Қобыланды (Қазақ ауыз әдебиеті)

 Қобыланды (Қазақ ауыз әдебиеті)

Кешегі өткен заманда,
Он екі баулы ноғайда
Қыдырбай деген бай болған
(Ақшахан деген хан болған)
Байлығы асқан жан екен,
Малы жерге сыймаған
Дұшманның тілін тыймаған,
Сол секілді жан екен
Қыдырбайдың алғаны
Меңдісұлу жар екен
Сексенге жасы келгенше,
Ұл менен қызға зар екен
«Осыған қайғы салсам деп,
Осының малын алсам» деп,
Ақшахан деген ханының
Еліндегі билердің
Ойлаған ойы бар екен
Бір күні билер ойлады,
Ұлы жыйын-той қылып,
Ат шаптырды қалаға,
Ұзын жатқан салаға
Онда бұйрық қылғаны:
– Ұлсыздарға орын жоқ,
Қызсыздарға қызық жоқ
Жұрттың бәрі жиылды,
Осылай етіп бұйырды
Ондай айтқан сөздерін
Қыдырбай тіпті алмады,
Сөзіне құлақ салмады
Сексен нарға саба артып,
Қасында Меңді алғаны
Тойға кетіп барады
«Осыған қайғы салам» деп,
Қылып жатқан тойы еді,
Ойлаған ойы сол еді
Мұнараның басында
Отыр еді Ақшахан,
Келе жатқан Қыдырбай
Ақшахан сонда көреді
Көрді дағы ақырды,
Тақылдақ дейтін елінде
Бір уәзірі бар еді,
Сол уәзірін шақырды
Келе жатыр Қыдырбай,
Соған қайғы салам деп,
Істеген бұл бір той еді
– Төбеңнен тіллә құяйын,
Сол Қыдырбайға бар, – деді,
Соған қайғы сал, – деді
Тақылдақ сонда кетеді,
Қыдырбайға барады
Тақылдақ бара сөйледі:
– Хан бұйырды, амал жоқ,
Бармайтұғын заман жоқ
Осы тойды істеген
Ақшахан деген иесі бар
Қыдырбай тақсыр, қайтыңыз,
Баласы жоқ кісінің
Осы тойда несі бар?
Ұлсыздарға орын жоқ,
Қызсыздарға қызық жоқ
Барғанменен бұл тойға,
Қыдырбай, саған қайғы көп
Сонда Қыдырбай сөйлейді,
Сөйлегенде не деді:
– Аспандағы Сары мекен,
Жалғыз адам зар ма екен?
Осынша қайғы салғандай,
Менде өшті кегі бар ма екен?
Мен бұл тойға барайын,
Қалаларын қан қылып,
Қақпаларын сындырып,
Көңілдерін тындырып,
Тойын қызық қылайын
Осынша қорлық берген соң,
Бармай неғып шыдайын?!
Осылай етіп ақырды,
Қабағынан қар жауып
Сабадағы қымызды
Алмаспенен кеседі
Қыдырбайдай қартыңа
Сонша қайғы түседі
Сонда Меңді сөйледі:
– Қыдырбайдай байымыз,
Жасы жеткен қарымыз,
Осының тілін алыңыз
Көп жинаған малыңды
Садақа қылып шашалық,
Бұл жерде тұрмай, қашалық
Дүние деген дөңгелек,
Жинағанмен құр малдан
Баласыз жерде не керек?!
Құдайдан тілек тілелік,
Әулие қоймай түнелік
Шыныменен тілесек,
Бермес пе екен тілегім?!
Қашаннан да, Қыдырбай,
Асыл еді сүйегің
Кел, Қыдырбай, қайталық,
Садақаны Құдайға
Мал сойып тұрып аталық
Осыдан үйге барғансын,
Қолыма таяқ алармын
Естігенсін қайғыны,
Далаға кетіп қалармын
Бірнеше күн жүрермін,
Әулие қоймай түнермін
Бар жасаған Құдайдан
Шыныменен тілермін
Тілегімді бермесе,
Көзімнің жасын көрмесе,
Қаңғып жүріп өлермін
Сонда тұрып Қыдырбай
Меңдінің тілін алады
Далада тұрған Қыдырбай
Үйіне қайтып барады
Бірталай малды сояды,
Ұл менен қыздың жоғынан
Ғаріп бенен ғасыны,
Соқыр, міскін, нашарды
Толып жатқан жияды,
Жиылған бәрі тояды
Бір баланың жоғынан
Он күнге дейін той қылып,
Бір талай малды сояды
Он күннен соң жиылған
Жұрттың бәрі кетеді
Меңдісұлу аяңдап,
Қыдырбайға жетеді:
– Қыдырбайдай еріміз,
Бізге ұлықсат беріңіз,
Қолыма таяқ алайын,
Әулие қоймай түнейін,
Құдайдан бала тілейін
Қыдырбай сонда сөйледі:
– Меңдідей сұлу әйелім,
Көп еді сенің ақылың,
Ұлықсат берсін кәріңіз
Барамын десең, барыңыз,
Бір Құдайға аманат
Кеудеде шыбын жаныңыз
Меңдідей сұлуың
Ұлықсатын алады,
Далаға кетіп барады
Шыға Меңді жүгірді,
Маңдайдан тері шұбырды,
Шыбындай жаны қыдырды
Жеті күндей жүргенсін,
Сонда бір келді молаға,
Зар болып жүрген ақ Меңді
Бір көретін балаға
Кез болған екен сол уақытта
Көкшыбық дейтін әулие –
Бұрынғы өлген бабаға
Моласының басында
Қойған тасы бар екен
Сол секілді әулиені
Бір көруге зар екен
Сол моланың басына
Меңді келіп жатады
Шаршап келген ол байғұс
Көп ұйқыға батады
Ақ шалмасы басында,
Ұйықтап жатқан күнінде,
Аса таяқ қолында,
Өзі Хақтың жолында,
Көкшыбықтай бабасы
Жетіп келіп қасына,
Бабасы сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Мұнша неге зарықтың?
