Оқыту әдістерін тиімді қолдану арқылы мектепте математикалық білім беру - Педагогика
КІРІСПЕ
І-БӨЛІМ. ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМЫНДА ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІНІҢ ҚАРАСТЫРЫЛУ ЖАЙЫ.
1.1. ''Оқыту әдісі'' ұғымының мән-мағынасы
1.2. Оқыту әдістерін топтамалау және олардың сипаттамасы
ІІ-БӨЛІМ. МАТЕМАТИКАНЫ ОҚЫТУ БАРЫСЫНДА ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІН ҮЙЛЕСІМДІ ҚОЛДАНУ ЖОЛДАРЫ.
2.1. Оқыту әдістерінің үйлесімділігі және оның критерийлері
2.2. Мектеп математикасын оқыту барысында оқыту әдістерін үйлесімді қолданудың тәжірибесі
ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының көкейкестілігі.
Қоғамдағы болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер білім беру саласын жетілдіруді талап етеді. Әсіресе қоғамдағы оқу-ағарту, білім беру салаларындағы гуманитарландыру мен демократияландыру процестері, ең алдымен, білім мазмұнын жаңартуды қазіргі заман талаптарына сәйкес болуын қажет етіп отыр. “Білім берудің гуманитарлық сипаты, онда адам тек жай зерттеу обьектісі ретінде ғана емес, ең алдымен, шығармашылық пен таным субьектісі құдіретті мәдениет үлгілерін дүниеге әкелген, әрі өзінің шығармашылыққа деген құлшынысымен оқушыларды баурап әкететін субьект ретінде көрінуімен бедерленеді”- делінген Қазақстан Республикасы гуманитарлық білім беру тұжырымдамасында. Міне, мынадай мақсатқа жету - білім мазмұнын жаңартумен қатар, оқытудың әдіс- тәсілдері мен әр алуан құралдарын қолданудың тиімділігін арттыру міндетін жүзеге асыруды қажет етеді.
Ұлы ғалым-педагогтар (Әл-Фараби, Я.А.Коменский, И.Г. Песталоцци, Ж.Ж.Руссо, И.Герберт, А.Дистерверг, К.Д.Ушинский, Ы.Алтынсарин т.б) оқыту әдістері арқылы оқушылардың ақыл-ой қабілеттері мен дербестігін дамытуға баса назар аударғаны тегін емес.
Жалпы оқыту әдістерінің өзіне тән тарихы бар, оған үлес қосқандар да баршылық. 20-жылдары Ресейлік Б.Е.Райков, К.И.Ягодовский, М.М.Пистрак оқытудың түсіндірме, практикалық, еңбек, эвристикалық, зерттеу, лабораториялық әдістерін ұсынды. 30-жылдары Ресейлік М.М.Пистрак, П.Н.Щимбириев, И.Т.Огородников оқытудың жаңа әдістерін: әңгіме, әңгімелесу, көрсету, демонстрация, лекция, кітаппен жұмыс, лабораториялық жұмысты ұсынды. 50-жылдары Д.О.Лордкипанидзе әдістерді топтастырып үш түрін берді: сөздік, кітаппен жұмыс, оқыту-практикалық. 60-жылдары Е.Я.Голант, С.Г.Шаповаленко, Н.М.Верзилин білім көзін негізге алып, оқыту әдістерінің жаңа жіктеуін енгізді: сөздік, көрнекілік, практикалық. И.А.Данилов пен Б.П.Есипов әдістер классификациясын (жіктеп-топтау) жасағанда оқыту процесінде іске асырылатын дидактикалық міндеттерді негіз етіп алды: жаңа білімді меңгеру, білікті, дағдыны қалыптастыру, білімді қолдану, бекіту, шығармашылық іс-әрекетін дамыту. Дидактикаға оның ішінде оқыту әдістеріне үлес қосқандар: С.Т.Шацкий, Н.А.Менчинская, В.В.Краевский, М.И.Паламарчук, С.Г.Шаповаленко, А.Н.Леонтьев, Г.И.Щукина, И.Д.Зверев, М.Н.Скаткин, Ю.К.Бабанский, Б.Т.Лихачев, И.Ф.Харламов, Р.Г.Лемберг, Н.А.Сорокин т.б.
