Ғани Мұратбаев - Жалындап өткен жас ғұмыр


І. Кіріспе
Ғани – Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі.
Қазақ халқының көгінде құйрықты жұлдыздай жарқырап, шұғылалы із қалдырып кеткен, ел - жұртын жалын жүрегімен жылытып өткен Ғани Мұратбаев халықты ізіне ерте білді.
Қазақстан мен Орталық Азия жастарының жалынды жетекшісі, шығыс жастарының ұйымдастырушысы болған белгілі қоғам қайраткері Ғани Мұратбаев есімі елге ғана емес, әлемге белгілі. Ол өз басына дарыған жігер - күш пен ақыл - парасатын шығыс халқының кемел келешегіне бағыттады. Егер сарғайған тарих парақтарына көз салсақ, он бес жасар баланың аласапыран кезеңде мәртебелі де лауазымды ұйымның мүшелігіне қабылдануы тектен - тек болмаса керек. Тұла бойы қайсарлық пен қайратқа, намыс пен жігерге, ойы ақыл мен парасатқа толы Ғани шығыс жастарының кемел келешегі үшін өмірін сарп етті.

1921жылы Орынборда Қазақстан комсомолының бірінші өлкелік конференциясы өтті. Конференцияны ұйымдастырған сол кездегі Түркістан комсомол ұйымы Орталық комитетінің бірінші хатшысы - Ғани Мұратбаев (1902 - 1924) еді.

Ғани Мұратбаев - қоғам қайраткері, БЛКЖО мен Коммунистік жастар интернационалының қайраткері. Қазалыдағы орыс - қазақ мектебін, жоғары бастауыш училищесін, Ташкенттегі орта білім беретін қазақ - қырғыз педагогикалық училищесі жанындағы ауылдық мектептер үшін нұсқаушы - лекторлар курсын, Ташкенттегі мемлекеттік үлгі - тәжірибелік мектебін және Орта Азия мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетін бітірген.

Жетісу облысында мұғалімдер даярлайтын курстар ұйымдастырды, Жетісу облыстық және Ташкент, Самарқанд, Верный қалалық комсомол ұйымдарының негізін қалауға ат салысты. Ташкенттегі жетім балаларды интернатқа, балалар үйіне орналастыруға белсене кірісіп, олар үшін ұйымдастырылған интернаттың директоры болды. 1921 жылы Ташкенттен шығатын «Жас алаш» газетінің бас редакторы болды. 1921 жылы алдымен Самарқанд өлкелік комсомол комитетінің, кейін Түркістан Республикасы Комсомол ұйымы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. 1922 - 1924 жылдары Ресей Коммунистік жастар одағының (РКЖО) 5 - съезінде Ресей Коммунистік жастар одағы Орталық комитетінің мүшесі, Коммунистік Жастар одағы Орталық комитеті Орта Азия бюросының алғашқы төрағасы болып сайланды.

Ғани Мұратбаевтың қысқа ғұмыры туралы Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Жұбан Молдағалиев сынды ақындар жыр арнаған. Қоғам қайраткерінің есімі Алматы, Қызылорда, Астана, Ақтөбе, тағы да басқа қалалардағы көшелерге берілген. Алматы қаласында оған ескерткіш орнатылып, Республикалық оқушылар сарайына Ғани Мұратбаев есімі берілген, Қазалы қаласында мемориалды мұражай ашылған. 2002 жылы Ғани Мұратбаевқа арналған Қазақстанның пошта маркасы айналысқа енді. Көрнекті қоғам қайраткері туралы «Біздің Ғани» көркем фильмі, «Осындай қысқа ғұмыр» деректі фильмі түсірілді.

Кезінде Орталық Азия мен Қазақстан жастар ұйымы қараған Түркістан Комсомолы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болуы, Бүкілресейлік Коммунистік Жастар Одағының Ғаниды КИМ - нің Шығыс елдері жастарының жетекшісіне сайлауы біртуар азаматтың соқпақты да тоқпақты өмір жолына айқын айғақ болса керек. Ауыр¬дым деуге де арланған намысшыл жігіт науқасқа шалдыққанына да мойынсұнбаған сыңайлы. Алайда, асқынып кет¬кен өкпе дерті жас Ғаниды мәңгілік сапарға аттандырды. Өзекті өртеген өкініштің осынау дерті қазақ жұртының, оны айтасыз, бүкіл Шығыс халқының жүректеріне жазылмас жара салған. Мәскеу тұрғындары мәңгілікке кете барған Ғаниды үш күн аза тұтты. Балтық теңізінің 200 жауынгері құрметті қарауылда тұрды. Ғани Мәскеу орталығындағы Ваганьков зиратына жерленді. Осыдан - ақ Шығыс шамшырағы – Ғанидың өмір жолы кейінгі толқынға ұлағат болатынына ешқандай күмән келтірмес.

ІІ. Негізгі бөлім
Ғани – нағыз күрескер дәрежесіне көтерілген саяси тұлға.
«Өмірді Ғанидан артық кім жақсы көрген? Ол бірақ жеке өз өмірінің қамын ғана ойлаған емес. Ол көпшіліктің өмірін, көпшіліктің бақытын ойлаған, нағыз қоғамдық үлкен бақытты өмірді көксеген еді» деп Жүсіпбек Арыстанов жазғандай, Ғ. Мұратбаев Ұлы Октябрь социалистік революциясының жеңісін қуана қарсы алған.

Жастығына қарамастан, «жалынды үгітші» атанған Ғани партия органдарының тапсырмасына жауапкершілікпен қарап, байлар мен буржуазияшыл ұлтшылдарға табандылықпен қарсы күреседі. Бар ғұмырын халқының болашағына арнаған Ғани күрес үстіне шынығып, ширыға түседі.
Комсомолдың басшылық жұмыстарында болған Ғани Коммунистік партияның нұсқауларын, соның ішінде ұлт саясатын мүлтіксіз орындау жолында жан - тәнімен қызмет етіп, өзінің табанды большевик, шебер ұйымдастырушы екенін аңғартады.

Бойында ұйымдастырушылық, шешендік, табандылық, әділдік, адалдық, шыншылдық, әлсіздерге қамқорлық, қайсыбірін санамалап айтайық, асыл қасиеттер тоғысқан тұлға өнегесін ұрпақтарға үлгі етіп, рухани тәрбие беру – біздің азаматтық арымызға сын болып қала бермек.

Ғани комсомолдың Бүкілодақтық V съезінде (1922 ж.) орталық комитет мүшелігіне кандидат, VІ съезінде (1924 ж.) Орталық комитет мүшесі, республика кеңестерінің ХІ - ХІІ съездерінде орталық атқару комитетінің мүшесі, Дүниежүзі коммунистік интернационал жастарының ІV конгресінде атқару комитетінің мүшесі болып сайланды. Хорезм Республикасының «Қызыл еңбек» орденімен наград¬талды. РСФСР әскери - соғыс флотының құрметті теңізшісі атағына ие болды.

Жиырмасыншы ғасырдың басында дүниеге келіп, қысқа ғұмыр кешсе де Ғани екі дәуірдің куәсі болып, артына өшпестей із тастап үлгірді. Ол қазақ¬тың қараша үйінен қанаттанып шығып, жастардың жалынды ұйымдастырушысы болып танылды. Жалынды жастың жарқын өмірі бүгінгі және ертеңгі жас ұрпаққа әрқашанда үлгі - өнеге. Бұрынғы Түркістан Орталық партия комитетінің төрағасы Нәзір Төреқұлов 1925 жылы 17 сәуірдегі «Правда» газетінде жазған мақаласында «Ғани Орта Азия жастарының өте қымбаттысы, жауынгер жасы еді.

Орта Азияда ешбір жастар ұйымының жұмысы оның қатысуынсыз өтпейтін, ол шаршамайтын, шалдықпайтын комсомол еді» деп жазды. Расында да Ғанидың жастарды тәрбиелеу, еліміздің мәдени - ағарту саясатындағы атқарған істері мен айтқан ойлары көрегендік, көсемдік. Оған Ұлттық мұрағат қорларында сақталған құжаттар куә. Сол құжат¬тар¬мен танысқан әрбір азамат Ғанидың ұйымдастырушылық, іскерлік, даналық, қамқорлық істеріне тәнті болып, оған үлкен құрметпен бас иетіні сөзсіз.

Ғани – ағартушы, педагог.
Ғани Мұратбаев – алмас қылыш¬тай жарқылдап өткен Алаш арыстарының бірі, ағартушы педагог. 18 жасынан бастап қазақ хал¬қын аш¬тық¬тан арашалауға, сауат¬сыз¬дықты жоюға білек сыбана кіріскен ел қамқоршысы болған ол өзінің қысқа ғұмырын, ақыл - ой парасатын жастардың келешегіне арнады. Өзі де мұғалімдік училищенің оқытушысы болған ол жетім балаларды қанатының астына алып, олардың интернатқа орналасуына ықпал жасайды. «Бұларды тәрбиелеу керек, келешек игі істердің талайы осылардың қолымен шешілмек. Бұлардан еңбекшілер сенімін толық ақтайтын іскерлер тәрбиелеп шығуымыз керек» деп алдына биік мақсат қойған Ғани көптеген қиындықтарды жеңе білді.

