Күркіреп күндей өтті ғой соғыс

 Күркіреп күндей өтті ғой соғыс

Біз соғысты көрген жоқпыз... Алайда тарих қойнауына кеткен сол зұламат жылдар жайлы ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып, жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет еткен, Отан алдындағы борышын адал өткерген майдангерлеріміздің, тыл ардагерлерінің естеліктерінен қанықпыз.

Анасы бауыр еті баласынан, отбасы тірегі мен сүйеніші болған азаматынан айрылған, жас аруды жесір, жас баланы жетім етіп, даланы қанға бөктірген соғыс - Фашистік Германияның, оның басында тұрған Гитлершілердің қанқұйлы әрекетінің жемісі екеніне тарихтан қанықпыз. Жер жаһанды жалмап, "тұлымдыны құл етсем, бұрымдыны күң етсем" деген дұшпанның басты мақсаты орындалмады. Елі үшін аянып қалуды ерлігіне сын, жұрты үшін аянуды жігіттігіне сын деп ұғынар ерлер барда қай дұшпанның болмасын пиғылы орындалмақ та емес еді.

Тумысынан ерлік білекте емес, жүректе екенін ұғынып өскен қазағымның ұл-қыздары да Отан қорғау жолында жан алып, жан берісті. Ықылым заманнан бері ата-бабасының үкілі найзасының ұшымен, жүректен шыққан ерлік ісімен аман сақтап келген туған жерін жау табанына таптатуға олардың намысы жібермеді.Тағдырдың өзі Ұлы Отан соғысының қаһармандарын біздің елімізде туғызып,олардың атағын өзімізде ғана емес, өзге елдерге де шығарғаны - ерлік қазақтың қанына сіңген асыл қасиет екенінің тағы бір дәлелі.Ерлік пен елдікті жырлаған батырлық дастандарды естіп өскен аға буын қазақтың қасиетті ұғымы намысты ту етіп, жауға қарсы тайсалмай ұрыс салды.

Күркіреп өткен күндей болған сол зұламат жылдар десе, есімі ауыздан шыққаннан-ақ естіген құлаққа көп нәрсені ұқтырып, кейбіреулерді күні бұрын бұқтырып тұратын бірегей тұлғамыз Бауыржан Момышұлы есіме түседі. Қаншама халық сарыла күткен жеңісті жақындатуға зор үлес қосқан батыр бабамыздың еткен ерлігін, айтқан сөздерін оқып отырып әр кез тәнті боламын. Ол кісінің ерлік, қолбасшылық істеріне, фотосуреттеріне қарап отырғанда, таспаға жазылып алынған дауысын естігенде қазақ халқының байырғы ерлік бітімін көз алдыма әкелемін. Ата-бабамыздың ақ алмастай жарқылдаған жігер-қайраты да, батылдық пен батырлыққа құштарлығы да Бауыржан атаның бір бойына тоғысқандай.Арпалыспен өткерген ауыр жылдарда сол кездегі Отанның жүрегі саналған Мәскеу қаласын қорғау жолында генерал Панфиловтың шәкірті болған батальон командирі Бауыржан Момышұлы әскери талантын, қолбасышылық, қала берді зор адамгершілік қарым-қасиетін көрсете білген екен. Сол жылдары аға лейтенант, батальон командирі не бары екі жыл ішінде полковник атағында бола тұра дивизия командирінің генералдық қызметін атқаруы қанға сіңген қазақы асыл қасиеттің белгісі емей немене?!

"Адамға деген қалтқысыз сүйіспеншілік оның бітім-болмысымен біте қайнасқан айрықша қасиеті болатын"- деп еске алады белгілі майдангер жазушы Тахауи Ахтанов. Ұрыстың оттай қайнаған ортасына көзжұмбайлықпен қойып кететін ержүректігі батыр атамыздың қарауындағы жауынгерлерге деген риясыз сүйіспеншілігі мен отаншылдық асқақ сезімнен туса керек. Ел аузында халық даналығындай болып тарап кеткен Бауыржан Момышұлының:

"Тірескеннің тізесін бүктірген-ер,

Белдескеннің белін сындырған-ер

Жағаласқанның жанын жаһнамға тапсырған - ер" деп келетін сөзі бар. Осы сөздегі нағыз ердің асыл қасиеттері ер бабамыздың өз өн бойынан табылғаны сөзсіз.

Бұқсаң өлім қанжарын сұғатын,именсең табанының астына салып езетін аласапыран соғыста ел қорғаны болған ерлерден менің туған жерім де кенде емес. Кеңес Одағының батыры атағын алған 497 қазақстандықтың ішінде өңірімізден үш айтулы азамат ерен ерлік пен табандылық арқасында Кеңес Одағының батыры атағын алды. Олар жерлестері ардақтап көше атын берген П.П.Журба, В.В.Бунтавских, А.С.Крахмаль. Батыр атанбаса да майдан жолын қарапайым қазақ ауылынан бастаған жерлесіміз Қ.Тастанбеков жеңіс күнін Берлинде қарсы алды.Ол кісіні "Берлинге жеткен қазақ" деп мақтанышпен айтуға болады деп ойлаймын.

Таяқтан тайсалмасаң, семсерден сескенбесең ғана жеңдім деуге болатын алмағайып соғыста Отан үшін от кешкен жерлестерімнің ісі бүгінгі ұрпаққа өнеге. Олардың есімі ел есінде мәңгі сақталуы тиіс. Байқасақ, Ұлы Отан соғысы, ондағы тізе бүгіп тірі жүргеннен, тіке тұрып шаһит болуды қалаған жандар ел жадынан біртіндеп өшіп бара жатқандай ма... Ерлер есімі ел есінде мәңгі сақталуы тиіс қой. Балаң көңілмен қазіргі таңда қазақ патриотизімін, ұлттық рухты аспандата көтеру мәселесі алдыңғы кезекке қойылған шақта қанға сіңген асыл қасиет - ерлік пен намыстың, ұлтжандылықтың айрықша үлгісін көрсеткен қазақстандық майдангерлердің аты дәріптеліп, ұрпаққа танылғаннын қалаймын.Ел тірегі болу үшін ер боп туған адал ұрпақтың ел басына сынақ болған сұрапыл соғыс жылдарындағы төзімділігі мен өмір үшін өлгенше күрескен табандылығы, қайраты мен каһармандығы болмаса, бүгінгі жарқын болашаққа батыл қадам жасап, өркендеу жолына түскен тәуелсіз мемлекетіміз де болмас па еді, қайдам... Сол себепті де ерлерімізді ел үшін, ұландарымызды ұлт үшін дәріптейік.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?