Ахметбек Нұрсила, кәсіпкер: Қазақты құртатын – «Шүкіршілдік»

Ахметбек Нұрсила, кәсіпкер: Қазақты құртатын – «Шүкіршілдік»

Ахметбек Нұрсила, кәсіпкер, алғашқы қазақтілді бизнес-тренерлердің бірі. «Швабские колбаски” шұжық комбинатының иесі. “Асыл ағаш” (“Heaven House`) сауда маркасымен Павлодардағы жиһаз фабрикасын банкрот болып жатқан жерінен көтерген бизнесмен. 2001 жылы Қазақстан Президенті жанындағы Кәсіпкерлерлер кеңесінің мүшесі болған. “Саржайлау” қымыз шұбат өндірісі компаниясының иесі және бас директоры. Семей-тері тон тігу комбинатының негізін қалаушы. Үржар ет комбинатын банкроттықтан көтерді. «Пестициды» ЖШС тыңайтқыштар сататын компанияның акционері.

Бірнеше бизнес-жобаның негізін қалап, жүзеге асырған қазақ кәсіпкері Ахметбек Нұрсила — соңғы жылдары интернет-аудитория, әсіресе, Facebook қолданушылары үшін жақсы таныс тұлға. Қазір "Бизнес Бастау" атты жас кәсіпкерлік мектебінің иесі. Qamshy.kz сайты кәсіпкермен сұхбаттасып қайтқан еді.

– Ахметбек аға, қазақтың кәсіпке икемі жоқ деген түсінік біздің санамызға сіңісті болып қалған тәрізді. Көзін малмен ашқан халықпыз дейміз, бірақ мал бағып, шалқып отқан қазақ аз. Бизнеске ол икеміміз аз дейміз. Той-тойлап, ел сынауға келгенде алдымызға жан салмай кетеміз. Қалай ойлайсыз, қазақтар шынымен кәсіпке икемсіз ба?

– Қазақтың қанында ол жоқ. Бірақ, қазақтың артықшылығы қазақ жеті атаға дейін қыз алмаған, қаны таза, миының мүмкіншілігі жақсы. Сондықтан қазақтың фантазиясы жақсы, ойлау қабілеті жақсы. Қазір заманауи білімді меңгерсе, басқа ұлттардан көбінен артықшылығы басым. ТМД елдерімен салыстырар болсақ, мысалы Өзбекстанда үлкен бизнесмендер өте аз, Қырғызстанда да аз, ал қазақтарда халықаралық бизнес дәрежеге шығып кеткен бизнесмендер көп. Ұсақ кәсіпке келсек қазақтың үлес салмағы аз, өйткені өзінің өмір сүру ортасы оған бейімделген жоқ. Мысалыға отырықшы халық ұйғырлар балаларын саудаға икемдейді, қазақта айтады ғой:

Сенде жоқ қулық-сұмдық, тәсіл-айла,
Жаралғаннан ойламадым байлық- пайда.
Мырзалық, қонақжайлық сорым болып,
Сүйегім қалар ма екен тау мен сайда,- деп. 1937 жылы шынымен басқа ұлттардан көп қырылды, көбіне қазақ өлді. Сондықтан, қанында жоқ, бірақ фантазиясы мен ақыл –ойы ұшқыр, білімі болса қазіргі қазақ кәсіпке тез икемделіп кетеді.

– Тоқсаныныншы жылдардан кейін біраз банкротқа ұшыраған кәсіпкерліктерді аяғынан тұрғызып, ТМД елдері арасында танымал еттіңіз. Ол кезеңмен салыстырғанда қазір біздің қазақ бизнесінің деңгейі қандай?


