Жасанды және табиғи экожүйе


Экожүйе – экология ғылымындағы іргелі ұғымдардың бірі, "экологиялық жүйе" сөзінің қысқарған түрі. Белгілі бір ортада тіршілік етіп жатқан жануарлар мен өсімдіктер дүниесін, микроағзаларды, олардың бір-бірімен байланысы және өзара зат пен энергия алмасуын "экожүйе" деп атайды.


Мысал ретінде еліміздегі Қорғалжын қорығын алып қарастырайық. Қорық аумағында жатқан үлкенді-кішілі, ащы-тұщы көлдер, оның маңында тараған құстар мен өсімдіктер дүниесі – Қорғалжын қорығының экожүйесі саналады. Қорықтың символына айналған қоқиқаз да – экожүйенің бір компоненті.


Ғылымда экожүйені жіктеудің бірнеше тәсілі бар. Оның ішінде кең тарағаны – экожүйені "табиғи" және "жасанды" деп екі үлкен топқа бөлу.



Табиғи экожүйе

Табиғи экологиялық жүйе табиғат күштерінің арқасында пайда болған, адам қолы тимеген жаратылыс жүйесі, табиғи қалыптасқан орта.

Мұндай экожүйенің құрамдас бөлігі (өзен-көл, орман, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі) бір-бірімен тығыз байланыста, ажырамас бірлікте болады. Ол мыңдаған жыл бойы қалыптасқан тұтастық болғандықтан, өте төзімді, тұрақты келеді: климат пен табиғи өзгерістер аталмыш ареалдың жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қалыптастырады.

Табиғи жүйе – күрделі, таразысы тең кешен. Егер табиғи жүйенің тепе-теңдігі бұзылса, оның белгілі бір компоненті (өсімдік не жануар) жер бетінен жойылып не азайып кетуі мүмкін. Мәселен, орман оталса, ағаш пен онда тіршілік ететін жануарлар құрып кетеді. Өйткені азық-түлік арнасы бұзылып, жануарлардың тіршілік ететін ортасы тарылады.

Кейде экожүйеге әкеп қосылған биологиялық түр табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына да әкелуі мүмкін. Мәселен, егер адам экожүйенің өзінде жоқ жануарды не өсімдікті әкеп, оған бейімдемек, жерсіндірмек болса, мұның арты жақсы болмауы ықтимал. Ғылымда ондай оқиға жетерлік. Мысалы, ХІХ ғасырдың ортасында Аустралияға әкеп жерсіндірілмек болған қояндар құрлықтағы жайылым жерлердің бәрін құртып, ауыл шаруашылыққа, қой мен егін өсіміне үлкен залал келтірген еді. Аустралияны отарлауға келген еуропалықтар кемемен бірге қоянды да ала келген көрінеді. Басында оны еуропалық ет үшін ұстаған, азғантай жерде, қора мен торшарбақта жайылған. Кейін жабайы табиғатқа шыққан қояндарға ешкім ие бола алмай қалды. Тың жерге тез үйренген қояндар жылдам өсіп, қой мен басқа жануарлардың таралым аймағын тарылтты. Қуаңшылық орнап, топырақ эрозияға тап болды.

Содан ғалымдар күш пен мол қаржы біріктіріп, қояндарды әрең тоқтатты.


Жасанды экожүйе

Жасанды экожүйе – адам жасаған орта мен онда тіршілік ететін жануарлар, өсімдіктер дүниесі. Мұндай жүйені кейде нообиогеоценоз не әлеуметтік экожүйе деп те атайды.

Мысалы өріс, жайылым, егіндік, қала, ауыл, бау-бақша, тоған, бөген, су қоймасы, ғарыш кемесі, аквариум және тағы басқалары.

Жасанды экожүйенің ең қарапайым мысалы – үйде не кеңседе тұрған аквариум. Ареал аймағы аквариум шынысымен шектелген, түсетін жарық пен энергияны, азықты, судың температурасы мен құрамын бақылап, күтіп-бағып отырған – адам. Жасанды ортаға жіберілген тіршілікті адам жасап отыр.

Жасанды экожүйенің басты ерекшелігі – азық-түлік пен тамақ дайын. Екінші ерекшелігі – жасанды экожүйеде жануар мен өсімдіктің түрі аз болады. Әдетте, адам бір ғана өсімдік пен жануарды өсіру үшін жасанды орта жасайды. Мәселен, егісте дәнді дақылдар, жайылымда малдар, тоғанда балықтар өсіріледі.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу