Алтын ат
Баяғы заманда бір хан болыпты. Оның жалғыз баласы бар екен. Өзі жалқау көрінеді. Бір күні ол ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде бір жағынан ай туып, бір жағынан жұлдыз шығып тұр екен. Бұл түс жалқау балаға қатты әсер етеді. Ертеңінде орнынан тұрып, көрген түсін іздеп шығады. Бірнеше күн жүріп, бір қаланың шетінде сиыр бағып жүрген таз балаға кезігеді. Қасына жақындап, сусын сұрайды. Сонда таз бала ханның баласынан:
— Қайдан келе жатқан жолаушысың, қайда барасың? – деп сұрайды.
Ханның баласы қанша сұраса да айтпайды. Ақырында сұрап қоймаған соң, көрген түсін әңгімелеп береді. Осы түс Тазша балаға да әсер етеді. Ол ханның баласына:
— Көрген түсіңді маған сат, мен саған мына малымның бәрін берейін, – дейді.
Оған ханның баласы көнбейді. Бірақ жалқаулығы басым болып, еңбексіз табылған малға қызыққан ол Тазшаның малын алып, өз жөніне кете барады.
Тазша манағы түсті іздеп бірнеше күн, бірнеше түн жүреді. Ақырында бір қалаға келіп кіреді. Қаланың іші тегіс жатып қалған екен. Белгісіз күштің әсерімен бір бағытпен жүре береді. Сәлден кейін терезенің алдында жанып тұрған шамы бар үйді байқайды. «Бұл неғылған шам?» деп, сол үйге қарай бет алады. Жақындап келіп, үйдің жанында байлаулы тұрған үстінде қоржыны бар екі атты көреді. Енді Тазша бала үйге кіреді. Үйдің ішінде бір қыз отыр екен. Қыз Тазшаны көріп:
— Келдің бе? – деп сұрайды. Тазша:
— Келдім, – деп жауап береді. Қыз Тазшаға:
— Ана арада байлаулы тұрған екі ат бар. Соның біреуіне барып міне бер, – дейді.
Тазша сыртқа шығып, біреуіне мінеді. Қыз артынша киініп шығады. Ол да атқа мініп, екеуі түнде қаладан шығып кетеді.
Бұл ханның қызы еді. Бірде сол хан қатты науқастанады. Ханды емдемекке әр жерден емші-балгерлер жиналады. Бірақ олардың ешқайсысы науқастың дертін таба алмайды. Хан қызының сиқыршы кіндік шешесі бар екен. Ол «хан науқастанып қалды» деген хабарды естіп, хал-жағдайын сұрауға келіпті. Ханның ауыр халін көріп, жанына келіп тамырын ұстайды. Сәл үнсіздіктен кейін:
— Тақсыр, сіздің дертіңіз қызыңызда. Қызыңызды өте қатты жақсы көреді екенсіз. Қолыңыздан шығарғыңыз келмейді. Ал, қызыңыздың пешенесіне жазылғаны мынау: ол бір күні, бір қаладағы үйге барып, болашақ күйеуін күтсін. Екі атты даярлап, керек-жарақтарын түгендеп қойсын. Осылай түн ауған шаққа дейін үй ішінде шам жағып отыра берсін. Әйтеуір бір уақытта сол жігітті Құдай айдап әкеледі. Қалғанын пешенесінен көре жатар, – деген екен.
Осылай тағдырдың жазуымен ханның қызы мен Тазша бала кездескен көрінеді. Қыз жол-жөнекей жігітті бақылап, хан баласы емес екенін біледі. «Бұл жігіт төре болып өсті ме екен, жоқ әлде қойшы болып өсті ме екен, мұны мен бір сынайын» деп ойлайды. Келе жатып әр түрлі әңгімеге тартып еді, Тазша сөйлемейді. Бір жерге келгенде, қыз:
— Мына араға сиыр бағып, қатығын ішіп жатар ма еді, – дейді.
Жол бойы үндемей келе жатқан Тазша:
— Жатса жатар ма еді, – дейді.
Осылай қыз оның сиыр баққанын біледі. «Құдайдың менің маңдайыма жазғаны осы шығар» деп, қоржындағы киімді алып киіндіреді де екеуі сапарын жалғастырады.
Біраз жүрген соң, бір қаланың шетіне келеді. Сол араға екеуі кішкентай күрке тігіп алып отырады. Бір күні осы қаланың ханы уәзірін ертіп, құс салып жүреді. Ханның құсы бір уақытта күркенің төбесіне қонады. Хан құсын алдыру үшін күркеге уәзірін жібереді. Ол келіп:
— Мына күркеде адам бар ма? Болса, мына құсты ұшырып жіберсе жақсы болар еді, – дейді.
Күркеде ханның қызы отырған. Ол уәзірдің даусын естіп, сыртқа шығады да құсты ұшырып жібереді. Қыздың сұлу келбетін көрген ханның уәзірі есінен танып қала жаздайды.
Уәзір ханға келіп:
— Тақсыр, анау күркеде сізге лайық бір сұлу бар, – дейді. Хан оның сөзіне нанбайды. Біраздан кейін құс ұшып барып тағы да сол күркенің төбесіне қонады. Уәзір ханға:
— Тақсыр, қараңыз, құс сұлу келіншек тұратын күркеге тағы барып қонды. Маған сенбеп едіңіз, енді барып, оның сұлулығын өз көзіңізбен көруіңізге болады, – дейді.
Хан уәзірінің айтқанына көнеді. Күркенің қасына барып:
— Үйде кім бар? Құсты ұшырып жіберсе болар еді, – деп айқайлайды.
Дауысты естіп Тазшаның әйелі сыртқа шығады. Оның асқан сұлулығын көрген хан таң-тамаша болады. Келіншекке ғашық болып қалады. Енді қалайда оның күйеуінің көзін жойып, осы келіншекті алмаққа бел байлайды. Үйіне барған соң, бір уәзірін күркеге жіберіп:
— Сол үйдің адамын шақырып кел, – дейді.
Уәзір келіп, үйдің еркегін ертіп кетеді. Сол кезде хан алдына келген Тазшаға:
— Мен сені бір жұмысқа жұмсайын деп шақырттым. Егер де айтқанымды орындамасаң, жазалаймын, – деп ашулана бұйырады.
— Тақсыр, маған қандай жұмыс берейін деп едіңіз? – дейді Тазша бала.
— Пәлен деген жерде алтын ат бар. Соны маған әкеліп бер, – деп бұйырады хан.
Тазша хан сарайынан шығып, үйіне қарай бет алады. Келіп, әйеліне ханның бұйрығын баяндайды. Тазшаны тыңдап болған келіншегі қолына бір домалақ қара жіп береді де:
— Осы жіпті домалата бер. Өзің соңынан жүріп отыр. Ол домалап барып, бір інге кіреді. Сол інде менің кіндік шешем тұрады. Саған алтын атты тауып беруге көмектеседі, – дейді.
Тазша жіпті қолына алып домалатып, соңынан кетеді. Жіп бір інге барып кіреді. Іннен кемпір шығып, жіпті ұстай алады. Тазшаға қарап:
— Бұл менің кіндік қызымның жібі ғой, – дейді. Тазша:
— Олай болса, мен де сіздің балаңыз боламын, – дейді. Кемпір:
— Не жұмыспен келдің? – деп сұрайды.
Тазша бала ханның бұйрығын баяндап береді. Кемпір:
— Солай де, онда мен саған сол атты табуға көмектесейін, – дейді де, Тазшаға көлді көрсетіп тұрып, бір жаман ат береді де, не істеу керектігін үйретеді.
Сонан соң кемпір мен Тазша көлдің басына барады. Төрт қазықты қағып, жаман атты байлап қояды. Өзі тығылып жатады. Бір уақытта алты ала ат ұшып келіп, су ішеді де қайтадан ұшып кетеді. Оның артынан алтын ат келеді. Ол да осы арадан су ішеді. Шөлін қандырып алған соң, айналасына қарайды. Көлдің басында тұрған жаман атты көреді. Келіп, жаман атпен тістеседі. Осы кезде Тазша білдірмей, жақындап барып, алтын аттың мойнына құрық салып ұстап алады. Жаман атты кемпірге қайтарып беріп, алтын атты хан алдына апарады. Хан Тазшаны көріп, қапаланып қалады. Ханның ойлағаны ат емес, Тазшаның көзін жою еді. Өзінің арам ойын білдірмеу үшін, алтын атқа мінбек болады. Бірақ ол ханды теуіп мінгізбейді. Хан Тазшаға:
— Алтын атты өзің ал, асау екен. Ал маған пәлен жердегі алтын киікті әкеліп бер, – дейді.
Тазша әйеліне келіп, ханның екінші бұйрығын айтады. Келіншек Тазшаны тыңдап болып:
— Сен алтын атқа мін. Сонан соң аттың басын қоя бер. Өзің көзіңді жұмып отыр. Ат бір жерге барып тұра қалған кезде ғана көзіңді аш, – дейді.
Тазша алтын атқа мініп, көзін жұмады. Аттың басын қоя береді. Алтын ат барып, бір жерге тұра қалады. Көзін ашып жіберсе, алтын киікті тұяғымен басып тұр екен. Енді ол алтын киікті ханға алып келеді. Бұл жолы да амалын асыра алмаған хан киікті ұстайын десе, ол жанына жолатпайды.
— Тазша, мына киік те маған ұнамады. Өзің алып кет. Қазірше боссың, керек болсаң шақыртып алармын, – дейді, амалы таусылған хан.
Тазша алтын киікті алып, үйіне оралады. Ал Тазшаға ыза болған хан одан құтылудың басқа амалдарын қарастыра бастайды. Енді ол бір жерге шеңгел үйгізіп, үстіне май қойдырады. Сонан соң Тазшаны шақырып:
— Осының астында менің әке-шешем бар. Солардың хал-жағдайларын біліп кел, – деп бұйырады.
Тазша шеңгелдің астына кіреді, ал ханның бір малайы майға от қояды.
Енді Тазшаның әйеліне келейік. Келіншек ханның жаман ойын сезіп, баяғы кіндік шешесін шақыртып алады. Кіндік шешесі түтіннің арасымен білдірмей барып, Тазшаны алып кетеді. Шеңгел түгел жанып, күл болып қалады. Таңертең Тазша сол араға келіп, күлдің арасына кіріп жатады. Үсті-басы күл-күл болған ол ханның алдына барады. Хан шошып кетіп:
— Әке-шешемнің қал-жағдайы қалай екен? – деп сұрайды. Сонда Тазша:
— Әке-шешеңнің хал-жағдайы жақсы. Іші пысса, бізге келсін деп, сені шақыртып жатыр, – деп жауап береді.
Хан: «Бұл өзі адам ба, әлде шайтан ба? Қой, бұдан аулақ жүрейін. Бір күні өшін алмақ болып, мені әке-шешеме апарып тастар» деген оймен, бір түнде ел-жұртын тастап көшіп кетеді. Ханынан айырылған ел-жұрты жиылып, Тазшаны хан етіп сайлайды. Осылай Тазша ақылды әйелінің арқасында хан болып, мақсат-мұратына жетеді.
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?