– Тоқсаныншы жылдары шыны керек бізге жеңіл болды. Сол кездері үлкен фабрика, зауыттар тоқтап, иесіз қалды. Бәленбай миллионның нәрселері арзан-арзанға кетті. Оған жүрегі даулап ала қоятын адамдар аз болды. Соның алғашқыларының бірі мен болдым. Ет комбинатын алдым, оны сақтау үшін қаншама қаражат керек. Өзіңе анандай зауыт салу қиын. Соны қайтадан жандандырдық. Біздің кезде бәсекелестер аз болды, бірақ қиындығы бізде білім болмады, қазіргідей интернет жоқ, бизнес-мектептер жоқ. Ал, қазіргі заманның қиындығы бәскелесің көп, жеңілдігі сол білім жинауға мүмкіндік мол. Кім қазір замануи білімді, интернет маркетингті игерсе көп ақшасыз, тіпті бір тиын ақшасыз-ақ кәсіпке кірісіп кетуіне болады.

– Кәсіпкердің жауапкершілігі мемлекет алдында көбірек пе, әлде әлеуметтің алдында ма ?

– Менің ше, әлеуметтің алдында үлкен сияқты. Біріншісі кәсіп жасаған адамның жасаған затын тұтынады. Мысалы, мен қымыз өндірсем оны біреу ішеді, сондықтан сен оны адамның денсаулығына зиян келмейтіндей, жақсы бір сапасына мән беру керексің. Қалайда адамның қоршаған ортасында жауапкершілігі бар. Ақша табу үшін темекі мен сыра сатып, қалтаңды көбейтуді ғана көздемей, ісіңнен қоғамға пайда тисе. Өйткені, сен осы қоғамның мүшесісің. Біреу жарық өндіріп оны саған беріп отырса, біреу сені емдейді. Сондықтан, біз бір-біріміз үшін жауаптымыз. Ал үкімет деген бір адам ғана емес, үкімет ол –халық. Халық алдында ар-ұятың таза болса, үкімет алдында да ар – ожданы таза адамсың.

– Сапалы қазақ деп қандай қазақты айтамыз?

– Ең бірінші білімді болуы керек. Ахмет Байтұрсынұлы атамыз айтып кеткендей білімді болу керек, оның ішінде заманауи білім. Ол жаратылыстану, маркетинг, қаржылай білім. Екіншісі, денсаулығы мен жағдайы жақсы болуы керек. Тұрмыстық жағдайың жақсы болмаса сенің өміріңнің сапасы болмайды, жақыныңа көмектесе алмайсың, балаңа сапалы білім бере алмайсың деген сияқты. Үшіншісі, оның мінез-құлқы мен мәдениеті жақсы болуы тиіс! Төртіншісі, рухани байлық. Тек қана ақшаның құлы болмай, артыма бір нәрсе тастап кетсем, елім мен жеріме пайдам тисе деген рухани дүниесі жоғары болса, осы төрт тағаны толық адамды сапалы қазақ десек болады.

– Қазір кәсіпкерге, байға деген біздің елдегі көзқарас негізінен негативті. Яғни ол қаржы жымқырған, елдің ақшасын жеп жүрген немесе жоғары жақта көкелері бар адам деп ойлайды. Бұның басты себебі неде деп ойлайсыз?

– Мұның екі себебі бар. Біріншісі Кеңес үкіметінің байларды жаман етіп көрсету әдісі санаға сіңіп қалғандық. Екіншісі елімізді жаулап алған жемқорлық. Шенеуніктің алатын ақшасын бәрі біледі, оның айлығымен керемет көлік мініп, үлкен коттедж ала алмайтынын біледі. Бірақ, соның бәрі бай тұрады. Әрине, халық көбінікінің таза ақша емес екенін білгендіктен қарсы ойда. Еуропаны қарасақ ана минисрті велосипедпен жүреді екен, анау автобуспен жүреді дейді, қарапайым үйде тұрады. Олар үшін бұл намыстанатын жәйт емес. Ал бізде үш бөлмелі үйде тұрып, ортаңқол көлік мінсе біздегілер намыстанады. Шет елде сен прокурорсың ба, басқасың ба бәрібір. Әрине, осыдан кейін халықтың мұндай көзқарасы заңдылыққа айналып кетеді.

– Жақында ғана өз кәсібін дөңгелетіп, отбасын асырап жүрген үш ағайынды жігітті қарақшылар өлтіріп кетті. Қылмыскерлер Ұзынағаштың жігіттері екені анықталды. Осы іске қатысты күмән көп. Осы жайлы сіз қандай ойдасыз?


