Шыңғыс Айтматов (1928-2008)

 Шыңғыс Айтматов (1928-2008)

Шыңғыс Айтматов (қырғызша: Чынгыз Айтматов) (1928 ж. желтоқсанның 12 Шекер, Қырғыз АКСР - 2008 ж. маусымның 10, Нүрнберг, Алмания) - ойшыл гуманист, данагөй, қазақ-қырғызға ортақ халық жазушысы, Социалистік Еңбек Ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының үш мәрте иегері және Лениндік сыйлықтың лауреаты.
Ш. Айтматовтың бүкіл шығармашылығы мен өмірі бастан-аяқ қазақ халқымен тығыз байланысты болды. Сонау «Жәмиладан» бастап, әлемге танымал «Қош бол, Гүлсары», «Ақ кеме», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Жанпида» сияқты барлық шығармаларындағы көркем образдарының рухы мен мінезі қырғыздан гөрі қазаққа өте-мөте жақын еді. Жазушының өзі де қазақ ауылымен іргелес, қоныстас жерде туып-өскен. Әкесі Төреқұлды Тұрар Рысқұлов қолынан жетектеп жүріп, Ташкентке оқуға түсірген. Кейін қырғыздың көрнекті қоғам қайраткері болған, 1938 жылы «халық жауы» ретінде атылып кеткен Төреқұл Айтматов Т. Рысқұловтың тікелей тәрбиесін көрген шәкірті болған.
Мұхтар Әуезовті өмір бойы пір тұтып өткен жазушы жазып жатқан жаңа шығармасын Жуалы топырағынан бастамақ болған еді. Қазақстандағы БТА банктің құрметті президенті болып тағайындалған. Жазушының кандидатурасын жақында түркітілді елдердің мәдениет министрлерінің кеңесі (ТҮРКСОY) түрік әлемінің атынан Нобель сыйлығына ұсынғанды. Және Ш. Айтматов түркі әлемінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін ТҮРКСОY тағайындаған халықаралық көрнекті сыйлықтың тұңғыш лауреаты атанған.
2008 жыл Қырғызстанда Айтматов жылы болып жарияланғаны белгілі. Осы жылдың желтоқсан айының 12-де 80 жасқа толатын жазушының мерейтойы халықтық мереке ретінде тойланбақ еді. Жоғарыда айтқан ТҮРКСОY сыйлығы осы 80 жылдық мерейтойына орай тапсырылмақ еді. Тағдыр оны кемеңгер жазушыға тірі көруді жазбапты.
2008 жылы маусымның 10 күні «Адамзаттың Айтматовы» атанған Айтматов 79 жасында Алманияның Нүрнберг қаласындағы ауруханада бүйрек ауруынан қайтыс болды. Жазушының мүрдесі маусымның 14 Бішкек 10 км маңындағы Чон-Таш (Шын-тас) ауылындағы «Ата-Бейіт» мемориалды-мұражай кешеніне қойылды. Сол күн Қырғызстанда ұлттық қайғылқ деп жарияланды.
Тарихи танымы мен рухани дамуы есте жоқ ескі замандардан бермен қарай сабақтасып жататын қазақ-қырғыз ұлыстарының ұлағат биігінен орын алған ортақ мұралары туралы сөз болғанда, ойға оралатын құндылықтар шоғыры адамзат өрке¬ниетінің өзекті бір бөлшегін құрайтынын байқаймыз. Санадан туындайтын салт пен дәстүр, таныммен сабақтасатын тылсым сырлы толғаулар жүйесі тоғысатын тұстарда да қазақ пен қырғыз жұртының рухани үндестігі менмұндалап тұрады.
Басыма кидім ақ қалпақ,
Оюлап шетін сырғызған.
Менің де бетім жап-жалпақ
Айырмам қане қырғыздан!?
- деп жырлаған көрнекті қазақ ақыны Әбіділда Тәжібаев өлеңіндегі тірлігі бір ордалы жұрттардың абзал бейнесі - рухани бірлік пен адами үндестіктің тарихи дамуда сирек кездесетін нұсқасы. Адамзатқа ортақ құндылық - ұлы "Манасты" құбылмалы саясаттан арашалап алуға ат салысқан ұлы Мұхтар Әуезов дәстүрінен дәрмен көрген текті тұлғалар, қай-қай заманалар болсын, "бір туған" ниетті қос ұлыстың игі бірлігіне дәнекер болудан жазған емес.
Шыңғыс Айтматовтың алыстарды шарлаған атағы мен даңқына шын пейілімен қуана қол соққан қазақ қауымының, ұлы суреткерге деген ықылас-пейілінің уақыт пен замананың барлық сынынан сүрінбей өтіп келе жатуының да бір жұмбағы осы ұлттық-адами тереңдіктерде жатса керек. Шыңғыс десе: "Адамзаттың Айтматовы", дейтін сөз тіркесі көлденеңдейді. Бұл, заңғар суреткерге қазақ бауырларының дуалы аузымен телінген толағай теңеу болатын. Өз дәуірінің өзегін жарып шыққан дара перзенттерге тән ерекше қасиеттердің көшбасында олардың еткен еңбегі мен тындырған шаруасының жалпы адамзатқа түсінікті болуы жатады. Тілі мен дініне, әдеті мен ғұрпына, қоғамдық құрылысы мен қауымдық қағидасына, идеологиясы мен идеясына қарамай мұхит асып, теңіз басып, биіктіктермен біте қайнасып кету үрдісі де дара тұлғаларға тән құбылыс десек, Шыңғыс Төреқұлұлы осы қатардан ойып тұрып орын алған ғасырлық құбылыс.
Адам бойындағы асыл қасиеттердің арда тармағын алаулы азаптар құрсауында ғұмыр кешкен, біреулер үшін - көптің бірі, енді біреулер үшін - биік рухтың, бірегей болмыстың иелері - Жәмила мен Данияр бейнесі арқылы жеріне жеткізе ай¬шықтап берген жас Айтматов "тау мен дала жыршысы" биігінен ешқашан аласарған жоқ. Қарапайым тіршілік пен қатыгез болмыстың ара-қатынасында жататын иірімдердің илеуінен шыққан жазушы кейіпкерлері, зерделі оқырмандардың сансыз толқынын: "Қайткенде адам қалады адам болып?..." - дейтін тереңге жетелеп келеді, әлі де жетелей берері сөзсіз. Суреткер мұраты - Расул Ғамзатов айтпақшы: "Адамдар менің жұлдызым, соларға жетсем болғаны" - десек, Шыңғыс Айтматов сол мұраттан көрінген жазушы.
Өркениет тарихына өзіндік бетбұрыс әкелуімен ерекшеленетін ХХ ғасырдың адамауи галереясын жасаған суреткерлер, өздеріне тұстас дәуірдің ғаламшар кезіп, мұхит табанын тоздырып, жер құрсағын індеткен пенделерінің іс-әрекеті ар¬қылы уақытқа уағыз айтушылар биігіне көтерілгенін кез келген адамға мойындата алатын мысалдар жеткілікті. Осы тұста Габриэль Гарсиа Маркестің "Жүз жылдық жалғыздығы", Михаил Шолоховтың "Тынық Доны" мен "Адам тағдыры", Эрнест Хемингуэйдің "Шал мен теңізі", Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" эпопеясы болып жалғаса беретін ғасырлық сөз-тұлғалар сөресінде "Қош бол, Гүлсары" "Боранды бекет", "Кассандра таңбасы" тәрізді құндылықтардың тұруының сыры неде дейтін сұрақтың көлденеңдеуі бек мүмкін. Сана сапырылысын сабырға шақыру үшін мифологиялық өрімдер мен табиғи таным деңгейіндегі өрістерде жатқан қарапайым қағидаларды шендестіру, орға түсуді оқыстан дегенімізбен одан шығудың тәсілі біреу-ақ екендігін мойындай білу, немесе мойындата білу шығар. Айтматов феномені міне, осындай құбылыстардан тұратын күрделі әлем болғандықтан жоғарыда тілге тиек еткен қарапайым сұрақтың жауабын да осы тұстардан іздеп көруіміз керек.
Жалпы "Илиада" мен "Одиссея", "Махабхарата" мен "Манастан" бермен қарайғы "адами оқулықтардың", шамамен "Дон-Кихоттан" бастап екінші демі ашылды деп пайымдауға әбден болатын сияқты. Әңгіме, асыра дәріптеу мен әсірелей әрлеуден, тарихи баяндаудан бірте-бірте арыла бастаған сөз өнері, енді екінші бір ерекше әлем - адам зердесінің ішкі иірімдері мен ой толқындарынан бастау алатын таным табиғатына қарай бет бұра бастаған тұс туралы. Әдеби әлемнің осы екінші кезеңінде туған жұлдыздар шоғыры ерлік пен өрліктің, зұлымдық пен махаббаттың, наным мен сенімнің шырмала шиеленген қиын түйіндерін залалсыз шешіп, зардапсыз тарқату тәсілін зерттеп, зерделей бастады. Дәл осы екінші кезеңнің тұсында күшті мен әлсіздің, билік пен бұқараның, пенде мен табиғаттың ара-қатынастарындағы аласапыран арпалыстардың асау ағындарынан қан мен тердің, қайғы мен қасіреттің, үміт пен мақсаттың ара-жігін ажырату амалдарын іздеу мұраты алға шықты.
ХХ ғасырда сол мұраттың көсегесін көгерткен топтың бел ортасында Шыңғыс Айтматовтың суреткерлік тұлғасы тұр.Қазақ пен қырғыздың қадым заманнан бері көзінің қарашығындай сақтаған қасиетті жәдігерлері - таулары мен далаларының биіктігі мен кеңдігін, оларда ғұмыр кешкен толымды тұлғалардың жан әлемі арқылы жер-жаһанға жар сала дәріптеген заңғар суреткердің өзіне тұстас дәуір болмысына тигізген әсер-ықпалы да зор болғанын мойындауымыз керек.
"Адамзаттың бәрін сүй", дейді қазақтың бар жақсысының басында тұрған ұлы Абай. Сондықтан да болар, Ш.Айтматов "Жанпида" романының бір желісі ретінде Інжіл аңыздарымен астасқан мыңжылдықтардың бүгінгі болмысын алуан түрлі ұлт өкілдерінің іс-әрекеттері арқылы әдіптеп, "тәуелсіздік теориясының" мәңгілік заңдылықтарын, Жер бетінен жұмақ іздегендердің жанпида тірлігінің түйінін - "бостандық - заң заһарынан жасқанбағанда ғана бостандық. Басқа жағдайдың бәрі - далбаса" - дейтін философиялық тереңмен ұштастырады. Жалаң түсініктер мен жадағай ұрандар шеңберінде "анархия" ұғымымен түстес болып келетін осынау ой-түйіннің негізгі нысаны - адам болудың алғы шарттарымен астасатын құнды¬лықтарды көксеудің, түптеп келгенде: "Қайткенде адам қалады адам болып?!" мұратының аңсауы жатқандығын ойлы оқырман жазбай таныры анық.
Айтматовтың шабытты шағы адамзат тарихының алмағайып арпалыстар жан алып-жан беріскен қанқамау тұсына дәл келді. Ал ұлы суреткер өмір сүрген орта - бір-бі¬ріне қарама-қайшы, бірін-бірі жағадан алып, етектен тартқан екі наным мен екі сенімнің майдан даласы еді. Шеңберден шығып кету мүмкіндігі мыңнан біреу ғана бұйырған қоғамда жүріп-ақ адамзатқа ортақ қауіптің - қоғамдық құрылыстар мен идеологиялық ұстанымдардың түр-түсіне қарамайтынын асқан шеберлікпен алғаш айтып бергендердің де көш басында Шыңғыс Төреқұлұлы тұр.
Адамзат тарихындағы "ең жетілген, еңсесі биік, ережесі қатал" коммунизм құрушы қоғамның ішкі дерті мен қайшылығын елден кетіп, еңсесін түсірмей-ақ, тек суреткерлік құдіретпен сыналап сипаттап, жаңқаламай жарып орны-орнына қоя біл¬ген, көрнекі жерге көрмелеп орналастырып, қауіп-қатердің алдын алуға шақыра білген шеберлердің де көш басында Шыңғыс Төреқұлұлы тұр.
Адамзаттың ортақ арманын, ортақ мақсатын, ізгі үмітін оңаша отырып ой елегінен өткізгендер тобын тарлан тарих тұлғалар қатарына қосады. Жарық пен көлеңкенің көлбеуінде жатқан көмескі сызықта күн кешумен өркениет өрімдерін еселейтін - адамдардың ара-қатынасындағы айтса ауыз бармайтын, айтпасаң арың шыдамайтын, арпалыстарды ақ пен қара деп ежіктемей суреттеп беру үшін де тұлғалық тұрпат керек. "Жәмиладан" басталып, "Жанпидамен" жалғасып, "Кас¬сандра таңбасымен" дами түскен сөз дәуірінің Шыңғыс Айтматов өнерінің шоқтығын биіктетіп тұрған, әрбіреуі бір-бір кезеңіне татитын шығармалар шоғыры бұл күнде адамзатқа ортақ құндылықтарға айналды.
Аңыз бен ақиқатты астастыру, жаратылыс пен жарық дүниені үндестіру, есте жоқ ескі заманалар елесінің шұбатылған шырғалаңын шегендеген шындық пен әділдіктің алтын арқауын айшықтау, өмір мен өлім заңының қос биігін пайымдау, адами болмыстың Шығысы мен Батысында барымтаға түскен құндылықтардың көнбіс құдіретін толғау жөнінде дәл қазір Айтматовтың алдына түскен суреткер кемде-кем. Айдай әлемге қазақ пен қырғыз ұлысының ұлағатынан нәр алған тау мен дала бейнесін тарту еткен тұлғаның, әдебиет әлеміне, қала берді - адамзат өркениетіне қосқан үлесі туралы сөз қозғауымыздың басты себебі де осы төңіректен өрбіген болатын.
Сондықтан да, сауатты сәтке тап болып, толағай заманда өмір сүру мұратына жеткен әрбір адамның, Шыңғыс шығармаларын тәптіштеп талдаумен, ежіктеп түсіндірумен әуреге-сарсаңға түспеуі керек. Шыңғыс Айтматовты тек оқу керек!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?