Қиял-ғажайып ертегі: Сиқыршының сыйы осы

Қиял-ғажайып ертегі: Сиқыршының сыйы осы

Бұрынғы заманда бір батыр болыпты. Оның бірінен-бірі өткен екі дүлдүлі бар екен. Батыр дүлдүлін алма-кезек мініп аңға шығып тұрады екен. Батыр күнде таңертең дүлдүлінің біреуі, терлеп тұрғанын көреді. Бұл істің байыбына бара алмай бір күні атшыдан сұрайды:

—Тақсыр, сіз әр күні аңнан шаршап келіп, төсекке басыңыз тиісімен-ақ қатты ұйқыға кетесіз. Ал сіздің бәйбішеңіз ел әбден ұйқыға барды-ау деген мезетте дүлдүліңізге мініп, жай атқа үш күндік жердегі ойнас байына барып, таңға жуық қайтып келеді. Түн бойы қатты жүріс көрген дүлдүлдің таңертең терлеп тұруы осыдан,—дейді атшы. Бұны естіген батыр әйелін аңдымақ болып өтірік ауырып әрлі-берлі дөңбекшиді. Әйелі тыным алмай күтеді. Батыр ел бір ұйықтап оянғанға дейін тыныштана алмайды. Әйел де уағдалы мезгілінің өтіп бара жатқанына қарап қатты шиыршық атады. Сәлден соң батыр әйелінің тізесіне басын қойып «ұйықтап» кетеді. Әйелі жүктен жастық әкеп байының басына жастайды да, далаға шығып, әлгі дүлдүлге міне салып, суыт жүріп кетеді. Мұны білген батыр екінші бір дүлдүлге міне салып, қарасынан қалмай қуа жүріп кетеді. Әйел айдаладағы бір тамға келіп түседі. Ішінен сақалды дәу бір адам шығып:

—Неге кешіктің?—дейді.

—Күйеуім ауырып, әрең ұйықтатып келгенімше осы болды,—дейді әйел кінәлі жанша төмен қарап.

Екеуі өз жұмыстарын бітірген соң, әлгі сақалды дәу әйелді аттандырып салмақ болып далаға шыққанда, батыр қалтарыс терезеден түсіп, балтасын алып босағаға тұра қалады. Дәу сақал әйелді аттандырып үйіне кіре бергенде батыр оның басын бір-ақ шауып кесіп, қанжығасына байлап, басқа бір төте жолмен үйіне тартып береді. Әйелден бұрын келген батыр басты ішкі босағаға тастап, үстіне бірдемелерді жаба салады да, орнына жатып қалады.

—Түнімен тыныш ұйықтадың, тізем талып кетті, түрегел,—деп таңертең әккі әйел байын тербетіп оятады.

—Далаға шығып дәрет сындырайын,—дейді батыр орнынан сенделектей түрегеліп, қолтығынан сүйеп келе жатқан әйеліне,—ойпырмай, буыным құрып барады. Далаға бара алмайтын сияқтымын, осы босағаға отыра салайын, мынау бірдемелерді алып тасташы!

Ойында еш нәрсе жоқ әйел әлгі жатқан нәрселерді ашып қалып, дәу сақалдың басын көреді.

—Бұл менің он бес жастан бергі ғашығым еді. Түбіне жетіпсің, «тфу, ит болып кет»—дейді, байына кәрленген сиқыршы әйел. Батыр ит болып кетеді.

Батыр қара сұр төбет болып өзгергеннен кейін, бұрынырақта алыс жерге ұзатқан бір қызын іздеп шығады. Неше күн жол жүріп бір өзенге келеді де, судан өте алмай, дағдарып тұрып қалады.

Бір күні сол өзеннің бойына бір топ керуенші келіп түнейді. Төбет таң атқанша керуенші жатқан жерді айнала үріп, оларды ұры-қарыдан күзетіп шығады. Таң атқаннан кейін керуеншінің бастығы:

—Мынау өте сақ ит екен, жолшыбай бізге ес қатады. Түйенің үстіне шығарып ала жүрейік,—дейді.

