Алтынасық және Құрмерген
Ерте заманда Қашақ деген ел болыпты. Бұл елдің Ғайып деген ханы болған екен. Ғайып хан асқан балуан және оған сай айлаға шебер батыр болыпты.
Осындай дәуірлеп тұрған заманында артыма атағымды қалдыратын іс істеуім керек — деп ойлап, осы ойын жаушылыққа тиянақтап, маңайындағы хандармеи соғыс ашып ел-жерін жаулап алып, атағы барған сайын аса берген екен.
Қалман деген ханның елін де шауыпты. Ғайып ханның өз тұсындағы жаугершіліктің соңғысы да осы Қалман соғысы болыпты.
Ғайып ханның жасы ұлғайып, бұрынғы күш-қайраты қайтып босағанын біліп, осыдан кейін ешбір ханның елін іздеп барып соғыс ашпапты. Ал жеңілген хандар тегіндегі дүмпу айбарынан қорқып, Ғайып ханды іздеп келіп соғыс ашып кек қайтаруға келмеген екен.
Қалман хан Ғайып ханнан жеңіліс тапқан соң қалған күш-қуатын жиып қайткен күнде жазықсыз елімді жаулаған Ғайып ханды ойран етсем деген арманда болыпты.
Қалман хан осы ойын орындау үшін өз халқына мынандай жария шығарыпты:
— Кімде қандай айла, кімде қандай өнер бар, сондай өнерлі адам менің ордама келіп өнер сайысына түссін. Ол өнер тек жау алуға бейімді болсын! Осы сайыстан өнері асып жауымды жеңуге көмегі тигеи адамға сол адамның өміріне жетерлік алтын беріп, бас уәзірім және қолбасшым болдырамын, – депті.
Ханның бұл жариясын естігендер, азда болса өнерін көрсетіп өмірімізге сеп боларлықтай сыйлығын аламыз десіп, жан-жақтан келіп сынға түсіпті.
Келушілердірдің ішінде жас мөлшері алпысты алқымдап қалған бүкірлеу келген бір кемпір де келіпті. Кемпір басқалардай емес, ханның қандайлық соғыс ашқалы жатқандығы, сайман күші, әскер саны, жауға істейтін амал айласы, соғысатын ханның күш, тәсілінің қандай екендігін Қалман хан өзі білетін, білмейтіндігі сияқтыларды арылта сұрап, Қалман ханның ойлап отырған соғыс ісі өз көңіліне жақпайтындығын айтыпты:
— Тақсыр, сіздің мына ойлап отырған ісіңізді ойласам, жаудың аузына өзі барып түсетін кісінің қылығына ұқсатамын.
Мен ойлағанда Ғайып ханның айла тәсілін, жауға дайындық күшін, әскер санын, оған болысатын көмегін түгел біліп алып, сол күшіне қарай күш, жасақ жөндеп, сонан кейін, енді жеңетін болдым деп ғана бару керек болады ғой. Мұндай ақыл айтып отырғаным менде бекер жас жасады дейсіз бе, осы жасаған өмірімнің аудандысын дерлік сізден несін жасырайын: Аярлық пен алдау-арбау жолында өткіздім. Сондықтан сіздің осы ойлап отырған ниетті сапарыңызға менің де пайдам тимес пе екен деген ойдамын, қаласаңыз мен де әскермен бірге барсам екен. Жеңу үшін әскер санын көбейткеннен гөрі айла тәсілді көбейтсек ғана жауды ала аламыз. Ғайып ханға әскердің көбі де, азы да бір. Оның қайраты мен айла әдісі дүниеде асқан адам. Ерте заманнан Ғайып ханға деген өшпенділігім, ішімді оттай жалайды. Ғайып ханға қарсы шығатын адам баласы табылмаған соң жалғыздың үні шыққан ба тақсыр, қорғалап жүруші едім. Мына сіздің ниетіңізді естігеннен бері құдай тілегімді берген екен деп қатты қуанып сіздің алдыңызға бүгін келіп отырған жайым осы еді, – дегенде Қалман хан:
— Шеше, Ғайып ханмен қалай өшпенді болып едіңіз? – депті.
— Ол заманда сіздін жас бала кезіңіз ғой. Сіздің әкеңіз осы Ғайып ханмен тағы бір рет қақтығыс болып қалғанда мені күйікке душар еткен ғой. Менің әкем де асқан айлакер, батыр болған адам еді. Сол соғыста Ғайып ханның қолына түсіп, адам көрмеген қорлықпен қазаға ұшыраған еді. Ол кезде мен жас болдым, әкемнің ұлы болмағандықтан жоқтаусыз кеткен еді. Оған мен өшікпей кім өшігеді, – деп орынсыз өтірігін соғып беріпті аяр кемпір.
— Жарайды шеше, ондай болғанда Ғайып ханға менен сіздің кегіңіз күшті екен. Ондай адамды жауға барма деп неге айтайын. Сіз де өнеріңізге сеніп айтып отырған шығарсыз. Айтқаным айтқан Ғайып ханды сіздің айла тәсіліңіздің көмегімен ала алсам қаласаңыз өзіңізді, қаламасаңыз балаңыз, жақындарыңыздың кімісі болса да айтылған сыйлықты мүлтіксіз орындап берейін, – деп сенімін де беріпті Қалман хан.
— Тақсыр, Ғайып ханды ала алмайды екенмін деп уайымдама. Бұл жауға мен барғанда маған күш көмегі қатты тиетін, менің айтқандарымды бұлжытпай орындайтын Кәлем дейтін жігіт бар. Сол жігіт те жауға менімен бірге баратын болсын. Осы жігіттің арқасында жау алынбақ. Сізден менің уәзірлік шен алатын қай келіскен түрім бар. Сол жігіт аталған сыйлыктарыңызды алса болғаны. Сонда бір айтарым: сол жігіт сіздің беремін деген сыйлығыңыздан басқадай нені аламын десе де тарта көрмеңіз. Ол да жан ауыртып сыйлық тілемес, – деп ескертіпті кемпір.
— Ондай азаматты іздеп таппай отырғамын жоқ па. Хан басыммен бір жігіттің тілегенін бере алмасам хан тегіме қара күйе болмай ма, қалағанын алсын, – деп кемпірге ризашылығын білдіріпті Қалман хан.
Осындай аярлық амалмен Кәлемнің қолын жеткізбек болып жүрген кемпірдің өз ішінде бір үлкен ой жатыр екен:
Бұл – Кәлем деген жігіттің тегінде теңіз жағасынан тауып алған сиқырлы таяғы болады. Таяқтың тылсым сырын Кәлем білмейді де, бірақ сырты әдемі болған соң далаға тастамай үйіне қыстырып ғана қояды екен.
Таяқты қолына ұстап тұрып қолқасын суырып жатса да таяқ ұстаған адам, басқа адамға көрінбейді екен. Баратын жерінің атын айтып «жеткіз мені!» десе қанат бітіп, ұшып барып, көзді ашып жұмғанда қалаған жеріне жеткізеді екен. Көрінбей келіп қастанды адамының бір жеріне тигізсе әлгі адамы буылып қалады екен.
Міне осындай сиқырдың қолында тұрғанын білмегендіктен Кәлем таяқты үйіне тығып қояды екен.
Бұл таяқты алғаш тауып әкелген кезде Кәлемнің әкесі:
— Балам осы таяғыңды кісіге беруші болма. Қысылғанда бір керегіңе жарар деген екен. Ал таяқтың қасиетін білетін аяр кемпір, неше алуан сыйлық тарту алып келіп қиыла сұраса да Кәлем әке өсиетін есіне алып бермеген екен. Тіпті кемпір сұрағаннан кейін, таяғын бұрыңғысынан арман бекем жерге тығып тастайтын болған.
Кемпір келісімен керіліп кешігіп отыра бермей Кәлемге кеңесін былай деп бастапты:
— Балам, мен саған жаным ашығандықтан ақылымды айтайын деп келдім. Өнер дегенді үйренуге қырың бар, аз-кем білетінің де бар шығар. Сол аз білетініңе үстеме қосып өнерге құлаш ұрсаң дегелі келдім. Менің де білетін аздаған аярлық өнерім бар. Бұл өнерімді үйретіп кететін менің қай алды артым толықсып отыр. Керек десе ұрпақ-жұрағат жоқ. Енді міне «төрімнен көрім жуық», құлаштай ғұмырым болса, қарыстай болып қысқардым. Қанша жүрер дейсің, қара жердің қойнына кіретін уақыт та таяп келеді ғой. Сол жер қойнына мен кіргенде өнерім өзіммен бірге жерге кіріп қала береді емес пе. Сондықтан осы өнерімді ортаға салып өлсем де опық жемей кетсем екен деген арманым бар еді. Ал опык жемес үшін, талаптанып талпынатын біреуге үйретіп кетсем деген ойым бар еді. Мұндай ойды орындайтынға қажымайтын талмайтын адам керек қой. Осы өнерге сені ұсына қалап келіп отырмын. Мен ойласам сенің өнерге олқылығың жоқ, үйреніп те, үйренгеніңді өзгеге өнеге етіп те шыдайтын менің қалайтын адамым сен деп келдім. Сол үшін мына Ханның соғыс сайысына түсіп, сор мен бақтың бірін қалап өмірден бақ іздесең деп келдім дегенде Кәлем басын жұлып алып:
— Ойбай шеше-ау, ол не дегеніңіз, ондай білетін өнер, Күш-қуатым болса басыма орнайтын бақ дәулетті жек көреді дейсіз бе? Тіпті білерім жок, қолымнан келері жоқ. Құр далбасамен сынға түсіп құрығанша, үйімде отыра берсем болмай ма. Жас болып отырғамын жоқ, қырықты аралап қылаңдап –дегенде кемпір:
— Қырық деген жас еркек адамға, қыздарға қырын келетін уақыт – деп көпшік қойып бір қойыпты аяр кемпір. Сонда Кәлем:
— Әттең шеше-ай, қыздарға қырын келмек түгіл, қатын қайтыс болғалы міне бес жылдың жүзі болып қалды. Толықсып дәулетім тұрған жоқ төгіп беріп қатын ала салатын. Қампайған сыртым ғана емес пе қанқайған қара үйде, қарайып түтін түтетіп отыру қай келісіп тұр дейсіз. Жуықта қайтыс болған Харуанның қатынына да сөз салып едім, маңына да жолатпады. Сіз ғой мені қыздардың топ арасына апарып тоғытып жібердіңіз ғой – деп күліп кемпірдің бетіне қарапты. Кемпір:
— Жарайды, қатын алу деген ер азаматқа қара баспақ сүйреп келгеннен де оңай іс. Ақылыма көнсең, осы қазір екі түрлі айла үйретейін, сен енді көп мылжың сөзді қой, ханға барып сәлемдесіп көрініп қайт. Сонда сенің істейтінің: мен сені қазір мына шар тартқан қалпыңнан өзгертпей, күлімдеген гүлдей жас азамат қалыпқа келтіремін, – деп Кәлемді бір үшкіріп қалған екен, жиырма бес отыздың арасындағы жас жігіт болыпты да шығыпты. Бұл ғажап істі көріп таңырқаса да, ішінен қатты қуаныпты Кәлем.
— Ал екіншіде, саған екі түрлі дәрі беремін. Алдымен мына дәріні «тақсыр мына дәрі бас ауырғанның дәрісі еді. Сізге бір керегі болар» – деп ханның қолына бер. Сонда орданың іші толған жылан болып кетеді. Мұнан хан үрейленіп қатты сасып көзі шарасынан шығады. Сонан кейін мына дәріні шашып жіберсең әлгі қаптаған қалын жылан зым-зия жоқ болып шыға келеді. Үрейленген хан есін жиған соң, «Не жұмыспен келдін кедейім» деп сұраса, сен:«Тақсыр, болып жатқан сайысқа түсетін өнерімнің бір түрін көзіңізбен көрсін деп едім, ары қарай шығара беретін өнерімде бола береді де дағы ат жөніңді айтып, жауап күтпей-ақ қайтып кет, – деп ақылын дәрісімен қоса беріп Кәлемді түрткілеп қайрап ханға жіберіпті аяр кемпір.
Кәлем ханға келіп кемпірдің үйреткендерін түгел орындап, кемпірге қайтып келген екен, кемпір оған:
— Міне бұл өнерді көрген соң хан енді сенен айырылмайтын болғаны. Енді Ханның бас уәзірімін және ең байлықтың иесімін деп біл – деп Кәлемді жігерлендіріп тастап кемпір өзі ханға келіпті.
Қалман хан, кемпір келгенде құрметпен ордаға кіргізіп орын ұсыныпты. Алдына дастарқан қойғызып, шарап алғызып барлық уәзірлерімен бас қосып дидардасып отырып Ғайып ханмен болатын соғыс жайында кеңес басталыпты. Кеңес беталысын кемпір байқап отырса, қантөгіс үлкен соғыс болады деп жорамалдап оң мың қол алып неше алуан палуан, батыр, құрал-сайман, ат, тон, азық-түлігімен дайын етіп жүргізуге тоқтасқан, екен сонда кемпір:
— Тақсыр, менің байқауымша мұндай көп күш, құрал-сайманның керегі шамалы. Адамдарды қан төгіске салмай-ақ амал мен алдыңызға Ғайып ханды алып келіп, мүрит етіп, халқын қолыңызға салу үшін сарбаздарды сандалтпау керек. Бұған тек бір мың ғана қол әскер, бес мың алтын ақша берсеңіз болғаны. Ал осындай әскерді бастап баруға тек Кәлемді жіберсеңіз онан кейіңгі жұмысты өз мойныма алайын. Айтпақшы сол Кәлем алдыңызға келді ме? Ол мына өнер сайысына түскен жоқ па? – деп ханнан мекершілеп сұрапты аяр кемпір.
