Қоныс той
«Отан – отбасынан, отбасы – ошақ қасынан басталады» деген екен бабаларымыз. Ал сол ошақтың иесі – әйел, ал отбасының иесі – сол үйдің ері. «Еркек – шаңырақтың иесі әрі асыраушысы» деп бекер айтпаған ғой.
Бүгін міне, жаңа үйге қоныс аударып, «Қоныс тойын» жасап жатырсыңдар.
Олай болса үй иелеріне тілерім: өздерің табалдырығын жаңа аттаған жаңа үйлерің берекелі, ырысы мол, Қыдыр қонған үлкен үйге айналсын. Шаңырақтарыңда тек қана той болсын дегім келеді.
Бір данышпан «Керемет үй болмайды, үйді керемет ететін – сол үйдің әйелі. Ал үйдің шатыры – еркек. Өйткені ол сол баспананы ыстықтан, суықтан, жаңбырдан, қардан, селден қорғап тұрады» деген екен.
Құрметті үй иелері, мынау жаңа қоныстарың – баспаналарың құтты болсын!
Бірің – қорғаны, бірің – жылуы болып, қонақ үзілмейтін құтты шаңыраққа айналып, ақ дастархандарың тек қана тойға жайыла берсін! Қоныс тойларың құтты болсын!
Қазақтың керемет сатирик жазушысы, өзгеше тағдыр иесі Садықбек Адамбеков жан досы, көп балалы Сырбай Мәуленов өмірден өткенде:
«Сен өмірден өтіп барасың,
орныңа орман өсіріп.
Мен тіккен үйімді жыға бастадым,
жаққан отымды өшіріп...» деп азанама жазыпты.
Жан досым менің! Бүгін сен де өз қорғаныңның иесі болып, қоныс тойын тойлап отырсың: әрқашанда басыңнан бақ таймасын, осы қорғанның іші шүпірлеген қарадомалақ балаға, олардың ырыс-несібесіне толып, осынау жаңа үйің құт дарыған берекелі шаңыраққа айналсын! «Қара қазан, сары баланың қамы үшін» жүзге жеткенше таңертеңнен қара кешке дейін жүгіре бер, қызықты да тыныш ғұмыр кеш!
Қоныстарың құтты болсын! Қуанышыңды бөлісуге шақырған мына көпшілікке жұғысты болсын!
Көптен күткен үміттерің ақталып, жаңа үйге қол жеткізіпсіңдер, құтты болсын! Қуаныштарыңа ортақтасу үшін жиналып отырған мына қауымның сендерге айтар тілегі мол. Жаңа үйлеріңнің іргетасы мықты, керегесі кең, шаңырағы биік болсын! Ішінде тек қана татулық пен береке, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын! Өз бастарыңа бақ-береке дарып, бала-шағаларың өсіп-өне берсін, қызығын көріңдер! Шаңырақтарыңда қуанышты тойлайтын жиын көп болсын! Қайғы-мұңдарың жоқ болсын!
Жаңа баспаналарыңмен бірге өмірлерің де жаңа ағысқа қарай бұрылып, жаңа да бақытты арнамен ағатын болсын!
Сөз шығар сай боп өреге,
Жүрекке Ақыл-ер – еге!
Ниетің түзу болмаса,
Басыңа бақыт қонар ма,
Қайсы үйге қонақ көп келсе,
Сол үйде Қызыр ереді!...
Алтын шаңырақ,
Биіктеп жайылар күміс кереге!
Ынтымақ ырыс-үйлесім,
Көргенді үлгі өнеге!
Сіздерден соны мен көрдім;
Түсіріп келін – сүйіңдер,
Немере, шөпшек, шөбере!
Әумин!
Беретін асың болсын,
Көретін жасың болсын,
Басыңнан жақсылық кетпесін,
Жамандық саған жетпесін!
Қайырлы болсын үйің,
Жақсы болсын күйің,
Алдарыңнан шықсын әрдайым,
Көрсеткен жұртқа сыйың.
Той-думан құтты болсын;
Бақыты мол отау болсын,
Іші жанға толсын,
Сырты малға толсын.
Өздеріңе ұзақ ғұмыр берсін,
Мәңгі кетпес ризық берсін,
Алдарыңнан күн шықсын,
Арттарыңнан ай тусын!
Өрісің кеңіп үй болдың,
Ие боп жаңа пәтерге.
Құлпырып тұр ғой көңілің,
Жуылғандай ақ нөсерге.
Шаттана ұстап кілтіңді,
Шалқайдың, досым, шат күліп.
Ұмыт боп күндер былтырғы,
Жұлдыз боп жанды тәтті үміт.
Көңіліңе күй күмбірі,
Жарың да жайраң қағады.
Түзелер енді тірлігің,
Қуанттың бала-шағаны.
Баспана болмай күйде жоқ,
Қажытар кісі есігі.
Дос-жаран тұрсын үйге кеп,
Тербетіп шаттық бесігін.
Көңілін тапқын көршінің,
Туыстай болар жұптассаң.
Қанатты қаққын серпіліп,
Еркің бар енді бассаң.
Өркендей берсін өренің,
Естіліп «іңгә» - әсем үн.
Кеңісін керегелерің,
Құт әкеп жаңа пәтерің!
- Жаңа үйге тілектер жинағы
- Қоныс тойға бата
- Шаңыраққа байланысты жақсы тілектер
- Жаңа қонысқа кіргенде не істеуге кеңес бересіздер?
- Туған күнге тілектер
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?