1920 - 1923 жылдары Ташкентте жетім балалар үйі ашылды. Ғанидың көмегінің арқасында көптеген жастар осы жерде білім алды.
Еңбекші жастардың оқып, білім алуында түн ұйқысын төрт бөлген Ғ. Мұратбаев бір жолдасына 1920 жылы жазған хатында: «Ғылымсыз, оқусыз ешнәрсе болмайды екен. Биыл қаратабан кедей жастардан 500 баланы оқу орындарына орналастырсам деп жүрмін» дейді. Көп ұлтты Түркістан республикасының елу мыңдай мүшесі бар жас¬тар ұйымына басшылық еткен Ғаниды кезінде коммунистік партияның орталық комитеті де «Шығыс жастарының көсемі» деп таныды. Ғани көптеген істердің көш бастаушысы, ұйтқысы болды. Елде мектеп, клуб, балалар үйлері мен интернаттар ашуды қолға алды. Ғани Мұратбаев Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген ұлттардың тарихын, мәдениеті мен этнологиясын, салт - дәстүрін, музыкасын жете білді. Қазақ тілінде тұңғыш рет «Жас алаш», «Жас қайрат» газеттері Ғанидың тікелей талап етуімен ұйымдастырылды, жарық көрді. Ол екі басылымның да тұңғыш редакторы болды. Қазіргі «Жас Алаш» газетінің негізін қалады.

Ғани - әйел теңдігін қорғаушы.
Қазақ халқында әйелдердің, қыз - келіншектердің жоғын жоқтап, олардың теңдігіне араша түскен азаматтардың арасында Ғани да бар. Ол 1921 жылы «Жастар» газетінің екінші санында жариялаған мақаласында былай деп жазды: «Отаршылдардың, байлардың талай әйелдерді күң қылып, отын алдырғаны, тезек тергізіп, мал баққызғаны да анық. Қолдан келгенше халықтың арасына кіріп, жастар ұйымдарын ашып, байлардың есігінде жүрген қазақ, қырғыз әйел жастарын жинап, оларды оқу орындарына кіргізу керек. Еңбекші халықтың бізді оқытып күткен үмітін ақтамай қалғанымыз жарамсыз болар» деп жастардың алдына үлкен міндет қояды.

Ғани Мұратбаев Кеңестік шығыстың артта қалған қыз, келіншектерінің бақытын ойлап, әйелдер мәселесіне үнемі көңіл аударып отырады. Шығыс жастары арасынан оқу оқып, қызметке кіріскен қыз, келіншектерді көргенде: «Міне, қазір бірінші келген қарлығашты көріп отырмыз. Біз он жылдан кейін қыз, келіншек ісі нығайып, оның көркейгенін көрсек, шығыс әйелдерінің байлаудан босанып, елмен бірдей жан болғанын да көреміз» деп қуанады. Ғанидың замандасы, профессор Бейсенбай

Кенжебаев: «... алдымен өзімді таныстырып өтейін. Менің атым – Ғани, фамилиям – Мұратбаев. Мына жігіттің аты - Әбдікәрім, фамилиясы – Ақбаев. Екеуміз де осында оқимыз, әрі жұмыс істейміз. Біздің мақсатымыз – сендерді интернатқа оқуға шақыру, ертіп әкету. Бұған не дейсіздер?»- деді. Ылғи жетім балалар осылайша үкіметтің қамқорлығына өте бардық» - десе, орыс достары былай деп еске алады: « Ғ. Мұратбаевпен мен 1922 жылдың күзінде таныстым.... жалғыз шығыс жастары ғана емес жалпы Мұратбаевпен таныс, біліс, істес болған адамдардың бәрі де ол туралы жоғары пікірде еді.

Болгар комсомолының өкілі Благой Гючовтан, Югославия комсомолының делегаты Горкичтен, Италья комсомолының көрнекті қайраткері Джзуппе Бертиден Ғани туралы, оның қызмет қабілеті мен адамгершілігі туралы тамаша бағалар естідім, ал, біз, өзіміз, орыс жігіттері, досымызды қалтқысыз сүйіп, оны мақтаныш ететін едік...» - дейді Александр Иванович Мильчаков. Осындай аса бағалы пікір мен құны жоғары ойларды Ғанидың қызметтестері де, достары да айтып жүрді. Оның қамқорлығына бөленіп, сол кезде интернатта білім алған қазіргі көрнекті жазушыларымыз да Ғани туралы толғана, тебірене жазды.

Қорытынды.
Сөзімді қорыта келе еліміздің тарихында ойып тұрып орын алатын, жаңалықтың жаршысы, жаңа өмірдің белсенді құрылысшысы бола білген біртуар тұлға Ғани Мұратбаевтың есімі ел есінде мәңгі сақталады дегім келеді.
Ақын Жетіскен Мәкенәлі:
Мен Ғанимын –
Шын сөздің ұстасымын,
Әлихан, Міржақыптың тұтасымын.
Мағжан мен Ахметтің бауырымын,
Жалын жүрек жастардың ұстазымын.
Бақытым – Ұлы халқым – ғаламатым,
Қазақ болып әлемге таралатын.
Мен Ғанимын мәңгілік тірі жүрген,
Алашымның арқалап аманатын! – деп жырлағандай, мәңгі жас Ғанидың өмірі кейінгіге үлгі - өнеге. Оны зерттеу, жаңа қырынан тану жалғаса бермек.

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылы,
№100 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Бердешева Жадыра Молыбекқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу