16 Желтоқсан - Тәуелсіздік күні (Елім менің - Қазақстан!)

 16 Желтоқсан - Тәуелсіздік күні (Елім менің - Қазақстан!)

№163 орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
6 «а» сыныбының жетекшісі
Бабаджанова Ақжарқын Өсербайқызы

Тәрбие сағат аты: «Елім менің - Қазақстан!»
Тәрбие сағат Мақсаты:
1. Білімділік. Оқушыларға Қазақстан Республикасының рәміздерін, конститутциясы, тарихы туралы мағлұмат беру. Ақыл - нақыл, шешен сөздер, туған жер туралы өлеңдер үйрету.
2. Тәрбиелік. Оқушыларды отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеу. Туған жерді қадірлей білу, бағалауға үйрету.
3. Дамытушылық. Оқушылардың Отан, туған жер туралы ой - өрісін дамыту. Өзіндік көзқарасы бар жеке тұлға қалыптастыру. Оқушыны сахна мәдениетіне үйрету.
Тәрбие сағат Көрнекілігі: Плакат, рәміздер суреті, буклеттер, кітаптар, интерактивті тақта.
Жүрісі:
Бимен басталады
1 - жүргізуші: Қайырлы күн, қадірменді ұстаздар, оқушылар,! 6 «а» сынып оқушылары ұйымдастырып отырған «Елім менің - Қазақстан!» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
2 - жүргізуші: Қазақстан - ұлан байтақ кең далам,
Қазақстан - өзіңе арнап ән салам.
Қазақстан - ортақ біздің үйіміз,
Отаным деп бар әлемге жар салам.
1 - жүргізуші: 1991 жылдың 16 желтоқсаны - еліміз үшін ерекше күн. Өйткені бұл күні қазақ халқы өз алдына дербес мемлекет болуын әлемге жария етті..
. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Оның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Сөйтіп Қазақстан Коммунистік партиясы Орта¬лық Комитетінің ХV пленумы қабылдаған шешім қазақ қоғамына түбегейлі өзгерістер енгізді.
Н. Назарбаев қол қойған алғашқы Жарлықтарының бірі — 1991 жылғы тамыздың 29 - ындағы «Семей полигонын жабу туралы» Жарлық болды. Елбасының осы тарихи шешімі, батыл қадамы бүгінде дүние жүзіне мәлім тарихи фактіге және біздің ұлттық мақтанышымыздың мәніне айналды.
1992 ҚР - ның Мемлекеттік рәміздері белгіленді. Олар - Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз. Бұл мемлекеттік рәміздер туған халқымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған еркіндік пен бостандыққа қол жеткізгенін көрсетеді.
2 - жүргізуші: 1993 жылғы қаңтардың 28 - інде Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Негізгі Заң 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды. Қазақстан - көп ұлтты мемлекет. Тағдырдың талай соқпағынан өткен елімізге бүгінде тәуелсіздік алғанына 22 жыл толады. Қазақстанда түрлі халық қол ұстасып, достық жырын жырлап, тыныш, бейбіт өмір сүріп жатыр.(музыка)
Орыс:
Армысыздар, туған жерім, Отаным,
Орыс деген ұлтыңыз мен боламын.
Өмір сүріп Қазақстан елінде
Достық пенен бейбітшілік ұраным.
Өзбек:
Қош келдіңіз, өнер сүйер халайық,
Жарқын жүзбен сіздерді қарсы алайық.
Құттықтаймын өзбек халқы атынан
Мерекеміз құтты болсын ағайын!
Кәріс:
Кәріс ұлтым, Қазақстан – отаным
Қазақстан елінде мен тұрамын
Құтты болсын тәуелсіздік күні деп,
Өзіңізге арналады жыр — әнім.
Қазақ:
Менің елім - Қазақстан
Күл әлемге танылған
Желбіреген көк туым бар
Қыран бүркіт самғаған
Батыр ата - бабаларым
Елін жаудан қорғаған
Қазақстан Республикам
Отаным деп мақтанам
Қазақ елі, қазақ жері
Дархан таза халық қой
Бүгін міне болып жатыр
Елімізде алып той
Жайнай берсін елім менің
Қазақстан бай далам
Татулық пен бейбітшілік
Орын алған сай далам
Қазақпыз біз туын биік көтерген,
Туын әсем қыран бүркіт көмкерген.
Құтты болсын мерекеміз бүгінгі,
Жарқын далам, құлпыра бер күнбе - күн!
(Шашу шашылады)

1 - жүргізуші: 1998 жылы 6 мамырда Президент Ақмола қаласын Астана деп атауға Жарлық шығарды. 1998 жылы 10 маусымда жаңа Астананың ресми тұсаукесері болып өтті.
Бір шаңырақта табысқан,
Дос, бауыр көп туысқан
Отан - ортақ үйіміз
Көңілді ән мен күйіміз.
Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол - Қазақстан!(Бәрі қосылып)
2 - жүргізуші: 2001 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Астана төрінен «Атамекен» Қазақстан картасы» этнографиялық - мемориалдық кешені» деп аталатын мәдени орын ашылды. Қазақстанның кішірейтілген картасы іспеттес. Аспан астындағы мұндай мұражай дүние жүзінің 17 елінде ғана бар. Бельгиядағы «Шағын Европа» саябағы, Австрия, Швейцария, Германия, Испания, Ұлыбритания елдерінің үлгісімен дүниеге келген «Атамекенде» 14 облыс, 2 қала — Астана мен Алматы қалаларының макеттері қойылған.
1 - жүргізуші: 2002 жылы Евразияның кіндігі — Астананың төрінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен Елорданың символына айналған «Астана – Бәйтерек» монументі салынды. Оның биіктігі 97 метр. Астана қаласында мемлекет тарихында тұңғыш рет Орта Азия елдерінің басшыларының қатысуымен ЕҚЫҰ - ның Саммиті өтті.
Ән, биімен «Астана» Орындайтын

1 - жүргізуші: Өмірімізді, өткенімізді көріп,
Әнімізді, жырымызды тыңдап,
Ерлігімізге, тірлігімізге қарап,
Тұқымымызды, ғұрпымызды көріп,
Өзімізді, сөзімізді тыңдап,
«Бұл - қазақ», - дейді.

2 - жүргізуші Менің елім – Қазақстан. Бұл әрбір дала перзентінің (кәрісі бар, жасы бар) көкірегінде мақтанышпен айтатын сөзі. Бұл тақырып төңірегінде сан ойландым, көп толғандым. Елім жайлы, алтын бесігім туған жерім жайлы азаматтық жүрегіммен толғана сыр шерте алар ма екем?!

Құс ұясыз, Жыртқыш інсіз болмайды.
Отансыз жан өмірінде оңбайды,
Өзін - өзі қорлайды да, сорлайды.
Тірі адамға, тірі адамға сол қайғы,
деп ақын ағамыз Мұқағали жырлағандай, Отаны жоқ адамдар нағыз бақытсыз жан. Ал біз қазақ халқы нағыз бақ қонған халықпыз деп шаттана айта аламыз. Өзіміздің мемлекетіміз, тарихымыз, тіліміз, тәуелсіз еліміз, мерекеміз бар.. Соның бірі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні.

Күй « Балбырауын» Орындайтын Әбілтай Аружан
Ән «Жаса Қазақстан!» Орындайтын: Әубәкір Ақниет

І - жүргізуші: Тәуелсіздік жолы оңай жол емес, бұл жолда сан мыңдаған адамның арманы мен тағдыры тәлкекке түсті. Біздің еліміз бүгінгі күнге сондай қиын - қыстау, даңқты жолдардан өтіп келіп отыр. Сондықтан да, тәуелсіздігіміздің мәні өзгеше, бағасы теңдессіз. Ендеше тәуелсіздігіміздің тұғыры әрқашан биік болсын.

2 – жүргізуші: Қазақ халқы еркіндікке жету үшін қаншама қиын – қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Мыңдаған жылдық тарихы бар, Қазақстан өз тәуелсіздігін алды. Ал, 1986 жылғы оқиға халықтың есінде мәңгі сақталады.
16 – желтоқсанда қазақ жастары Орталық алаңға шығып, Қазақстан тәуелсіздігін талап етті.
1 - жүргізуші: Иә, бұл күн - Қазақстан тарихында тәуелсіз Қазақстан Республикасының туған күні деп алтын әріппен жазылды. Сондықтан да желтоқсан бүкілхалықтық мереке. Қазақстан елінің осындай дәрежеге жету үшін шәйт болған құрбандарымызды бір минут үнсіздікпен еске алайық.

Желтоқсан құрбандары бір минут үнсіздікпен еске алынады.

2 - жүргізуші: Рахмет. Қазақстан жоғары Кеңесі 1991ж. 16 желтоқсанда Қазақстанды тәуелсіз Республика деп жариялады. Екі жүз жылдай патшалық Рессейдің отары, жетпіс жылдан астам Кеңес үкіметінің бұғауында болған Қазақстан егемен ел болды.

1 - жүргізуші: Әділдік үшін күрескен жастардың қаншасы жауапқа тартылды?
Желтоқсан оқиғасында ерен ерлігімен көзге түскендер болды.
Бұл оқиғаға байланысты 103 адам жауапқа тартылды. 99 - ы сотталды. Алматы қаласы бойынша 2401 адам қамауға алынып оқудан 309 студент шығарылған, 99 - ның ішінде 2 адам өлім жазасына кесілген. Олар: Қайрат Рысқұлбеков, Мырзағали Әбдіқұлов. Желтоқсан оқиғасында ерен ерлігімен көге түскендер өте көп, солардың бірі – Қайрат. Ол қыршын жасын қиды. Оған үлкен айып тағылды.

2 - жүргізуші: Ерлігіңе қуанам да, сүйінем,
Қайрат аға рухыңа мен иілем.
Бәйшешектің солғанына ах ұрсам,
Әділ жанның қазасына күйінем.

1 - жүргізуші: Алматы сәулет құрылыс институтының студенті Қайрат қазақ елінің 21 - ші басшысы зобалаңына ұшырып, 21 жасқа келгенде, түрменің 21 - ші камерасында, 21 - ші мамыр күні қапаста дүниеден өтті.

2 - жүргізуші: Қазір сіздердің назарларыңызға желтоқсан оқиғасында әділдік үшін күрескендердің бірі – Қайрат жайындағы көріністен үзінді тамашалаңыздар.

КӨРІНІС
Темір тордың ішінде Қайрат өлең жазып отыр. Өлеңін оқиды.
Қайрат:
Қайнама қазақ қамы үшін,
Қарусыз шықтық алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды - ау табанда.
Сөйлесем даусым жетпейді,
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой,
Басты себеп жанжалға.
Осы кезде екі жендет Қайратты сот залына әкеледі.
Хатшы: Сот келеді, тұрыңдар! Отырыңдар!

Сот үкімді оқиды.
Сот: - Алдындағы сот нәтижесі бойынша:
Қазақ КСР Жоғары сотының сот мәжілісі залындағы ашық сот отырысында 1987 жылдың 25 мамырына дейін Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековтың айыптау ісін қарай келіп, жоғарыда айтылған оқиғалардың негізінде Қазақ КСР қылмыстық істер жүргізу кодексінің 287, 299 және 301 баптарына сәйкес сот алқасы Үкім етеді. Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков кінәлі деп табылып мынандай қылмыстық жазаға тартылсын.
Қазақ КСР Қылмыстық Кодексінің 60 - бабы бойынша 3 жылға бас бостандығынан, 65 - бабы бойынша 15 жылға бас бостандығынан айыруға, Қазақ КСР қылмыстық кодексінің 171 - 1 бабы бойынша ең жоғары өлім жазасына, атуға кесілсін.

Апасы: - Жоқ, бұл үкім дұрыс емес. Менің балам ақ, ол қылмыскер емес.
Хатшы: - Тынышталыңдар. Орындарыңызға отырыңыздар.
Сот: Қайрат Рысқұлбеков ақтық сөзің бар ма?

Қайрат: Бар. (”Ақтық сөз” өлеңін оқиды.)
”Ақтық сөзің не?” – деген,
Бүгін қойды сот сұрақ.
Айтамын оны халқыма,
Жоқ пиғыл менде жасымақ.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
”Еркек тоқты - құрбандық”,
Атам десең атыңдар!
Хош аман бол артымда,
Ағайын, туған - азамат.
Артымда қалған ата - анам,
Ел - жұртым саған аманат!

Сот: - Бүгінгі сот жабық.

Екі жендет Қайратты залдан жетеледі. Осы кезде апасы баласының соңына жүреді. Осы кезде Қайрат “Анама” деген өлеңін оқиды.

Қайрат:
Мейірімді ақ жүзіне анамның,
Көңіл жүдеп, көз жасаурап қараймын.
Кешір ана, кешірімшіл едің ғой,
Кемістігі көп - ау мына балаңның.
Кейін білдім, кеш ұғындым, өкінем,
Өкінем де, басымды иіп өтінем.
Кешір, ана, кешірімшіл едің ғой,
Қолыңнан тым ерте ұзап кетіп ем.
Анасы:
Айтылар теңеу қалған жоқ.
Қысқа ғұмыр сүрсең де,
Таң қалдырған қарағым!
Қазағыңды Қайрат деп,
Тамсандырған қарағым!
Елім, елім, елім деп,
Ар - намысын сақтаған.
Бұйырғанда өлімге
Кірпігін де қақпаған.
Батыр бабаң Бауыржан
Қолдады ма, қарағым,
Желтоқсанның шыдадың
Толғағына, қарағым.
Арман, арман, арман көп.

Мамық болсын қара жер,
Жатқан жерің жарық боп.
Бақұл бол, бақұл, әй, көкем,
Тәубе, тәубе, тәубе етем!
ІІ – жүргізуші:
Тәуелсіздік – шырайлы лағыл таңсың,
Жүректерге үміт боп жағылғансың
Аяулысың білмеген алақаннан –
Суып барып қайтадан табылғансың.
І – жүргізуші:
«Тәуелсіз Қазақстанның қуатты ел екенін мойындап жатқандардың саны күн сайын артып келеді. Оған дәлел Лондон олимпиадасы. Спортшылардың жетістігі – нағыз еңбек сүйгіштіктің белгісі. Бұл жеңістер мыңдаған жас жеткіншектердің патриоттық рухын оятады. Лондон төрінде еліміздің әнұраны шырқалып, туы көкке желбіреді. Мұндай сәтті ешқандай ақшаға сатып ала алмайсың. Қазақстанда 250 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер спортпен айналысады. Мен біздің спортшыларымыздың үлгі - өнегесі стадиондарға жүздеген болашақ чемпиондарды алып келетініне сенімдімін. Жастарымыз салауатты өмір салтымен өмір сүруге бет бұрып, осы чемпиондардан үлгі алуы тиіс».

Ән «Алға Қазақстан» Орындайтын Исмаил Асылжан

Оқушы 1: Көгілдір аспанымыз ашық болсын!
Күніміз жарқыраған жарқын болсын!
Оқушы 2: Төзілген мейірім мен шапағатқа,
Төрімде тәуелсіздік құтты болсын!
Оқушы 3: Тәуелсіздік жырын жырлап ғарыштан,
Қазағыммен бүкіл әлем танысқан.
Оқушы 4: Келешегі кең өрісті, кемелді,
Жайна мәңгі тәуелсіз ел – Қазақстан!
Оқушы 1: Мәңгілік азат елдің Сен белгісі,
Мемлекет мерейінің сенген күші.
«Жасасын, еркін Қазақ!»- деп шаттанар,
Шалқалап сол биіктен көрген кісі.
Оқушы 2: Шарықта, шарла көкті көк Байрағым,
Арманым, Азаттығым, көпке айғағым.
Мен сенің салтанатты сағатыңа,
Өлеңмен алтын шашақ шоқ байладым.
Оқушы 3: Ал самға әлем кезіп, Әнұраным,
Қалықта Елтаңбасы - шаңырағым.

Оқушы І4: Көк Байрақ, көгерт менің көсегемді,
Аспандат Атам қазақ Аруағын!

І – жүргізуші:
Қазақтың белгілі ақыны Мұхтар Шахановтың. “Төрт ана” өлеңінде
“Тағдырыңды тамырсыздың індетінен қалқала,
Әр адамда өз анасынан басқа жебеп жүрер, демеп жүрер арқада
Болу керек құдіретті төрт ана:
Туған жері - түп қазығы айбыны,
Туған тілі сатылмайтын байлығы,
Туған дәстүр, салт - санасы тірегі,
Қадымына шуақ шашар үнемі.
Және туған тарихы, еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті, болса да,
Төрт анаға өңін жалғай алмаған
Пенделердің басы қайда қалмаған?
Төрт анасын қорғамаған халықтың
Еш қашанда бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана – тағдырыңның тынысы.
Төрт ана үшін болған күрес - күрестердің ұлысы.
ІІ – жүргізуші:
Төрт ана тек қазақ ұлтында емес, ол барлық қазақстандықтарда болуы тиіс. Себебі Қазақстанда тұрып жатқан халықтар ежелден осы өлкені мекендеген. Олардың тарихы, салт - дәстүрі, мекен - жайы, ана тілі бар. Жолдарың ашық, жарқын болсын, Тәуелсіз елдің ұрпақтары. Еліміз әрқашанда тыныш болсын - дей келе бүгінгі ашық тәрбие сағатымызды осымен аяқтаймыз.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?