Ал Қазақстанда оқыту процесінің нәтижелі және сапалы болуы оқыту әдістерін тиімді шығармашылықпен жүзеге асырылуына байланысты Р.Г.Лемберг, Т.С.Сабыров, Ж.Б.Қоянбаев, Р.М.Қоянбаев және тағы басқалардың еңбектерін атауға болады.
Дидактикалық түрде негізделген оқыту әдістері танымдық қатынастың жолдары арқылы күнделікті танымдық әдістер мен ғылыми танымдық әдістерді байланыстыру арқылы іске асады. 1997-98 оқу жылынан бастап мектептер оқытудың жаңа мазмұнына көше бастады. Осыған орай жалпы мекткпте берілетін білімнің тұжырымдамасы, мемлекеттік стандарты, жаңа типтік оқу жоспары мен бағдарламалары жасалды. Қазақстан Республикасы жалпы орта білім беру стандартында көрсетілгендей білімнің мазмұны өзгерумен бірге әр пән бойынша білім мазмұнын оқытудың әдістемесі де түбегейлі өзгеріп отыр. Мектеп тәжірибесінен енгізіліп отырған төл оқулықтардың жаңа толқынында дамыта оқыту технологиясының мүмкін бір нұсқасы берілген. Сол себептен жаңа материалды түсіндіру кезеңдерінде қолданылатын әр алуан әдістерді де жетілдіру қажеттігі байқалады.
Дегенмен оқыту әдістерінің қолайлы етіп таңдаудың теориялық қағидалары мен тәжірибесінде бірізділіктің болмауы байқалуда. Осыдан келіп оқыту әдістерін тиімді қолданудың теориясы мен тәжірибесі арасындағы қарама-қайшылық орын алуда. Осы қарама-қайшылықты шешу мақсатында зерттеу жұмысымыздың тақырыбын: ”Оқыту әдістерін тиімді қолдану арқылы мектепте математикалық білім беру. ” деп алдық.
Зерттеудің мақсаты:
Математикалық ұғымдар мен іс-әрекет тәсілдерінің мазмұны мен мән-мағынасына орай оқыту әдістерін тиімді қолданудың жолдарын айқындау.
Зерттеудің міндеттері:
1. Оқыту әдістерін саралау және олардың ерекшеліктері мен мәнді белгілерін айқындау мәселесіне шолу жасау.
2. Ұғымдарды және іс-әрекет тәсілдерін оқытып үйретуде қолданылатын әдістерді іріктеу.
3. Математиканы оқыту барысында әдістерді үйлесімді қолданудың критерийлерін жасау.
4. Математиканы оқыту барысында әдістерді үйлесімді қолданудың әдістемесін сынақтан өткізу және оның нәтижелері.
Ғылыми болжамы: оқу материалының түрі мен мазмұнына және оқыту әдістерінің үйлесімділігі критерийлеріне орай іріктелген олардың түрлерін қолдану білім, білік және дағдылардың сапасын арттырады, өйткені осылай болғанда ғана оқу-танымдық процесті ұйымдастыру барысында мұғалім мен оқушылардың бірлескен іс-әрекетінің тиімділігі артады.
Зерттеу обьектісі - Мектептегі математиканы оқыту
процесі.
Зерттеу пәні – Ортта мектеп математикасын оқыту барысында оқыту әдістерін үйлесімді қолдану.
Зерттеу әдістері:
- Психологиялық-педагогикалық әдебиеттерге шолу;
- оқулықтар, бағдарламалар, білім мемлекеттік стандартты талдау;
- байқау, бақылау, оқыту әдістерін салыстырмалы талдау;
- тәжірибе және оның нәтижелерін қорытындылау.
Зерттеу жұмысының базасы:
Сонымен, біздің зерттеу жұмысымыз: кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспеде зерттеу жұмысының көкейкестілігі, мақсаты, міндеттері, обьектісі, пәні, зерттеу әдістері айқындалды.
