Бата түрлері


Бата беру — Қазақ халқының ежелден келе жатқан өзіндік орны бар салт-дәстүрлерінің бірі. Халқымыз ақ ниетпен бата беріп, жақындары үшін тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. Оны кез келген адам айта бермейді және тойдағы тілектен айтарлықтай өзгешеленеді. Кімге қаратып айтылатынына қатысты да мәтіні өзгеріп отырады. Бата берудің мақсат-мазмұны сан түрлі болып келеді. Сонау көне заманнан келе жатқан игі дәстүрге халық ерекше мән берген. Күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан ақ бата берудін, алғыс айтудың жас ұрпақты кішілік пен кісілікке тәрбиелеуде айтарлықтай әсері бар.

Баталардың түрлері

Бата қай кезде және кімге қарата айтылып тұрғанына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Олар — жарапазан батасы, серттесу батасы, жол батасы, жаңа ай батасы, теріс бата, соғым батасы, көші-қон батасы, жас отау иелеріне арналған бата және өлім шыққан үйде айтылатын бата және т.б.


Мазмұны:


Ас батасы

Бұл бата дастархан жайылып ауызға асты алмас бұрын және тамақтанып болғаннан кейін беріледі. Халқымыз әр кез тамақ ішкен сайын «Асқа адалдық, денге саулық» деп тілек тілеп отыруды өздерінің адамдық парызы деп білген.

Мысал:

Асың, асың, асыңа,
Береке берсін басыңа!
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа!
Сенен байлық өтпесін,
Тәңірі берген берекең
Тепкілесе кетпесін.
Желіңнің екі шетіне,
Тай шаптырса жетпесін!


Наурыз батасы

Халық мерекеде қыдырып, үйді-үйге барып көже ішіп жүргенде берілетін бата түрі. Аты айтып тұрғанда көбінесе Наурыз мерекесі кезінде беріледі. Әдетте бұл батаның мәтінінде «Жасыңыз ұзақ болсын! Көктем көңілді, ұрпақтар өмірлі болсын! Ұлыс береке берсін, пәле жала жерге енсін»сынды тармақтар болады.

Мысал:  Батаның түрлері — Баталардың түрлері

Әумин! — бата берейін,
Жақсылықты терейін.
Жаңа жылда жараңдар
Үстем болсын мерейің!
Жақсылыққа бас болып,
Ауылымызда ас болып,
Келген Наурыз құт болсын!
Жүгінелік ақылға
Араздыққа жол беріп,
Отырмайық тақырға.
Жермен бірге жаңарып,
Көңілде кір қалмасын!
Сырттағы жау жаланып,
Жағаға қол салмасын!
Есіктен кірген емініп,
Төр менікі демесін.
Еңістен келген тебініп,
Өр менікі демесін!
Наурызбенен жаңарсын
Тәніміз бен жанымыз
Жақсы негіз қалансын
Жарасып ән сәніміз!


Сапар батасы

Қазақ елі ұл-қызы алыс сапарға немесе өмірін бәске тігіп жорыққа аттанарда халықты жинап, ішінен ең сыйлы деген азаматтан бата сұрайтын болған. Осыдан кейін адамның сапары немесе жорығы сәтті болып, елге аман-есен оралады деген наным қалыптасқан.

Мысал:  Батаның түрлері — Баталардың түрлері

Жолыңды Алла қолдасын,
Жаманшылық болмасын.
Серті мен сөзде тұратын,
Сенімді болсын жолдасың.
Жолыңды кесем дегендер
Ешқашанда оңбасын.
Сәтті болып істерің,
Жақсы болсын түстерің,
Жортып бір жортып жеткенде,
Жомарт болып төсегің.
Жұғымды болсын ішкенің
Көрмеген жерді көріп қайт,
Қайырылып сәлем беріп қайт.
Ырзығың сыртта шашылса,
Оны да түгел теріп қайт.
Айдарыңнан жел есіп,
Желіп барып, желіп қайт.
Бақ қосылып басыңа,
Дақ түспей ар мен бағыңа,
Сау-саламат өзіңмен
Кездесейік тағы да.


Балаларға арналған бата

Қазақ халқында сәби жаңадан дүние есігін ашқан сәтте ұзақ жасап келе жатқан қариялардан бата сұрайтын болған. Сондай-ақ, ата-аналар ұлдары ат жалын тартып мініп, қыздары іс тігуге жарап қалғанда өздері ұнатқан адамдардан бата сұрайтын болған.

Мысал:      Батаның түрлері — Баталардың түрлері

Өмір-жасы ұзақ болсын,
Маңайы аққан бұлақ болсын,
Əр күні қызық, шуақ болсын,
Жер-ана жайлы тұрақ болсын,
Жомарттың қолын берсін,
Жортқыштың жолын берсін,
Қыздың қылығын берсін,
Судың тұнығын берсін,
Даланың кеңдігін берсін,
Батырдың ерлігін берсін,
Ақынның өрлігін берсін!


Той батасы

Бұл бата түрі екі түрлі жағдайда айтылады. Біріншісі — той иелеріне бата беру мақсатында, екіншісі осы тойға арналған малды соятын кезде.

Мысалы:          Батаның түрлері — Баталардың түрлері

Той тойға ұлассын,
Тойдан кенде қылмасын!
Өлең-жыр боп күндіз-түн,
Ауыл-аймақ жырғасын!
Құтты болып қуаныш,
Еш жамандық болмасын!
Қызыр дарып, бақ қонып,
Құдай өзі қолдасын!
Болсын тойың торқалы,
Қуандырсын баршаны.
Қарық болсын кəрі-жас,
Өлең айтып, əн салып!
Көрген досың сүйінсін,
Көре алмаған күйінсін!
Берекелі тойыңа,
Игі жақсы жиылсын!
Аллаһуакбар!


Қарияларға берілетін баталар

Қазақта бата жастарға ғана емес, бата айтушылардың өздеріне де беріледі. Ақ сақалды аталар мен ақ самайлы әжелер өздері ұнатқан данагөй жандарды шақыртып алып бата сұрап алатын болған.

Мысал:  Батаның түрлері — Баталардың түрлері

Уа, қария, күйлі болыңыздар,
Ел-жұрттарыңызға сыйлы болыңыздар!
Немере, шөбере, шөпшек көріп,
Тоқсан отау үйлі болыңыздар!
Түндеріңіз тыныш болсын,
Үйлеріңізге ырыс толсын!
Ұлдарыңыз десті болсын,
Келіндеріңіз есті болсын!
Орындарыңыз төр болсын,
Мəртебелеріңіз зор болсын,
Ел-жұрттарыңыз тоқ болсын,
Қатарларыңыз көп болсын,
Қам-қайғыларыңыз жоқ болсын!
Аллаһуакбар!


Қыздар мен келіндерге берілетін баталар

Өсіп келе жатқан қыздың ақылына көркі сай, білімді де ісшең болсын деп қарттардан ықылас баталарын сұрайтын болған. Бұдан өзге ата-енелер келіндерін қыздай еркелетіп, оларға дастарханнан ас немесе табақтың түбін, кейде тіпті ішіп отырған шайын ұсынатын болған. Мұндайда келін орнынан атып тұрып сәлем берген. Осындайда қариялар келіндерге бата беретін болған.


Мысалы:

Қыздарың қылықты болсын,
Ғаламат білікті болсын.
Күндей нұрлы болсын,
Гүлдей түрлі болсын.
Өлмес өнер берсін,
Əн-жыр, өлең берсін.
Теңдессіз дарын берсін.
Ізгіліктің бəрін берсін.
Талдай бой берсін,
Таудай ой берсін.
Жаздай жамал берсін,
Оттай жанар берсін!
Аллаһуакбар!

—————————

Жасың ұзақ болсын,
Күнің шуақ болсын.
Басыңа бақыт қонсын,
Үйіңе жақұт толсын.
Балалы-шағалы бол,
Ағалы-жағалы бол.
Өркенің өсе берсін,
Бақытқа қолың жете берсін!


Шенді-шекпенділерге арналған баталар

Бұл бата түрі беделді қызметке жаңадан орналасқан азаматтарға беріледі. Мұндай батаны алдағы қызметінде айы оңынан туып, жолы болсын деген ниетпен береді.

Мысал:

Әумин десең есе берсін,
Қызырың кеп жетелесін.
Айларың аман кете берсін,
Күндерің күліп өте берсін.
Бақ-дәулет пен дәрежең,
Одан әрі өсе берсін!
Құлағың сақ болсын,
Ниетің ақ болсын,
Құлқының пәк болсын.
Көңілің шат болсын!
Дау-дамайдан қашпа,
Араныңды ашпа.
Қиындықтан саспа,
Қара қылды қақ жарып, елді түзу баста!
Аллаһу акбар!


Жас жұбайларға және күйеу бала мен қарындасқа арналған баталар

 Өз алдына түтін түтеткен жас жұбайлар отауларына кіріп орналасып алған соң сыйлы қариялар мен ағайын-туысқандарына дастархан жайып, кейін олардан бата сұрайтын болған. Сондай-ақ, үйлі-баранды болып үлгерген ерлі-зайыптылар да өздеріне тілекші болып жүрген ағайын-туыстарын шақырып, олардан ықылас баталарын тыңдайтын болған.

Мысалы:

Бақытты бол, бағың ашылсын,
Әр күнің шаттыққа толсын.
Босағаңа жамандық жетпесін,
Төріңнен жақсылық кетпесін.
Ұлдарың оншақты болсын,
Қыздарың моншақты болсын.
Бастарыңа бақ қонсын,
Жаратқан ием жақ болсын.
Ынтымақ серік болсын.
Шаңырақтарың биік болсын.
Несібе-ырыс иіп келсін.
Дастархандарың кең болсын.
Қызық-қуаныш тең болсын.
Үй-іштерің мерекелі болсын,
Өмірлерің берекелі болсын.
Тілектерің ақ болсын,
Махаббаттарың пәк болсын.
Дастарқандарың берекелі болсын,
Отбасыларың мерекелі болсын.
Өмір-жастарың ұзақ болсын,
Жолдастарың Қызыр болсын!
Қораларыңнан қой кетпесін,
Есіктеріңнен той кетпесін.
Көшкенде көлікті болыңдар,
Өлшеусіз өрісті болыңдар!
Халық сүйер аға болыңдар,
Тоңдырмайтын жаға болыңдар.
Қиын жерде жол табар,
Дарқан ойлы дана болыңдар!
Аллаһуакбар!


Шаңыраққа баталар

Алыстан ат терлетіп келген қонақтар өздері түскен шаңыраққа алғыс ретінде бата-тілектерін айтатын болған. Ел мен жерге берілетін бата да осы іспеттес. Бірақ ол бір шаңыраққа емес, бүкіл елге беріледі.

Мысал:

Шаңырақтарың шайқалмасын,
Бақ-дəулеттерің ортаймасын.
Жаратқан Иең жар болып,
Не сұрасаң да қайтармасын!
Шаңырақтарың сыйлы болсын,
Отбасыларың дулы болсын.
Қоныстарың нулы болсын,
Өрістерің сулы болсын!
Аллаһуакбар!


Серттесу батасы

Батаның бұл түрін ел арасындағы маңызды үлкен шараларда, белгілі бір жағдайға байланысты уәде мен серт берген кезде және құдалық барысында беретін болған. Оның өзге түрлерінен басты ерекшелігі — әруақ, ақсақал, хан және билер алдында беріліп, соңында қол алысатындығында. Халқымыз сертті бұзуды қарғысқа ұшыраумен теңестірген.

Бұл бата түріне этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметұлы бір мысал келтірген-ді. «Шақшақ қайтыс болғанда (ХVII ғасыр) оның жас әйелі Сомалтынды жақын қайнысы Әйдеркеге қосады. Осы Сомалтынның Шақшақтан туған жас баласы Есназар мен Әйдеркеден туған Жылқыайдар екеуі енелес. Екі бала бірге өсіп, ер жеткеннен кейін елдің басты адамдары жиналып: «Сомалтын қасиетті, өнегелі ана болды. Бұдан былай одан туған Есназар мен Жылқыайдар бір ананың баласы болғандықтан, қанша ата өтсе де, бір-бірінен қыз алыспасын, өмір бойы туыс болып саналсын», — деп, қол жайып, баталасыпты. Міне, сол бата арада 400 жылдай уақыт өтіп, арасы 12 атаға толса да, әлі бұзылған жоқ», — деп баяндады оқиғаны этнограф.

