Естеу Нүсіпбеков (Сағынып тойды)

 Естеу Нүсіпбеков (Сағынып тойды)

Кей дөкей келер тойға қонжимаққа,
Кісімсіп кісі үйінде шолжимаққа.
Шаншып жеп қазы-қарта, жал-жаяны,
Жөнтексір өрік, жаңғақ, балқұймаққа.

Кей ханым көрсетісіп жүзіктерін,
Жүзіне қан ойнайды жүзіп керім.
Кей ханым мойнын қомдап масайрайды,
Ақ гауһар алқа асынып тізілткенін.

Кей құлқын ащы суды қылқылдатып,
Сүртпейді аузы-мұрнын сылпылдатып.
Отырыс соңына олар жетсін қайдан:
Әйелі сүйреп қашар ылпылдатып.

Мылжыңдар мағынасыз балпылдайды,
Семіздер шампан жұтып салқындайды.
Қан-сөлсіз ілмиіп ап арық қатпа,
Қаншалық ішсе, жесе алқынбайды.

Мұнымен той бітсін бе?
Түңілмейміз.
Мезгілсіз беймаза боп жүгірмейміз.
Тізгіндеп төзім атын матап ұстап,
Күрсініп, күбірлеп те күбінбейміз.

Қызыққа кезек тиер тойынғанда,
Қанаттап қондырардай ойыңды онға.
Өрнек көп жан азығы жақсы сөзден,
Ізгілік іздегенге ойыннан да.

Аз емес жұрт болған соң зерделі де,
Өнерді мың құбылтқан пернелі де.
Қоңыржай әнмен баурап сезімдерді,
Әр күйді төркіндетер жер-жеріне.

Баршылық жұрт болған соң нелер жайсаң,
Өзгеден ақыл-есі, ойы бойшаң.
Лебізі майдай жағып құлағыңа,
Ақ бата ағызады-ақ қолың жайсаң.

Жан желпін бір жасайсың тойға барсаң,
Бұйығып көңіл күйрер үйде қалсаң.
Сағынып жұрт ортасы жиын-тойды,
Бұл күнде Ес-ағаңда көңіл сарсаң.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?