Естеу Нүсіпбеков (Зымыран уақыт шіркін оқтай екен)

 Естеу Нүсіпбеков (Зымыран уақыт шіркін оқтай екен)

Зымыран уақыт шіркін оқтай екен.
Күйдірсе, – көмбедегі шоқтай екен.
Аз емес тайғақ кешу, тар кезеңім,
Соларға мен қалайша соқпай өтем?!

Әр күнім, айым, жылым өнер тапқан
Жасартты, жасандырды тұс-тұс жақтан.
Деседе дұшпандарым дес алып жүр
Ылғи да лас ниетпен күйе жаққан.

Кей дұшпан сүрінтсе де жыға алған жоқ.
Жолымды кісіліктен шығарғам жоқ.
Аярлар, ала аяқтар жатса да озып,
Ізгіліктен басқа айла ұға алғам жоқ.

Кеудемнен өлең отын өшіргем жоқ.
Мансап не байлық іздеп есіргем жоқ.
Тура сөз, тура мінез тізгін ұстап,
Жас шаққы дәрежемді өсіргем жоқ.

Ол рас, бір қырсық жіп шешілмеді.
Демеңіз бұл не қылған кесірлі еді.
Бойымда сүтпен біткен туралық бар,
Кырсық боп сол туралық өсірмеді.

Әркімге талай жерде жақпай қалдым.
Сыйымнан, сыбағамнан қақпайландым.
Шорқақ деп орысшаға, бір беткей деп,
Түсінбес қиянатпен шоқтай жандым.

Еш қылды еңбегімді надан мешеу,
Бір емес, біpігіп ап әлденешеу.
Түтe алмай жібегімді жүн етті де,
Жасады күмісімді отқа көсеу.

Сонда да үнжырғамды түсірмедім.
Бас ұрғыш құнжыңдауды түсінбедім.
Балаға бойда барды сарқып беріп,
Баламен тыныстауды ісім дедім.

Шарт бекіп, жігерімді қайрап алдым.
Шарт бекіп, өлең жазып сайрап алдым.
Адамдық ар, ұятқа құлдық ұрып,
Шәкәрім, Толстойдан байрақ алдым.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?