Мұғалім болғысы келді

Мұғалім болғысы келді

Оқушылар "Кім болам?" деген тақырыпқа шығарма жұмысын жазып жатты.

***

Ұстаздық мамандықтың беделін қоғамда қалай көтереміз деген ұзақ талқылаудан
кейін мұғалімге кабинет, кресло және хатшы берілетін болған еді. Енді оқушылар
мұғалімнің қабылдауына жазылады. Осыған орай, мұғалімнің де мінезі өзгеріп
кетті. Дөкір, тоңмойын мінез пайда болды.

Мұғалімнің есігінен бүлдіршін қыз басын қылтитады.

- Ұстазым, үй тапсырмасын тексеріп жібересіз бе?

- Жап есікті!

Мұғалім хатшысына ұрысады.

- Балаларды неге жібересің?!

Сәмбі талдай майысқан хатшы қыз кінәлі пішінмен төмен қарайды.

Шәкірт қыз енді анасына жағдай айтады:

- Мама, мұғалімге сіз айтып көресіз бе? Ол кісіні жақсы білуші ме едіңіз?

- Қайдан білейін?.. Өткенде бір тойда осы кісілермен де бірге болғанымыз бар
еді. Барып көрейін.

Барын киіп, бақанын асынған келіншек есіктен басын қылтитады.

- Мәртебелі ұстаз! Мен Айнагүлдің мамасымын ғой.

- Айнагүлдің мамасы болсаң қайтейін?! Жап есікті!

Келіншек амалсыздан күлімсірейді. Хатшы қызға қарайды.

- Бұл кісінің қолы қашан босайды?

Хатшы қыз білмеймін дегендей иығын қиқаңдатады.

- Мен кеше кіріп шықтым, - дейді осы кезде тұрған келіншектердің бірі.

Жұрт елең ете қалады.

- Иә, қалай болды?

- Қой, ана кісі деген дәптердің қай жағынан ашылатынын да білмейді.

- Қойыңызшы сіз де, осы біреуді жамандасақ, тым...

- Жоқ, рас айтам. Қызым "мұғалімім, дәптер мына жағынан басталып ашылады" деп
еді, қызыма жақтырмай бір қарады. Сонда да тәуір баға қойғысы келмейді.
Бірдеңе дәметеді.

- Бердіңіз бе енді?

- Бересің, амал жоқ, балаң үшін...

Осы кезде кабинетінен сызданып мұғалім шығады.

Келіншектер жапырлай
амандасады:

- Сәлеметсіз бе, мұғалім!

- Амансыз ба, ұстаз!

Мұғалім біріне де иек қақпастан сызданған күйі өте береді.

Мұғалімнің алдынан кемпір шығады.

- Амансың ба, ұлым? Өзіңді бір елге тұтқа болып жүрген азаматтардың бірі деп
есептеймін. Осы елдің ел болып отырғаны, халықтың халық болып отырғаны -
өздерің секілді жігіттердің арқасы. Білім дегеннің өзі...

- Ау, мына бала қайда кетті? Сөзімді жүре тыңдады ғой. Көлігіне отырды да,
кетіп қалды. Біраз көпшік тастай қояйын деп едім.

- Тыңдамайды, апа! - Келіншектер кемпірді қоршалай алды. - Ол кісіге бірдеңе
айтайын деп пе едіңіз?

- Менікі де сол, баланың жағдайы ғой. Немерем ғой. Ерегіскенде осы баланы
мұғалім етіп шығармасам ба?!

- Бәріміз де солай деп отырмыз! - Келіншектер шу ете қалды. - Үйде күні-түні
құлағына құйып отырмыз. "Тек қана мұғалім боласың!" деп отырмыз.

- Менің қызым ғой өткенде, жынды сияқты, - деп бір келіншек сөз бастады, -
"суретші болғым келеді, мама" дейді ғой адамның жынына тиіп. "Суретшілігіңе
көктігілсін! - деп айқай салғанмын. - Суретші болып неғылайын деп едің,
әкеңнің суретін салып отырайын деп пе едің?! Оның қай сықпытын салмақсың.
Салсаң, отыр ғой, міне, мұрны қоңқайып". Әкесі де айтты: "Қызым, мамаңды
тыңда. Мұғалім боласың деді ме, ендеше мұғалім боласың".

Келіншектер бір сәт үнсіз қалды.

Жарқыраған офистерден ұстаз болып кіріп-шығып
жүрген ұл-қыздарының болашағын ойлап кетті.

***

Балалар "Кім болам?" деген тақырыпқа шығарма жұмыстарын жазып бітірді...

***

Ұстаздық кәсіптің ұлы қасиеті - алдарындағы өз шәкірттеріне адалдық танытар
қарапайым болмысында ғана.

Авторы: Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу
Пікірлер 1
  1. Сабыр Калиев
    Сабыр Калиев 11.12.2015 07:14
    1 + 0 -
    Мына мақала құлды жастап биді ұр деген мағнада жазылған болар. Мақалада құлдын қызметін атқарып тұр ғой. Бұл қоғамда мұғалімге ондай болу қайдаааа ?