Құдай айдап кез болып,
Біз секілді бабаңа
Бүгін келіп жолықтың
Қолыңды жай, шырағым,
Саған бір бала берейін,
Көзіңнің жасын көрейін
Саған берген балама
Шапса қылыш өтпесін,
Атса мылтық өтпесін,
Алладан бұйрық болмаса,
Жалғаншының жүзінде
Адамның әлі жетпесін
Меңдідей сұлуға
Бір тұтамдай бір шыбық
Қолына сонда береді
Меңдідей сұлудың
Көзінің жасын көреді
Ұйқыдан тұрып ақ Меңді,
Батасын қылып молаға,
Қайта жүгіріп келеді
Өзінің шаһар қалаға
Үйге келіп ақ Меңді:
– Қыдырбайдай байымыз,
Мен далаға бармасам,
Кетіп еді жайымыз
Қыдырбайдай ер, – деді,
Болды, білем, тілегің,
Сүйіншімді бер, – деді
Сонда Қыдырбай тұрып сөйледі:
– Сүйіншіге берейін
Толып жатқан малымды
Аямайын, берейін
Кеудедегі шыбын жанымды
Үстіңе қатын алмайын,
Асылда қамшы салмайын
Құдай қосқан жұбайым,
Тілекті берген Құдайым,
Тіпті қарсы бармайын
Бәйбішесі келгенсін,
Тілегін Алла бергенсін,
Ертең халқын жияды
Ұлы жиын-той қылып,
Садақасын береді
Тоғыз ай да, тоғыз күн біткен соң,
Тілеп жүрген баласы
Екеу болып дүниеге келеді
Біреуі – ұл да, біреуі – қыз,
Ертең тұра той қылды
Алтын қабақ аттырып,
Жүйрік атын шаптырып,
Жеті күндей той қылып
Таратқансын сол тойын,
Әмір қылды халқына:
– Баламның атын қой, – деді
Халқы сонда ойланды,
Баланың атын қоялмай,
Ойласа, ойға тоялмай,
Халқы тарқап кетеді
Халқы тарқап кеткен соң,
Ұлын алып Қыдырбай,
Қызын алып ақ Меңді,
Шыққан екен далаға
Тарыққасын шынымен,
Сонда келіп кез болды
Баяғы тілегін берген бабаға
Қыдырбай сонда сөйледі:
– Жел жағымда панамсың,
Көкіректегі санамсың,
Тарыққанда кез болған
Тым сүйікті бабамсың
Сонда бабасы сөйлейді:
– Сенің бабаң мен едім,
Менің балам сен едің
Баланың атын қоялмай,
Сен тарығып жатқансын,
Балаңның атын қоюға
Сенің үшін келемін
Қолыңдағы балаңды
Көрсетші маған, көрейін
Балаңның жүзін көргенсін,
Атын қойып берейін
Көрсетті, білем, сол күнде,
Қолындағы баласын
Балаңның атын айтайын,
Қобыланды деген ер болсын
Атқа мініп жүргенде,
Біз секілді бабасы
Тарыққанда кез болсын
Қызыңды көрсет, көрейін,
Оның да атын қойып берейін
Сонда қызын жана көреді,
Атын айтып береді
Қызыңның аты – Қансұлу,
Артық болсын ажары
Оны көрген адамның
Көргенде түссін назары
Қатар жүрген құрбыдан
Артық болсын базары
Баланың атын қойғансын,
Әлгі тұрған бабасы
Ғайып болып кетеді
Қыдырбайдай қартыңыз
Үйге таман жетеді
Он екі жасқа келгенше,
Сол баланы жақсылап
Қыдырбай қартың бағады,
Баланың көңілін табады
Он екі жасқа келгенсін,
Қыдырбайдай қартыңа
Қобыланды батыр келеді,
Келе сөйлей береді:
– Қыдырбайдай атамыз,
Қолыңнан берші батаңыз
Он екі жасқа келгенше,
Босқа қарап жатамыз
Тоқпақ жалды торы айғыр
Сол айғырды беріңіз,
Бізді өзіңдей көріңіз
Сол торы айғырға мінейін,
Дүбір де дүбір желейін
Толып жатқан малыңды
Менде бір көріп келейін
Өзіңнің жастан қолданған
Қаруыңды бер, – деді,
Беліме орай шалайын
Мен сол көп малыма барайын,
Дұшман бар ма, дос бар ма,
Бізге ойлаған қас бар ма,
Соны байқап келейін
Қыдырбай сонда сөйледі:
– Садағың алтын көк берен,
Шарайнасы бес қабат
Салып қойған сауыт бар,
Соны үстіңе ки, – деді
Арша ағаштан жондырып,
Көзін терең ойдырған
Белгілі оғым бар еді,
Беліңе орап іл, – деді
Тоқпақ жалды торы айғыр
Мінемін десең мін, – деді
Дұшманыңды-досыңды
Аралап барып көр, – деді
Жылқы менен қойыңды
Аралап барып көр, – деді,
Қобыландыдай ер, – деді
Қасыңа сенің берейін
Көрсетіп бәрін жүруге
Сайрауықтай құлыңды
Түгендеп бәрін келерсің
Жылқыда тай мен құлынды
Тәуір көрдім, шырағым,
Атқа мінген ырымды
Қобыландыдай балаға
Атасы бата береді
Қобыландыдай жас батыр
Тоқпақ жалды торы айғыр
Оған батыр мінеді
Манағы айтқан сауытын
Оны үстіне киеді
Әкесінен сұраған қаруын
Беліне орап іледі
Сайрауықты ертіп қасына,
Түгендеуге көп малын
Қобыланды батыр келеді
Қыдырбай қарттың жылқысы
Жасы байтақ көп еді
Қамысты деген бір көлде
Су ішіп жылқы жатқанда,
Оған таман келеді
Жылқыларын түгендеп,
Қасындағы Сайрауық
Қобыландыға береді
Түгендеп тұрған мезгілде,
Будақтаған бір шаңды
Қобыланды сонда көреді
– Сайрауықтай ағамыз,
Мен мына жақтан шаң көрдім,
Шаңды көріп таң болдым
Берменірек кел, – деді
Менің көрген сол шаңым,
Білгеніңді айтып бер, – деді
– Қобыландыдай жас бала,
Бұрын маған ермедің
Не деп айтып берейін,
Жоқ еді оны көргенім
Қобыланды сонда ойлады,
Ой түбіне тоймады
Астындағы айғырды
Қамшыменен айдады
Айдаса аты желеді,
Үйіне салып келеді
– Айналайын, жан ата,
Батаңды маған бер, – деді
Мен мына жақтан шаң көрдім,
Көргенсін шаңды таң көрдім
Шаңға барып келейін,
Дұшпан болса аңдыған,
Себебін өзім білейін
Қыдырбай сонда сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
– Толып жатқан малым бар,
Аңдып жүрген залым бар,
Ғаріп болып кетерсің,
Киік пенен құланның
Шаңына барып нетерсің?
Отырсаң да үйіңде,
Мұратыңа жетерсің
Атаң менен анаңды
Қайғыда қылып кетерсің
Сонда бала сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Ата, бекер қайғырма,
Ақылыңнан айрылма
Менің үшін жылама,
Жылай беру бола ма?
Қайранда тұрған жалғыз тал
Уақытсыз сына ма?
Далада жүрсем білемін,
Отырсам үйде күлемін
Үйде-түзде болсам да,
Уақытым біткенде,
Қалайда болса өлемін
Осыған көзің жетті ме,
Отырсам үйде өлмесім
Бұған көзің жетті ме,
Соған барсам келмесім?
Не көрмес дейсің әуелден
Құдайдың өзі жаратқан
Басы жұмыр пендесі
Қыдырбай сонда сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
– Қолыңды жай, шырағым,
Тамағыңнан бір сүйсем,
Тарқар сонсын құмарым
Жаңа талап жас бала,
Саған бата берейін,
Сені өзімдей көрейін
Жауға барсаң, қарағым,
Жаудың шетін шапқайсың
Шапқаныңда жағалап,
Ішіне кірме аралап
Жаныңа тарлық келгенде,
Көкшыбықтай бабаң бар,
Шақырарсың бабалап
Атасы ұлықсат береді,
Анасы сонда келеді
Анасы келе сөйлейді:
– Әулие қоймай түнеген,
Күні-түні жүріп тілеген,
Сені тілеп жүргенде,
Қурылып еді заманым,
Тілініп еді табаным,
Кетемісің сен тастап,
Қобыландыдай қарағым?!
Он ай сені көтердім,
Омыртқам менің бүгілді,
Қабырғам қалмай сөгілді
Сен кетемін дегенсін,
Көзімнің жасы төгілді
Қайда тастап кетесің,
Ауыр дәулет, малыңды?!
Қайда тастап кетесің,
Кемпір менен шалыңды?!
Садақа саған қылайын
Кеудеде шыбын жанымды
Шыныңмен кетсең, ала кет,
Мені артыңа сала кет
Әкетпесең айтайын
Жолыңа айтқан ниязбын,
Алмасыңмен шала кет
Қобыланды сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Меңді сынды анамыз,
Қор болар деп ойлама,
Қобыландыдай балаңыз
Ұлықсат бер де, қоя бер,
Қамысты көлдің басында
Көрген шаңға барамыз
Атасы мен анасы
Ұлықсатын береді
Қобыланды сондай ер еді,
Жаудан қорқар ер емес
Бағанағы көрген шаңына
Барайын деп келеді
Оған келсе жақындап,
Алдыңда тұр бір бала
Шаң мәнісін сұрады,
Сол баланы тақымдап
Сонда бала сөйледі:
– Бұл көп қалмақтың елі еді,
Көп қалмақтың елінде
Алшағыр деген хан еді
Алшағырдың елінде
Бір Көктен деген
Мықты кемпір бар еді
Сол кемпірдің сол күнде
Құртқа дейтін бір қызы
Әйелде ару жан еді
Сұлулығын сұрасаң,
Қызыл ерін, ақ маңдай,
Өңбейтұғын мақпалдай,
Оны көрген адамдар
Жиғанын оған сатқандай,
Сұлулуғы жарасты
Сол секілді балаға
Алшағыр менен Ақшахан
Екі елдің ері таласты
Таласқанын сол Көктен
Үйде отырып көріпті,
Төресін өзі беріпті
Төрелік берген мезгілде,
Ат шаптырып далаға,
Ноғайлы мен қалмақтың
Өздері салған қалаға
«Той қылдым, – деп, – сол күнде»,
Шақырған екен көп елді,
Құртқадайын балаға
«Той қызығын көрем», – деп,
Бір бәйтерегі бар екен,
Сол теректі аттырып,
«Жыққан кісіге берем», – деп,
Қалмағы менен ноғайдың
Жиналып жатқан елі бар,
Толып жатқан ері бар
Алшағыр мен Ақшахан
Келіп жатыр осында
«Кім жықса да теректі,
Сарқыт сұрап алам», – деп
Көктен отыр үйінде,
«Лайық емес бұларға
Менің Құртқа балам», – деп
Қобыландыдай батырың
Әбден сұрап алады
Әлігі жатқан хандарға
Қобыланды кетіп барады
Хандарға бара сөйледі:
– Сәлем бердім, хан, – деді,
Сөзіме құлақ сал, – деді
Он екі баулы ноғайда
Қыдырбайдың ұғлы едім
Сендердің қуған олжаңды
Мен де қуып жүр едім
Туғалы атқа мінбедім,
Мұндай жолға жүрмедім
Мен де өзіңдей ер едім,
Оғым тисе терекке,
Осы олжаңды бер енді,
Тырнақ алдым деп едім
Сонда хандар сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Он екі жасар жүгірмек,
Оғың тисе ала бер,
Олжаң бізге не керек
Ұлықсатын алады,
Жиылып жатқан кісіге
Қобыланды кетіп барады
Астына мінген тұлпарға
Қамшыменен басады
Жиылып тұрған көп адам
Қобыландыны көргенсін,
Арасын бәрі ашады
Сол уақытта Қобыланды
Бәйтерегін көреді,
Бәріне сәлем береді
Сәлем беріп болғансын,
Оғына батыр қол салды,
Бір салғанда мол салды,
Алдындағы теректі
Атайын деп оңдалды
Үзенгіге шіреніп,
Тартып келіп қалады
Ердің оғы тұрсын ба,
Құлатып кетіп барады
Атқан оғы сол ердің
Ол теректен өтеді
Аржағында бір төбені
Төңкеріп тастап кетеді
Көктен менен ол Құртқа
Отыр екен сол күнде
Мұнараның басында
Сонда Құртқа сөйледі:
– Айналайын, анамыз,
Кел, мұнарадан түселік
Лайық екен балаңа,
Мына келген еріңіз
Көз тиіп кетер осыған,
Жасырып жауып баланы,
Отауға алып баралық
Көктен менен ол Құртқа
Қобыландыдай батырды
Ортасына алады
Жібекпен жауып батырды,
Отауға алып барады
Сол отауда жатады,
Көп қызыққа батады
Көктен сонсын той қылды,
Ол тойына сойғанын
Ту бие мен қой қылды
Жылқыда шабдар қалмады,
Үйдегі шалдар қалмады
«Осы тойға барам деп,
Бір тойыны қылам» деп
Жиналды қалмақ елдері,
Қобыландыдай балаға
Мінеки, Құдай бергені,
Жеті күндей той қылды
Тарқатқансын сол тойын,
Құртқадайын сұлудың
Некесін сонсын қидырды
Сонсын Көктен сөйледі:
– Қобыландыдай жас бала,
Маған көзін сал, – деді,
Қалағаныңды ал, – деді
Сонда Қобыланды сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Мен бір жалғыз ер, – деді,
Дүние маған не керек,
Батаңды маған бер, – деді
Батасын Көктен береді,
Қатар-қатар нар берді,
Нарына қосып зер берді
Жеті құл мен жеті күң
Жана берді қасына
Қызын алып баратыр
Көктендейін кемпірдің,
Өзі мініп басына
Қыдырбайдай қартыңа
Беру деген осы ма
Сол екі күн жүргенсін,
Манағы жүрген келіншек
Бір көп жылқыға келеді
Сонда келіншек жылқыны
Көріп сөйлейді:
– Қобыландыдай ер, – деді,
Бермен таман кел, – деді
Мына жатқан көп жылқы
Кімдікі болар, білмеймісің, сен, – деді
Қобыланды сонда сөйледі:
– Қыдырбай атам бай еді,
Жасы жеткен шал еді,
Әуелі Құдайдікі,
Екінші, Қыдырбайдың малы еді
Сонда Құртқа сөйледі:
– Жылқының өзі көп екен,
Жылқының бергі шетінде
Бір құла бие бар екен,
Құлындай алмай тұр екен
Ішіндегі құлынын
Берер ме екен сол маған
Атекем менен енекем?
Құртқадайын алғаным,
Әуре болып сұрама,
Ашуланып, шамданар
Қыдырбайдай шалдарың
Соны айтып болғансын,
Қобыланды шауып жөнелді
Үйіне шауып барады
Қыдырбайдай қартына
«Келінің келе жатыр», – деп,
Барып хабар салады
Қобыландыдай батырдың
Қансұлудай егізі
Жеңгең келе жатыр деген соң,
Кер маралдай керіліп,
Бұралып белі үзіліп,
Ішкен асы шіркіннің
Тамағынан көрініп,
Бір басуға ерініп,
Пар ат жегіп арбаға,
Жеңгесінің алдынан
Қансұлу шықты желігіп
Жеңгесін келіп көреді,
Қансұлуды көргенсін,
Құртқа сөйлей береді:
– Айналайын, бикешжан,
Неге келдің жүгіріп,
Не берейін суырып?
Бикешжан, енді қайтыңыз,
Әкең менен шешеңе
Барып сәлем айтыңыз
Көп жылқының шетінде,
Бер жағының бетінде
Бір құла бие жүр екен,
Құлындай алмай тұр екен
Ішіндегі құлынын
Берер ме екен, айтыңыз,
Атекем менен енекем?
Қансұлу сонсын қайтады,
Құртқаның айтқан сәлемін
Атасына айтады:
– Барып едік жеңгеме,
Сөз айтпады өңгеге
Бар, қайт, – деді, – қайт, – деді,
Сізге сәлем айт, – деді
Көп жылқының шетінде,
Құла айғырдың үйірінде
Құла қулық бар екен,
Құлындарға тұр екен,
Құлындай алмай жүр екен
Бере ме деп жіберді
Атекем менен енекем
Қыдырбай сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Келінің құрсын, көрмеймін,
Келе сала мал сұрап,
Оған малды бермеймін
Сонда Меңді сөйледі:
– Әй, Қыдырбай, Қыдырбай,
Досқа сөйлеп неткенің,
Уағдаңа жетпедің!
Сексен нарға саба артып,
Хан тойына барғанда,
Тақылдақ сонда не деді
«Ұлсыздарға орын жоқ,
Қызсыздарға қызық жоқ,
Үйіңе қайт» деп еді,
Ұмыттың ба осыны?!
Бір құлынды сен қимай,
Осынша неге шошыдың?
Маған бір құлын тимей ме,
Сен бермесең, мен бердім,
Бар, Қансұлу, қайта, – деді,
Жеңешеңе айт, – деді
Қансұлу сонсын қуанып,
Кейін барып қайтады
«Менің үшін берді» – деп,
Жеңгесіне айтады
Қыдырбай сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Жылқы жиып жүргенде,
Қамысты көлдің басында
Судан шығып бір айғыр,
Көріп едім тұрғанын
Сол биенің қасында
Айғыры еді ол перінің
Сол пері елінің
Одан туған құлынға
Мінсе балаң кетеді
Қобыландыдай балама
Көрсетпейін, – деп едім,
Айтқаным менің болмады
Қобыландыдай батырдың
Шынымен Құдай оңдады
Қайырлы болсын, қайтейін,
Мініп жүрген жолдары
Келгенсін, келін той қылды,
Күміс пен алтын шашады
Істеген той, көп қызық
Өз елінен асады
Кәпір менен ноғайға
Қыдырбайдай қартыңның
Істеген тойы жарай ма
Той қылып жатқан мезгілде,
Құртқадайын келіншек
Төсегіңнің астынан
Терең шұңқыр қаздырды
Сайрауықты жіберіп,
Баяғы құла биені алдырды
Туғызып биені алады,
Сол шұңқырға салады
Қоя беріп енесін,
Сегіз ай да, сегіз күн
Серт айтып тұрып бағады
Сегіз айы біткенде,
Төсегінің үстінде
Жатыр еді Қобыланды
Дүбірлеген бір дүбір
Құлағын жарып барады
Қобыланды сонда сөйледі:
– Құртқа сұлу, сен, – деді,
Қобыланды деген мен, – деді
Дүбірлеген немене,
Осыны айтып бер? – деді
Қобыландыдай батырым,
Кеудеңде бар ма ақылың?
Сөзімді тыңда, жарқыным,
Менен басқа болар ма
Ақыл айтар жақының
Құла бие ішінде
Құлынын өзім алғанмын
Сегіз ай да, сегіз күн
Уағда қылып салғанмын
Сегіз күні біткен жоқ,
Сертті күні жеткен жоқ
Батыр, кішкене сабыр ет,
Сегіз күні біткенсін,
Сол құлынды алып берейін
Сол құлынға мінерсін,
Дүбір де дүбір желерсің,
Көрмеген жерді көрерсің
Қобыланды сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Шығаршы бермен атымды,
Қандай екен көрейін,
Көріп жауап берейін
Сонда Құртқа сөйледі:
– Сегіз күні біткен жоқ,
Мінетін күні болған жоқ
Қобыланды оған болмады,
Ашуланып шамданды,
Қарап тұрып долданды
Ұрайын деп Құртқаны,
Қамшысын сонда қолға алды
Ашуын көріп батырдың,
Шығарды сонсын торы атты
Торы атты қарап Қобыланды,
Сонда тұрып сөйледі:
– Бәрекелді! Торы атым –
Ердің мінер аты екен,
Асылдан қалған зат екен
Баяғы сынап жүр екен,
Қыдырбайдай атакем
Омырауы он баудай,
Ойынды етін қарасам,
Жиынға тіккен жыйдаудай
Қиған қамыс құлақты,
От орнындай тұяқты
Қасқарған қоян шекелі,
Омырауы екі елі,
Қысыр жылан құрсақтай
Танауына қарасам,
Түбі түскен шелектей
Құйрығына қарасам,
Келептеген жібектей
Сол уақытта Қобыланды
Иілмелі жүген жүгендеп,
Бердеменен берліктеп,
Қырмызымен терліктеп,
Басын көкке қаратып,
Бауырынан жаратып,
Қобыланды мініп алады
«Малға барып келем,» – деп,
Батыр кетіп барады
Сайрауық ердің қасында
Алты күнге баратын
Жылқысы еді алыста
Екі сағат болғанда,
Жылқының келді басына
Жылқыны жүрді аралап,
Көкөзен судың басында
Алшағыр деген қалмақтың
Қаласы еді басында
Алшағыр деген хан еді,
Көкаман қасқа, Көкқасқа
Деген батырлары бар еді
Айқасқа менен Жанқасқа
Ақылы көп жан еді
Сол төртеуі бірігіп,
Айдалада аң аулап,
Ойынменен жүр еді
Қобыландыдай баланың
Қарасын сонда көреді
Айқасқа мен Жанқасқа
Сынап сөйлей береді:
– Ана бір жүрген адамның
Айбаты таудай көрінді
Төбесін байқап қарасам,
Қазандай бұлт ойнайды
Желкесіне қарасам,
Жеті бүркіт ойнайды
Астындағы торы аттың
Қанатын қағып парлайды
Қасындағы жолдасы
Ол недей жан екен,
Анадан ол да қалмайды
Ә, дегенше болмады,
Қасына жетіп келеді
Қобыландыдай жас бала
Келе сөйлей береді:
– Атаңа лағнет, қалмағым,
Батар ма маған бармағың?