— Ол өнер сайысынан бұрын бір ғажап істі маған көрсетіп кетті. Осында сәлем беріп бір жас жігіт келіп еді. Амандыққа келіп отыра беріп, өзім көрген түгіл, естімеген тамаша көрсетті де, жөнін де айтқан жоқ, шығып кетті. Бар айтқаны: Сізге керегім болып жатса, менің атым Кәлем деген деді дағы кете барды. Ол әлгі сиқырлығын істесе тағымды қазір алатын түрі бар– депті. Кемпір:
— Оның қолынан әлі талай іс келеді. Менде білгенімді үйретемін оған. Ал енді, әлгі мен айтқан адамдарды басқарып, Кәлемге тапсырып жүргізіңіз. Әскер үш айда жететін болар. Бес мың ақшаны мен алып кетейін. Кәлем қолын бастап Ғайып ханның еліне таяғанда өзім алдынан шығып алармын, – депті.
Осымен аяр кемпірге әбден ұйыған хан, қазынашыны шақыртып, бес мың алтын ақшаны саудыратып санап, кемпірге беріп қоя беріпті Қалман Хан. Кемпір ханнан шығып, Кәлемге келіп, хан алдында болған оқиғаны түгел баяндап:
— Енді ханға бар да, жарлығына қарсылық етпей, дегенін істей бер деп, баяғы беретін сиқырлы дәрілерінен неше түрлісін беріп, оның шарттарын үйретіп мен енді бұл жерде тұрмай, бұрын бара беремін. Балам, осы әлгі мен сұрай беретін таяғыңды маған алып берші. Ұзақ сапар жүремін ғой өзі бір қолға ұстап жүргенге ұнасымды таяқ еді деп ескерусіз ғана сұрапты.
Кемпірдің хикметін ойлағанда таяқ түгіл қара басы десе де тартқалы тұрған Кәлем жоқ, сандығынан таяқты алыпты да беріпті. Таяқ қолына тиген соң:
— Енді ісіңе бекем бол, – деп кемпір ғайып болыпты.
Кемпірдің айтқандарын мүлтіксіз орындап бұрынғы бас уәзірін орнынан алып көлемді бас уәзір және қолбасшы етіп Ғайып ханның елін шауып келуге Қалман хан жарлығын беріп әскерін аттандырыпты.
Қалман хан әскерін аттандырып әуре болып жатқанда кемпір сиқырлы таяғымен ұшып Ғайып ханның еліне келіп әрекеттеніп жатқан екен. Ол әрекеті мынандай екен: Бұл шаһардың бір шұрайлы, адамдар көп жүретін жерінен алтын ақшаны төгіп отырып беріп сәнді сарай сатып алып осы сарайға шарапхана ашыпты. Шарапханадан ішкендер шалқыған шаттыққа бөленіп, түгел мас ессіз дерлік болған. Шарап судай тегін, алам деген адамдардың ыдыстарын толтырып беріп жіберетін жомарттығын да көрсетіпті.
Осылай үш ай бойы бір шаһардың адамдарын арақшы етіп дені дұрыс жүретін бір де адам болмаған екен. Халқының мұндай кейпін көрген Ғайып хан қаһар шақырып, ісім насырға шабар деген ойда болған кемпір, Ғайып ханның тамақ сарайына кіріп, хан ішетін тамағына қосып, уландыратын дәрі ішкізіп, хан сонан кейін созылған ауру болыпты да, халқының қамын ойлау былай тұрсын қара басының қасіретімен алысып қауіп үстінде қалыпты. Міне осылай, Ғайып ханның қарауындағы халқы басы мен аяғы түгел дерлік көктемнің мұзындай ыдырап құлауға жетіп тұрғанда, Кәлем бастаған бір мың қол таяп келіп жеткен екен. Бұларды кемпір алдынан шығып қарсы алып, Кәлемге былай депті:
— Құдай берейін дегенде құлап алдыңа өзі домаламай ма, Ғайып ханды дертті еттім. Әскерлерін бастығымен түгел арақшы еттім. Енді иен жатқан мал дүние жиһазды айда да алдыңа сал. Саған айтар ақылым осы жерде қолыңды басқарып үш күн жат. Үш күннің ішінде, мен барлығын бұрынғысынан бетер есер етейін, сонан кейін істі қалай бастауды өзім хабарлаймын-депті.
Кемпір Ғайып ханның шаһарына қайтып келісімен шарап ішетіндерге баяғы ащы бұлағын ағызып ішкендерін сеңдей соғыстырып, енді мен еліме кайтамын. Үш күннің ішінде армансыз шараптарыңды ішіп, сайрандарыңды салып көңіл көтеріп қалыңдар! – деп келгендеріне айта беріпті.
Осы хабар бірінен біріне жалғасып, асығыс қарбаласпен келіп кемпірдің шарапханасынан шараптарын ішіп, асқандарын ыдыстарына құйып алып жатыпты. Осындай қарбалас әрекет сыртында, жаугершілікке ең мықты қолбасшы, батыр, палуан деген адамдардың қайда екендігі, олардың босаң жерлері, аяр кемпірге мәлім болыпты. Айтылған мерзімді үш күн де бітіп Кәлем бастаған қол келіп жалғыз түннің ішінде шаһарга лап қойыпты. Қарсы келер қайрат жоқ, адам біткенді байлап матап, шынжырлап алыпты.
Бір түн ішінде бір шаһарды барлық адамымен қолға түсіріп мүрит етіпті. Кемпірден үйренген аярлықпен Кәлем де ерліктен кенже қалмапты. «Қашқан жауға қатын би» деген емес пе, өзіне қарсы келер дегендерді өзі шауып өлтіріп те жіберіпті.
Халқының мұндай күйзеліске түскенін көрген Ғайып хан қанша ауру дегенмен ақырғы қайратын жұмсамақ болып аттанғалы жатқанда аяр кемпір Ғайып ханның қасына көрінбей келіп сиқырлы таяғымен бір түртіп қалған екен, хан тұрған орнынан қозғала алмай сіресіп қалыпты. Тоғыз қабат шынжырмен қол-аяғын байлап, Қалман ханның еліне қарай, Ғайыпты ел жұртымен матап, байлап, айдап тартып отырыпты. Ғайыптың мекеніне керек десе ылаққан итте тастамай бодам етіп кете барыпты.
Бұларды жолға салып жіберіп Қалман ханды қуанту үшін сиқырлы таяғына мініп ұшып сол күні Қалман ханға жетіпті аяр кемпір. Қалман ханға келіп қуанышты хабарын айтып, күні-түні думан той болып Ғайып ханның енді өз алдында мүрит болып тұруын Қалман ханда асыға күтіп отырыпты. Қалман хан кемпірге бөлек күмбез үй тіктіріп күтушісіне қырық қыз, отыншысына он азамат, ерікпей еркін сөйлесіп отыруына ел ішіндегі атақты, еңсере жасы келген, бірнеше қарт ордаға келіп қайтып тұруына қос күйме, отау толған жиһаз болдырып кемпірді үлде мен бүлдеге орапты. Кемпір жолда келе жатқан жаулап алған жау елі, жауды алған жауынгерлердің қандай күйде, не қалде келе жатқандығын, сиқыр таяғымен ұшып келіп неше рет Қалман ханға жеткізіп отырыпты.
Асыға күткен Қалман жолаушылары таяп қалды дегенді естіп алдарынан шығып, олардың қал-жайын білгеннен кейін, қол-аяғы шынжырлы есі барды-жоқты келе жаткан Ғайып ханды көріп:
— Қарапайым жатқан елімді шауып, қастандық еткен өз басын ғана кессең болатын еді. Бейуаз халқыңа да кесірің тиіп, қатты тозғын салдырдың. Бұл кінә менен емес, өзіңнен екенін білетін шығарсың. Ендігі кеңесті ордама барған соң істермін, – деп ордасына қайтып кетіпті Қалман хан.
Қалман хан ордасына қайтқанда қолбасшы Кәлем де бірге қайтқан екен. Келген бойында аяр кемпірдің үйіне келіп түсіп, енді болашаққы болжалсыз ісі жайында кемпірдің ақыл-кеңесін алыпты. Сонда кемпірдің берген ақылы:
— Қалман хан енді дегенінен қайта алмайды. Қайтудан қорқады да, айтуы бойынша сені бас уәзір және қолбасшы етіп қойғанын хан әлде болса саған риза болғандықтан тағы бір үлкен сыйлық ұсынса керек. Сонда ол беретін сыйлығын сенің қалауың бойынша берсем деген ойы бар болу керек. Бірақ сен асықпа. Сен алатын жарды мен айтайын. Біз Ғайып ханды есінен тандырып елін шауып, мұнда алып келдік. Ғайыптың жұртында екі баласы қалды. Бірі-ұл, бірі-қыз. Осы екі бала дүние бетіндегі адамдардың ең асылы, ең сұлуы, ең қасиеттісі, ең білімді, асқақ айлакер адамдар болып шықпақ. Осы екеуін қолыңа түсіріп, ұлын өлтіріп, қызын некелеп жар етіп ал. Қыз қазір жас дегенмен заты қыз емес пе, тез ержетіп кетеді. Мұнан басқа аламын деп әуре болма. Енді сен Қалман ханның алдына барғанда не тілейтін тілегің бар дегенде осы екі баланы тауып алып, қызын өзім жар етіп алайын деп тіле. Бұл тілегіңді бердім десе құдайдың бергені. Кейігісін маған қоябер. Ал Ғайып ханды және оның қатыны екеуін дұрыс есімен қойсақ, Ғайыпты байлап матап, тоқтата алмаймыз. Сондықтан екеуін де ессіз есалаң етіп жіберу керек. Бұл қылықты Қалман хан сезбеген болсын. Өң түстерін басқа адамдардың кейпіне айландырып жіберіп, жауап алып, сұрақ қылып отырғанда, ашуым келіп жібердім дерсің. Түбінде Қалман ханның орнына өзің хан боласың. Бірақ қазірше асығыс іс істеп алмайық. Оның мәнісі былай: Ана жұртта қалған Ғайып ханның екі баласының ұлы тірі жүрсе дүние жүзін билеген хан сұлтан болмақ. Оны сол сұлтандығына жеткізбей жойып жібере алсақ сол хан сұлтан да өзің болуың ықтимал.
Ал қызды өзің жар етіп ал – деп отырғаным, ұлын өлтіру тек сол қыздың ғана қолынан келеді. Басқа адам оның жанына қас ету оңайлыққа түспейді. Оның жаны денесінде емес. Жаны қайда екенін өзі ғана біледі Сонан соң қарындасы ғана біледі. Қызды өзіңе қаратып алған соң ұлдың өлімі, кеуектің үстіне ойнақтаған ботадан да оңай қолымызға келеді. Ал қайта айтайын, тек осы қызды тауып алып жар етуді арман ет. Арманың орындалса дүние бетіне хан сұлтан болдым де дағы қой. Енді ханға сөйлесіп көрген білгеніңді айтып, көңілін тауып қайт та Ғайып ханды өзің тергеуге алуды ойла. Осы істердің біреуін мүлт кетіреді екенсің дегеніңе жете алмай, бұрыңғы күніңе зар боласың. Онан соң, мына жауды кемпірдің айла әдісінің арқасында алдым дей бермей, өзекті әдіс өзіңдікі болып айтылсын. Ханның менен көрі саған разы болғаны өзімізге пайдалы, – деп Кәлемді ақылымен суарып, шығарып салыпты Аяр кемпір.
Ғайып ханның екі баласы бары рас екен. Ұлының аты Құрмерген екен де, қызының аты Алтынасық екен. Елін жау шапқанда Құрмерген -тоғыз, Алтынасық - сегіз жаста екен.
Бір күні қоян атамыз деп ойнап кеткен екі бала ойын қызығымен ұзай-ұзай күн батып түн болғанын білмей қалып қараңғыда жол жөнін біле алмай, адасып жүріп бір тастың үңгіріне кіріп паналап отырып, ұйықтап қалыпты. Заматта оянып естерін жиып қараса, күн ай жайылып түс болып қалған екен. Жарықта есін жиған балалар үйлеріне келсе жұрты жатыр, ауыл түгіл үй де, тіпті тірі жан жоқ. Шаһарға келсе, қираған дүние, қанырап бос қалған там, екі бала қайда барарға жөн таппай жылаумен ғана болады. Екі бала қайтып жұртқа келіп, жылап- жылап дығдырлары құрып, қайда барарын біле алмай тарығып әлгі ауылы кеткен жұртта отыра береді.
Осылай отырғанда Алтынасыққа бір ой келіп, ағасына:
— Аға, не ойлап отырсың? Менің ойымша, ел көшкенде бізді іздеп таба алмай кеткен болу керек. Олар бізді осы қалпымызда тастап кетпейді, қашанда болса атам бізді іздеп осы жұртқа бір келеді. Атам келгенше өлмеу үшін от жағып жылынып отыра берейік. Шөмшек теріп, от жағайық! – деп, ошақта қалған шоқты үрлеп-үрлеп отты тамызып, зор болдырып жағып, аз уақыт отырған екен, екі күн ұдайы тамақ ішпеген балалар жаурап қарындары ашқанын біліпті, бірақ амал не, тамақ табар амалдары болмапты. Тарығып отырғанда, Құрмергеннің есіне қоян ататын садағы түсіп, садақ тыққан жеріне келіп екі тал оғымен садағын алып қайтып келе жатып бір көкше қоян атып алыпты. Қоянды әлгі жаққан оттарының жанына алып келіп Алтынасық терісін жыртпай сойып, етін баршалап отқа қақтап жеп әлденіпті.
Осылайша жұртты бір күн, бір түн күзетіп, ақыры өздерін іздеген адам келмеген соң, Алтынасық ағасына:
— Бізді іздеуден қалған екен. Оларды дәуде болса, жау келіп айдап кеткен шығар. Жау айдаған елде, жан сауғадан басқа не болмақ. Жұртта отыра берсек сол жаудың қолына түсіп, тектен-тек өлеміз. Барар бетті таппай тек бас қанғыртып өлгенше Бұлдыр тауға барып, бұлдырық атып жесек те өлмес үшін жан бағайық. Күндердің күнінде, атам тірі болса сол Бұлдыр таудан бір іздеп табар, – депті.
Қарындасының бұл ақылына, көп ойланып жатпай-ақ:
— Жарайды, – опық жесек бірге көрерміз! –депті де екеуі қол ұстасып қолдарына әлгі оттарынан бір шоқты шала ұстап Шаһардың шығыс бетіндегі Бұлдыр тауға бет түзеп жүріп кетіпті.
Қайғы мен қаңғырудың азабы батса да өлмеген соң өмірлері өксіп өлдім-талдым дегенде көкейін кескен Бұлдыр тауға жетіпті.
Бұл тауда аңнан басқа адам баласы мекендеп көрмеген, алыстан бұлдырап адасқанға жол сілтегендей, айрықша биік жотасы аңсаған екі баланы аялағандай өзіне шақырып алыпты.
Енді барар жері жоқ, іздеп табар елі жоқ, есіркейтін кімі бар, елсіз тауды еркінше аралап, жалғыз үңгір тауып мекен етіпті. Адасқан балалардан аңдарда қашпай атып жеулеріне қолайлы болыпты. Құрмерген аңдарды атып келсе Алтынасык еттерін реттеп, терілерін илеп ағасы екеуіне түрлі киім, етік істейтін болыпты. Күн артынан күн жылжып, екі баланың денелері толып ақылдары жетіле беріпті. Аң қызығына түсіп алғау етіп, арыстан, жолбарысты қолымен ұстап ермек етіп, адасқанын ұмытып, аңмен ойнап аякөздер осылайша Бұлдыр тауда он жыл өмірлерін өткізіпті.
Бір күні азықтары азайған соң, Құрмерген қарындасына:
— Сен киімдеріңді тігіп ермек етіп отыра бер. Мен тауға саяхаттап келейін, – деп, аң аулауға кетіпті.
Аң кезікпей жүре-жүре бір биік шыңға шығып жан-жағына қарап отырса таудың теріскей бетінде жадау киімді жалғыз жаяу бір адам көрініпті. Бұл елсіз иен тауда он жылдан бері көрінбеген адамды көргенде, көзіне шоқ басылғандай ыстық көрініп, адам баласын сағынғандығы сондай мөлтілдетіп екі көзіне жас келтіріпті.
— Не болса да барып сөйлесіп жөнін білейін. Жолығып жөнін сұрап жау болса жазасын берейін, дос болса, дидарласып жөнін білейін деп әлгі адамның қасына келсе, жаһан кезіп жалғыздықтан жапа шеккен, жадау тұрмысты жиырмаға ілінер-ілінбес жас мөлшері бар жігіт, Құрмергенге құлдық ұра сәлем беріп, амандасыпты.
Бала жігіттің бас сипатын көзбен шолып, көмескісін білгендей Құрмерген:
— Айдаланың азабын шегіп, иен тауға келіп, нені күтіп жүрген пақырсың? – дегенде әлгі жігіт:
— Ей, ағатай-ай, менің көргенімді адам баласы көрмесін, – деп күрсініп алып, басынан кешкен оқиғасын Құрмерген мен Алтынасықтын өміріне сай, бір желілес, бір арнамен, бағыттары бір адам болып бар өмірін бұлақтай сарқыратыпты. Ол былай депті:
— Менің туған елім Қашақ деген ел екен. Қашақтың Ғайып деген ханы болған екен. Ғайып өз тұсында мықты хан болып, талай хандармен соғысып, жеңіп, олжаға батып жүріпті. Сол жеңілген хандардың бірі Қалман деген хан екен. Қалман хан, Ғайып ханнан бір жолы жеңіліс тапқан соң қисапсыз қол жиып, Ғайып ханның еліне жалғыз түнде лап қойып, бейбіт жатқан елдің берекесін кетіріп, шаһарын талқандап, адамдардың өлгенін өлтіріп, өлмегенін айдап, мал-мүлкін олжалап, қоламтасынан басқа құрым туырдығын да қалдырмай, құлазытып мекенін тастап, Қашақ халқын қасірет қайғыға батырып қалай айдап кеткені де белгісіз, қан жұтқан ел қапасқа түсіп, олжа болыпты да кетіпті. Орасан күшпен ойран салып жүргенде менің әкем де сол соғыста Ғайып ханмен бірге қолға түсіп, жау қолында тірі олжа болып кеткен. Сонда менің шешем мені жетелеп барып бір тастың қуысына кіріп жасырынып, жау кеткенше көрінбей қалып қойған екенбіз. Жан сауғалап қалып қойғанымызбен жаудан қалған жанды да асырау оңайға соққан жоқ. Киім жоқ жалаңаш, тамақ жоқ аш қайда барсақ та өлім күтіп, кайғының қара тұманына батып, қираған шаһарды аралап, он күн ғана өмір өткіздік.
Жау шапқан жұртта не қалсын, жартымды тамақ, киім таппадық. Ары ойлап, бері ойлап, Тұман тауға шығып жеміс теріп жеп, жан бағайық деп келсек, «өлмегенге өлі балық жолығады» демей ме, үш лақ ерткен екі ешкі тауып алдық. Ешкілердің бірі егіз лақты екен де, екіншісі, жалқы лақты екен. Ешкілердің сүтін сауып ішіп қорек болдырғанымыздың сыртында лақтармен мен ойнап жалғыздығым білінбей, ермегім ешкі мен лақ болып, ел қайда, жұрт қайда, ойыма да кіріп шықпай, елсіз болсам да ермекті болғаныма қуанып жүре бердім. Ал шешем сорлы солқылдап жылап, сорасы шығып, созаңдап көріс айтып соза күрсініп жылаумен өмірі өтті. Күн артынан күн жылжып өте берді. Екі лақты ешкіміз өсе-өсе екі жүз бастан асып елсіздігіміз болмаса киім, тамақ, ермектен кенде болмайтын болдық. Осылай өмір өткізіп жүргенімізде бір күні шешем қатты ауырып пәниден бақиға көшті. Амалым қаншша, қасында жылап жата бердім. Қасынан кеткім де келмеді. Көп жылап есім кетіп басым қатып, әр нәрсені ойлап отырып, баяғы қызғыш дүние емес пе, әлгі ешкілері не болды, ол қайда кетті, болмаса сол ешкілерімді қайырып ермек етіп күнімді өткізейін – деп ешкілерімді іздесем тірі тік басқан лақ тастамай, қасқыр типыл болдырып, бірақ қырып кетіпті. Міне, келістірмейін дегенде, кедейді кейкеттен тосып, ойпаттан тонап алады деген сөз бекер айтылмаған ғой, опық жеп, аузымды ұстап, санымды бір-ақ соғып дәт деп отырдым да қалдым. Қанша қайғырып зар шеккенмен кім менің қайғыма ортақ болып уатады, өзімді-өзім жұбатып, көңілімді тыйдым да өліп кетпес үшін тамақ қарастырып, қоян аулауға кірістім.
Тұман тау деп қалай атын қойғанын кім білсін, басынан тұман арылмайтын сорлы тау екен, маңайына мекен еткен, адам баласының да басына сол тұмандай, қасірет қайғы шөгіп маңайынан рақым шықпаған соң бездім сенен дедім де осы Бұлдыр тауға бет алдым. Бұл таудан да не жақсылық, не жамандық өзгеріс тапқаным жоқ бұқпантайлап жан бағып жүрген жәйім осы.
Дүниедегі жеті сорлының бірімін ғой деп өмірден күдерімді үзіп, өлім күтіп ғана жүруші едім. Әлде де көретін қызығым бар екен. Адастым, алдымнан күтер жақсылық жоқ деп жүргенде арыстан айбатты ағатай өзің кез болдың. Енді өлмеуіме бір құдайдың өзі куә. Өлсем өз қолыңыздан өлейін. Тірі болсам қасыңызда бірге болайын, – деп жалынышты және бағынышты адам болып мүләйімсіп жылапты әлгі жігіт.
Жігіттің кеңесін тыңдап болған соң ақкөңіл, аңғал батыр өзінің басынан кешкен уақиғасын айтып бергенде, әлгі жігіт екеуінің әкелері дос, өздері бір елдің ішіндегі ағайын және туыс адамдар болып шыға келіпті.
Құрмерген қуанып әмбе дос, әмбе іні тапқанына шүкіршілік етіп, жігітті қасына ертіп өздерінің мекен үңгіріне алып келіпті.
Барлық болған іс, естіген оқиғасын, қарындасына баян етіп:
— Бізді құдай сорлы жаратқан жоқ екен. Мен аң қуып аңның қызығымен дүзде жүріп көп нәрсе ойламаймын. Ал сен ғой, жалғыз отырып алып сары уайымды сарқырата ағызып, сабаңа түспей сарғайып, сарыласыңда отырасың. Осы қылығыңды ойлағанда, жаным жаман қысылушы еді. Енді мен аңға кеткенде екеуің біріңе -бірін серік, ойын-күлкімен қасірет қапасынан құтылып қайғысыз отыра бересіңдер, – деп ақылын айтыпты Құрмерген.
Сонда ағасын аулаққа шығарып қарындасы:
— Осы жігітті құдай оңға берген жоқ. Түбінде, сорлап қалып жүрмейік. Мен осынікі мекерлік пе деп сенбей тұрмын. Сақ болайық– дегенде ағасы:
— Қой, біз адам көрмей, таудың тағысы болып кеткендігіміз болу керек. Өмірімізде бірінші рет көрген адамды дұшпан көрсек құдай да қош көрмейді– деп қарындасының күдігін елемепті Құрмерген.
Сонымен бұлар туыс болып Құрмерген атқан аңдарды Алтынасық пен бала жігіт етін реттеп, терісін илеп, киім тігіп жүре беріпті. Қалман хан тілеген тілегін орындап, жанын жеген жауын аяғына жығып бергеп жан досы Кәлемге:
— Ойымды улы құрттай жайлаған, қас дұшпанымды алдияр дегізіп аяғыма жығып, арманыма жеткізген аяулы досым Кәлем сені өз ойыммен сыйлық беріп, разы ете алмаспын. Қалағаныңды ал. Қабағыңды жықпаспын, – деп Қалман хан Кәлемге раздығын білдіріпті. Сонда Кәлем:
— Тақсыр, пиғылыңызға құлдық. Сіздін дәуірлеп тұрған заманыңызда, сіздей патшаның қол астында қызмет еткен мендей уәзірінің ұлы ісі ұрпақтан ұрпаққа тарихта қалатындай, сыйлық алсам екен деген ойым бар еді. Әйтпесе қызғыш дүниені кім тауысар дейсіз? Сол ойыма әлі тиянақтағамын жоқ. Ойланып келіп сіздің өзіңізге ақылдасып айта жатармын. Әзірше ойлануыма рақым етуіңізді сұраймын депті.
— Жарайды, – деді Қалман хан, Кеңінен ойлан, кеңшілігімді бердім.
Ғайып ханның көзін жою үшін Кәлем енді Қалман ханды былай алдапты:
— Тақсыр, тілеген тілегіңіз түгел орындалды. Енді миыңызды шаршатпай демалыңыз. Ана қолға түскен адамдардан жауап алу, олардың тиісті жазасын беруді өзіме жүктетерсіз, – депті.
— Жарайды мен қырық күн саяхатта жүріп келейін. Істің бәрін өзің реттерсің, – депті де хан саяхатына жүріп те кетіпті.
Қалман хан саяхатқа кетісімен Кәлем Ғайып ханды алдына келтіріп жауап алайын десе Ғайып хан оған жауап бермепті. Тек айтқаны:
— Хан адамнан хан адам өзі ғана сұрақ қылып, жауап алатын жол бар. Мен бір елдің ханы болған соң, енді бір елдің ханымен санасуға хақым бар. Өмір тағымнан кеткеніммен хан атанған қасиетімді жойып, қарапайым саған хан басымды имеймін. Өлімнен қорқып, өмір үшін арымды сатпаймын. Өлсем де арыммен өлемін. Және арманым бар, саған айтпаймын, сен құлқыныңа сатылған сатқынсың!
Сонда Кәлем:
— Мені сен алымсынбауың үшін өлімге басыңды жетелеп барасың. Армансыз адам болмайды ғой. Бірақ оған жету жолы өр екенін де жақсы білесің. Бірақ арманыңды айтып көр. Қолдан келсе ойланайық. Сен мені төменшік көргеніңмен менің ханым саған не істеуіме ерік беріп отырғанын тағы ойланғаның жөн болар.
Ғайып сонда аз ойланып отырып: осыған айтып көрейікші, қолынан іс келмесе дағы Қалманға айта барсын деп:
— Сендер менің елімді шауып шынжыр бұғау басымызға салып талқандап айдап кеткен күннің кешесінде жау келерін білгендей жайдары бола қалғаным арманға әкеп соқты. Мен бір ұл, бір қызым бар кісі едім. Сол күні сол екі балам:
— Ата біз қоян атып ойнап келейікші! – деген соң сұм басым жарайды барыңдар! Кешке қалмаңдар деп рұқсат беріп қоя беріп едім. Ойынға қызығып ұзап кетіп келе алмай қалды ма, жоқ сендер салған дүрбелеңнен бұғып бір жерге жасырынып қалды ма Тұман таудың тұйығына батып адасып қалдыма, орала алмай, не болсада сол тауда тірі қалды. Жау қолына түссе жабырқағанымен тірі қалатын еді. Жапан дүзде зарығып аштан өледі-ау деп арман етемің. Бір күн болсада түтіндерің түзу патшасыңдар, сол екі баламды көзіме тірі көрсетсеңдер тағымнан түсіп бағым тайды деп арман қылмай-ақ Қалманға құл болуға да ықтияр көнер едім! – деп мұңын айтыпты. «Құлан құдыққа жығылса, құлағына құр бақа ойнайды» деген ғой. Ғайыпты келімсек деп көргені ме, келемеж еткені ме немесе келісіп алайын дегені ме Кәлем сөзді келтесінен қайырып:
— Егер екі балаңды тірі алып келсем, қыз балаңды түбінде маған жар етіп беремісің? – депті.
