Көктем туралы өлеңдер авторымен


Құрметті оқырман осы мақалада көктем туралы өлеңдер жарияланған және авторларымен қоса жазылды.


Көктем
Мақсұт Неталиев
Жан-жағы жасыл ұйық,
Ақ бұлақ жүгіреді.
Аққайың басын иіп,
Қойнауға үңіледі.
Бұлақтан құйылып ән
Тыңдайды үнсіз алап.
Алатау иығынан -
Қарайды күн сығалап.
Сәуірдің ақ таңында
Таудың да тасы жібіп,
Шымбұлақ шатқалында
Бұлт жатыр жасырынып.
Жел қағып сүртінеді,
Қарағай қауырсынын.
Шыршалар сілкінеді,
Ақ тонын ауырсынып.
Сәуірсіз сән бе, тегі
Өңірге өмір келіп, -
Бұлбұлдар әндетеді,
Таңата көңілденіп.
Мен де сол сүйінемін,
Болмысты ұғып мынау:
Қойнауы дүниенің
Қызыққа толып тұр-ау!
Көктем жыры
Ғабиден Құлахмет
Қабаштың басы қарабай,
Қарабай қанат қағады.
Көлшікке қонған жағалай,
Қалың құс қиқу салады.
Ауылдың арты тоған су,
Тоған су толып тасиды.
Төменде думан далам шу,
Төбемде күмбез жасынды.
Алқызыл кілем ай дала,
Айдары нұрға бөленген.
Аспанда,
Жерде,
Сайда да,
Көктемнің жүзін көрем мен.
Бетіңнен қаққан жел дүрмек,
Кімдерге ерік береді.
Ұялшақ қызды келін ғып,
Отауға сүйреп келеді.
Дүние қақты дабылды,
Думандап қазақ даласы.
Буалдыр бала сағымды,
Бусанған жерге қарашы.
Үймелеп көкке қарайды,
Үкілі басты қамыстар.
Үлпілдетіп жел тарайды,
Үпелектерін шаң ұстар.
Есіктің алды жыра-сай,
Жарқылдап ойнап жатыр күн.
Қарғымақ болдық құдаша-ай,
Ақырын, жаным, ақырын.
Шежіре қарттан аумаған,
Шекпенін шешті тау маған.
Ақ сақалынан төгілді,
Ақ моншақтары саулаған.
Дария тасып сең жүрген,
Сатырлап мұздар бөлінді.
Кіреуке сауыт жер киген,
Шығыршығына сөгілді.
Батсайы жонды бар өңір,
Шайқасаң күйге толып тұр.
Омырауы иіп ана-өмір,
Ағылда-тегіл болып тұр.
Қол созып көкке тал-қайың,
Күн де тұр құшып гүл құрақ.
Жіпсіген жердің маңдайын,
Алақанымен сүртіп ап.
Сәукеле қыздың басынан,
Сәуір боп,
Сәуле қаптады.
Боз үйдің босағасынан,
Оң аяғымен аттады.



Көктем
Қадыр Мырзалиев
Қарайып жарқабақтар күн ыстаған,
Қырдан қар төмен қарай жылыстаған.
Тосады жалпақ дала күнге жонын,
Денесін жазайын деп құрыстаған.
Ала бұлт аспанның бір қабатындай
Ақырын төмендейді қонатындай.
Күміс бу жер бауырлап козғалады.
Көктемнің ұшып келген қанатындай.
Ауылдың шығып алып қыр бетіне,
Аймақтың көз жіберші келбетіне
Сансыз құс алуан ырғақ, алуан үнмен
Сайрайды гүлді көктем құрметіне.
Құрағы сырын шертіп қоғасына,
Сұлулық бітер көлдің жағасына.
Жаз келіп, көктем жылжып жүре берер
Інідей орын берген ағасына.
Көктем
Сәкен Иманасов
Қызыл-жасыл жалауын желбіреткен,
сел ғып өткен айнала,
келді көктем,
"Шыр айналған дүние өмірімде,
Тәңірің де менмін, деп, ендігі өктем!" -
Қолына алып патшалық бар билікті,
аспаннан да асқақтау ән-күй күтті.
Жартастарға жан бітіп,
кетті-ау дейсің
арғымаққа айналып жал-құйрықты.
Қолтығына тығыла көлді ұрғылап,
бұлдана ма, қайтеді, мөлдір бұлақ.
Шөккен түйе секілді жоталардың
желкесінен жатқандай жел бұрғылап.
Әлі қыза қоймаған құмдарды аяп,
алдияр күн артады шындарға аяқ.
Еркін еді көңілім,
Желпінеді
көктем болып кетсем деп тұрғандай-ақ!
Көктем келеді
Cырбай Мәуленов
Көктем келеді,
келеді
Қызылды-жасылды
Қызғалдақпенен.
Қырдан гүлдер тереді
Қыздар баппенен.
Қара көздер жайнап жанады
Далада қос-қос шырақ боп,
Желменен ойнақ салады
Бұрымдары қара бұлақ боп.
Нәзік бір үнмен ауаны сызып,
Төгіліп жастық көз шарасынан,
Аққулар - қыздар ағады жүзіп
Жасыл гүлдердің арасынан. 