Мысал:

Құдай сені қор қылсын,
Дұшпаныңды зор қылсын!
Жетейін дегенде жер қылсын,
Еңбегіңді сор қылсын,
Басқан жеріңді шөл қылсын,
Көз жасыңды көл қылсын!
Қайғың қалың шемен болсын,
Шыға алмайтын терең болсын!
Аузыңа жылы су тимейтін,
Күнің иттен төмен болсын!
Өмірден мəңгі қор болып өт,
Ел бетіне қарай алмай, жер болып өт.
Еш жақсылық, қызық көрмей,
«Не болдым» деп зарланып өт!
Іздегенің табылмасын,
Қасіретің жазылмасын,
Басыңнан пəле арылмасын,
Өлсең бетің жабылмасын!


Теріс баталар

Халқымыз әрдайым жұрттың қарғысына ілігіп, теріс бата алудан сақтанған. Теріс батаны қарғыс пен жазаның ең ауыр түрі деп қарастыруға болады. Мұндай бата көп жағдайда ата-тегін көпшілік алдында ұятқа қалдырғандарға беріледі. Ғалымдардың айтуынша, қазақ қоғамында батаның бұл түрі сирек айтылған. Бұдан өзге теріс батаны алғаннан кейін оны қайтару үшін жалбарыну рәсімдері жасалатын болған.

Теріс батаға мысал ретінде «Қыз Жібек пен Төлеген» жырын қарастыруға болады. Аталған жырда Төлегеннің теріс бата алған жері сипатталған. Осыдан кейін оның ісі оңға баспай, ақырында жарық дүниемен қош айтысты. Яғни халқымыз теріс батаның әсері күшті деп есептеген.


Ықылас батасы

Қалыптасқан дəстүр бойынша, ақсақалдар мен үлкен кісілер өздерін сыйлап, құрметтеп, бір шыны қара шайы болса да қабақ шытпай беріп, ықылас-бата сұраған адамдардан адал ниетімен ықылас батасын аямаған. Алайда, ықылас батасы үй иесінің кісілігі, мақсат-мұрат, талап-тілегі бойынша əр алуан мазмұн, түрлерде беріле береді. Мысалы, үй иесі жас сəбилері үшін бата сұраса, онда батагөй қариялар:

Балаларыңның жасы ұзын болсын,
Жолдасы Қызыр болсын,
Өнері тасып-толсын,
Басына бақыт қонсын!
Басты болсын,
Малды болсын,
Өз құрбысының алды болсын!
Тілді болсын,
Жақты болсын,
Ел мақтайтын жақсы болсын! – деген мазмұндарда бата береді.


Егер жаңа үйленіп, жас отау көтерген азаматтар болса, онда:

Басты болыңдар,
Малды болыңдар.
Өз құрбыларыңның алды болыңдар!
Кейінгілерге аға болыңдар,
Тоңдырмайтын жаға болыңдар,
Қиналғанда пана болыңдар!
Ақ сақалды, сары тісті,
Болашақта дана болыңдар! –деп бата береді.


Ал, ұзақ жыл перзент көре алмағандар бата тілесе,онда оларға:

– Балалы-шағалы болыңдар,
Ағалы-жағалы болыңдар.
Немере-шөберелі болыңдар,
Туажат-неменелі болыңдар!
Пейілдерің тарылмасын,
Есіктерің жабылмасын.
Асыр салып ұл-қызың,
Күндіз-түні дабырласын! –деп ықылас білдіреді.


Ойда-жоқта келген құдайы қонақтарға бір малын көлденең тартып: «Əумин» деген ізгі ниетті, жомарт жандарға батагөй кісілер:

Малың семіз болсын!
Төлің егіз болсын!
Бізге бірді сойсаң,
Орнына тоғыз болсын!
Далақтатар даудан сақтасын,
Жалақтаған жаудан сақтасын,
Ашыққан бөріден сақтасын,
Ашынған ұрыдан сақтасын!
Артқаның түйе болсын!
Сауғаның бие болсын!
Дастарқаның берекелі болсын!
Отбасың мерекелі болсын!
Мəртебең асып тұрсын,
Бақ-дəулетің тасып тұрсын,
Біз секілді сыйлы қонақтар,
Күнде үйіңде басып
 тұрсын! – деп игі тілек пен ықылас батасын жаңбырша жаудырады.