— Адамнан шыққан айуан екенің осыдан-ақ көрініп тұр! Ай сипатты балам, адаспаса ақымаққа жолай алмас, – депті Ғайып хан.
Ғайып ханнан жылы жауап таппайтынын білген соң енді аяр кемпірдің ақылымеи болайын деп Ғайыптың берген жауабын кемпірге айтқан екен, кемпір Ғайыпқа келіп:
— Ұл балаңның жаны қайда тұрады, соны айтсаң қазір босатқызайын. Айтпасаң бар арманың ішіңде кететін болады — деп кемпір тіке тартыпты.
Балаларының тірі бар екендігіне көзі жеткендей ішіне қуаныш пайда болып, сонда да сырын сақтап:
— Ей, тоба не айтып отырсың? Адамның жаны қайда болушы еді? — деп таңырқапты Ғайып.
Ғайып тірі тұрғанда сырын айтпайтынына көзі жеткен кемпір Ғайып пен Ханымы еқеуін қатар қойып дәріні шешіп жіберіп, үшкіріп қалған екен екеуі де есалаң болып ыржықтап өз түстерінен басқа кемпір мен шал болыпты да кетіпті.
— Енді бұларды босатып қоя бер, қайыр сұрап жандарын сақтасын. Бұлардың есінде енді бұрынғы өткен-кеткен ісі болмайды. Тек ойлайтыны тамағы ғана болады. Ал бұлар тірі жүре берсе түбінде бір керегімізге жарайды! – депті де кемпір үйіне кетіпті.
Басқа адамдарға не істесе де Кәлемнің қалауы біліп, олжа ел туралы ісін бітіріп аяқтаған кезде. қырық күндік саяхат сапарынан қайтып Қалман хан да келіпті.
Хан келісімен Кәлемнің қандай жұмыс бітіргендігін сұрап танысып:
— Бәрі де орынды болған екен, сонда Ғайып ханды маған кезіктірмегенің келіспеді, – деп Ғайып туралы реніш білдіріпті.
— Ғайыпты хан дегеніңіз болмаса өзі ақыр заман долы адам екен. Тергеу үстінде сізге тілін тигізіп болмаған соң ашуым келіп кетіп өлтіріп жібердім. Кешіріңіз! – деп мүләйімсіпті Кәлем.
— Оқасы жоқ, олқы болған жерің осы болған екен, мұнан басқа да маған аз қызмет еткен жоқсың, еңбегіңді ақтау әлі менің мойнымда ғой, әлде айтайын қалағаныңды ал. – деп кең пейіл білдіріпті Қалман хан.
— Тақсыр айтқаныңызға құлдық! Сіздің құзырыңыз үшін қылған қызметіме қақы тілер дейсіз бе? Тек айтқаныңызға жетіп, бердім десеңіз Ғайып ханның жұртында екі баласы қалыпты. Соларды тауып алып келсем бірі ұл, бірі қыз екен. Соның ұлын құл етіп, қызын жар етіп алайын. Осыны қисаңыз болғаны, – дегенде, Қалман:
— Мұны менен несін сұрадың. Жорықтағы өз олжаң емес пе? – депті қараниетХан.
Сонымен Кәлем, Алтынасық пен мергенді іздеп Ғайып ханның мекеніне сапар шегіпті. Бұл сапарында Кәлем жолдас-жора ертпей аяр кемпірдің ақылымен жалғыз кетіпті. Жол азабын тартып, Ғайыптың мекеніне келгенімен Құрмерген мен Алынасықтың тұрған жерін таба алмай, үш жыл іздеп тарығып, бір күні биік тауға шығып жан-жағын болжап отырса, бір адам екі пілді өлтіріп ортасынан қосақтап, иығына сала салып кетіп бара жатқанын көріпті. Бұл адам Құрмерген екенін біледі дағы артынан жансыздап еріп Құрмергеннің мекен еткен үңгірін көріпті.
Ал бұлардың қылықтарын баспалап көріп отырса ағасының алдынан қарындасы шығып, аға шаршадың ба? Мыналарды мен тасқа шығара салайын, үйге кіріп деміңді ала беріңіз деп екі пілді ағасынан алып биік тақта жартастың үстіне лақтыра салып өзі үңгірге кіріп кетіпті.
Мынандай бірінен бірі асқан күш қайратты көргенде зәресі зәр түбіне кетіп жақындауға жаны шошып, бастабында бала деп басынып, жалғыз келгеніне өкінеді. Барып сөйлесуге батылы бармай, айламен алуға ақылы жетпей амалы қуырылып, аяр кемпірдің айласымен болмаса өз төтесінен қолға түсіретін тәсіл таба алмай тарығып еліне қайтыпты Кәлем.
Жорықтың жол азабы болды ма жорамалы келмей жолы қайтқанының әсері ме әуре сарсаңмен жүріп ала бөтен сүзек ауырып үйіне келе жығылғаннан бес жыл сары төсек болып жатыпты. Алтыншы жыл дегенде дертінен айығып аяр кемпірді шақыртып, арманы болған Алтынасықты қалай қолға түсірудің әдісін сұрап көкейін кескен арман зарын айтыпты.
— Алтынасықты ала алмасам бәрі бір арманда өлемін. Сары аурудың сарқыны әлі үзілген жоқ. Бұл Алтынасықтың зардабы ғашықтықтың салдары! Қандай айла табасыз? Қаңғырып өлсемде қайта жүруге бел байладым! – деп мұның шағады. Аяр кемпір:
— Қанша қаңғып қалың қолмен барғаныңмен оларды жеңіп алу сенің қолыңнан келмейді. Ал өлтіру деген тіпті ойлап ойға сыймайтын іс. Бұл сапарға өзің тағы жалғыз баруың керек. Әдіс істемесе бұларға басқа жол табылмайды. Оның әдісі өзің Ғайып Ханның жақын ағайынының баласы болып елді жау шапқанда шешең екеуің жаудан жасырынып қалып бірнеше жыл қаңғырумен жан сақтап жүріп құдайдың қазасынан шешең өліп, өзің жалғыз қалып, жапан дүзде қаңғып жүрген мүсәпір адам болып кезік! Оларға осылай бірігіп сырыңды алдыртпай сыйласып жүріп сыр тартып қызға жақында. Ол қанша дегенмен ұрғашы адам емес пе, жігіттің жанына жатып тұрып біраз күннен кейін жыны қозып өзі-ақ қылмыңдап жанаса кетеді. Ал қыз екеуін көңіл қосып бірігіп алғаннан кейін ақылды сол қыздың өзіне саласың. Құрмергеннің жанын қуыршақ құрды көрмей-ақ қолынан қылып құдай қосқан қосағым деп мойныңа оралатын болады, – деп Кәлемге білген тәсілдерін үйретіп: — Енді сен мынандай жігіт боласың, – деп кемпір бір үшкіріп қалған екен он жеті жас шамасындағы бозбала болыпты да шығыпты.
Міне, Кәлем кемпірдің сол ақылымен қайта сапарға шығып, Құрмерген, Алтынасықтарға жолғасып бірігіп өмір сүріп, әрекетін асыру үшін неше қилы айла ойланса да, Алтынасықтың Кәлем түгіл тіпті ер адамға жолайтын ынтасы жоқ екендігін сезіп, қыздың жақындатпасын білген соң өзі амалын тауып Құрмергенді өлтіріп тастасам, жалғыз қыз қанша мықты болғанмен менен қайда кетеді, – деп ойлайды.
Бір күні Алтынасық екеуі үйде қалып, асық ойнап отырып ағасы үшін қам жеген адамның әлпетімен:
— Шіркін, осы ағамыз үйге бір күн тынығып жатпайды. Нелер қиын таулардан секіріп, нелер долы өзендерді кешіп жүреді. Бір күні өстіп жүріп, текке өлесің ғой. Албаты таумен тасқа шыға бермесеңізші десем – ой мен өлмеймін. Текке өле кететін менің жаным шөлмек дейсің бе? Жанымды жағама түйіп алып жүргемін жоқ. Тиісті орнында сақтаулы жанымды, кім алар дейсің? деп міз бақпайды. Дегенмен олда адам, «шөлмек мың күн сынбайды бір күн сынады» емес пе қауіпсіз жүріп қатерге ұшыраса екеуіміздің күніміз не болар екен? – деп кемсеңдеп жылаған болып көзінің жасын сүртіп, әттең осы ағамның жаны қандай жерде тұрады екен. Бір күні кім білсін, қастанды бір жау кезігіп жанына қас етіп, қара басына қауіп келіп жүре ме. Болмаса жанының қайда екенін бізге айтып қойса біз де сақтанып жүрер едік-ау! – дегенде аңдыған, күткені сол емес пе, Алтынасық та алдырмапты.
— Осы сенің сырынды мен біле алмадым-ау, «аңқауың сыртыңда, арамзаң ішіндегі» қылық шығарасың да жүресін. Адамның жаны қайда болушы еді, денесінде дағы! Орынсыз нәрсе сұрап басымды қатырма, – деп жігітке ұрсып тастапты.
Оның зекігенін кек көрген болып, жылап қоя береді дағы сол жылағаннан Құрмерген аңнан келгенше өксігін баспай жылапты жігіт. Құрмерген кешке келіп жігіттен:
— Осынша неге жыладың? – деп сұрағанда:
— Алтынасық мені ылғи сырт санап ала көзімен ата қарап ақылын аулақ алып қаша береді. Сорлы басым енді қайда барып тіршілік күн көремін. Барар жер, табар елім болса он жылдан бері осы тауда қаңғырамын ба? Енді қайда барамын, қалай күн көремін, – деп жігіт еңіреп, егілгенде, Құрмергеннің жаны ашып, қарындасына ренжіп, жігітті уатыпты.Жігіт сілесі қатқан әлпет көрсетіп, тамаққа да қарамай ұйықтап қалыпты.
Жігітті ұйықтап қалды деп ойлаған Құрмерген қарындасына:
— Сен бұған неге көп ұрса бересің. Өзіңе серік, әмбе ермек емес пе. Бұл да қай жырғап жүр, өзіміз сияқты ел-жұртынан айрылған бейшара ғой. Енді бұған ұрса берме! – деп ақылын айтқан екен, қарындасы ағасына:
— Осы жігітке жүрегім сенбей жүруші еді. Бүгін саған жаны ашыған кісі болып қалып: ағамның жаны қайда тұрады деп менен сөз тартып, елеусіз ғана біліп алып қалмақ оймен сұрады. Мұнысы өтірік жылау. Арам ойы әшкереге шығып қалатын болған соң сол ойын сездірмеу үшін жылаған жылау. Осығаң сенбейік, опық жеп қаламыз, – депті қарындасы ағасына.
Сонда Құрмерген, ұйықтап жатқан жігітке бір қарап қойып:
— Менің жанымды қайда тұрады деп сұрағанда не тұр? Ағамның жаны садағының бауында дей салсаң болды емес пе. Бұл қас етемін дегенде, садақтың бауындағы менің жанымды қайтып алады, – дегенде қарындасы жылап жіберіпті.
Аңғал батырдың байқамай айтып қалғанын ішінен біліп отырған Алтынасық ағасының сөзін шорт доғартып ұйықтап жатқан жігітті барып тыңдап байқаса ұйықтап жатқан болып, ағасының айтқан сөздерін тыңдап жатқанын сезіп енді басқа сөзді қойып, ағасын жатқызып тастап, өзі дәретке барған болып, далаға шығып ағасының садағын жігітке таптырмайтын жерге тығып тастап, өзі келіп жатып қалыпты.
Осыдан кейін ағасының жанын сақтау үшін сақтық жасап ағасы аңға кеткеиде өзі шығарып салып аңнан келгенде алдынан шығып садағын алып өзі қолынан тығып койып жүретін болыпты.
Осылайша үш ай мерзім уақыт өтіпті.
Кесел қайдан дерің барма, бір күні Алтынасық ауырып қалыпты. Ыстығы көтеріліп, катты ауырып жатқан Алтынасық ағасы аңнан келгенде алдынан шығып садағын тығатын жеріне тыға алмай қалыпты. Осыны аңдып жүрген жігіт түнде далаға шығыпты да Құрмергеннің садағының бауын дәл ортасынан «жаның осымен бірге қиылсын» деп пышақпен қиып тастап, орнына келіп жатып алыпты. Бұл кезде Алтынасықтың ыстығы сәл төмендеп ұйықтап қалыпты.
Таң атқан соң, күндегі әдеті бойынша жігіт бұрын тұрып, Құрмергеннің бетін ашып қараса, келмес дүниеге көсіліпті. Ойлаған мұратына жеткен жігіт қуанғанынан ұшып конып жүріп ас тамақты даярлап, Алтынасықты оятып:
— Қиналып ауырдың ғой, — науқасың тәуір болса түрегел, екеуіміз отырып ас ішейік. Ағам кеше қатты шаршаған ғой қатты ұйықтаған сияқты, – депті жөлерленіп.
Ояна салып ағасының садағы есіне түсе кеткен Алтынасық тез тұрып далаға шығып, ағасының қиылып қалған садағының бауын көре салып жылап жіберіп қайта үңгіріне кіріп, ағасын көрсе ағасы баяғыда пәниден бақиға кетіпті. Амалы қанша, ағасын көрген соң Алтынасық еңірей беріпті.
Сонда түк сезбеген адам болып жігіт:
— Алтынасық, саған не болды? Ауырып бара жатсаң жата ғой. Жұмысты өзім-ақ реттейін. Тамаққа тәбетің соқпаса, ағам екеуіміз-ақ ішерміз, – деп қаперсіз қалып көрсетіпті.
