Ахметбек пен Хасен

 Ахметбек пен Хасен

Ертеде бір хан болыпты. Ханның қырық уәзірі болыпты. Хан да, ханның бас уәзірі де көпке дейін бала көрмей жүріп, бір күні екеуінің қатыны да ұл тауыпты. Хан баласының атын Хасен, уәзірі Ахметбек қояды. Бұл балаларын туғаннан бірге тәрбиелейді, оқытады. Он бес жасында екеуі де үлкен ғалым болады. Бір күні кітаптан бір ханның қызының жазғанын көреді. Онда былай депті:



«Пәленше жерде, пәлен шаһарда, пәлен деген ханның қызының бір жұмбағы бар. Сол жұмбағын шешкен кісіге тиеді, шеше алмаған кісінің басын алады» дейді.

Жұмбағын шешуге талай адам барып, шеше алмай басын алдырған. Осы хабарды естіп Ахметбек пен Хасен: «Біз неше жыл оқыдық, өлсек осының соңында өлейік, әйтпесе, жұмбағын шешіп, осы қызды алып келейік», – деп, екеуі жолға түсіп кетеді.

Екеуі жолшыбай жүріп келе жатып, бір елсізге кез болады. Ел таба алмай зарығып келе жатса, алдарынан бір жақсы сарай үй кездеседі. Екеуі қуанып кетіп, аттарынан түсе салып үйге кірсе, үйде адам жоқ, үлкен бір таза сарай екен дейді. Екеуі үйді көріп «не де болса бүгін осында болып шығайық» деп, аттарын доғарайын деп тысқа шықса, аттары өзі доғарылып қалыпты, қайта үйге кірген. Шай жасаулы тұр дейді. Шайға отырған екен, шай өзінен-өзі құйыла бастапты. Содан екеуі шайды ішіп болып, енді атты отқа жіберейін деп тысқа шықса, аттары отқа жайылып қалыпты. Үйге қайта кірген екен, екі төсек салынып қойыпты. Екеуі екі төсекке жатуға қорқып, «екеуіміз бір төсекке жатып, түнімен ұйықтамайық, бір күнде ояу-ақ шығайық, осы үйде бір сұмдық бар ғой» деседі. «Ал, енді ұйықтамасақ ермек болсын, бір әңгіме айт, Ахметбек», – дейді Хасен.

Ахметбек бір ұзақ әңгіме айтып жатқанда, таңға да таяп қалады. Хасен ұйықтап та қалады. Ахметбек жалғыз өзі ұйықтамай жатады. Бір уақытта бір бұрыштан: «Осы екеуі қайда барады?» – деген дауыс шығады. Қарсы бұрыштан: «Бұлар әлгі пәлен ханның қызының жұмбағын шешеміз деп барады. Оны Ахметбек шешеді де ол қызды бұлар алады, бірақ оны қайтарда бұларды өлтіріп, мен аламын,» – дейді. Бірінші бұрыштағы дауыс:

— Е, қалай өлтіресің? – дейді. Соңғы дауыс:

— Қайтарда бұлар тағы осы үйге келеді. Бұл үйден бұлар тамақтанады, сонда өлтіріп, қызды аламын.

Манағы дауыс: «Бұлар қайтуда мұнда келмейді, үйткені Ахметбек енді сенің бар екеніңді біледі, келмейді» – дейді. Соңғы бұрыштан:

— Егер бұнда түнемесе, бұлар екінші қонарлыққа жете алмайды, аттары шаршайды, өздері жаяу жүріп әбден табандары ауырады, сол кезде шылбырымды шұбатып, ер-тоқымды қара арғымақ болып шыға келем, сонда қыз мінсе, алып қашып кетем. Ахметбек пен Хасеннің бірі мінсе, тулап жығып өлтіріп кетем. Оған болмаса, алдарынан күміс бұлақ болып ағып жата қоям, сол суды шөлдеп зарығып келе жатқан ел жабырлап ішеді. Соңда қыздан басқасына у болып тием, сүйтіп барып алам», әйтпесе, тіпті ала алмайтын болсам, үйіне барып жатқанда, қыздың бетінен жылан болып шағып өлтірем. Ішіме күйік болғанша, маған да, оған да жоқ қыламын, – дейді.

Алғашқы бұрыш жақтан шыққан дауыс:

— Сенің осы сөйлегеніңнің бәрін Ахметбек біліп жатыр. Сенің осы айтқаныңның бәрін де істетпейді, – дейді.

Соңғы бұрыштан шыққан дауыс:

— Егер Ахметбек осыны біліп, біреуге айтатын болса, қара тас болып қатсын, – дейді.

Сонымен екеуінің сөзі бітеді. Таң да ата бастайды. Ахметбек ұйықтамастан, таңды атқызып, бар жайды біліп алады. Таң атқан соң, Хасенді оятып, тысқа шығып беттерін жуып келсе, шай жасаулы тұр екен. Шайды ішіп, тысқа шықса, аттары жегулі тұр екен. Арбаларына мініп жүріп кетеді. Хасен: «Мынау көрім болды, тағы қайтарда осында келіп бір тынығып аламыз», – деп бой бермей келе жатады. Ахметбек таласпай жүре береді, бірақ әйтеуір «қайтуда бұл үйге қонбаймыз» дейді.

Жолда бірнеше күн жүріп, екеуі бір күні өздері іздеп келе жатқан хандікіне жетеді. Хан бұларды алдынан күткізіп алып, бөлек үй тіккізіп береді. Бірнеше күн жатқаннан кейін қызына сөз салады. «Біз осылай жұмбақ шеше келіп едік, рұқсат болса сол жұмбағын естісек екен»,— дейді.

Қыз шақырып алады да жұмбағын айтады, жұмбағы мынау екен: «Бір үш жолдас болып, ол үшеуінің біреуінің дүниежүзін көретін құралы, біреуінің көзді ашып-жұмғанша дүниежүзінің қай жеріне болса да ұшып баратын, біреуінің кандай аурудан болса да өлген адамды тірілтіп алатын құралы бар екен. Бір күні жердің жүзін қарайтын қарап жіберіп, бір байдың қызы өліп, көміп жатқанын көреді де үшеуі сол жерге барып, қызды тірілтеді. Бай ырза болып, қызын әлгілерге бермек болады. Енді осы қызды үшеуінің қайсысы алу керек?» – дейді. Жұмбақ осы екен.

Ахметбек тұрады да: «Таңдау қызда болады да, қыз қай сүйгеніне тиеді де», – дейді. Шешуі дұрысында осылай болады. Қыз Ахметбектік болады. Бірақ Ахметбек қызды өзі алмайды, Хасенге береді. Ахметбекке дейін шешушілердің біреуі тірілтушіге тиеді, біреуі көрушіге тиеді, біреуі баратынға тиеді деген екен, бұлардың барлығының да басы алынған екен.

Әкесі қызды бірнеше жасау артып, жігіт қосып жөнелтеді. Жол бойы жүріп отырып, тап қонарлық уақта жолдағы үйге келеді. Хасен қонайық десе, болмай Ахметбек қондырмайды, алып өтеді. Хасен: «Апырым-ай, Ахметбек, шаршап-шалдығып жеткенде, әнеугіде рақаттанып жатқан үйге қондырмағаның не?» – деп ренжіп қалады.

Ахметбек:

— Хасен, мен саған қастық істемеймін ғой, менің айтқанымды істей берсеңші, – дейді.

Тағы да әр-бері жүрген соң, алдарынан бір әйбәт бұлақ ағып жатады. Хасен айғай салып:

— Әй, жүкті тоқтатындар, осы бұлақ басында қонамыз, – дейді. Ахметбек жүгіріп барып бір дұғаны оқып, суды қамшымен тартып-тартып жібергенде, су жоғалып кетеді.

Хасен тағы да ренжіп:

— Ахметбек, сенің мұның қалай, жаңа ана жерге қондырмадың, енді қонайық деп келе жатқан суды жоғалтып жібердің, әлде қатыныңды өзің алмаған соң, біз не болса, сол болсын деп келе жатқан боларсың, – деді.

Ахметбек еш нәрсе демей жүре береді. Енді біраз жүрген соң, алдарынан шылбырын шұбалтып бір ер-тоқымды қара арғымақ шыға келеді. Хасен: «Мінеміз, ұстаңдар!» – деп ұмтылады. Ахметбек жүгіріп барып, арғымақты бастан қамшымен тартып-тартып жібереді. Арғымақ жоқ болып кетеді. Хасен тағы да ренжіп, аузына келгенін сөйлей береді. Ахметбек еш нәрсе демей жүре береді. Бірнеше күн жүріп, аман-есен еліне келеді. Бірнеше күн той істейді. Ахметбек түнде ұйықтамай, Хасендікіне жатып, енді жылан болып келуін аңдиды. Бір күні таңға жақын көзі ілініп кеткенде, Хасеннің қатыны шар ете түседі. Ахметбек көзін ашып алса, қатын талып калыпты. Бетін жаңа ғана шағып бір қара шұбар жылан төсектен түсіп барады екен. Ахметбек төсектен атып тұрып, жыланды өлтіріп, босағаға тыға салып, қатынның бетіндегі жылан шаққан жерін сорып алып түкіріп тастайды. Сол уақытта Хасен оянып кетіп: «Ұйықтап жатқанымда қатынымның бетін сүйдің, – деп әлек салады. — Қатынды өзің-ақ ал, мен саған әуелден айтқамын. Әнеугі жол бойы істеп келгенің анау», – деп, қатыннан безіп отырып алады. Ахметбек сонан соң отырып бастан-аяқ бар әңгімесін айтады. Екеуі бара жатқандағы жолдағы иесіз үйден естіген әнгімесін айтады. Босағаға өлтіріп тыққан жыланды көрсетеді. «Бетінен сенің қатыныңа қызығып сүйгем жоқ, жыланның уын қайтаруға сүйгем», –деп, соңғы сөзін айта береді де қара тас болып қатады. Қатын мен Хасен жылап-жылап бақшасының ішінен бір жақсы орын жасап, тасты соған қойып сақтайды да отырады.

Сөйтіп жүргенде екі жыл өтеді. Бір еркек бала болады. Ол да екіге келеді. Бір күні бір бақсыны ертіп келіп Хасен: «Ахметбекті тірілтуге бола ма?» – деп сұрайды. Бақсы: «Осы баланды тірідей тастың үстіне тұрғызып қойып қан шығарсаң тіріледі», – дейді. Хасен қатынымен ақылдасып, «басымыз жас қой, бала табылар, Ахметбектей жолдас табылмас» деп, баласын жетелеп келіп, тасқа тұрғызып қойып, екеуі екі қолынан ұстап тұрып қан шығарады. Сол уақта Ахметбек ұшып тұра келеді. Екеуі бас салып Ахметбекке кезек-кезек көрісіп-амандасып үйіне ертіп келеді. Ахметбек те өзі сүйген бір қызын алып, екеуі бірге тұрып дәурен сүреді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 761



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?