Өзеннен өткеннен кейін ит қыңсылап тұрғысы келмейді. Сонан соң керуеншілер «өзі жүрсін» деп, түйеден түсіріп қоя береді. Өзеннен өту ғана мұң болып тұрған ит қоя бергеннен кейін ұзатқан қызының үйіне тартады. Жолшыбай иен далада бір жыланның бір бақаны арбап жұтқалы тұрғанын көреді. «Жазықтыдан жасқанба, жазықсызға жан ашыт» деген ғақлия сөзді есіне келтіреді. Бақаны жыланнан құтқарып жібереді. Тағы аялсыз жүріп бір кезде қызының үйіне жетеді. Қызының үйінің белдеуінде бірнеше ат байлаулы тұр екен. «Қызым мен күйеу балам мына қонақтарын аттандырып шығар, осы жерде жатсам, көрген соң танып қалар» деп ойлаған төбет, байлаулы аттардың мінер жақ сыртына келіп жатады. Бір кезде қонақтар аттанады. Ойлағанындай қызы мен күйеу баласы оларды аттандырады. Қыз итке бір қарайды да, тіксініп үйіне кіріп кетеді. Артынан іле-шала үйіне кірген жігіт әйелінің түсі өзгеріп кеткенін байқайды да:

—Не болды саған?—деп сұрайды.

—Далада жатқан иттің көзі әкемнің көзіне ұқсайды, әкемнің кейінгі алған әйелін ел сырықтан өткен сиқыр, көзге шүлен болғанымен, көмескіде түлен деуші еді, әкем соның жазымына ұшыраған сияқты,—дейді дірілдеп шошыған әйелі.

—Қорықпа, абыржыма, оны айыру оңай, сен бір саптыаяқ, бір итаяқ дайында, екеуіне де толтырып ас құй, қатар апарып алдына қой. Егер тегі адам болса, саптыаяқтағы асты ішеді. Егер тегінен ит болса, итаяққа жүгіреді немесе екеуін бірдей ішеді.

Келіншек ерінің айтқаны бойынша екеуіне де ас құйып әкеп иттің алдына қояды. Ит сапты аяқтағы асты ішеді де, ит аяқтағы асқа қарамай қояды. Қыз өз әкесі екенін біледі де, бақсы-балгер әкеп емдетіп, молла әкеліп оқытады. Ақыры әкесі бұрынғы адам қалпына келеді. Батыр балаларына бастан кешкендерін егжей-тегжейлі айтып береді. Қызының үйінде жатып әбден жазылдым-ау дегенде үйіне қайтпақ болады.

«Тағы бір жазымға ұшырайсың-ау, әке» деп, зар илеп жылағанына қарамай батыр балаларының мінгізген атымен үйіне қайтып келе жатып, жолшыбай бір салт атты жас жігітке кезігеді, жігіттен:

—Қайда барасың?—деп сұрайды.

—Сіз барған жерге мен де барам,—деп жауап береді жігіт.

Екеуі келе жатып қалың бейіттің басында бір топ адамның бір өлікті жерлеп жатқанының үстіне түседі. «Неғып өлген адам?»—деген сұрауына олар:

—Осында бір байдың бойжеткен қызы бар еді. Оны қанша дүние-мүлікпен тоғанақты түйе арттырып ұзатқалы отыр. Шарт: қызды алатын жігіт үш күн қызбен бірге болуы керек. Содан шыққан жігітке қызды қалың малсыз береді. Бірақ, қазірге дейін мұнымен бір түн бірге болған жігіттің бірі қалғаны жоқ, түн асып ертеңінде өледі. Мынау сондай жігіттің тұп-тура отыз сегізіншісі болады,—дейді. Мұны естіген екі жолаушы таңырқап тұрып қалады. Сәлден соң жолшыбай ілескен жігіт батырға:

—Екеуіміз осы қызды аламыз деп байдың үйіне түселік, мен құда боламын, сен күйеу бол, сені қыздың жанына апарып жатқызамын, бірақ үш күнге дейін айқаспайсың, әрқандай жағдайда да ұстамдылық істейсің, мен сендер жататын отаудың сыртынан аңдимын, қызды дүние-мүлкімен былай алып шыққаннан кейін істі өзіміз білеміз,—дейді. Батыр басында бұған ұнамаса да, ақырында жігіт көндіреді. Сонымен, жігіт айтқанын орындатады да, үш күннен кейін қызды бүкіл дүние-мүлкімен алып жүреді. Үшеуі үртіс жүріп, бір құлан түзге келіп еру болады. Жігіт:

—Мен осы жерде сізге қош айтысамын, мына дүниені, мына қызды екеуміз қаққа бөліп аламыз,—дейді.

—Жоқ, мұның бәрін сен ал, сен болмасаң мен әлгі өлген жігіттің отыз тоғызыншысы болар едім.
—Олай емес, сен ерлік істемесең мұның бәрі жоқ еді. Ақырында жігіт барлық мүлікті қаққа бөліп шығады. Сонан соң қызды қаққа бөлмек болып, батырға «ана бір қолын ұста» дегенде батыр:

—Мұны екіге бөліп өлтіргенше сен ал, мен тіпті саған разымын,—дейді. Бұған жігіт көнбей, бір қолын батырға ұстатып қойып, қызды басына қылышпен періп қалады. Қыздың аузынан қара жалын атып кетеді, екінші рет періп қалғанда, қыздың аузынан бір шұбар жылан түседі. Қызды алдыға қарай жетектей бергенде қыз жалтақтап артына қарайды.

—Қарама артыңа!– деп ақырады жігіт.

—Іштен шыққан шұбар жылан-ай,—деп қыз тағы бір рет артына қарап жүріп кетеді. Қызды басқа үшінші рет періп қалғанда, қыз сары су құсады. Жігіт көңілі тынығардай болып, «ым-ым»... деп, қылышын қынабына салады да, батырға қарап:

—Е, досым, мына қызды тегінде айдаһар сорған, денесінде соның уыты бар еді, қазір онан түгел арылды. Енді осы қызды дүние-мүлкімен сен ал, оған қоса бір уыс топырақ беремін, осыны алып үйіңе барғанда, бұрынғы қатының алдыңнан түлкіше бұлаңдап шығып, «жаңа жұбай құтты болсын» деп, шашу шашады. «Нәуетек, насқор күйеші, сиқыршының сыйы осы!», – деп, сен де топырақты оған шашып жібер, сонда ол дереу қырық есек, бір қашыр болып кетеді. Әсілінде ол қырық есек, бір қашырдан адамға азған лағынет, талайды құртып, сенін аң аулаумен тапқан әзір дүниеңе мәз болу үшін саған тиген. Сен осылай істесең, пәледен құтылып, бақытты өмір өткізетін боласың. Ал мен қызыңды іздеп бара жатқанда сен өлімнен құтқарған бақамын, менің саған қылған жақсылығым осы ғана,—деп лезде бақа болып жүріп кетеді.

Батыр әлгі қызды тоғанағымен алып үйіне жақындағанда, бақа досының айтқанындай, сиқыр қатын сылаңдап анадай жерден шашу алып шығады. Жақындап келіп «құтты болсын» айтып, шашу шаша бергенде, батыр да қойнындағы түйіп алған бір уыс топырақты алып: «Нәуетек, насқор күйеші, сиқыршының сыйы осы!»,—деп шашып жібереді. Сиқыр әйел табанда қырық есек, бір қашыр болып кетеді.
Батыр пәледен құтылып, мұратына жетеді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?