Сонда Алтынасық: Бұл ойлаған әрекетін асырып тынды. Енді бүған ағамды сен өлтірдің демейін. Амалын тауып, өзін ағамның орнына «құрбан» етуім керек. Ол үшін құдайдан келген ажал деп жаланы құдайға жауып, мұны ақ ниетті адам етіп отырып айламды асырмасам, кім білсін, мұның менен асқан қайраты, амалы болуы мүмкін ғой, – деп ойлапты да:
— Бауырым, баянсыз дүние байыбына жан бармаған, бардан жоқ етті. Байбалам салғанмен барғанынан келер ме. Асыл да бекзат ағамыз келмес дүниеге сапар шегіпті. Енді не болдық екі сор маңдай! – деп жігітке мұңын шаққан болып, еңірегенде, тұра ұмтылып Құрмергенді құшақтап, жігіт те еңірей беріпті.
Алтынасық шын күйініш қайғы мен жыласа, жігіт қуанғанынан жылапты. Екеуі үш күн өлікті құшақтап жылап, дығдырлары құрып, сілелері қатыпты. Уанып ойларын тоқтатып, өздерінің үй есепті үңгірлеріне Құрмергеннің табытын қойып жел, су өтпейтін бейіт жасапты да өздері басқа орынға көшіпті.
Өстіп Құрмергеннің өлімімен айланысып жүргенде ағаларының дайындап берген азықтары таусылыпты. Азық таусылғанын сылтау етіп, Алтынасық жігітке, былай депті:
— Біз енді қалай жан бағамыз. Сен не ойлап отырсың бауырым? – деп әдейі өзіне сала сұрау қойыпты. Сонда жігіт:
— Амал қанша, өліп кетерге жан тәтті ғой. Тамақ табуды ойланайық. Шынында ірі аң атып жейтін бізде дәрмен жоқ қой. Садақты тарта білмейміз. Тегіндегі менің үйренгенім бойынша жымына тұзақ құрып, қоян ұстап жеп қаршыға құрлы жан бағармыз, – депті. Осылай кеңесіп, жаңа орналасқан үйсымақтарының сыртындағы төбешікке шығып отырған екен, арғы қыратта бір үйір арқар жайылып жатқанын көріпті. Сонда Алтынасыққа бір ой туып:
— Құдайдың салғанына құл жылап көнеді ғой. Амал қанша ағамның садағының бауы үзіліп қалған екен. Ол үзілген бауды шешіп алып бейітінің басына шаншып кетіп едім. Сол бауын қайта тағып алып арқардың бірін тартып көрейін. Өлтірмейін деген құдай болса, оғым дарып бірін жығып алармыз. Егер бүгін бірін жығып алсақ садақты екеуіміз бірдей тартып үйреніп азыққа тарықпайтын болармыз. Мен барып, садақты жөндеп, бауын қайта тағып, осы төбеде тосып отырайын. Сен анау арқардың арт жағына шығып маған қарай үркіт. Мен әбден таятып алып атайын. Мен саған бері жүре бер деген белгі бергенде, сен арқарларға көрініс беріп үркітіп маған қарай айда. Егер бірін жыға алсам сен тез жүгіріп келіп, бауыздағайсың деп тапсырып, оны арқарға жіберіп, өзі садақтың бауының үзігін қайта жалғап әлгі төбеге шықса жігіт те арқарлардың арғы жағына шығып алғанын көріпті де енді бері айда деген ишара беріпті. Жігіт арқарларға көрініс беріп Алтынасыққа қарай жүре береді. Арқарлар үркіп Алтынасыққа жақындай беріпті. Алтынасық жігітке бері жүре бер деген ишара берумен болады. Енді арқарлар Алтынасықтың жан-жағынан өтіпті.
Сол кезде бір арқарды қос өкпеден тартып қалған екен, аунап түсіп арқар жығылыпты. Сонда Алтынасық:
— Жүгір бауырым! – деп жігітке айқай салыпты да өзі отырған орнынан қозғалмапты. Сонда жігітке келген ой тегі әйел заты болған соң атуын атып алса да аңның қасына өзі барудан қорқып мені жұмсап отыр ғой, – деген оймен жан ұшырып жүгіріп келіп арқарды бауыздамақшы болып жағаласып жатқанда Алтынасық садағын оқтапты.
Жігіт арқарды бауыздап болып, енді Алтынасыққа қарай бергенде дәл маңдайдан қойып тартып қалыпты.
„Ақ пен қара жарысып, аққа құдай болысты" демей ме, арамзаға ажалдың оғы бірден жетіп, көздеген маңдайын ғана тесіп өтіп қана қоймай басын бірге жұлып, «жаһаннамға» жанын тапсыртыпты әлгі арамза жігіттің.
Осылай айласын асырып, ағасын өлтіріп Алтынасықты аламын деп айуандықпен адасып жолдан шыққан пасық ниетті, сасық денелі Кәлем, жанының қалай шыққанын да сезбей қалыпты.
Кәлемнің сасық денесін, бүтін де тастамай, жеті бөліп, жеті қырқадан асырып тастап қарға-құзғынға жем етіп, ағасының табытының басына келіп аз жылап енді жылаудан түк өнбеген соң неше алуан қияли ойға кетіпті.
Енді не істеу керек? Ағасының артынан өлу керек пе? Жоқ өмір сүру керек пе? Егер өмір сүрсе жапан түзде қалай өмір сүру керек. Өле кетсе өзін -өзі өлтіргенде кімнен кек алады. Егер өзі өліп ағасы тірілсе ағасы қалай жалғыз өмір сүреді. Ал жау айдап кеткен елін іздеп кету керек пе?Шіркін, өлгенді қайта тірілтетін дәрі не қандай бір тәсіл жер бетінде бар болса, соны іздеп тауып келсем, ағамның туысқандық қарызын өтер едім-ау! Оны қайдан іздейін? Не болса да өлім мен өмір екеуінің біріне бет бұрмасам, өлген ағамның қасына отыра бергенде кім мені іздеп келіп уатады. Іздеп келетін болса он жылдан бері қайда жүр деп әртүрлі ойға кетеді.
Осылайша ойлап отырғанда: кішкентайында бір күні ойыннан келіп тамақтан кейін ағасы ұйықтап, өзі ояу отырғанда ағасы туралы, әкесі мен шешесінің айтқан бір сөзі есіне түсіпті. Онда әкесі былай деген еді:
— Мен өз тұсымда бақытты хандардың бірі болдым. Хандығым, дәулетім, ат, атағым бәрі де біріне-бірі сайма-сай. Талай-талай ерлік істерім де болды. Ерлік асырамын деп, талай бейуаз хандардың елін шаптым. Сабаз батырлардың қанын төктім. Бұл істерім өз тұсымда болып та жатты. Бірақ менен қиянат көргендердің ұрқының ұрқы қалай өшпенділік етпесін. Бұл өшпенділіктің түбі өзіммен кетсе жарар еді. Ал менен қалған ерлікті мына Құрмерген қолына алады. «Әке балаға сыншы ғой» бұл адам баласынан жеңілмек емес. Осы Құрмерген туралы бір істі сенің де есінде қалсын деп айтып отырмын. Мұның дұшпаны менен де көп болмақ. Ал мұның жаны денесінде емес жауға деп арнаған садағының бауында болмақ.
Кім білсін күндердің күнінде осы жасырын жанын сол дұшпанның бірі сезіп, қас болып өліп қалып жатса күннің батысында, мекендейтін, Бөпе хан дейтін хан бар. Сол ханның қасиетті алтын семсері бар. Сол алтын семсерді Құрмергеннің зиратының басына жеті күн іліп қойса, қайта тірілмек. Мен өзім, олай-былай болып кетіп сен балалардың қасында қалып жатсаң сол қасеитті семсерді ержеткен соң Құрмергенге ұғындырарсың. Осы күнде айтқанмен жас қой. Толық ұғына қоймас! – деп ханымына әкесі айтқан еді.
Сол сөз ойына оралып, алтын семсерді іздеп табуға жол жүру үшін бел байлапты Алтынасық. Өз киімін тастап, ағасының киімін киіп, шашын түйіп ағасының садағын асынып ақ жолыңды бер – деп алыс сапарға ағасының атын жамылып, өз аты Құрмерген болып, ағасының аруағына сыйынады
Қош бол аға саламат,
Дененді қойдым аманат.
Бұл дүниеден сен кетіп,
Басыма түсті ғаламат.
Маған деген көп екен,
Алдымнан тосқан жаманат.
Саған деген ажал оқ,
Маған неге жанамат.
Жалғыздық жаққан құдайға,
Жалғыздың күні қараң-ақ.
Қаңғырып келіп, бір жауыз,
Жанымды кетті жаралап.
Атам айтқан асылын,
Табайын жаһанды аралап.
Тағы кез болып бір дұшпан,
Бөгемесе қамалап.
Күн батыста деп еді,
Іздеп кеттім шамалап,
Алтын семсер боп кеттім,
Көңілімдегі жарам-ақ.
Құдай білер енша алла,
Бұл семсерді табам-ақ.
Бөпе хан тірі бар болса,
Қолынан сұрап алам-ақ.
Сен өлмедің мен өлдім,
Менімен өзің төлендің.
Құрмерген деген атыңмен,
Дүние кезіп жөнелдім.
Құрмерген болып құрсанып,
Татайын дәмін көп елдің,
Тауып келсем асылды,
Қарызыңнан өтелдім, – деп қоштасып, күннің батысын бетіне алып сапар шегіпті.
Тұманды тау, мұнарлы орман, шөл жазира, нажағайлы жаңбыр, ми қайнатқан ыстық, көк долы өзен, қарлы боран, қақаған аяз, азулы жыртқыш аңдар, айуанның алыбы айдаһар, зиянкес жәндіктер, қаскөй дәулер, қарсы шыққан қастандылар мен қажымай қасарыса соғысып, батыстан бетін қайтармай, жау да, дәу де бар деп тайсалмай, құбылмалы, құпия сырлы, құла дала қу медиенді аралап Құрмергеннің қу садағын асынып шығыстан батысқа тартып отырыпты Алтынасық.
Ажалсыз адам азабын тарта-тарта, аңсап іздеген Бөпе ханның елін де ақыры іздеп тауыпты.
Бөпе ханның елін аралап өзін іздеп, ордасына сәлем беріп, ойға тағы батыпты: өзегін өртеген алтын семсерді қалай етіп қолына түсіру керек. Өз пиғылымен бермесе қайрат көрсетіп тартып алғанда ағасына жәрдем бола ма. Ақпейіл ақ ниетімен алғаны жөн болар деген ойға тиянақтап, ханға келіп сәлем беріпті. Алтынасық келген кезде, бұл ханның ұлы жиын тойы болып жатыр екен.
Бөпе хан өз заманының ақылды, өнерді қатты қолдайтын адамы болған екен. Сонда оның қолдайтын өнері: Күресу, күш сынасу, теңге ату сияқты өнерлерді үйретуді, азаматтарына қызықтатуды белді жұмыс деп көріпті.
Бөпе ханның жалғыз Құралай деген қызы болыпты да, ер баласы болмапты. Құралай бет біткеннің сұлуы және әкесіне тартқан асқан ақылды қыз болған екен де, жақсыға жаны амырақ емес пе, құдалыққа адамдар күнде кісі салатын болған екен. Құдалыққа келушілерге ханның беретін жауабы:
— Мен жалғыз Құралайымды, өзім билік шығарып кісіге бере алмаймын. Өзі сүйген еріне, өкпесіз барғаны маған ұнамды, – деген жауаппен қайтарады екен. Ал олар Құралайға келсе, Құралайдың жауабы:
— Мен ер жетіп, бой түзеп кете қоятын болғаным жоқ, – деп келісімді ғана жауабын беріп қайтара береді.
Құралайдың бұл ісінің мәнісі былай екен: «Бір күні Құралай ұйықтап жатып, бір ғажап түс көріпті, түсінде бір ақ сақалды адам: — Балам, сенің бақытың алдыңда. Өзім сүйдім деп барған адамың баянды болмайды. Саған құдайдың қосатын жары өлі де, тірі де, жерде де, көкте де, емес. Бірақ ұзақ емес. Өзі іздеп келмейді, өзіңді кісі апарып соған қосады. Бұл қосылмақ жарың дүниеде жоқ, адамның ең асылы, ең ардақтысы. Сен осыны тосасың. Сол жарыңа қосушы адам сені іздеп бүгін сапарға шықты, енді екі жыл дегенде сені келіп табар. Онан бері асықсаң опық жерсің деп ғайып болған.
Міне, Құралай осы көрген түсі не бақ, не сор, осының ақырын тосып, тағаты кеткелі сол айтылған, көрген түсіңдегі екі жыл мерзімнің жеткен кезі екен.
Он сегізге жасы келіп, оң мен солдан құдалыққа келушілердің саны молайыпты. Әуре-сарсаң ойға батып отыратын жайы болыпты. Ақырғы кезде құдалыққа келушілерге ойы жеткенмен, бойы жете қоймас, деген ойға келіп:
— Әкемнің алып балуанын жыққан адамға барамын, – деп, бір ғана жауап беріп отыра беріпті.
Ал, Бөпе хан қызының мына ақылы өте орынды іс екен. Алып балуанды жыққан адам алыптың алыбы болуы нақ. Олай болса осындай адаммен өмір қосса Құралайым кімнен кем, кімнен кор болады. Бірақ алып балуанды жығатын адам дүние бетінен табыла қоя ма? Ондай адам табу үшін, ұлы жиын той жасауым керек. Көпте не жоқ, тойдың аяғын соза берсем дүние бетіндегі үмітті балуандардын барлығы жиылып, соның бірі Алып балуанды жығып, дәуірлеп тұрған заманымда, Құралайымды құтты жеріне қондырсам екен – деген ойға тіреліп, ұлы думан той істеп балуандар сайысы жеріне, «Алтын діңгек» орнаттырып, балуандарды көріп, қызық думанды көріп, мерекесіне мейірленіп, Бөпе хан отырғанда алыс сапардың армандысы Алтынасығымыз да келіп жетіпті.
Қалаған адамы табылмай, қаяулы көңілмен отырған ханға, тәртіппен тағзым етіп, бір жас жігіт келіп:
— Алдияр, ақ сұңқарым – ак батаңызды алуға алыс сапардан іздеп келген адам едім. Сәті түсіп, ұлы думан тойыңыздың торқалы тобына кезіктім. Осы тойда, Алып балуанды жығатын балуан іздеп отыр деп естіп келдім. Кімнің жығарын, бір құдайдың өзі білер. Сол балуаныңызбен күресіп көрейін. Ақ батаңызды беріңіз. Сайыста сәті түсіп жығып кетіп жатсам балаңыз да болармын. Айтқаныңыздан қайтпайтын шығарсыз, – деген Алтынасыққа хан:
— Балам, хан адамның екі сөйлеуі қасиетін жойғандығы болады. Қайратыңа сенсең мені қайтеді деп бойыңды бос салмай Алып балуанды жығуды ойла. Ал ақ ниетіңмен келген екенсің, мен де ақ батамды бердім, құдай бетіңнен жарылғасын! – депті хан.
Ханның батасын алып, балуандар сайыс жері Алтын діңгек түбіне келіп отырыпты Алтынасық.
Алып десе алып денелі, ұзындығы жүз кез, кеудесі керегедей, адымы алпыс аршын, дәу диюдың қайсысынан зор денелі қайысар түрі жоқ алып балуан:
— Күреспей тұрып жөніңді біліп қалайын. Күрестен кейін сұрай алмаспын. Күрестен өзің де тірі қалмассың, кімсің? –депті.
— Затым мұсылман, атым Құрмерген. Сенімен күрескен адамның бәрі өле бере ме? Өзің қашан өлесің? Оны да болжадың ба? – дегенде, Алып балуан шамданып жүгіріп келіп сап етіп ұстай алып, жұлқа тартқан екен жойқын салмақ, қолын қарыстырып, саусақтары тасқа тигендей майысып, тамыр күші сарқылып сасып көрмеген палуан сайтаны қашып, сабырлық тауып тоқтап қалыпты.
Ал біздің палуан алаңғасар палуанның арынын басып қояйын деп қабырғасын қысып қалғанда, қайсарымыз қан құсып жіберіпті.
Алып балуанның арыны басылып айласы таусылып айыпты адамдай еңсесі түсіп ел бетіне қарай алмайды. Енді қайттім деген адамша тұрған балуанын көрген хан:
— Дегбіріңді кетірмей деміңді ал. Халық түгел жиылсын. Қайрат күштің қаһарманын көздерімен көріп көңілдері тынсын. Өзі шығарған жарлығы мен өмірін қосатын қосағының қандай адам екенін өз көзімен көріп, өкінбей, өксімей аттанарын Құралай да білсін, жеті күнде, қайта жиылыңдар. Ал екі балуан менің сарайыма жатып дем алыңдар, — деп халқын таратып, хан ордасына келіпті.
Жеті күннің ішінде қайрат күштің хабары қай-қайда жетіпті. Сайыс салтанатын көреміз деген халық төңіректің төрт бұрышынан құйылыпты. Сайыс діңгек түбіне Құрмерген мен Алып палуан да келіпті. Базарға басын салған Құралай да өз көзімен көру үшін қырық қыз нөкерімен келіп, ортадан орын алыпты.
Сайыс басталуына ишара беріліпті. Сап етіп палуандар да ұстаса кетіпті. Сайқымазақ етіп тұрудың реті жоқ, Алтынасық ап еткен жерден алып палуанды жұлып алып аспанға атып жіберіпті. Алып палуанның аяғы дереңдеп өлімге мойын ұсынып қайтып келе жатқан палуанды Алтынасық алақанына қағып алып:
— Жасым кіші болғанмен «ойында өрелік жоқ» деген ғой, ренжімеңіз – деп қоя беріпті.
Құрмергеннің күшіне Хан мен халқы қайран қалып, ханның сарайына қошаметтеп алып жүріпті.
Бөпе хан уәделі сөзімен отыз күн ойын, қырық күн тойын істеп, Құрмергенге Құралайды ұзату қызық қызметін бітіріп, тоқсан түйеге жасауын арттырып, тоқсан құл, тоқсан күң, тоғыз отау тіктіріп жол аманға бір мың қол әскер ертіп жүргізуге дайын болыпты.
Осындай толқынды дүниені хан тоғыстырып жатқанда арман болған Алтын семсерді қалай сұрау амалын таба алмай, тарығып жүрген Алтынасық жүрер жолдың жөпелдемесіне тақағанда қиыла ибағат етіп, хан атасына қалаулы бұйымтайын айтқалы келіпті.
— Хан ата қайрымыңызға құлдық! Жалғыз басым жаһан кезіп жүрген жайым мынау. Елім, жерім алыс. Жазирадан жазираға өтетін сапарым бар. Ел тану, жер тану сапарымен жүріп сіздің алтын дидарыңыздың нұрын көргенімнің сыртында ардақтаған жалғыз балаңыздың алғыншық жолдасы болып қайттым. Бұл мен үшін үлкен сый-сыбаға. Сонда мен сізден бір нәрсе сұрағалы келдім. Құралайға деген жиһаз дүние, мүкамал құл, күң, жол амандыққа деген қол барлығы да әурешілік қой деймін. Топ қарамыз аз болса жол торабының тосқауылынан аман өте беруімізге қолайлы. Осы жасауларды қойып Құралай екеуіміз ғана кетсек деп сізден тілеп келдім!
Хан құп көрмесе де Алтынасық өз айтқанынан қайтпай отырып алыпты. Болмаған соң хан ақырында:
— Қарақтарым-ай, болмаса, менен «мұра» боларлык бір зат неге алып кетпедіңдер? Құрдан – құр қайтып жіберемін? дегенде:
— Жан ата-ай жанымызды езіп жібердіңіз-ау. Қалағаныңыз бізге беру болса, қисаңыз, алтын семсеріңізді алайық! Сізден мұраға басқа не аламыз. Осыны қисаңыз болғаны ғой, – депті Құрмерген.
Қапа болып отырған хан екі сөзге келмей-ақ орнынан атып тұрып алтын сандығымен қасиетті қылышын куйеу баласына ұсынып:
— Балам бұл сандықтың қасиетін өзім ғана білемін деп жүрушу едім. Бір құдай саған да білгізген екен. Күндердің күнінде бастарыңа ажал кезіксе осы семсерді өліктің бейітінің басына жеті күн іліп қойсаңдар өлген адам қайта тірілмек. Бұл сырды жан адамға сездіруге болмайды! – деп семсердің сырын да айтып беріпті хан.
Семсер қолына тигенде өлген ағасы тіріліп қазір қасында тұрғандай қуанғанынан орнынан ұшып тұрып хан атасына тағзым етіп сандықты, семсерді құшақтай қонақ сарайына қарай құстай ұшып жөнеліпті Құрмерген.
Сарайға келіп қуанышты көңілін әзер басып:
— Бұл хан атамды мен не беріп разы етер екенмін? Кісіге беріп разы еткендей менде қандай дүние бар? Бұл ханның жалғыз қызынан басқа несі бар. Өзінің ықыласымен баласына деген жасау дүниесін алмағаным қатты жасытты-ау. Егер сол жасау дүниелеріңізді алайын десем, көңілі разы болар ма еді. Енді не болсада осы жайды айтайын деп, қайтып ханға келіп:
— Хан ата, мен сізден тілегімді алдым. Сіздің маған істеген еңбегіңізді ақтай алатын емеспін. Ал мен болсам, тек бір адамды күресіп жыққаннан басқа елеулі қызмет еткем жоқ. Енді мен сіздің балаңыз болғандықтан көңіліңізді тауып қарызыңыздан қалай құтыламын? Не істеп берсем, разы болар екенсіз? – дегенде хан:
— Ей, балам-ай! Мен сенен дүние алмақ түгіл өзімнің боқшылығым қайда қалмақ. Жалғыз Құралайыма деген жасау жиһазды да алмай баттаған үстіне баттап мелшемнен батырып түскендей етіп қалдырып кетіп отырған жоқсыңдар ма. Сенен алғанды қойып сол дүние мені қайғыға батырып отыр ғой балам, – деп күрсініпті хан.
— Ата жыламаңыз, қажымаңыз! Сіздің көңіліңізге қаяу салып кету, қас маскара іс болар, Құралайға деген дүние жиһазыңызды алып кетейік, – дегенде хан ағынан жарыла қуанып енді жолын кешіктірмей жоғарыдағы дүние жиһазын арттырып-тарттырып өзі бас болып бір айшылық жерге шығарып салыпты.
Бұлар жолда ешбір бөгетке кездеспей, баяғы өз мекені Бұлдыр таудың бұлдыраған сағымына араласып туып өскен мекенінің жұпар иісті самалына балқып ауылын жайлап қондырып тастап алтын семсерін мойынына асынып:
-Мені жеті күнге дейін іздемеңдер! — деп тастап бір таудың басына шығып кете барыпты Алтынасық. Сол кеткеннен алты күн өткенде қайтып келіп Құралайды ертіп алып ағасының бейітінің басына барып, моланың бейнелерін ілулі тұрған, алтын, жаһұт, меруерттер безелген әсем семсерлерді тамашалап тұрғанда Алтынасық Құралайға:
— Ал Құралай, менің дүниеге адам болып жаралғаннан бергі ата-ана, жалғыз ағамнан кейіңгі адам баласындағы бірінші досым сен болғандықтан дүниеге беті ашылмаған, адам баласы сезе білмеген сырымды саған ашып мұңдасатын уақытым жетті деп көзінің жасын төгіп үстіндегі еркекше киімін шешіп өзінің бұрыңғы қыз киімдерін киініп, Құралайдың қасына келіп отырыпты да қатты күйзеліп аздан кейін Құралайдың иығына оң қолып артылта салып:
Ей, Құралай-Құралай!
Қылығым жүрді-ау саған ұнамай.
Не істесем де көндің сен,
Мұның не - деп сұрамай.
Енді кілтін ашамын,
Дертке, дертті құрамай.
Тұйыққа әкеп қамаған,
Қасіретті өмір, тұман-ай! – деп бір екі ауыз мұңлы жырын айтып: – өзінің бастан кешкендерін баяндапты.
— Құралайым, мен сенің ерің емес, досынмын. Сенің өмірлік жолдасың мына бейітсымақ үңгірдің ішінде өліп жатыр. Сен екеуіміздің әкелеріміздің айтқаны рас болса алтын семсер ілінген соң, жеті күн болғанда ағам тірілмек. Тірілгендей күн туса менің көрген білгенімді түгел айтып берерсің. Мына хатымның ішіне де жаздым. Мен енді ағамның көзіне тірі де көріне алмаймын. Қай бетіммен көрінемін. Дүниеде ағамның істейтін ерлігін қыз басыммен ұялмай өзім істедім. Қыз атымды тастап еркек атпен жүрдім. Басқаның емес, өз ағамның атын жамылдым. Менің атым Құрмерген емес, Алтынасық. Осы аманат сәлемімді бірін қосып, бірін тастамай айт. Мен енді жерде де, көкте де, өлі де, тірі де емеспін. Мені іздеп табамын деп әуре-сарсаң болмасын – деп Құралайға бар өмірбаян, аманат сәлемін айтып бітіріп, ағасының бейітінің есік жағын ашып ішіне кіріп ағасы көрсе жан кіретін бейнеге келіп, денесі толып, тамырларына қан жүгіре бастағаны байқалыпты. Енді дем санап, ағасына қараумен болыпты. Шартты жеті күндік мерзім де толыпты. Өліктің алдымен екі аяғы қыбырлап, онан соң екі қолын қозғап барып ұйқыдан оянған адамша аунап түсіп, енді тұруға басын көтере бергенде, бұған таң болып тұрған Құралай Алтынасыққа қараса Алтынасық адам емес, бір көк қоян болып босағада қарап отырыпты. Өлік басын көтеріп алғанда әлгі қоян:
— Қош болыңдар, аға, женгем, мені дүниеден іздемеңдер! – депті де босағадан бір-ақ секіріп ғайып болыпты.
Ұмтыла беріп, Алтынасық — дегенге ғана Құрмергеннің шамасы келіпті. Құрмерген жүгіріп далаға шықты, түк те жоқ. Қайта жүгіріп үңгіріне кіріп келсе бөтен бір қыз тұр. Құрмерген аң-таң, аңтарылып тұрғанда, әлгі қыз:
— Мергенім асықпа. Ақылға келіңіз. Алтынасық дүние бетінен табылар, табылмаса екі ғайып сапарға кетті. Мен көрген білгенімді айтайын, соны тыңдап алып, сонан соң ақыл ойлаңыз, – деп иіліп келіп Құрмергеннің қолынан ұстап, жетелеп далаға шығып, алыс жерлерге көз салып отырғаннан кейін:
— Алдымен Алтынасықтың хатын оқыңыз, – деп хатты оқытып, сонан соң, болған жайды баяндап шығыпты.
Құрмерген Алтынасықтан арманда айрылғанына қайғырды, қапаланды, не пайда, болмаса адам түсінде жоғалған болса, іздеп табар да еді. Не керек таптырмас түспен ғайып болды.
Іздеп табар жолды қанша ойланса да таппасына көзі жетіп, өлімнен тіріліп өмірге келген соң енді сүйікті жары Құралайды ертіп, өзі көрмеген ауылына келіпті Құрмерген.
Ауылындағы жолдастарына бұлар сырын ашып айтпапты. Бір анадан туған екеуінде қандай айырмашылық болсын. Екеуі айыра танығысыз екен, олар да түк сезбепті.
Құрмерген мен Құралайдың күнделікті қызықты өмірлері жүріп жатты.
Бірақ Құрмерген жалғыз қарындасын сағынып, ойлаумен сарғайды. Алтынасықты іздеп табудан кеттім, болмаса алғаш кеткенде қоян түсті болып кетіп еді ғой. Бір қоян ұстап алып келіп Алтынасығымдай еркелетіп отырайын деген ойға келіп, неше күн іздеп қаңғырып жүріп бір қоянға кезігеді.
«Құдай берейін дегенде, Алтынасығым осы болмағай. Осы қоянды ұстап алып үйге алып барып, еркелетіп өсірейін» – деп қоянға жақындаса қоян қозғалмайды. Қоянды ұстап қолына да алады.
Қоянды сылады, сипады, Алтынасықтың өзін таппаса да, медеу тауып, қойнына тығып алып, жүрген екен. Қоян ыстық қойынға тұншығып пырылдап жаны қысылғанына Құрмерген елжіреп кетіп колына алып жүрген екен. Ол да епсіз болыпты. Ендігі амалы, шыбық талдан екі шарбақ тоқып, біріне қоянды салып, біріне қоянның салмағындай тас салып, атына теңдеп қойып, енді жүргелі тұрғанда дәл қасында ғана бір бұғы бұлақтан су ішіп тұрғанын көріпті. Сонан соң Құрмергенге мынандай ой сап ете қалыпты: Осы бұғыны ұстап алып осыған теңдеп алып жүрсем жаны қысылмайды екен, – деп атына міне салып бұғыны тұра қуып ұстап алып келіп екі шарбақты теңдеп, шылбырын мүйізіне тағып атына мініп жүріп кетіпті. Осылай келе жатқанда арнасы терең бір бұлақ кезігіпті. Аты ығысып жүрмеген соң тебініп қалған екен, қарғып бұлақтың арғы жағасына түскенде, жетегіндегі бұғы кейін тартып қалып шылбыр үзіліп кетеді. Бұғы жалт беріп кейін қаша жөнеліпті. Қайта ұстамақ болып, Құрмерген тұра қуыпты. Оған бұғы жеткізбей қалың орманға кіріп адастырып жоқ болыпты. Өзіне өзі ызаланды, атына да ашуланды, осынша сормаңдай етіп жарататын не жаздым, – деп, құдайға да тілі тиді, амалы қанша ақыры тарығып, енді теңдеулі шарбағы бар бұғы іздеумен Құрмерген жаһан кезіпті.
Құрмерген жаһан кезіп жүре тұрсын, ендігі кеңес Алтынасық не болды, қайда барды соған келейік.
Сол тұста тағы бір тайпаның, Чаһи деген ханы болыпты. Ол ханның Қамал деген жалғыз ер баласы болған екен. Чаһи хан қайтыс болып, Қамал жаста болса, хан тағына отырыпты.
Қамал жас хан болса да данышпан, өте ғадыл патша болғандықтан, Қамал атын Ғадыл хан деп халқы ат қойып алған екен. Осы Ғадыл ханның елінде бір шал, бір кемпір тұрады екен. Бұл екеуінде бала болмайды да, балаға зар адамдар екен. Жаздың ыстық күнінің бірінде кемпір далада өрмек тоқып отырып, баласыз, панасыз, дүниеден өткеніміз бе? – деп көріс айтып жылап отырса үйлерінің аяқ жағындағы, тоғайдың аланқысында үстінде теңдеулі шарбағы бар шарбақ ішінде, ойнап отырған бүлдіршіндей қыз баланы, жайылып тұрған бұғыны көріпті. Кемпір көрісін тоқтата қойып таңырқап қарап отырады да:
Аңға да бердің баланы,
Мүйізі сегіз салалы.
Зарлаған бізге қимадың,
Қуанттың қу даланы.
Көрмегір көзім, не көрдің?
Ішіме салып жараны.
Құдай бізге бермес пе,
Кезе берсек даланы?
Көрік беріп гүл шашты,
Тоғайдың алқап алаңы.
Жер бетінде жексұрын,
Құдайдың біз бе, арамы.
Өңім бе, әлде түсім бе,
Бұғыға жаптым жаланы.
Елестеп көңілім отыр ма,
Ашылған соң араны.
Зарыққан соң бала үшін,
Құдайға қылдым наланы, – деп кемпірінің көріске қосып зарлап жылағанын үйде өрім өріп отырған шалы тыңдап:
— Ей гөй-гөйлеген көк соққан, көріспен бала тауып алатын болсаң қайда жүр, көсегең көгеріп болған жоқ па үйге кір. Шай қайнат. Шылғи таспаны тарта-тарта діңкем құрыды, – депті.
Сонда кемпірі:
— Ойбай, бейбақ шал-ау, ананы қарашы! Құдайдың бізге қимаған баласы далада аңның үстінде де жүр.Тегі жаратқан баласы жер бетіне сыймай аңның үстіне шығарып жіберген шығар шықшы, бері, – дегенде шалы:
— Мына көк соққанға не көрініп тұр, – деп шал күңірене үйінен шығып, шарбақтағы бала мен бұғыны көріп таңырқап ойға қалыпты да кемпіріне:
— Құдайдың берейін десе қазынасы кең ғой. Бізге деп жіберген баласы шығар. Жүр кемпір, екеуіміз екі жағынан ұмтылып көрейік. Құдай нақ берген болса баланы алып қалармыз, – деп өзі бұғының ар жағын орап шығып, екеуі екі жағынан келгенде бұғы қашпай шын тілеген тілектері қабыл болып, баланы шарбағымен түсіріп алып үйлеріне келіпті. Ақ ниетімізге, құдайдың жіберген тонды баласы, енді жиған-тергенімізді осы жалғыз баладан аямалық, – десіп, бар жоқ қызарған, жасарғанын киіндіріп, ішіндіріп деген сияқты мәпелеп өсіре береді де, сен кімнін баласы едің, не кереметпен бұғыға теңделдің, деп сұрамапты.
Ал баланың бір ерекшелігі, алғаш тауып алғанда кішкене бала болса, күн санап күндей сұлу бойжеткен болып, толығып өсе беріпті.
Ғадыл хан елін аралап, халқымның әл-ауқатын көзіммен көремін, егжей-тегжейін білемін деп келе жатып, күн кешкіріп қалған кезде тоғайдың шетіндегі жалғыз қараша үйге кезігіпті. Күн кешкіріп қалды ғой, осы үйге қонайық деп әлгі үйге бұрылып келіп түсіпті. Бұл Алтынасықтың соңғы ата-анасынын үйі екен.
Хан келіп үйіне түскенде, шал, кемпір шарқ ұра қуанып хан түгіл қара келіп көзіне ілмейтін қараша үйімізге қасиет қонып қайтқан бағымыз баламызбен ілесе келіп құт-берекенің қоры орнайды екен! – деген ырыммен ханға разышылық білдіріп, бағып отырған жалғыз тоқтысын сойып, барын жайып, қонақ етіпті.
Ғадыл ханнын аузы кеңесте болса да арғы түбі арпалысқан бір дүние болып әр алуан ойға кетіп, алып ұшқан жүрегі арнасына бір түспей, алыс пен жуықты болжатпай алақызған көңілі шапқан аттай зулап есіл-дерті қызда болып түрлі ойға кетіп отырыпты.
Әйтсе де бұл жолы шалға да, қызға да көрсеқызар істемей, ордама барған соң кісі салайын. Қарапайым адам деп қасиетін төмен тұтуым жарамас деген шешімге келіп, хан ұйқыға кетіпті.
Ғадыл хан шал мен кемпірдің құрметті қонағы болып, батаңызды бер, – деп бір мың ділдә сыйлық ақша беріп өз ордасына тартып отырыпты.
Хан ордасына келіп, уәзірі Бегманды, Алтынасық пен ата-анасына жіберіпті. Ханның бұл сәлемі кемпір мен шалды қатты күйзелтіпті. Амалдары қанша, құдай түзге жаратқан соң қолда ұстап отыра алмайтынын білетін байқұстар қызын беретін болыпты.
Сонда шал:
— Хан балаға айта бар. Мен Алтынасығымды берейін. Бірақ қоятын бірнеше шартым бар. Соны орындаса болғаны. Мен басқалардай баламның қалың малы пәлендей демеймін. Қалың малдың маған керегі жоқ. Тек Алтынасығым екеуінің райы келісіп, өмірлері бақытты болса болғаны. Ал шартым: ханның сарайынан менің есігімнің алдына шейін келіп-кетіп жүргенде, Алтынасығым жүретін алтын жол салсын. Көкегі шақырып, бұлбұлы сайрап тұрсын. Осы шарттарым орындалса, айланышым жоқ, баламды аттандырамын, – деп ханның хабаршысына жауап қайтарыпты.
Әкесінің қиын шартын естіп хабаршы Бегманды аттандырып жатып, Алтынасық тарағы мен жүзігін ханға беріпті де:
— Ханның сарайы мен біздің үйдің екі ортасын дәл өлшеп, сол жердің батыс жағына тарақты, шығыс жағына жүзікті қойсын да жата берсін. Жұмыс көп істеледі екен деп ренжімесін, – деп сәлемін айтып жіберіпті.
Хан бұл хабарды алып іштей қуанышты болыпты да, Алтынасықтың айтқанын істеп жатып қалып ертеңінде көрсе хан сарайы мен шалдың үйіне шейін алтын жол тартылып, алқабы бір-ақ ну орман тоғай болып дүниенің жәннаты жалғыз түнде орнап қалғанын көріпті.
Хан көкірегін қуаныш кернеп құдайдың бекер адамға кезіктірмегеніне тәубә етіп, тоғыз түйеге алтын, күміс, мата, торқа, жабдығын артып Алтынасықты сұрай Ғадыл хан атасының үйіне келіпті.
Ұлықтығын бұлдамай, ұлы басын кіші етіп келгеніне қуанған кемпір-шал кешіктірмей Алтынасықты да аттандырыпты.
Ел-жұртын жиып, қуанышты тойларын жасап, ата-аналарының батасын алып, Ғадыл хан мен Алтынасықтың өмір қызығы осылай басталыпты.
Күн артынан күн жылжып өтіп жатты, Алтынасық төсегімен көтеріп алтын айдарлы ұл тауыпты. Көктемнің гүліндей күн санап ол бала да талпынатын мезгіл жетіпті.
Құрмерген Құралаймен қызықты өмірін тыныштықпен өткізе алмады. Күйікпен зар қағып, заһар шегіп күн-түні ойлап, сағынғаны Алтынасық болып қайғымен қара судан запыран құсты. Ай жүріп, жыл жүріп іздеді, дерек таппады. Сонда іздейтіні шарбақ теңдеген бұғы. Сол бұғының үстіндегі қоян Алтынасық болып, елестепті де тұрыпты. Сондықтан шарбақ теңдеген, бұғы іздеп жүріп Ғадыл ханның еліне кез болыпты.
Күндерде бір күні Ғадыл ханның елін аралап жүріп бір ой сап ете түсіпті: Бұл Ғадыл хан не дегенмен патша адам ғой. Және өзін халық тақуа, білгір деседі. Осы ханға барып, басымнан кешкен жайларымды түгел айтып қандай жолмен іздесем табамын деп ақыл сұрайын. Жалғыз өзім сырымды ішіме тығып, не таптым деген ой мен Ғадыл ханның ордасына тартыпты.
Алтынасықтан дерек таппаса да болмаса баратын бағыт тапқанына көңілі қуанып қарыштаған жүріспен алдында көрінген қара белдің үстіне шыға келгенде, қасына ерткен қалың қыз нөкері мен, алуан-алуан сауықпен күйменің пердесін ашып тастап күн нұрына бетін беріп, қасындағыларына, көңілді бейне көрсеткен болып ағасын сарыла ойлап келе жатқанда:
— Алтынасық! – деген ағасының саңқ еткен дауысымен бірге бас салып өзін құшақтай алған ағасын да көріпті.
Амалы қанша ұяттан бетін басқанымен аяулы ағасының мұнша зарығып іздегенін есіне келтіріп енді құтылмасын білген соң Алтынасық та ағасын құшақтап жылай беріпті.
Сонда Алтынасықпен бірге келе жатқан атқосшысы:
Алтынасық қамықты,
Жыламай қайтсін зарықты.
Сағынғаны сондайлық,
Алтынасық талыпты.
Бауыр еті езіліп,
Құшақтасып қалыпты.
Ұят күшті өлімнен,
Осындай күйге салыпты.
Бауыры кетіп аң болып,
Ағасы зарлап қалыпты.
Бауырын іздеп Құрмерген,
Жаһанды кезіп шалыпты.
Не сұрау жоқ, дерек жоқ,
Қайғыменен налыпты.
Талмай іздеп ақыры,
Бауырын тауып алыпты, – деген екен.
Қайғының жылауы емес, қуаныштың жылауы, өкініш кетіп, өксіктері басылып, жанарлары жанып күлкімен аяқтапты.
Аз жылап мауықтарын басып Ғадыл ханға кісі жіберіпті. Бұлар саяхаттан ордаға қайтқанда сән-салтанатымен қайын ағасының алдынан Ғадыл хан да келіп жолығыпты.
Ордаға келіп ортасы толып, қуанышқа қуаныш ұласып, Алтынасықтың асыраған ата-анасын алдырып, құтты болсын айтқанда, кемпір мен шалдың кесілген үмітінің аяғы кесесінен қыз беріп, қызымен ағасы табысып, бұл жалғанның бақыт құсы бастарына қонғандай болыпты.
Алтынасық пен Құрмергеннің табысқан қуанышты хабарын жеткізіп, алып келуге бір мың қосынмен Ғадыл хан Құралайға жіберіпті. Төте жолмен аман-есен, бір ай жол жүріп Құралай да келіп табысыпты.Ғадыл хан дүние жүзіне жария салып, ұлы жиын той жасап, тойдың аяғы тоқсан күнде тиылыпты.
Аяр кемпір Кәлем өлген күннен бастап-ақ Алтынасықты жоғалтпақ амалын іздестірген екен, бірақ не шарапатпен болса да Алтынасыққа істеген сиқырлығы жүрмепті.
Сиқырлығы жүрмеген соң Бөпе ханның елінде жатқанда достасып жүріп құртпақшы да болыпты. Мұнысы да іске аспапты.
Өлімнен тірілуші Құрмергенді өртеп жіберейін десе өзін аңдып жүрген дұшпан бар екенін біліп қойып, Алтынасық жер бетінен іздеп мені табады да құртады деп тағы жанынан қорыққанынан оны да істемепті.
Бұларға қастандығы жүрмейтін болып тарығып тақырға отырып, сиқырлық балы Алтынасық, Құрмергендерге жүрмейтінін білген соң маңайларын баспай кеткен екен.
Аяр кемпірге мынадай ой туыпты: Енді менің қылмысым әшкере болмағанда несі қалды. Құрмерген әке, шеше, ел-жұртын жоқтап мына Қалман ханға келеді. Оны жеңер мұнда күш жоқ. Болған оқиғаны Қалман хан қорыққанынан Құрмергенге баян етеді. Мен көретін жақсылық жоқ. Құрмергеннің ата-анасы тірі тұра тұрсын, бір керегіме жаратармын, осы істеген ісімді Қалман ханға баяндасам ол қорыққанынан Құрмергенге кешірім сұрап барса, сонда өз ісімді өзім әшкерелеп, екеуінен де кешірім сұраған жайымды Қалман Құрмергенге айтса батыр аңғал келеді емес пе, өз ісін-өзі әшкерелеп, қылмысын мойындаған соң болды, деп мені кешіріп жібермес пе екен. Ондай атты күн туып жатса, қолтығының астына кіріп алған соң көре жатармын, – деп осы ойға тиянақтап, Аяр кемпір Қалман ханға келіпті.
Кемпірді Қалман хан жылы жүзбен қарсы алып:
— Шеше ажарыңыз неге сынық? Жайыңыз келмей жүрген бір жай болып жүр ме? – деп сұрапты.
— Е, қарағым-ай, өзім де осы жүдеу жайымды айтайын деп келдім. Мен сұмырай бастабында қара басымның қамын ойладым. Онан келіп сенің атағыңа келген намысты ойладым. Соның ақыр түбі арам іске айланып хан кемпір де атанбақ болдым. Осы аярлығымның түбі өз басымды жұтатын, қала берсе сенің де түбіңе жететін жағдайға душар келіп қалдық. Осы жайт қой, менің солып жүргенім, – деген де, Қалман хан:
— Япырым-ай шеше, талықпай-ақ жүгіруші едің, мұнша неге қамығып, қысылдың? Тағы бір үлкен сойқан болмағай, – депті.
— Сойқанңың сорақысын мен айта берейін, ашуланбай, аптықпай ақылмен тыңдап, кең толғап түзеу жолын сен ойлан, – деп кеңесіне кірісіпті:
— Менің осындай аяр болуыма, біреудің бір ауыз сөзі себеп болды. Біз бір енеден апалы-сіңілілі екеу едік. Апам менен асқан аяр еді. Баяны жоқ боқ дүние емес пе. Аярлығы өз басына жетіп, ертерек дүние салды, – деп бір күрсініп қойып, – бір күні, осы аярлықты кеңес етіп отырғанымызда, ендігі дүниені Сүлейменнен кейін билеп-төстейтін Ғайып ханның Құрмерген деген баласы болады. Оған аярлық жүріп, әлі жететін дүние бетінде адам болмақ емес. Оны жоғалтқан адам, дүние жүзінің патшасы хан Сұлтан болмақ дегенде:
— Оны неге, адам өлтіріп аярлық жүрмейді деп сұрағанымда апам:
— Оның жаны басқа адамдар сияқты денесінде жаралмайды. Оның жанының қайда екенін өзі ғана біледі. Сондықтан ол өлмейді. Өлмейтін жанға дүниенің қанша күшін жи, тек әлек ғана. Оның күшін сұрасаң сексен мың диюдың күшімен тең болмақ, – деп еді, сол әңгіме жүрегіме ұйыды да қойды. Осы кеңестен кейін көп кешікпей аярлығы өзін соғып апам қайтыс болды. Осы апамның күйігімен ұрынарға қара таппай жүргенімде, сенің Ғайып ханмен жауласатын, оған орай өнер сайысы болып жатыр деген құлағыма сап етіп тиісімен, апамның кеңесі есіме сап ете қалды. Міне, менің ісім осымен басталды. Ойыма жету үшін, адам істемеген әрекеттің бәрін істедім. Әйтпегенде Ғайып хан саған алдыра қоятын жау емес еді, – деп барлық істеген әрекетін ашыққа шығарыпты.
Қалман хан кемпірдің сөзінен қатты шошып, қас масқараға ұрынғанын біліпті. Игі жақсы, дос-жарандарын түгел шақыртып мыстан кемпірден болып мысының құрығанын айтып, мұңын шағыпты. Енді қандай амалмен халқын, хандық тағын онан қалса өз басын қалай аман сақтап қалу жөнінде ақыл-кеңес құрып, достық жолымен барып кешірім сұрау дұрыс деп көріп, Құрмергенге барып жолығуға бастығы Қалман өзі болып аяр кемпірді жолбасшыға алып, Құрмергенге құлдық ұру үшін сансыз салтанаты мен Ғадыл ханның еліне қарай қалың қосын сапар шегін жол тартыпты.
Құралайды алып кеткен Құрмерген емес оның қарындасы Алтынасық екен. Құралайды апарып Құрмергенді өлімнен тірілтіп Құралаймен Құрмерген қосылған екен де енді Алтынасықты Ғадыл ханға ұзатып, той істеп жатыр деген хабарды естіп, өтірік пе, шын ба? Барып Құралайымды көрейін – деп Бөпе хан той үстіне келіпті.
Құрмергенге құлдық ұрып, кешірім сұрау үшін елінен іздеп аттанған Қалман хан, аяр кемпір де келіп жетіпті.
Атағы асып дүние жүзіне тарағандығы сондай Алтынасық, Құрмергеннің құрметіне жер жүзінің хандары «құтты болсын» айтып, сыйлықтарын беріп қайтып жатыпты.
Құрмерген, Құралай, Алтынасық, Ғадыл хан, Бөпе хандар бірігіп кеңес ашып, алдыммен Қалман ханды алдырып сұрақ қылыпты.
Қалман істеген іс әрекетін, оның неден болғандығын түгел баян етіпті. Аяр кемпірдің қылығына алданып, адам баласына қаталдық жасап алғанына қатты өкінішті екенін де қалдырмапты. Ғайып хан мен ханымын Кәлем өлтірді деп білдіріпті. Енді Аяр кемпірді сұраққа алып келгенде бар шынын айтып беріп, қасықтай қанымды, шыбындай жанымды қалдыра көріңіздер, – деп жалынғанда Құрмерген:
— Менің ата-анамды өлтірткен сен бе едің? Оларды қайда көмдірдің? – деп сұрағанда, кемпір:
— Тақсыр, ата-анаңыз өлген жоқ. Дүние бетінде әлі тірі бар. Бірақ мені өлтіріп тастасаңыздар олар тірі болып сіздердің көздеріңізге көрінбейді. Өйткені мен Ғайып ханнан қораққанымнан екеуін де жай адамның кебін кидіріп жіберген едім, – дегенде Қалман хан ұшып тұрып:
— Әй оңбаған-ай. Маған айтпаған сырың жатыр ма еді, – деп қатты кейігенде кемпір:
— Мен олардың шындығын айтсам сен қазір қалпына келтір дейсің, қалпына келтірсем, Ғайыпты тоқтататын екеуімізде айла жоқ. Ол шаһарыңды талқан болдырып сен екеуіміз сол жерде жоқ болатын едік. Сондықтан айтпаған едім, – депті.
Ата-анасының әлі тірі екендігіне көзі жеткенде Құрмерген орнынан атып тұрып:
— Япыр-ай, қателеспейтін адам болмайды ғой. Жаушылық аты – жаушылық. Өшіккен адам бір -біріне не істемейді? Ата-анам осыдан көзіме тірі көрінсе істеген қылмыстарыңызды сол кісілердің құрметіне кештім, – деп Алтынасыққа қарапты.
— Ата-анамызды көзімізге көрсететіні шын болса, аяр кемпірдің де жанын кешіп менің қарауыма беріңіздер. Сүтпен біткен сүйекпен кетеді ғой. Ағама деген өшпенділігі өлгенше өзімен бірге кететін болу керек, – депті Алтынасық.
Шын жүрек, шын тілек етіп, шындығын айтып, шырмауға түскен басының шылауынан алдырғанын, шын өмірді жаңа танып, шын досың Құрмерген, Алтынасық, деп біліп, өткен өмірінде өкінішті іс жасап алып алғандығына енді өкініп арманды болып кешкен ісін, кесір кесепат деп біліп, кең толғамды ойға келіп кешірім сұрай келген Қалман ханды хандар өзара ақылдасып қатарларына хан қалпымен отырғызып, одағай ісін кешіріп, дойыр мінезін достық жолымен-жұмсартып, берекемен бейбіт өмір өткізуге шақырып қайта той жасапты.
Той аяғын әрең тосқан Құрмерген мен Алтынасық тозып біткен ел-жұрты, бағы тайып тағынан түсіп, бар әлемнің сорлысы болған, Ғайып хан, шешелері Мәуе ханымдар бұл дүниеде тірі бар деген хабар естіп алтын жүздерін көруге, алыс сапарға асыға шығыпты.
Қаһарман батыр Алтынасық пен Құрмергеннің ата-анасы Ғайып пен Мәуелердің қадір-құрметіне тағзым етіп қайтуға Бөпе хан, Ғадыл хан, Қалман хан қалың қосынымен Алтынасық бірге жол тартыпты.
Барғанда базарға бағы салынатын болып баяғы бір кезде басшы болған аяр кемпір де бірге келе жатыпты.
Ата-аналарын көруге асығып алыс жолды жақын болдыруға, күнді түнге жалғап көп сарылып жол жүрмей көкейлерін кескен Қалман ханның еліне келіп, ханның ордасына да түсіпті.
Ордаға келдік, – деп отырыс қайдан болсын, опық жеген ата-аналарын тез көрісуге аяр кемпірге әмір беріпті.
Кемпір кетіп кешікпепті кебі кетіп, кейпі бұзылған кемпір мен шалды ертіп келіпті.
Бұл кейіпті көріп не істерге білмей Алтынасық пен Құрмерген күйініш пен қуаныш араласып, ақыл таппай алақтап тұрғанда Құралай, ылп етіп орнынан тұрып тізе бүгіп тағзым етіпті де атасының басына тәж, енесінің иығына алтын тон жауыпты.
Осы сәтте естерін жиған Алтынасық пен Құрмерген көз жастарын төгіп, арманда айырылған ата-анасының алып кұшағына еніпті.
Қайран болып өтірік пе, шын ба дегендей бөгеліп тұрған хандарды Бөпе хан бастап тағзым етіпті.
— Егіліп тұрған жандардың еңсесін көтеретін мезгіл жетті, – депті Құралай аяр кемпірге.
Аяр кемпір, дәрі алып, балалары құшақтап тұрған кемпір мен шалға шашып жібергенде, сол баяғы қалпына келіпті.
Аз уақытта балаларын құшақтап тұрғаннан кейін Ғайып хан:
Алтынасық – Мергенім,
Құр атыңды тербедің.
Адасып қалып екеуің,
Сұм әкеңді жерледің.
Бастабында бас қаңғып,
Рыздык түзу термедім.
Батырмын деп пәле іздеп,
Тасқын судай селдедім.
Батыр болсам қаһарман,
Сендерге кәне селбегім?
Кесірім тиіп тоздырдым,
Қайда менің ел – Бегім.
Зая кетті төгілді,
Еліме қылған еңбегім.
Мұндайға түбі соғар деп,
Ойланбадым -сенбедім.
Ержетер, өсер қорғар деп,
Сендер ең қалқам сенгенім.
Аңдыған жауға алдырдым,
Сендерді жұртқа қалдырдым,
Алакөзім құлыным,
Өзегіңді талдырдым,
Қоқаңдаған қоға бас,
Темірден шынжыр салдырдым.
Екеуің қалып иенде,
Олжа боп жауға қалдырдым,
Есіммен жүрмей, есерсоқ,
Таңлаған аңдай аңырдым.
Жынды кемпір, жынды шал,
Деген атқа таңылдым.
Жадыгөй соққан жын менен,
Есімнен мүлде жаңылдым.
Қайыршы болып жан бақтық,
Жазғаны сол ғой тағдырдың.
Жас қалып едің екеуің,
Әрең-әрең таныдым.
Танымайтын екенбіз,
Айғағы болды қалының, – деп Ғайып хан сағынышын жырға қосып көріседі. Мәуе, Ғайыпша зарлап жыламапты, тек шалына тоқтау ретінде:
Құрмерген — Алтынасығым,
Сендерді көріп тасыдым,
Қайғы шоғы тұтанар,
Қуған соң, өмір басының.
Қайратың сенің қайда шал:
Осынша неге жасыдың.
Айланып келіп тоқтауы,
Диірменнің тасының.
Сұңқарың келді қолыңа,
Түс енді шал жолыңа.
Ерлігің қайда еңірейсің,
Мен көнбеймін оныңа.
Жырғау емес жылаған,
Ондай жан ұқсар долыға.
Не болар едің екеуі,
Кезікпесе, сорыңа – деп қайғыға берілмей балаларын жігерлендіріпті Мәуе ханым.
Шинелісі көп шырмауықтай біріне бірі оралған қырық шатақпен қиыр шеттен жиналған төрт елдің хандары түбі берекемен бірлікке соғып, әр хан өз-өз халқына хандық құрыпты.
Ғайып хан өз елін мекеніне жеткізіп, хандық тағына отырып, дана ақылды, дауылдай күшті Құрмергенді патшалардың патшасы, Хан-сұлтан болғызып мұратына жеткізіпті.

Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?