Міржақып Дулатұлы (Айырылу)

 Міржақып Дулатұлы (Айырылу)

Еріксіз айырғанда менен сені,
Тағдырдың қайтпақшы екен қанша кегі?
Мінезін құбылмалы рақымсыз
Басқасы көрсетуден бар ма, тегі?
Тасытып жүрек қанын, көздің жасын,
Сағынтып зарықтырсын, аямасын.
Ләззат қайғымыздан алар қанша?
Жалғыз-ақ біздің тілек - соны аңғарсын.
Жылама, жасыңды сүрт көзден, достым,
Басқадан бір мен үшін безген, достым.
Себебі айрылудың емес бізден,
Екенін жауыз жазмыш сезген, достым.
Деміндей түнгі желдің аңқып ескен:
«Мен кеттім, жолыққанша сау бол», - дескен.
Сол сөзің жүрегімнің түкпірінде,
Кеудемде жаным барда шығар ма естен?
Дариға, тірі кетпей, өлі айрылсаң,
Топырақ дұға қылып қолдан салсам.
Жамылып салқын қабыр жатқан достың
Үстіне көзім жасы бір-бір тамсаң.
Жүректің қасіретін жаспен жуып,
Келмесін жаным сезіп қайтып жуық.
Рақат рухына тіле хақтын,
Қош айтып кетпес пе едім көңлім суып.
Нұрына күллі ғалам шомылғандай,
Жаныңа жан жанаспай қорынғандай.
Жұлдызды жылы кеште айырлысып,
Айтып кет, жүріп кеткен жолың қандай?

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?