең, қызым деме, – деп, жылап отырып алды. Қайтейін, жалғыз қызым жылаған соң, көңілін қимай амалсыздан ақ балтаны бердім. Қызым ырза болды. Сонымен апарып салып, қызымды орналастырдым. Сөйтіп өз балтамды алып, ұйықтамай қарап отыратын болдым. Енді қызыма келейін. Барған соң қызым өзінің ақ отауын ауылдың қия бір шетіне тіккізіп, түн болса ақ балтаны қолға алып, ұйықтамай босағада қарап тұратын болды. Оған күйеуі де сенбей әйелінен қорқып, о да ұйықтамайтын болды. Күйеуі Бикештен сыр сұраса, оған сырын айтпайды. Сырымды кейін айтамын дейді. Сөйтіп қызым бірнеше күн ұйықтамай күзетіп отырды. Бір күні түнде ай жарық еді, ауылдың көп иті шулап, үріп, сыртқа қарай жөнелді. Бикеш те үрген жаққа көз жіберсе, бір ұзын адам келе жатыр. Ит үрсе, отыра қалады. Иттер онда жай-жайына кетеді. Онан кейін қайта тұрып жүреді. Тағы ит үрсе, тағы да отыра қалады. Тағы көрінбей кетеді. Сонда иттер жай-жайына кетеді. Сонымен ауылдың шетіне жетіп, шеткі үйден кіріп, аралап, барлық үйлерден өтіп, Бикештің үйіне келді. Бикеш те көріп, ақ балтаны қолына алып дайындалып тұрды. Ол да келіп, есіктен үйге кіре берді. Ақ балтаны қақ бастан салып жібергенде, басы ұшып жерге түседі.

Бикеш төсекте жатқан күйеуін оятып:«Мына жатқанды көр», – деп, барлық сырын айтып берді. Екеуі жезтырнақтың кірген үйлеріне барса, барлығын, үй ішімен бірін қалдырмай өлтіре беріпті. Сонымен екі ат алдырып мініп, күйеуімен екеуі жезтырнақтың қолын кесіп алып, басын алып және ақ балтаны алып, қызым маған келді.

— Әке, мә, қимаған ақ балтаңды өзіңе берейін. Мен ақ балтаны алғанда, өзім өлейін, тоғыз ағайым мен сіз аман қалсын деп алдым. Егер сіз балтаны бермегеніңізде, тоғыз ұлыңызды өлтіріп, өз басыңыз жалғыз аман қалғанда, кімге тұлға боласыз. Мен өлсем өзім өлейін, ағаларым өлмесін деп балтаңызды алғаным сол еді. Міне, қимаған балтаңызды өзіңізге берейін, – деп өзіме берді.

Міне, бір арманым осы, балалар. Тоғыз ұлым қыз болып, жалғыз қызым ұл болмады деп арман етемін. Осы арман ба, жоқ арман емес пе, қонақтар? – деді Мамай батыр.

— Екінші арманым, – деді Мамай батыр. — Осы көктырнақтарды өлтіріп, әкелерімнің өшін алып, көңіл жайланып, сонымен үйден шықпай, он бес-жиырма жыл жаттым. Содан кейін бір күні ой түсіп, Құбажон деген жоным бар еді. Салқын самал соғып тұрушы еді, жотасына шығып қарағанда, Шыңырау деген құдығым бар еді, суы көк мөлдір зәмзәм суындай еді, осыларды сағынып, сейілге бір шығып, көңіл көтеріп келейін деп, Жайдақкер деген бәйге атыма мініп, Құбажоныма шығып, жан-жаққа көзім салып қарасам, баяғы Шыңырау құдығымның басында көп қосар тігулі тұр. Аппақ ақ қайыңдай бір топ қыздар құдық басында ойнап жүр. «Бұл не ғажап, бұрын басында дәл осындай уақиға болған жоқ еді, мен барда қорқып ешкім келмеуші еді, мені өлді деп санап, құдығымды иемденген екен», – деп ойладым.

«Ал, енді қалай ету керек, барайын», – деп ем, қорықтым. Қартайып қалдым. Барсам өлтіріп кетіп, «Мамай батырды жау өлтіріп кетті», – деп, ел мазақтай ма деп те ойлаймын. Мұны қалай етсем, елге қайтып, кісі жинап келем бе?» – деп ойланып тұрып, бірақ мұны бойыма ар көрдім де ерлік намысым қозып кетті. Қой, елге барып айтқаныммен, Мамай батыр қартайып кеткен екен, өзі қорқып келіп, қол жинап апарды дер. Одан да өлсем өзім барып көрейін, тәуекел деп, Шыңырау құдыққа қарай желе жортып келе жатырмын. Кұдыққа тақағанда кұдық маңында ойнап жүрген көп қыздар алдымнан шығып, келе аттың шаужайынан алып: «күйеу келді», – деп жабылып, мені аударып алып қалды. Қалған қыздар бірі сақалымнан жұлып, бірі мұрнымнан тартып, бірі иығыма мініп, бірі қойғылап, жұлмалап, «күйеу-күйеу» – деп әкеп, бір үлкен ақ қосқа кіргізіп, асты-үстіме көрпе сап, төсеп, неше түрлі тағамды алдыма әкеп қойды. Өздері бірге отырып, «Күйеужан, іш», – деп барлығы қойғыштап есімді шығарды. Бір өңкей сұлу қыз. Мұның қайсысы менің әйелім екені белгісіз. Әйтеуір, «күйеу» дейді. Сол кезде отыз бестегі қалыбыма түстім. Сөйтіп күн батты, түн болды. Бір-екі қыз келіп, үйдегі қыздарға: «Күйеу үлкен үйге кіріп, отқа май құйсын, тамақ ішсін дейді», – деп келді. Сол-ақ мұң екен, көп қыз қол-аяғымды жерге тигізбей жұлқылап, «күйеу» деп жұлмалап әкеп, үлкен ақ қосқа кіргізіп, қолыма май құйған бақыр беріп: «Отқа май құй, күйеу», – деді. Мен бақырды алып, күйеу ырымын жасап, отқа май құйдым. Төрге шығарып, алтын тақтың үстінде үлде мен бүлдеге бөленген ай мен күндей бір сұлу қыздың қасына әкеп, маған да алтын орындық беріп отырғызды. Е, менің жарым осы екен деп, сол кезде жиырма бестегі қалпыма түстім. Бір уақытта неше түрлі тамақ әкеп қойып, шынтақтап отырып, шай ішуге айналғанда, әлгі алтын тақтағы қыз да келіп, менің қасыма шынтақтап келіп отырып шай ішті. Көп қыздар «күйеу» деп, жұлқылап жатыр. Мен жасаңғырап, баяғы жастық қалпыма келдім. Шайды ішіп болған соң, қасымда шынтақтап жатқан қыз құрбыларына:

«Барыңдар, жақсылап төсек салыңдар», – деп бұйырды. Қыздар барып төсек салып келіп: «Тақсыр, төсек дайын», – деп патша қызға хабарлады. Патша қыз: «Ал, олай болса», – деп, барлығымыз да сонда бардық. Барсақ, төсекті белден ғып салыпты. Әлгі патша қыз: «Барыңдар»,— деп, қыздардың барлығын таратып жіберіп, өзі менің қасымда қалды. Сонымен екеуіміз оңаша қалдық. Мен шешініп төсекке жаттым. Қыз отырды. Сонан кейін еркектік етіп көрейін деп, қызды қолынан тартып едім, маған қыз айтты: «Жоқ, қазір болмайды, саған серт қоямын, сен таң атқанша, мына шамға қарап, ұйықтамай отырасың»,— деді. Сонымен «жарайды» деп, таң атқанша кірпік қақпай қарап отырып, бір кезде талып ұйықтап қалыппын. Таң атқанда шошып ояна келсем, басымда атым байлаулы, мылтығым қасымда, басқа түк жоқ, түгел көшіп кетіпті. Жалғыз-ақ астыма бір көрпені тастап кетіпті. Орнымнан ұшып тұрып, астымдағы көрпені жұлып алсам, бір жапырақ қағаз жазып, тастап кетіпті. Алып оқысам, мынадай сөз жазыпты: «Мен перінің патшасының қызы едім, атым Мүһірия. Сен Мамай батыр Үшаралдағы ерлі-байлы көктырнақты өлтірді деген соң, адам баласында да осындай батыр болады екен деп, мен саған ғашық болып, іздеп таба алмай, бірнеше жыл жүрдім.

Сонымен кейін естіп, Мамайдың Құбажон деген жоны бар, Шыңырау құдық деген құдығы бар, соған барсаң, табасың деді. Ол жерге Мамай батыр өлмесе, бір келеді деді. Сонымен мен сені іздеп, осы жерге көшіп келгеніме сегіз жыл болды, тірі болса бір келер деп, сөйтіп, ғашық болып тосқан жігітім, сен келдің. Көрсем, қартайып қалыпсың. Сонда да ойланып, бір бала ұрпақ берер халі бар ма екен деп, сені сынадым. Егер сен кірпік қақпай таң атқанша шамға қарап отырғанда, мен саған тиер едім. Сөйтсем, сен қартайған екенсің. Енді саған жоқпын. Менен үміт етпе деп, мына көрпені астына салып отырсын деп берген көзім», – депті де ұшып кетіпті.

— Мына астымдағы көрпе соның беріп кеткен көрпесі, – деп қонақтарға көрсетіп:

— Бұл арман ба, жоқ па? Арман болса, мені қартайтқан, міне, осы екі арман, – деді Мамай батыр.

Қонақтары: — Я, мынау үлкен арман екен, – дейді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 949



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?