Қазақстан көктем
Жұбан Молдағалиев
Жылжыды уакыт. Туды күн
Жыл кұсы, көктем оралар.
Бу шалып түннің түндігін,
Қар басын қағып қар алар:
Күтеді қыз бен жігіттер
Гүл бағын жазғы қаланың,
Күтеді күнді жер көктер,
Көк мақпал кешін даланың,
Көктем! - деп шығып қария.
Тосады жонын шуаққа,
Балаға бейне дария
Кайығы қалқыр су ақса.
Есіткен жоқпын, бірақ та,
Әуезді әнін бұлбұлдың,-
Сыйысып әлі тұр мартқа
Төрт мезгілі бір жылдың.
Тастаса сілкіп мұздағын
Жамбылдың алма бақтары,
Жойған жоқ аяз ызғарын
Алтайдың мамық ақ қары.
Жайықтың жалтыр айдыны
Қата ма, әлде ери ме, -
Кілегей беті қай күні,
Қай күні үқсас темірге.
Алматы қыздай жасанып,
Шығарды жазғы киімін.
Бүлкілдегі ағып Бас арық,
Жанына келді үйімнің.
Болса да әлі қар қалың,
Жатса да қатып өзені,
Миллиардер жомарт Арқаның.
Басталды ыстық кезеңі.
Ертеңін оймен құшақтап,
Асықса әлі ер жүрек,
Маңдайдың тері бұршақтап,
Түседі жерге мөлдіреп.
Еңбектен басын көтермей,
Көктем! - дейді мұнда да.
Кешіксе қашып кетердей
Керілген кербез, тың дида.
Далада күтіп тұр арман,
Жүрекке отын жаққандай, -
Теңіздей толқып ырғалған
Алтыншаш сұлу - Ақ бидай...
Бір жерде кеш, бірде ерте,
Өзінше көктем айнала.
Кең байтақ біздің нұрлы өлке,
Өзінше көркем қайда да.
Көктем келіп...
Айтқали Нәріков
Жер де, аспан да көкпеңбек,
Бір жасадық көктем кеп.
Менің ару арманым,
Бара жатыр көкке өрлеп.
Кеуде толы жыр ыстық,
(Бір шырқау да дұрыс-ты).
Көктем алып келгендей,
Көл-көсір қып ырыс-құт.
Көктем - ол қуаныштың ізгі лебі
Төлеген Айбергенов
Көктем - ол қуаныштың ізгі лебі,
Қызғалдақ қыздарға арнап үзіледі.
Аспанда жақсылықтың атын жазып,
Тырналар қатар-қатар тізіледі.



Көктем
Қасым Аманжолов
Сансыз көкек сұңқылдап,
Көктем келді ертелеп,
Нәзік үнмен сыңқылдап,
Бұйра бұлақ еркелеп.
Асау өзен арқырап,
Асқар таудан дүркіреп,
Айдын жатыр жарқырап,
Алды дала бір түлеп.
Көкте бұлттар күркіреп,
Жерге төкті өрмегін.
Жауды жаңбыр сіркіреп,
Мейірленіп жерге күн.
Естіп аспан дауысын,
Асыққандай гүл шығып,
Андып бұлттар аңысын,
Колхозды ауыл құлшынып.
Алақанын тұр жайып
Жас ағашта жапырақ,
Балғын өмір ғажайып
Жас дауыспен жамырап.
Еңбек ата жүр елде
Егінжайда ту ұстап,
Қара бұйра кілемге
Алтын шашып уыстап.
Темір тепшіп ер терлеп,
Трактор сүйреп даланы,
Бүгінгіден ертеңге
Алып кетіп барады...
Көктем күйін бастады
Өз өнерін асыра.
Қысты қуып тастады
Асқар таудың басына.
1948



Біздің көктем
Мұқағали Мақатаев
Көктем келді ауылға, мамырлап бұлт,
Таң-тамаша дүние, дабырлап жұрт.
Көктем келді. Өмірдің келешегі -
Көкпен бірге дүркіреп төл өседі.
Сағым қыздың ап қашып орамалын,
Асыр caп тентек жігіт - жел еседі.
Көктем келіп ауылға қыз көрікті,
Таң-тамаша дүние жүзге еніпті.
Асқар ала таулардан асып әрі,
Аяз атаң барады мұз бөрікті.
Көктем, көктем! Қыз - көктем ауылдағы
Өлең-жыр, әзіл-күлкі ауыл маңы.
Тиянақ таппай ұшқан көк көбелек,
Көк гүлге қонды-дағы дамылдады...
Көктем бұл
Мақсұт Неталиев
Нұрды көрсең
Жапырақтан мөп-мөлдір,
Күнді көрсең
Көкжиектен төккен нұр,
Гүлді көрсең
Сұлулықтан өткен бір,
Көктем бұл!
Жерді көрсең
Жасыл иә көк теңбіл,
Сеңді көрсең
Ағыстағы - өткен жыл!
Селді көрсең
Ағып жатқан өктем бір
Көктем бұл!



Жалғыз көкек
Мұқағали Мақатаев
Жетімсіреп, жем іздеп балапанға,
Жалғыз көкек жүретін жаға талда.
Әлдекімді жоқтайтын күн батарда,
Әлдекімді жоқтайтын таң атарда.
Иесіз қалған, бұзылған тамға барып,
Қонушы еді, қонағын қамдап алып.
Жоқтаушы еді оңаша отырып ап,
Оқшау шетте ұясы, талда қалып.
Сұңқыл үнді сұрша құс, жан - Отанын
Ойландырып тастайтын жаға талын.
Оңашада отырып жоқтаймын деп,
Оятатын ұядан балапанын.
Сұқ саусақтай балапан ес білер ме,
Сұрша құстың сұм даусы есті желде.
Ұясында құттай құс қобалжиды,
Таныс үнді шалғайдан естігенде.
Қайдан білсін, әкесі жем бергенін,
Жем бергенін... Қаршыға өңгергенін...
Қайдан білсін, шешесі шер бергенін?..
Түйір дәндей жүрегі тулап жатыр,
Ұядағы титімдей шерменденің.
Жетімсіреп жем іздеп балапанға,
Жалғыз көкек жүретін жаға талда.
Әлдекімді жоқтайтын күн батарда,
Әлдекімді жоқтайтын таң атарда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу