Қайсар Қауымбек (Қоштасу)

 Қайсар Қауымбек (Қоштасу)

Қызғандырмашы, мұз қалдырмашы кеудемде,
Тағдырда мынау табылу қиын жүрекке ем.
Сыздандырмашы онсыз да жүрек шерменде,
Көргенде сені дір еткен.

Кетесің енді, жетесің енді жарыңа,
Өтесің көзден сағым боп.
Шолпандай таңда шоқ тастап менің жаныма,
Өшесің лезде жалын боп.

Алтының болған алданышыңды ескермей,
Кетесің бойда ар-намысыңды мәңгі іркіп.
Ұлысам ба екен көкжалдың мұңын кешкендей,
Бар дауысымды жаңғыртып.

Не деймін, жаным,
Өгеймін бе, әлде тірлікке,
Кедеймін бе, әлде жазығым.
Лаулаған шақта, әттең-ай, әттең, білдік пе,
Тағдырдың жазған, тәңірдің жазған жазуын?!

Өртеніп, жанып өкініште өтер әр түнім,
Баянсыз бақ боп жолықтың маған несін сен?!
Бал түнін қиған, жар түнін қиған, жарқыным,
Алтыныңды енді кешір сен!

«Қойшы енді...» деймін өзімді-өзім жұбатып,
Қайғымнан сәтке қайтып бір.
Дегенмен қалқам төзімді сезім жылатып,
Сөзіңді көзің айтып тұр.

Аман бол енді, бағыңды мәңгі жырлайын,
Бәріне куә кірпікке қонған тамшылар.
Уыстағанмен қолыңда тұрмас құмдайын,
Бақыт дегенің сол шығар!

2008

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?