Ақ батасы

Ақ бата – ата-ана мен ақсақалдардың, сондай-ақ, ел ағаларының ұрпақтарына білдірген жүрекжарды тілегі мен елі үшін еңбек сіңірген азаматтарына ақтарыла айтқан алғысы, яғни, ата-анасының ризашылығын алған перзенттер мен жас талаптарға, жорыққа, бітімге аттанғандарға, игілікті іс бастаған азаматтарға, құдалық жəне достық салтына, өнер қуған, ел тізгінін жаңа ұстаған талапты жастарға, жас отаулар мен «батаңызды беріңіз» деп өтінген адамдарға берілетін ықыластың бір түрі. Ол түрлі орта жəне нақты жағдайға қарай əр алуан мазмұнда жасала береді.

Мысалы, көп үшін еселі еңбек етіп, үлкен қызмет көрсеткен жастарға:

Ел-жұртыңның гүлі бол,
Шам-шырағы, нұры бол,
Көп жасай бер, қарағым!
Болашақта ірі бол,
Ірілердің пірі бол!
Батырлардай санды бол,
Сал-серідей сəнді бол,
Бақ-дəулетті, малды бол,
Өз құрбыңның алды бол! – 
деген мазмұнда бата берсе,

ал ата-анасының ризашылығын алған адал, арлы, кісілігі жоғары перзенттерге:

Көзімнің нұры бол,
Көңілімнің жыры бол!
Бақ құшып,
Бал жұтып,
Бабырдай ұлы бол!
Балдай бала бол,
Нардай дара бол,
Таудай талапты,
Фарабидей дана бол!
Майқыдай сыйлы бол,
Қорқыттай күйлі бол!
Асандай ақылды,
Бұқардай жырлы бол!
Аллаһу акбар! –
деп, ақ батасын ақ жаңбырдай жаудырады.


Алғыс батасы

Алғыс бата – ақсақалдар мен беделді кісілердің азаматтардың аса игілікті істері, ерен қызметі мен ел-жұртқа көрсеткен ең бектеріне деген ризалығы əрі ықыласы. Мысалы, ондай азаматтарға:

Өмір-жасың ұзақ болсын,
Жүрген жерің шуақ болсын,
Құдай өзі қуат берсін,
Сарқылмайтын суат берсін!
Жандарыңа жамандық бермесін,
Бастарыңа қам-қайғы келмесін,
Қойын-қоныштарың ақты болсын,
Ұрпақтарың бақытты болсын! – 
деп алғыс баталарын жаудырса,

ал кісілік, кішілік көрсетіп, қолдарына су құйып, қолтықтарынан демеп аттандырып жатқан жастарға:

Бақ-дəулетті, малды бол,
Өз құрбыңның алды бол!
Жаратқан ием жебесін,
Басыңа жамандық келмесін,
Аллаһу акбар! –деп ықылас білдіреді.


Игі бастамаларға берілетін баталар

Қазақ халқы бір игі істі бастау үшін, ауылдағы ақсақалды қариялар мен аузы дуалы білікті кісілерді шақырып, міндетті түрде баталарын алады. Бұл аузы дуалы қариялардың айтқаны айнымай келіп, ісім сəтті, шаруам табысты болса екен дегені. Ондай кезде қариялар:

Істеріңе сəт болсын,
Бастарыңа бақ қонсын!
Ата-баба аруағы,
Жебей берсін, жақ болсын!
Құдай өзі оңдасын,
Қызыр келіп қолдасын!
Сəтті болып бастама,
Бақыт-байлық мол болсын!
Ашық болсын күндерің,
Бассын ісің ілгері.
Талаптанған тайларың,
Болсын мəңгі жүлделі!
Аллаһу акбар! – 
деп ағынан ақтарылады.


Мереке батасы

Бейбіт күнге жаны құштар, əр таңым арайлап атып, əн-күй, мереке-мейрам, дыр-думанмен өтсе екен деп аңсайтын қазақ халқы, мереке-мейрам, айт-наурыз күндері мəре-сəре қуанып, күліп-ойнап, бір жасап қалады əрі ондай мерекелік бас қосуларда мынадай бата-тілектер беріледі:  Бата беру, қазақша бата тілектер

Мереке – мерекеге ұлассын,
Береке – берекеге ұлассын,
Қуаныш-күлкі тынбасын,
Бұлт баспасын шың басын!
Ұзағынан қуантсын,
Ұзағынан күлдірсін,
Ұзағына сүйінтсін,
Ұзағынан сүйдірсін!
Жаратқаным жақ болсын,
Халқымызға бақ қонсын!
Кетпей бастан бейбіт күн,
Ел-жұрт мəңгі шат болсын!
Аллаһу акбар! –
деп ықылас білдіреді.


Сапар-жорық батасы

Жат жұрттан теперішті көп көріп, əккі жау, айлалы дұшпаны аяғынан көп шалған қазақ халқы сапарға, жорыққа аттанар алдында бауыр-туыс, ел-жұртын жиып, ақсақалдары мен аузы дуалы білікті кісілерінен міндетті түрде бата алуды дағдыға айналдырған. Бұл сол қариялардың айтқаны келіп, сапарым оң, жорығым сəтті болса екен деген игі тілек негізінде қалыптасқан. Мұндайда батагөй қариялар:


– Жортқанда жолың болсын,
Сапардың оңын берсін,
Тұлпардың тоғын берсін,
Жігердің шоғын берсін!
Бет алдың оң болсын,
Мəртебең зор болсын,
Дұшпаның қор болып,
Алды-арты ор болсын!
Жолың ашық болсын,
Жауың қашық болсын,
Мерейің тасып-толсын,
Аман-есен қауышу
Барымызға нəсіп болсын!
Аллаһу акбар! –
деп бата береді.


Ас-нəзір батасы

Әдетте, ас-нəзірге сойылатын малға бата жасалмайды, тек мойнына немесе жалына ақтық байлап, Құран оқып, мал сояды, əрі дастарқан жайылған сайын марқұмға арнап Құран оқылып отырады да, дастарқан жиярда:

Марқұмның арты той болсын,
Ұрпақтары бай болсын!
Қам-қайғысыз күн кешіп,
Көңілдері жай болсын!
Ат тұяғын тай бассын,
Төңірегін жайнатсын!
Ата-баба дəстүрі,
Мəңгі үзілмей жалғассын!
Аллаһу акбар! – 
деп тілек айтады.


Қарияларға берілетін баталар

Қазақта бата-тілекті тек жастар ғана ала бермеген. Кей кездері жетпіс-сексенге келген ақ сақалды аталар мен ақ самайлы əжейлер де өздері ұнатқан қадірлі, аузы дуалы кісілерді шақырып баталарын алып, оны өздеріне рухани азық етіп, көңілдерін көтеріп, жігерлерін шыңдап отырған.

Əдетте қарияларға берілетін бата мынадай болып келеді: 

– Уа, қария, күйлі болыңыздар,
Ел-жұрттарыңызға сыйлы болыңыздар!
Немере, шөбере, шөпшек көріп,
Тоқсан отау үйлі болыңыздар!
Түндеріңіз тыныш болсын,
Үйлеріңізге ырыс толсын!
Ұлдарыңыз десті болсын,
Келіндеріңіз есті болсын!
Орындарыңыз төр болсын,
Мəртебелеріңіз зор болсын,
Ел-жұрттарыңыз тоқ болсын,
Қатарларыңыз көп болсын,
Қам-қайғыларыңыз жоқ болсын!
Аллаһуакбар! –дейді.


Сəбилерге берілетін батлар

Қазақ халқында «батамен ер көгереді» деп, көпті көрген білікті қариялардан, сондай-ақ, халық қадір тұтқан аузы дуалы қасиетті кісілер ден «мына жаман шаранаға батаңызды беріңіз!» деп, жаңа туған сəбилеріне де бата сұрайтын салт бар. Сондай кезде батагөйлер:


Өмір-жасы ұзақ болсын,
Маңайы аққан бұлақ болсын,
Əр күні қызық, шуақ болсын,
Жер-ана жайлы тұрақ болсын,
Жомарттың қолын берсін,
Жортқыштың жолын берсін,
Қыздың қылығын берсін,
Судың тұнығын берсін,
Даланың кеңдігін берсін,
Батырдың ерлігін берсін,
Ақынның өрлігін берсін,
Иасауидің даралығын берсін,
Фарабидің даналығын берсін!
Аллаһуакбар! –деп бата-тілектен бал ағызады.


Балаларға берілетін баталар

Балам адамгершілікті, өнер-білімді болса екен, өз құрбыларынан оза шауып, Отаны мен халқының қалаулы азаматы болса екен деп, жатса-тұрса жар құлақтары жастыққа тимейтін ата-аналар балалары ес біліп, өнер-білімге талпына бастаған кезде ауылдағы қадірлі, өнерлі қариялардың бірін үйлеріне шақырып: «Мына балаңызға батаңызды беріңіз, жолыңызды ұстап, арман-мұратыңызды жалғастырсын», – деп, балаларына бата сұрайды. Осы кезде батагөй қариялар:

Ұрпағың өнерлі болсын,
Өрісті болсын,
Іс-қимылы келісті болсын,
Ата-баба аруағы қолдап,
Еңбектері жемісті болсын!
Жары жібектей болсын,
Ары түлектей болсын,
Өнері өрлей берсін,
Жас басы төрлей берсін!
Аллаһуакбар! –деп аталық ықыласын білдіреді.


Қыздарға берілетін баталар

Қазақ халқы қыздарының ақылына көркі сай, өнерлі де білімді, іскер де ісшең болып есеюін тілеп, аузы дуалы, қасиетті қарттардың ықылас-баталарын алып отыруды өте бір игілікті іс деп қа рап, қыздары на ұлағатты кісілерден бата алып отырған. Сондай кезде қадірменді қарттар қыз ата-аналарының талап-тілегі бойынша:

– Қыздарың құлықты болсын,
Ғаламад білікті болсын.
Күндей нұрлы болсын,
Гүлдей түрлі болсын.
Өлмес өнер берсін,
Əн-жыр, өлең берсін.
Теңдессіз дарын берсін.
Ізгіліктің бəрін берсін.
Талдай бой берсін,
Таудай ой берсін.
Жаздай жамал берсін,
Оттай жанар берсін!
Аллаһуакбар! –деп үміт-тілекке толы баталарын береді.


Келіндерге берілетін баталар 

Қазақ келіндерінің ата-енелері мен ақсақалдарға шай құйып, ас-тағам əзірлеп, тік тұрып күтуі қалыпты құбылыс. Сондай кезде, төрде отырған қариялар оларға дəм ұсынады немесе табақтың түбін береді, кейде ішіп отырған шайларын береді. Сол сəтте келін орнынан тұ рып, ұсынған дəмді алып, қарияларға иіліп сəлем жасағанда қариялар:

Жасың ұзақ болсын,
Күнің шуақ болсын.
Басыңа бақыт қонсын,
Үйіңе жақұт толсын.
Балалы-шағалы бол,
Ағалы-жағалы бол.
Өркенің өсе берсін,
Бақытқа қолың жете берсін! –деп, аталық алғысын жаудырады.


Жас жұбайларға берілетін баталар 

Қазақта жаңа отау көтеріп, өз алдына түтін түтеткен жас жұбайлар үйлерін реттеп, шаруаларын ыңғайлап алған соң, ауылдағы қадірлі қарттар мен білікті кісілерін шақырып, отауларынан дəм тат қызып, баталарын алады. Осындай ғұрыптан соң қарттар оларға:

Отауларың от болсын,
Бақыт-байлық көп қонсын.
Ұрпақты боп лайым,
Еш қам-қайғы жоқ болсын!
Пейілдерің тарылмасын,
Есіктерің жабылмасын.
Сыйлы қонақ күнде кеп,
Төрлеріңе дамылдасын!
Өмірлерің бал болсын,
Ұрпақтарың нар болсын.
Ата-баба аруағы
Өздеріңе жар болсын!
Аллаһуакбар! –деп бата береді.


Шаңыраққа берілетін баталар

Қазақ салтында алыс жерден, өзге ру-тайпалардан келген білікті кісілер өздерін сыйлап, құрметтеген қасиетті қара шаңырақтарға мынадай мазмұндарда бата береді:

Шаңырақтарың шайқалмасын,
Бақ-дəулеттерің ортаймасын.
Жаратқан Иең жар болып,
Не сұрасаң да қайтармасын!
Шаңырақтарың сыйлы болсын,
Отбасыларың дулы болсын.
Қоныстарың нулы болсын,
Өрістерің сулы болсын!
Аллаһу акбар! –деп алғысын ақтарады.


Ел мен жерге берілетін баталар

Қазақта бөтен ел, бөтен жерден келген кісілер ерекше сыйлы болады. Оларды барған елі тік тұрып күтеді. Сондай кезде қонақтар ел мен жерге деген ризалықтарын білдіру үшін мынадай баталар береді:

Ырыс қонған жеріңе бата,
Меймандос еліңе бата,
Аққан суыңа бата,
Асқар тауыңа бата,
Қолдасын Қызыр ата!
Жерлеріңде жұт болмасын,
Төрлеріңе құт орнасын.
Ел-жұрттарың жамандық көрмесін,
Ұрпақтарыңның десі өрлесін!
Аллаһуакбар!


Күйеубалалар мен қарындастарға берілетін баталар 

Әдетте, бастарына үй тігіп, бауырларына қазан асып, үйлі-баранды болған білікті күйеу балалар мен қыз-қарындастар ата-ана, аға-бауырларының ықылас-баталарын алу үшін оларды үйлеріне шақы рып қонақ еткенде: «бізге баталарыңызды беріңіздер» деп үлкендердің баталарын алады. Осы кезде батагөй қариялар:

Дастарқандарың берекелі болсын,
Отбасыларың мерекелі болсын.
Өмір-жастарың ұзақ болсын,
Жолдастарың Қызыр болсын!
Қораларыңнан қой кетпесін,
Есіктеріңнен той кетпесін.
Көшкенде көлікті болыңдар,
Өлшеусіз өрісті болыңдар!
Халық сүйер аға болыңдар,
Тоңдырмайтын жаға болыңдар.
Қиын жерде жол табар,
Дарқан ойлы дана болыңдар!
Аллаһуакбар! –деп аталық ақ баталарын береді.


Соғым батасы 

Қыс күндері қазақ халқы үй басы сайын түгел бір-бір ірі қарадан соғым сояды əрі бірін-бірі соғым басына шақырып қонақ етеді. Соғым ға шақырылған қонақтар: «соғым шүйгін болсын» деген игі тілек айтады. Ал, ет пісіп, алдыға соғым басы тартылып «Əумин» дегенде, жасы, жолы үлкен кісілердің бірі:

Соғым шүйгін болсын,
Ұрпақтарың тұйғын болсын.
Татқандарың тəтті болсын,
Келер күндерің жақсы болсын!
Отбасыларың аман болсын,
Бай-бақытты заман болсын.
Үйлеріңнен қонақ кетпесін,
Май қуырдақ-табақ кетпесін!
Аллаһуакбар! – деп бата жасайды.


Мал басына берілетін баталар 

Ақ көңіл де ашық-жарқын, қонақшыл қазақ елі құда-жегжат, бауыр-туыстарынан сырт, өнер-білім, үлгі-тағылымды адамдарды құшақ жая қарсы алып, бір малдарын алдарына көлденең тартып: «Əумин» деп бата тілейтін қасиетін күні бүгінге дейін сақтап келген жомарт халық. Сондай кездерде қонақтар үй иелерінің ынта-ықыласынасай мынадай баталар береді:

Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің.
Дастарқаның мол болсын,
Абыройың зор болсын!
Кең жайлауды жайласаң,
Тай-құлынды байласаң,
Сабаң толсын қымызға,
Шараң толсын уызға.
Өрісіңе мал толсын,
Ақ тілеуің жар болсын!
Өрендерің өр болсын,
Өрт мінезді ер болсын.
Көре алмаған дұшпаның,
Көрге кіріп жер болсын!
Аллаһуакбар! – деп, адал көңіліне ақ тілек арнайды.

Қорыта айтқанда, қазақ халқы бата арқылы өзінің жан-жүрегінде жатқан ізгі тілектерін жеткізіп, бір адамның немесе халықтың тілеуін тілейтін болған. Сондай-ақ, бата беруші қариялар да халық алдында беделін түсіріп алмауға, бата беруге лайық болуға тырысқан.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу