Мұсабек Байзақұлы (Тышқан мен түйе)

 Мұсабек Байзақұлы (Тышқан мен түйе)

Бір тышқан бір түйені жетеледі,
Елпектеп түйе байғұс кете берді.
Түйені тышқан байғұс жетектеп ап,
Маслихат құрған екен екеуі енді.
Тышқан айтты: «иығым қандай күшті,
Күшпен тартып істеймін әрбір істі.
Иықтың күштілігі бұл емес пе?
Таудай түйе қаңбақтай болып ұшты.
Қылмады түйе тақат тартқанына,
Қабы жоқ батпақ, топырақ артқанына.
Түйені мұрны тесік жетелеп ап,
Қарашы, қу тышқанның мақтанына.
«Көрінген қарағайдай қалың жусан,
Қылармын бәріңді апат біраз тұрсам.
Жолбарыс, ырылдаған қабылан, бөрі,
Шықпайды неге атың мендей тусаң?»
Осындай тышқан байғұс созады қол,
Мақтанып екі арада айтқаны сол.
Мақтанып тышқан байғұс келе жатса,
Алдынан кез кеп қалды бір терең ор.
Қараса ор дегені арық болды,
Өте алмай тышқан судан кәріп болды.
Отырды жағасына бүкірейіп,
Тышқанның жүдегені анық болды.
Түйе айтты басып ирең, ентелемей:
-Бұл жолды ұзақ салдың келтелемей.
Отырдың тышқан байғұс не себептен,
Бұл судан тәуекел деп өте бермей?
-Әр жерде ашыққанда жетуші едім,
Сырымды соған баян етуші едім.
Бұл арық кемерленіп жатыр толып,
Құлаш ұрып дариядан өтуші едім.
Түйе айтты:- жолды бастың жақсы-жаман,
Не демес мақтаншылық көңіл надан?-
Деді де балпаң-балпаң суға түсті,-
Мінеки, білдірем,-деп,-суды саған.-
Тышқанды қарап тұрып күйге салды,
Түйенің түскеніне қайран қалды.
Тышқанның қорыққан суын қараңыздар,
Түйенің тізесінен келмей қалды.
Бұл судан түйе палуан қайтып шықты,
Түйенің насихатын тышқан ұқты.
-Қорыққан суың тізеден келмеді,-деп,
Тышқанға судың сырын айтып шықты.
-Мен мұндай өте алмаймын күзеріңнен,
Қиқылдап бұған түссем жүземін мен.
Рас, түйе палуан мақтанғаның,
Парқы бар тізенің де тіземенен.
Тақсыр-ау, сіз бір ұлық, біз бір нашар,
Кей жаман ел білмейтін судай тасар.
Сен түскенде тізеден келген суың,
Мен түскенде төбемнен жүз кез асар.
Белгілі мақтаншылық әлі сондай,
Түйені бір азырақ салды жолға-ай.
Мақтанам деп азырақ тышқан «паулан»,
Ақыры сондай болып түсті торға-ай.
Парқы бар жақсының да, жаманның да,
Белгілі қас жаманның әлі сондай.
Жамандап біреуді алдап, әлі алданып,
Жүреді ісі шаппай сірә оңға-ай.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?