Баталар жинағы


Жас нәрестенің шілдеханасынада берілетін бата:
Нәрестенің бауы берік болсын,
Ата - анасына серік болсын!
Азамат болып ер жетсін,
Ақсақал болып төрлетсін,
Азамат болсын көрікті,
Ғұмыры ұзын берікті,
Қолқанаты көп болып,
Артынан ерте берсін серікті,
Мінезі болсын салмақты,
Өнері болсын жан - жақты,
Осы айтқанның бәрі келсін,
Алла берсін зор бақты,
Аллаһу әкбар!...

Тұсау кесерде айтылатын бата:
Жас ұрпақ өмірлі болсын,
Тұрмысы көңілді болсын.
Ата - анаға мейірлі болсын,
Ағайын - туысқа пейілді болсын.
Өнеге - білімге зейінді болсын,
Он саусағы майысқан шебер болсын.
Ел қорғайтын батыр болсын,
Шындықты айтар ырқы болсын.
Халқым деген жүрегі болсын,
Жұртының қамқор тірегі болсын.
Абыройы өрлесін,
Жаманшылық көрмесін!
Әумин!

Беташарда берілетін бата:
Жаратқан ием, Тілегімді қабыл ет,
Иманымызды кәміл ет,
Ынтымақсыз алаусыз,
Қырқыстан сақта,
Әрі тарт, бері тарт
Жұлқыстан сақта.
Төріңді билер,
Жатыңнан сақта.
Көк долы қатыннан сақта.
Руға бөлген наданнан сақта,
Жақсылығы өзінен артылмас,
Адамнан сақта.
Қара жүрек есерден сақта,
Нан аттаған кесірден сақта.
Кеуде керген көргенсіз,
Келіннен сақта.
Мезгілсіз келген өлімнен сақта.
Татымсыз тұзыңнан сақта,
Бетіңе күлген сұмнан сақта,
Бетімен кеткен жыннан сақта.
Жалғасқан бәледен сақта.
Бас кетер жаладан сақта.
Қайырсыз малдан сақта,
Қазымыр шалдан сақта,
Адасқан елден сақта,
Ез болған ерден сақта.
Төтенше нәубеттен сақта,
Міндетшіл жекжаттан сақта.
Ия, жаратқан,
Өмір берсең, жайлы ғып бергін.
Дәулет берсең сайлы ғып бергін.
Әйел берсең, әдепті болсын,
Алыс - жақынның көңілі толсын.
Ұл берсең, от болсын,
Қыз берсең, шоқ болсын.
Келін берсең, келісті болсын,
Келешегі өрісті болсын.
Құда берсең, жолдасыңдай болсын.
Құдағи берсең, сырласыңдай болсын.
Ата - баба жолынан кім ассын,
Құдалық мың жылға ұлассын,
Екі жастың бақытын берсін,
Екі жақ қызықшылығын көрсін!
Әумин!

Ұл балаға берілетін бата:
Жорытқанда, балам, жолың болсын,
Қалтаң ділдаға толсын!
Бір толмасын, жылда толсын,
Өмір жасың ұзақ болсын!
Қатарыңнан озар, ерен бол,
Қыз кезінде терең бол!
Сынай қалса, құлақ сал,
Мақтай қалса – керең бол!
Әумин!

Қыз балаға берілетін бата:
Талдай бой берсін,
Сұңғыла ой берсін.
Жаздай жамал берсін,
Қардай жанар берсін!
Анаға шуақ болсын,
Ағаға қуат болсын,
Нәзік жаны болсын,
Еліңнің ары болсын,
Басына өнердің бағы қонсын,
Ақ орданың шамы болсын!
Әумин!

Наурызда берілетін бата:
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын
Қайда барсаң жолың болсын!
Жасың құтты болсын!
Өмір, жасың ұзақ болсын!
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін!
Пәле - жала жерге енсін!
Жарапазан батасы
Міне, бата, ақ ниет,
Бола берсін берекет.
Қиын дейді қиямет,
Жақын дейді ақырет.
Құлшылық қыл Аллаға,
Қыл көпірмей таймай өт!
Кірсін дәулет,
Шықсын бейнет,
Алла атымен ниет ет.
Жоқ - жітікке рақым ет.
Тәңір сені қолдасын,
Уайым - қайғы болмасын.
Қабыл болсын оразаң,
Әулетіңді оңдасын!
Әумин!

Дастарханға берілетін бата:
Түндерің тыныш болсын,
Үйлеріңе ырыс толсын!
Келіндерің есті болсын,
Ұлдарың сесті болсын.
Балаларың қуаныш әкелсін,
Немерелерің жұбаныш әкелсін.
Орындарың төр болсын,
Дастархандарың мол болсын.
Қатарларың көп болсын,
Уайым - қайғыларың жоқ болсын.
Жастардың қазасын көрмеңдер,
Зұлымдардың жаласын көрмеңдер!
Еліңде бірлік болсын,
Жарасты тірлік болсын!
Әумин!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу