Салқам Жәңгір хан (1608 - 1680)

 Салқам Жәңгір хан (1608 - 1680)

Жәңгір хан, Салқам Жәңгір (1608 — 1680) – Қазақ хандығының ханы, Есім ханның баласы. Ол әкесінің тірі кезінде-ақ Қазақ хандығының шеткі ұлыстарын, нағашы атасы Әбдірақым хан билейтін Тұрфанмен шекаралас жерлерін басқарып жүрді. Жәңгір хан жоңғар қазақ жеріне тынымсыз шабуыл жасап тұрған аса қиын кезеңде билік жүргізді. Бұл кезең қазақ-қалмақ ара-қатынасындағы аумалы-төкпелі, текетірес жылдар болатын. 1620 жылы қазақтың Есім сұлтаны, қалмақтың Алтын ханы, Шолай тайшы үшеуі ойраттарға қарсы одақ құрды. Алтын хан Қарақұлдың елін шауып, бала-шағасын тұтқындайды.

Салқам Жәңгір хан (1608 - 1680)12 жасар Жәңгір хан осы кезде қалмақ елінде қазақ елшілігінің құрамында барды. Төрт жыл өткен соң қазақ сұлтаны Есім мен шорастың тайшысы Қарақұл бірігіп, Ресей иелене бастаған Тары бекінісіне шабуыл жасады. Осы сәтті пайдаланған ойраттың Байбағыс пен Далай тайшылары Есім сұлтанның еліне тиіседі, бірақ жеңіліс табады. Осы кездегі ұрыстарда жас Жәңгір хан өзінің қолбасшылық қабілетін байқатты. 1635 жылы қазақ елінің солтүстігінде көшіп жүрген Жәңгір ханның еліне Далай тайшы, Ғужи тайшы, Тәуірхожа тайшы бастаған қарақалмақтар шабуыл жасады. Жәңгір хан айналасындағы адамдармен қалмақтардың қолына түсіп, жеті жылдай тұтқында болды. Қалмақтар оны «лама» болсын деген ниетпен Тибетке жібере жаздады. Қалмақтардың әскери тактикасын молынан игерген Жәңгір ханды Батыр қонтайшының Өргесіне келген орыс елшісі Ремезов көріп, онымен тілдеседі. Кейін Жәңгір хан біраз серіктерімен еліне оралып, Қазақ хандығының билігін қолына алды. 1643 жылдың жазында қазақ қолын басқарған Жәңгір мен Жоңғар қолын басқарған Батыр қонтайшы арасында Орбұлақ шайқасы өтті.

Осы шайқаста бар жоғы алты жүз қазақ қолы жоңғардың 50 мың қолына төтеп берді. Орбұлақ шайқасында Жәңгір мылтықпен қаруланған 300 адамды тау ішіндегі тар өзекке ор қазып бекінуге, ал екінші жартысын жоңғарлар тар өзектегі орға жеткенше таудың арғы бетіне жасырына тұруға бұйырды. Оның ойлағаны айнымай келіп, Батыр қонтайшы қаймықпай қорғанған ор-бекініске шабуыл жасайды, сол сәтте Жәңгір жауға ту сыртынан лап қойып, білтелі мылтықтарынан оқ жаудырды. Осы кезде Самарқаннан алшын Жалаңтөс баһадүр 20 мың қолмен көмекке келіп, 10 мыңнан аса адамынан айырылып күйрей жеңілген жоңғарлар кері шегінді. Осы шайқас Жәңгір ханның даңқын шартарапқа жеткізді. Жәңгір хан жоңғар билеушілеріне қарсы күресте моңғолдардың жәрдеміне сүйенуге де күш салып, тату көршілік қатынаста болу мақсатымен оларға екі рет елшілік жіберді. Елшілікті хан балалары Тәуке мен Аппақ сұлтандар басқарып барды.

Оқыс оқиға тоғыз жылдан кейін Жәңгір ханды ауыр жарақатқа душар етті. Астындағы атының аяғы суырдың ініне кіріп кетуі, Жәңгір ханның қалмақтың жас батыры, Церен ханның ұлы Ғалдаманың сілтеген шоқпарын бойына дарытуына себепші болды. Осы жекпе-жекте мертіккен Жәңгір хан жиырма жыл сал болып жатып, өмірден қамкөңіл өтті. Қазақтардың «Салқам Жәңгір» деп атауы осыдан. 1680 жылы әкесінің орнын басқан Тәуке хан тұсында Қазақ елі едәуір есін жиды. Бұған қонтайшының екінші әйелі, 1635 жылы Жәңгір ханмен бірге қалмақтарға тұтқынға түскен Ақтайлақ бидің қызы Жұмақас көп септігін тигізеді. Жұмақас өзінің Сенге мен Ғалдан Бошақты сынды балаларына нағашыларының еліне маза беруді өтінеді. Балалары анасының бұл өтінішін жерге тастаған жоқ. Жәңгір ханның тұсында, оның баласы Тәуке ханның заманында Қазақ елі жарты ғасырдай тыныштау, бейбіт өмір сүрді деуге болады. Жәңгір ханның денесі Түркістанда, Қожа Ахмет Ясауи мешітіне таяу жерге жерленіп, басына кесене тұрғызылған. Бірақ аталмыш кесене сақталмаған.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?