Бірінші тарауда педагогика ғылымында оқыту әдістерінің зерттелуі, қалыптасуы және оларды топтастыру мәселелері, сонымен бірге оқыту әдістеріне жалпы сипаттама жасалған.
Екінші тарауда математиканы оқыту барысында оқыту әдістерін үйлесімді қолданудың жолдары және оның критерийлері көрсетілген және орта білім беретін мектеп математикасын оқыту барысында оқыту әдістерін үйлесімді қолданудың озат педагогикалық тәжірибесі мен өз тәжірибем мысалдар арқылы көрсетілген.
Қорытындыда орта мекткпте математикалық білім берудің өзіндік ерекшелігін және математика пәнінің табиғаты, өзіндік орны мен мақсатына сәйкес, осы пән бойынша орта сыныптың сабақтарында “түсіндіру,” “түсіндірме,” “әңгіме,” “әңгімелесу,” “проблемалы баяндау,” “ішінара іздену немесе эвристикалық әңгімелеу” сияқты әдіс түрлері қолданылып келе жатқаны тұжырымдалады.
І-БӨЛІМ. ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМЫНДА ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІНІҢ ҚАРАСТЫРЫЛУ ЖАЙЫ.
1.1 “Оқыту әдісі” ұғымының мән-мағынасы.
Оқыту әдісі - дидактиканың ең басты құрамды бөлігінің бірі. Оқыту әдістері білім берудің мазмұны сияқты, оқытудың жалпы мақсаттары және міндеттерімен анықталады. Оқыту процесінің нәтижелі және сапалы болуы оқыту әдістерін тиімді творчестволықпен жүзеге асыруына байланысты. Оқыту әдісі ақыл-ой, санаға байланысты. Онсыз ешқандай оқыту әдісі жоқ. Осыған орай индукциялық (жалқыдан-жалпыға), дедукциялық (жалпыдан-жалқыға) әдістердің орны бөлек. Бұл жерде анализ (талдау), синтез (жинақтау), салыстыру, дифференцация, интеграция арқылы оқыту білімінің мазмұнын дұрыс түсінуге мүмкіндік береді.
Оқыту әдісі арқылы білім алу қоршаған ортаға, әлеуметке, табиғатқа байланысты. Ал табиғатты, қоршаған ортаны, әлеуметті қарым-қатынас арқылы білеміз. Сонымен педагогикалық оқыту әдістеріне нәр беретіндер немесе табиғи негіздер: ғылыми таным, күнделікті таным, ақпарат алмасу болып табылады. Осылар баланы, ұстазды ойға жетектейді, оқыту әдістерін пайдалануға, қоршаған ортаны, әлеуметті, табиғатты зерттеуге итермелейді. Шәкірт ұстаз берген білімді күнделікті өмірдегі таным арқылы қабылдайды: табиғатты, өмірді бақылау, мақал-мәтелдің, күнделікті тәжірибе, кемшіліктер мен жетістіктер, соқыр сезім, болжау т. б. Мұндай таным балаға жақын. Бала өмірін танымның осы түрінен бастайды.
Ғылыми таным арқылы баланы оқыту әдістері өте күрделі. Мұнда да бақылау, ақпарат, талдау, болжау, алдыңғы қатарлы тәжірибені жинақтау т. б әдістер қолданылады. Бірақ бұл ғылыми тұрғыда. Ақпарат алмасу, пікір-сайыс, пікір-талас, қарым-қатынаста ұстаз баланың жас және дербес ерекшеліктеріне байланысты ғылыми таным мен күнделікті танымнан пайда болған ой-санасын сараптап жүйеге түсіреді. Осының нәтижесінде ұстаз бен шәкірттің оқыту, оқу қарым-қатынасы пайда болып, оқыту әдістері айқындалады.
Дидактикалық түрде негізделген оқыту әдістері танымдық қатынастың жолдары арқылы күнделікті танымдық әдістер мен ғылыми танымдық әдістерді байланыстыру арқылы іске асады. Жаңашыл ұстаздар осы тұрғыда жұмыс істейді. Мысалы, С.Н.Лысенкова: ”Оқушының таным процесінде оған көмектесу керек, сонда ғана оқушы ары қарай білімді игеруге мүмкіндік алады,” - дейді.
Волков И.П. еңбек сабағында пәнаралық байланысты ұтымды пайдаланып, теория мен тәжірибені ұштастырады. Шаталов В.Ф. оқытуды ірі блоктар арқылы іске асырып, тірек сигналын пайдаланады. Жаңашыл ұстаздар күнделікті таным процесінен ғылыми таным процесіне немесе ғылыми таным процесінен күнделікті таным процесіне ауысып оқушыларды үйретудің тиімді жолдарын іздестіреді, яғни индуктивті-дедуктивті, дедуктивті-индуктивті әдістерді пайдаланады.
Дегенмен оқыту әдістерінің өзінше қолайлы етіп таңдаудың теориялық қағидалары, іске асыру жолдары бар. Олар:
- әдістердің оқыту заңдылықтары мен принциптеріне сәйкестігі;
- әр әдістің педагогикалық, психологиялық тиімділігі, атқаратын қызметі. Мысалы, әңгіме әдісін баланың сана-сезімін қалыптастыруға қолдансақ, түсіндіру әдісін баланың логикасын, ал прблемалық ситуацияны баланың ой-өрісін дамытуға қолданамыз.
- әдістің ұстаз бен шәкірт қызметтестігін ұйымдастыруға бағыттылығы: қарым-қатынас, іс-әрекет, оқып-үйрену, үйрету.
- әдістің оқушылардың жас және дербес ерекшелігіне сәйкестігі: сөйлеу, ойлау, өмір тәжірибесі, эмоционалдық дамуы, ес, қабілет т.б
- әдістің ұстаздың жалпы мәдениетіне, қабілетіне, дайындығына, білімділігіне, шығармашылық және әдістемелік деңгейіне, жеке басының қасиетіне байланысты.
- әдістің оқытудың түріне байланысты. Мысалы, лабораториялық сабақтарда нұсқау, тапсырма, кеңес беріп, тексеріп қорытындылауға болады.
- әдістердің өзара байланысында. Мысалы, лекцияда әңгіме, иллюстрация, демонстрация әдістері қолданылады.
Оқыту әдістерінің нәтижелі қолданылуы ұстаздың шығармашылығына, шәкірттердің білімге деген құштарлығына байланысты. Оқыту әдістерінің атқаратын қызметі ұстаз бен шәкірт қызметтестігінен туындап, шәкіртке білім-тәрбие береді. Оқыту әдістері мен оларға білім беруді ұйымдастырып дүниетанымын қалыптастырады.
Жалпы оқыту әдістерінің өзіне тән тарихы бар, оған үлес қосқандар да баршылық. 20-жылдары Ресейлік Б.Е.Райков, К.И.Ягодовский, М.М.Пистрак оқытудың түсіндірме, практикалық, еңбек, эвристикалық, зерттеу, лабораториялық әдістерін ұсынды. 30-жылдары Ресейлік М.М.Пистрак, И.Н.Щимбириев, И.Т.Огородников оқытудың жаңа әдістерін: әңгіме, әңгімелесу, көрсету, демонстрация, лекция, кітаппен жұмыс, лабораториялық жұмысты ұсынды. 50-жылдары Д.О.Лордкипанидзе әдістерді топтастырып үш түрін берді: сөздік, кітаппен жұмыс, оқыту-практикалық. 60-жылдары Е.Я.Голант, С.Г.Шаповаленко, Н.М.Верзилин білім көзін негізге алып, оқыту әдістерінің жаңа жіктеуін енгізді: сөздік, көрнекілік, практикалық. И.А.Данилов пен Б.П.Есипов әдістер классификациясын (жіктеп-топтау) жасағанда оқыту процесінде іске асырылатын дидактикалық міндеттерді негіз етіп алды: жаңа білімді меңгеру, білікті, дағдыны қалыптастыру, білімді қолдану, бекіту, шығармашылық іс-әрекетін дамыту. Дидактикаға оның ішінде оқыту әдістеріне үлес қосқандар: С.Т.Шацкий, Н.А.Менчинская, В.В.Краевский, М.И.Махмутов, А.Н.Алексюк, В.Ф.Паламарчук, В.И.Паламарчук, С.Г.Шаповаленко, А.Н.Леонтьев, Г.И.Щукина, И.Д.Зверев, М.Н.Скаткин, Ю.К.Бабанский, Б.Т.Лихачев, И.Ф.Харламов, Р.Г.Лемберг, Н.А.Сорокин т.б.
Оқыту әдісі - дидактиканың ең басты құрамды бөлімінің бірі. Оқыту әдістері, білім берудің мазмұны сияқты, оқытудың жалпы мақсаттары және міндеттерімен анықталады. Оқыту процесінің нәтижелі және сапалы болуы оқыту әдістерін тиімді шығармашылықпен жүзеге асыруына байланысты. Оқыту әдістері бүгінгі күні көп өзгерістерге ұшырап отыр. Олар: ”Оқыту әдістері дегеніміз - оқытушы мен оқушылардың жұмыс істеу әдісі, соның арқасында білім, білік, дағды қалыптасып, оқушылардың дүниетанымдығы мен қабілеттілігі артады.” (Педагогикалық энциклопедия. М, 1965 ж).
“Оқыту әдістері деген - мұғалім мен оқушылардың бірлесе жасайтын әрекеті.”(Г.И.Щукина).
“Оқыту әдістері - мұғалім мен оқушылардың өзара әрекет арқылы білім алуы.”(И.Д.Зверев).
“Оқыту әдістері дегеніміз - мұғалім мен оқушылардың әрекетінің негізінде білім, тәрбие және таным процесін жетілдіру.”(Ю.К.Бабанский).
“Оқыту әдістері дегеніміз - баланың танымдық қызметін ұйымдастыру барысында ұстаз шәкіртпен, шәкірт шәкіртпен, шәкірт қоршаған ортамен байланыста бола тұрып, оның ақыл-ойын, бар мүмкіншілігін дамыту, жетілдіру.”(Лихачев Б.Т).
“Оқыту әдістері - ұстаз шәкірттің оқу-танымдық қызметін ұйымдастыру арқылы әр түрлі дидактикалық мәселелерді шешіп балаға қажетті білімді игерту, жетілдіру, дамыту.”(Харламов И.Ф).
Дегенмен осындай анықтамалардың көптігіне қарамастан олардың арасында принциптік қарама-қайшылық жоқ. Бәрінің негізінде оқу, оқыту процесінде ұстаз бен шәкірттің қарым қатынасы және сонда қолданылатын әдіс, тәсіл, іс-әрекеттер жатыр. Сонымен оқыту әдісі шәкірттердің білімді меңгеру және олардың дамуы мен тәрбиесіне бағытталған шәкірт пен ұстаз арасындағы бірлесіп жүргізілетін іс-әрекеттін субьекті-субьектілік қарым-қатынас құралдары ретінде анықталды.
Оқу материалын оқушылардың санасына қалай жеткізу керек? Балалар білімді, біліктер мен дағдыларды игере алуы үшін олардың белсенді танымдық қызметін қалай ояту керек? Бұл мәселелерді мұғалім сабаққа даярланғанда күн сайын шешуіне тура келеді. Бұлардың бәрі қалай болған күнде де оқытудың мейлінше тиімді әдістерін іздестіруге байланысты болады. Оқыту әдістері деп нені түсіну қабылданған? Оқыту әдістері ұғымының мазмұнын анықтауда құрал, жол, тәсіл сөздерін пайдаланудың синонимдік жағынан педагогикалық әдебиеттерде әртүрлі көзқарастар байқалады. Бұл сөздер бір-біріне жақын, бірақ әрқайсысының өзіне тән не мағыналық, не қолдану ерекшелігі бар сөздер. Құрал - дидактикада дербес терминологиялық мәні бар сөз. Мысалы, дидактикада қолданатын құралдар оқыту жабдықтары, оқыту ақпаратының көздері (оқытудың техникалық құралдары, оқулықтар, оқу құралдары, көрнекі құралдар т.б.).
Оқыту әдісі дегеніміз - гректің “методос” айтып беру деген сөзінен туындаған. Ол оқушы мен оқытушының сабақтағы жұмыс тәсілі дегенді білдіреді. Педагогикалық энциклопедияда: ”Оқыту әдістері - мұғалім мен оқушылар жұмысының тәсілдері, солардың көмегімен білімді, білікті және дағдыны игереді, оқушылардың дүние танымы қалыптасады, қабілеттер дамиды”- жазылған.
Демек, оқыту әдістері бұл мұғалім мен оқушылардың оқу-тәрбие жұмысының міндеттерін ойдағыдай шешуге бағытталған, өзара байланысты іс-әрекетінің тәсілдері. Оқыту әдісін осылай дидактика тұрғысынан түсіндіру жалпы философиялық анықтамаға сай келеді. Әдіс дәл жалпы мағынасында мақсатқа жету іс-әрекетін нақты ретке келтіру тәсілдері. Сонымен, оқу әдістері оқушылардың танымдық қабілеттерінің дамуына мүмкіндік туғызуы тиіс, яғни, оқушылардың ойын дамытады, өз бетінше ізденіп жаңа білімді игеруге ықпал жасайды.
Оқыту әдістері ғылыми таным әдістеріне байланысты, өйткені оқытуда ең бастысы оқушылардың танымдық іс-әрекеті. Ғылыми танымға қатысты бірсыпыра ережелер оқушылардың танымдық іс-әрекетінде қолданылатын оқыту әдістерінің ерекшелігін анықтайды. Бұл ережелер: оқыту әдістері ең анық фактілерді білуді қамтамасыз етеді; оқыту әдістері практика мен теорияны жақындастырады; оқыту әдістері шындықты тануға әрекет жасайды; идея нақты өмір мәліметтерінен қорытылады. Осы ережелердің бәрі оқушылар көзқарасының қалыптасуының, таным қабілеттерінің дамуының негізі болады. Оқыту әдісі мақсатқа жетудің саналы түрде қолданылатын тәсілі, ал мақсатқа жету мұғалімнің шеберлігіне, оның оқыту процесін тиімді ұйымдастыра білуіне, оқушылардың даярлық дәрежесіне, мұғалім мен оқушылардың белсенділік педагогикалық ынтымақтастығына байланысты.
“Оқыту әдісі “ және “Әдістемелік тәсіл” ұғымдары бір-бірімен тікелей байланысты. Әдістемелік тәсіл оқыту әдісінің элементі (компоненті, құрамды бөлімдері). Мысалы, жеке сөздерді түсіндіру, суреттерді демонстрациялау т.б. “Әдіс” пен “тәсілдің” шекарасы өте жылжымалы, құбылмалы, сондықтан олардың шекарасын анықтау өте қиын. Өйткені, әдіс кейде тәсілге, ал әдістемелік тәсіл оқыту әдісіне айналады. Мысалы:
1.Егер мұғалім баяндау процесінде суреттерді демонстрациялап көрсетсе, онда демонстрация әдістемелік тәсілге жатады.
2. Оқушылар зерттеу негізінде суреттер мен танысып, тақырып бойынша нақты білім алса, онда суреттерді демонстрациялау әдіске, ал баяндау тәсілге жатады.
3. Лабораториялық сабақтың мәнін және мағынасын анықтайтын әңгіме әдістерінде қолданылады.
4. Егер оқушылар лабораториялық тапсырманы өз бетінше орындауға кіріссе, ал мұғалім сол дербес жұмыс процесінде тек әңгіме элементтерін қолданса, әңгіме тәсіл ретінде пайдаланылады. Әдіс және тәсіл педагогикалық ұғым. Олар жеке пәндерді оқытқанда қолданылады. Мысалы, тарих сабақтарында хронологиялық әдіс, арифметикада бүтін (тұтас) сандар әдісі, химияда және физикада лабораториялық, практикалық жұмыстар қолданылады.....
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?