Өзім үйде жатқанда,
Жерімді неге барладың?
Жылдам білдір жөніңді,
Қай сапарға барасың,
Қай сапардан келесің?
Барлап жүрсең жерімді,
Қағылсаң да өлесің
Сонда қалмақ сөйледі:
– Мұнша неге шамдандың,
Келген жерден долдандың?
Біз «қалмақ» деген ер едік,
Әуелі елден шыққанда,
Аң аулап қайтсақ деп едік
Өзің білдір жөніңді,
Қайдан жүрген баласың?
Оттай қаулап жанасың,
Қай сапарға барасың?
Сонда Қобыланды сөйледі:
– Он екі баулы ноғайда
Қыдырбайдың ұлы едім,
Мал түгендей жүр едім
Сендерді көріп келемін,
Жау көрмей жүрген ер едім
Айқасқа сонда сөйледі:
– Бәрекелді! Хош болады,
Сен бір жалғыз ер едің,
Сені көрсем, – деп едім
Іздегенім сен еді,
Дос болайын, – деп едім
Қолыңды бер, ер, – деді,
Жақынырақ кел, – деді
Қобыланды қолын береді,
Дос болдық деп алтауы
Бірігіп сонсын жөнелді
Айқасқа сонда ойлайды,
Жан-жағына қарайды
Өтірік алдап барлауға,
Ой түбіне тоймайды
Айқасқа алдап жарысты,
Қобыланды мінген торыша ат
Ауыздығымен қарысты
Қалмақтың бәрі қалады,
Жалғыз озып барады
Айқасқа және ойланды,
Аударыспақ ойнады
Қобыландыдай жас бала
Жан-жағына қарады
Төртеуін де қалмақтың
Аударып тастап барады
Жаннан олқы демеді,
Қобыландыдай баланы
Сол уақытта кеш болды,
Еңбегі қалмақтың еш болды
Аман-сауын айтады,
Елі-еліне қайтады
Төрт қалмақ елге келеді
Алшағыр деген ханына,
«Бір батыр көріп келдім,» – деп,
Айқасқа хабар береді
Сонда Айқасқа сөйледі:
– Әй, Алшағыр, Алшағыр,
Сол секілді батырмен
Болып келдім мен тамыр
Айқасқа соны сынады,
Сүйегі асыл ер екен,
Сонша бізге ұнады
Ұнаса сізге дос болдым,
Көп қалмаққа бас болдың
Алшағыр сонда сөйледі:
– Қобыландыдай жас бала,
Мен баяғы Құртқаға барғаннан
Содан бері шошыдым
Сен соныңменен дос болдың,
Бәрекелді! Хош болды
Айқасқа соны айтады,
Сонымен қалмақ жатады
Қыдырбайдай байыңыз,
Тепсеңге бие байлайды
Құлындары ойнайды,
Ойнаған жері шаң болды,
Қобыланды көріп, таң болды
Қыдырбайға келеді,
Қобыланды сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Айналайын, жан ата,
Торыша атқа мінейін,
Қонған жерің тозыпты,
Бір жер көріп келейін
Бір тәуір қоныс табалық,
Сол қонысқа баралық
Қыдырбай сонда сөйледі:
– Торыша атқа мін, – деді,
Дүбір де дүбір жел, – деді,
Қоныс қарап кел, – деді
Қобыланды атқа мінеді,
Қоныс қарап жүреді
Көкөзен деген сулардың
Қобыланды келді беліне
Сайрауық соның қасында,
Шауып шықты басына
Қалың ағаш, ну көрді,
Ағып жатқан су көрді,
Айдын шалқар көл көрді,
Көлденең жатқан бел көрді,
Аралап жерді көреді
Тап жеті күн дегенде,
Айналып үйге келеді
Атасына келе сөйледі:
– Көкөзен деген көл көрдім,
Айдын шалқар көл екен
Айналасы көк екен,
Жайылысы мол екен
Қалың біткен қамыс бар,
Бізге лайық жер екен
Қыдырбай сонда сөйледі:
– Айналайын, жалғызым,
Алдыңда өскен аға жоқ,
Алладан басқа пана жоқ,
Артыңда өскен інің жоқ,
Ерліктен басқа мінің жоқ,
Сенсіз менің күнім жоқ
Алшағыр деген қалмақтың
Қорып жүрген көлі еді
Әуре болма сен, – деді,
Ол қалмақтың көлі еді
Қобыланды оған болмады,
Отауын артып көшеді
Малдың бәрін айдады,
Көлге алып келіп салады,
Отаумен келіп қонады
Сол көлді қорып жүретін
Торғай деген бар екен
Қобыланды ұйықтап жатқанда,
Малын қуып жапырды,
Отауға келіп ақырды
Торғай сонда сөйледі:
– Қорыққа неге қонасың,
Нағылған тентек баласың?
Бұл жерде тұрма, көш, – деді
Қобыланды сонда шығады,
Торғайға келе сөйледі:
– Балалықпен мен бұрын
Мұндай жерге жүрмедім,
Екенін қорық білмедім
Біздікіне түс, – деді,
Түсіп қымыз іш, – деді
Мал сойдырып же, – деді
Торғай сонсын түседі,
Түсіп қымыз ішеді
Қымыз ішіп қанған соң,
Торғай деген қасқаны
Ұстап алып байлады
Құлағын кесіп алады,
Мұрнын кесіп алады,
Бет-аузы қан болып,
Көргендерге таң болып,
Еліне қайтып барады
Торғай келе сөйледі
Алшағыр деген ханына:
– Қашаннан алған көліңді,
Қорып жүрген жеріңді,
Қыдырбайдың – Қобыланды
Жылқысын келіп салыпты,
Көліңе қонып қалыпты
Көш деп едім мен барып,
Құлағымды кесіп құнтыйтты,
Мұрнымды кесіп шұнтыйтты
Күзеген байтал секілді
Бет аузымды сымпыйтты
Алшағыр соны есітіп,
Айқасқаны шақыртты
–Қалмақтың елін жый, – деді,
Қобыландыдай досыңды
Шақырып мұнда кел, – деді
Оны қонақ қылайық,
Ептеп есін алайық
Бектасқа жұмсап жіберіп,
Оған қайғы салалық
Айқасқаны жіберіп,
Қобыландыны шақырды
Жаңа тапты ақылды,
Айқасқа сонсын барады
Қобыландыға сөйледі:
– Асыл туған батырым,
Мен еді сенің жақының
Кел соңымнан ер, – деді,
Артымнан ер де, жүр, – деді
Алшағыр сізді шақырды,
Қызметін көр, – деді
Қобыландыдай жас бала
Торыша атқа мінеді,
Артынан еріп жүреді
Қалмақтың жиылып
Жатыр екен елдері
Отау тігіп далаға,
Әбден жақсы сыйлады,
Қобыландыдай баланы
Алшағырдай ханыңыз
Көтеріп аттан алады,
Отауға алып барады
Сол отаудың ішінде
Алшағыр менен Қобыланды
Отырып тұрып кеңесті,
Түрлі сөзді сөйлесті
Сонда Алшағыр сөйледі:
– Қобыландыдай ер, – деді,
Бектас деген бір жауым бар,
Соны алып келіп бер, – деді,
Өзі бір алыс жер, – деді
Қобыланды сонда сөйледі:
– Олай болса көнейін,
Өзі мықты жау болса,
Оны алып келіп берейін
Қобыланды солай ойлады:
«Сол жауға өзім барам,» – деп,
Уағдасын байлады
Ертең сәріден тұрады,
Беліне қару буады,
Қайтадан елге бармады,
Қош айтысып қалмақпен,
Сайрауық құлы қасында
Аттанды да жөнелді
Дүбір де дүбір желеді,
Күні-түні жүріп келеді
Астындағы торыша ат,
Келе жатып жүрмеді
Не болғанын білмеді,
Қамшымен ұрып айдады
Жүрмегенсін сонда да,
Суырып алып қылышын,
Өлтірерге ойлады
Бір жағынан ай бітті,
Бір жағынан күн бітті
Алладан әмір болғансын,
Торыша атқа тіл бітті
Тіл біткенсін сөйледі:
– Қобыландыдай ер едің,
Мінген атың мен едім
Сегіз ай да сегіз күн
Құртқа серт деп салғаннан
Сегіз күнім кем еді,
Соның үшін жүре алмай,
Сүйегім босап келеді,
Ер-тоқымымды ал, – деді
Бір сегіз күн оттайын,
Бір аунатып сал, – деді
Ер-тоқымын алыпты,
Қобыланды ұйықтап қалыпты
Сол сегіз күн өткенсін,
Түре келсе ер Қобылан,
Әлгі мінген торыша ат
Терісіне жүн шығып,
Бурыл толып қалыпты
Тайбурылға мінеді,
Жана жүріп келеді
Жиырма күн жүргенде,
Жау қарасын көреді
Астындағы Тайбурыл
Жын қаққандай елірді
Қараға келді жақындап,
Жолдасы кейін қалады,
Өзі кетіп барады
Қалмақтан шыққан ер екен,
Қырық мың әскер қолменен
«Қобыланды батыр келед» деп,
Жолын тосып жүр екен,
Бектас деген сол екен
Бектас сонда ақырды:
– Жекпе-жек! – деп шақырды
Қобыланды жетіп барады,
Сонда Бектас сөйледі:
– Жұмырықтай ит ноғай,
Мені алғанша бір талай
Алайын ба басыңды,
Қан қылайын ба қасыңды,
Құртайын ба жасыңды,
Қайдан жүрген батырсың,
Қайда бара жатырсың?
Қобыланды сонда сөйледі:
– Іздегенім сен, – деді,
Сені алуға келемін
Атаңа лағнет қалмағым,
Батар ма маған бармағың?!
Есітуің жоқ па еді,
Он екі баулы ноғайда
Қобыланды батыр мен, – деді,
Ұрысам десең кел, – деді
Сонда қалмақ сөйледі:
– Қобыландыдай ер, – деді,
Олай болса шығыңыз,
Кезегімді бер, – деді
Қашатұғын қатын ба,
Кезегін беріп тұрады
Қолындағы шоқпармен
Қобыландыдай баланы
Қалмақ сонда ұрады
Қалмақтан қорқар ер ме еді,
Сол қалмақтың ұрғанын
Бит шаққандай көрмеді
Әлігі тұрған қалмаққа
Қобыланды қолды салады
Он екі қабат арқанмен
Байлап тұрып алады
Ендігі қалған қалмаққа
Қобыланды кетіп барады,
Сиынады бабаға
Қаратаудай күш бітті
Қобыландыдай балаға
Ай жағына шығады,
Айқай сүрен салады
Күн жағына шығады,
Қиқу сүрен салады
Он екі күн ұрысып,
Он екі мың қалмақты
Әбден қырып болады
Бектасты Қобылан жетелей,
Елге қайтып барады
Дүбір де дүбір желеді,
Жиырма күн жүргенде
Ел қарасын көреді
Көлге келіп құлады,
Аңқиып қарап тұрады
Жайылып жатқан малы жоқ,
Қимылдаған жаны жоқ,
Ақ күмбездей үйі жоқ,
Қыдырбайдай биі жоқ,
Бұрынғының бірі жоқ
Қобыланды жан-жағына қарады,
Шыдап кетіп барады
Қу таяғы қолында,
Келеді қатын жолында
Байқағаны сол екен,
Иесіз қалған көл екен
Қобыланды байқап қараса,
Баяғы алған қатыны –
Құртқа сұлу сол екен
Сонда Құртқа сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Қобыландыдай батырым,
Кеудеңде бар ма ақылың?
Өзің үйден кеткенсін,
Атаңа лағнет ит қалмақ
Малыңа бүлігін салды ғой,
Мүлкіңді бөліп алды ғой
Алып кетті көліңді,
Қашаннан қонған жеріңді
Алды-алдына жіберді
Бүкіл ноғай еліңді
Туғалы көрген жоқ едім
Бұл секілді көрімді
Қой бақтырды қор қылып,
Қыдырбайдай шалыңды
Сүйегіңде бар болса,
Қолыңнан берме арыңды
Тердіріп тезек ол қойды,
Меңдідей жарыңды
Келеді деген ойы жоқ,
Бөліп алды малыңды
Қарындасың Қансұлу
Кішілікке алам деп,
Мен сықылды алғаның
Күңшілікке салам деп,
Басқа қайғы салғанын,
Көп болды менің арманым
Сол алам деп жатқанда,
Өтірік айтып алдадым
Қалмақты алдап әкелемін,
Осы жолы аңдап, қимылда,
Қобыланды батыр, ер едің
Сонда Қобыланды шамданды,
Соны естіп долданды
Жасымнан мінген Тайбурыл,
Көтеріліп шапсаң байнақтай,
Мойның сұлу таяқтай,
Белің сұлу жануар,
Төрт қырлаған қайрақтай,
Аяғыңды бас ойнақтай,
Көтеріліп бас аяқты,
Қыз жанаған бойдақтай
Қайғы менен шерлі едім,
Құртқаның айтқан сөзіне,
Алшағырдай залымды
Көрсете көр көзіме
Шабалмай қалсаң саған серт,
Алалмай қалсам маған серт
Қалмақтың берген қорлығы-ай,
Ішімде болды қайғы-дерт
Үстімдегі көк сауыт,
Сетіліп кетсең саған серт
Қалмақтың ісін есітіп,
Маған болды жаман дерт
Астымдағы Тайбурыл,
Шығарайын теріңді
Атаңа лағнет Алшағыр,
Көрсетейін көрімді
Қобыландыдай батырың
Сиынады бабаға
Шауып кетіп барады
Алшағыр салған қалаға
Қаланың аузын қан қылды,
Шарбақтың аузын шаң қылды
Әлемдерге даң қылды,
Көшеден оғын зырғытты,
Шарбақтан атын қарғытты
Астындағы Тайбурыл
Көзі оттай жанады,
Сүмбідей болып жарады
Атаңа лағнет қалмаққа
Бүлігін салып барады
Қанын судай төгеді,
Бүлігін салып келеді
Атаңа лағнет қалмақтың
Сарғайды жүзі қоладай
Дәл он бес күн дегенде
Қырылған екен көп қалмақ,
Ойылып қалған моладай
Астындағы Бурылдың
Құшақ жетпес құйрықтан
Тек ағаш құйрық қалыпты
От орнындай тұяқтан
Тек теңгедейі қалыпты
Бурылға салды тепкіні,
Әліде де болса Бурылдың
Үй жыққандай екпіні
Тарлан болып кетіпті
Қорғасын тиген сықпыты
Қалмақтың соры қайнады
Сол саланың бойынан
Қалмақты қуып айдады,
Қобданың бойын жағалап,
Қалмақты қуды жаралап
Көкөзен судың бойынан,
Жирен Қопа көлдің ойынан
Қалмақтан қалмақ қоймады
Електің бойын жағалап,
Айдады бәрін аралап
Сонда келді ер Қобылан
Қара Обаның қасына,
Шауып шықты басына
Қараса қалмақ асыпты,
Қырылғаны қырылып,
Қырылмай қалған көп қалмақ
Қытайға қарай асыпты
Қобыландыдан қорқып,
Сонда қалмақ босыпты
Елін-елге теңгерді,
Жетімдерге жем берді,
Ноғайлыға жер бөлді
Қобда, Жирен Қопа,
Көкөзен – үшеуі
Қобыландыға жер болды
Қобыланды деген ер екен,
Бұл Қобыландының жері екен –
Жирен Қопа дегені
Қобыланды батырдың
Жылқы салған көлі екен
Қалмақтың бәрін бостырып,
Қобыландыдай батырдың
Тамам болған жері екен


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?