– Тоқсаныншы жылдары да кәсіпкерлерге қатысты мұндай оқиғалар көп болды. Сенің қорғайтын «крышаң» болмаса қозғала алмайтынсың. Бұрындары кісі өлтірудің көкесі болған. Қазір енді таратушы әлеуметтік желінің күші көп, халық көп құлақтанып алды. Бұрын өлтіріп кету, тартып алу деген құдайдың құтты күні орын алатын еді. Ал үш азаматты өлтіргендерге келсек олар хайуандар. Оларда хайуани ми, тіпті хайуанның ар жағындағы адамдар десе болады. Бір емес үш адамның өмірін қию үшін қандай қатыгез болу керек? Ойлаңызшы бір адамды өмірге әкелу үшін анасы тоғыз ай көтеріп, толғатып өмірге әкеліп, өсірді, жеткізді. Ал азын-аулақ ақша үшін соларды өлтіре салу ешқандай ақтауға келмейтін нәрсе. Менде қоғамның пікірімен келісемін, оларға ең ауыр, ең үлкен жазаны беру керек.

– Қазақтың тілі бизнестің сұранысына айналған кезде ғана, оны бәрі білуге ұмтылатын болады деген ойлар жиі айтылып жүр. Қазіргі бизнестегі қазақ тілінің жағдайы қандай?

– Қазақтың тілінің қазіргі жағдайы өкінішке орай ас үйден ары аспай, тұрмыстық деңгейге түсіп кетті. Әсіресе сауда тілі қазақ тіліне айналып, қажеттілік туса біраз мәселе шешілетін еді. Кез-келген нәрсе қажеттіліктен туындайды ғой, күшпен, зорлықпен ештеңе шешілмейді. Қарапайым ғана мысал, қазір жастардың көбі ағылшын тілін біледі. Оларды ешкім күштемеді ғой, адамдар қажеті бар екенін түсініп үйренді. Басқа ұлттарға да патриот болып үйрете алмайсың. Қашан қажеттілік болады, сол кезде адам өзі-ақ үйреніп алады. Ал қазақтың тілін технка мен бизнестің тіліне айналдыруда біздің мүмкіншілігіміз нөл процент болар. Миллондаған кітаптарды біздің тілге аудару үшін қаншама күш керек, әзірше ол енді мүмкін емес болып тұр. Тіл жоғалса, ұлт та жоғалады ғой. Басқа ұлттар жайлы айтпай-ақ қояйық, өзіміз бір-бірімізбен қазақша сөйлер болсақ тіл жоғалмайды.

– Демек, қазақтың тілін бизнестің тіліне айналдыру құр қиял дейсіз ғой?

– Бизнестегі техниканың тіліне айналдыру қиял. Мен мысал айтайын, қымыз өндіремін, сүттің биологиялық құрамын, технологиясын қазақ тілінде ешқандай жерден таба алмайсың, мен жиһазбен айналыстым, керек ақпараттың бәрін жүз пайыз тек орыс тілінен аламыз. Қазақша ондай ақпараттар жоқтың қасы

– Оның бәрін қолға алса, қазақ тілінің байлығы аудармаларын жасауға жетеді ғой...

– Ол үшін бәленбай миллион, миллиард кітапты қазақшаға аудару керек. Бізде ондай мамандар әлі жоқ, сондықтан ол мүмкін емес нәрсе. Машинаға қатысты болсын, психологияға қатысты болсын өз тілімізде ақпарат өте аз. Біз қазір аз халықпыз. Санымыз 60 миллион болған болса, ол кезде бір нәрсе айтуға болады.

– Қазақ бизнесте қай елден үлгі алуы керек?

– Америкадан– бизнес идея, Жапониядан – бизнестің технологиясын, Қытайдан көшіру жағын деген сынды. Әрбір жұрттан керек деген жақсы жағын алу керекпіз. Әуел десең біз қырғыздардан-ақ үлгі алуымызға болады. Қырғыздар бізден әлдеқайда дамып кетті. Жер асты байлығымыз біздің сорымыз болды ғой. Соған сенгендіктен біз «Голландский болезнь» деген түсінік бар, сол ауруға ұшырап қалдық. Голландия жер асты байлығына сеніп қаншама жыл дамымай қалған, зейнетақы жоғары болып, мұғалімдер айлығы жоғары болып, бюджет біткенде бәрі бірақ банкрот болып қалды. Салдарынан адамдар инкубатор сияқты болып қалды. Бізде сондай болып тұрмыз, соған бейімделіп алдық. Қырғыздардың мемлекеті кедей, халқы бай.

– Біз кейде өзімізді өзге елмен салыстырып, өзбекке қарағанда жағдайымыз жақсы, қырғыздан көш ілгеріміз деп жатамыз. Абайға иланар болсақ қазақ артта қалғанына да қуанатын халық екен. «Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар деп сұрағанның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш?», дейді данышпан хакіміміз. Шынында неге біз өзімізді ғылымы, білімі, технологиясы дамыған елдермен салыстырмаймыз?

– Менің әкем үнемі айтатын еді, сені құртатын «жарайды» деп. Қазақты құртатын «шүкір» деп. Шүкір, қанағаттың өз өлшемі болады, онымен жүре беру дұрыс емес. Ақшаның түбіне де кетіп қалмау керек «золотая середина». Неғұрлым адам мүмкіндік бар кезде алға ұмтылып, жағдайын көтеруі керек. Ешкім о, дүниеге ештеңесін арқалап кетпейді. Бірақ, тоқтаған су сасиды. Адам қанағатта отыра берсе, артқа кете бастайды. Сол үшін алға ұмтылу керек. Бүкіл әлем прогресске ұмтылып жатыр, шүкір деген адам артта қала береді. Өйткені, ең басты тәуелсіздік экономикалық тәуелсіздік. Ешкімге күнің қарамаса, еш елген қарызың болмаса, өз өніміңмен өзіңді –өзің асырасаң сонда ғана тәуелсіздік болады. Сол үшін бәсеке, жанталас болу керек.

– Қазақтың тарихы бірігу тарихы болды дегенді жиі естиміз. Шынымен, кей бауырларымыз бөлінуге құмар. Жерге, руға, партияға, бай, кедей, т.б. болып. Әлеуметтік әр алуандылық, табиғи заңдылықтар болады. Бірақ, сол бөлінулер көп жағдайда ұрпаққа, қоғамға кері әсерін тигізеді. Мұндай жершілдік, рушылдыққа қоғамның реакциясы қандай болуы керек? Мүлдем елемей, назар аудармай қою керек пе, жоқ әлде әлгіндей бүлікшілерді әшкерелеп, ел алдында бетпердесін сыпырып тастау керек пе?

– Қазір бұл тендеция азайды және оған оқыған жастар мән бермеуі керек. Әрине, ата-бабаңды, тегіңді білуің тиіс. Бірақ, қазақ пен қазақтың бөлінуі жақсы нәрсе емес. Балық басынан шіриді ғой. Бұл жерде мемлекеттік идеология болуы керек. Жоғары жақтағыларды естиміз, облыс басшысы болып барсын, басқа жерге барсын отыз адамын алып келеді, басқа жаққа ауысса сол отыз адамын өзімен алып кетеді. «Біріңді қазақ бірің дос, көремесең істің бәрі бос» немесе «Әр қазақ менің жалғызым» десе біздің қоғамдағы бұл дерттің беті қайтады деп ойлаймын.

– Жастарға кімді үлгі тұтуға кеңес бересіз? Жалпы, өзіңіздің кумиріңіз кім?

– Алаш қайраткерлерін үлгі тұту керекпіз. Ахмет Байтұрсын, Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхан. Біз қазір Алаштықтардың бір тырнағына да татымаймыз. Әлі олардың еңбегін бағалаған жоқпыз, дұрыс білмеймізде. Мен кейін-кейін оқып, Әлихан, Ахметтердің істеген ісін көрген кезде біз оның қасында масыл, түкі бітірмеген адам екенімізді түсіндім.

Сұхбаттасқан: Айжан Қалиева

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?