Жұмбақтар жауабымен: Үй заттары

Жұмбақтар жауабымен: Үй заттары

Қысы-жазы үйде тұрады,
Өзі мұзға ұқсайды.
Бетінде сәулесі бар,
Бұл жұмбағым кімге ұнайды.
Айна

Екі егіз қарсы келді,
Арасына көк мұз түсе берді,
Біреуі жанды, біреуі жансыз.
Айна

Бip ұяда топтасқан,
Түртіп қалсаң, от шашқан.
Шырпы

Өзі темір,
Өзi жеңіл.
Есіктерді
Ашар не бip.
Кілт

Өзгенің тазалығы үшін
Өзін құрбан етеді.
Сабын

Болмасаң құнтсыз,
Кірлеген сайын
Аспанның бұлтсыз
Нөсері дайын.
Душ

Бәрің, бәрің, бәріңді:
Бала-шаға, кәріңді —
Тіпті кемпір-шалды да
Отырады алдына ап.
Диван

Мұз жарғыш жүзіп келеді,
Бауыры қызып келеді.
Абайла, оқып түсер,
Ондайлар бұзық келеді.
Үтік

Кереңқұлақ өсіп тұр үстелімде.
Жұмыс шамы

Қайнаған шілде де оған суық,
Ыссыға төзбегенді тығам қуып.
Тоңазытқыш

Алдына бір нәрсе әкеп берсе, тегі,
Оңын сол, солын оң ғып көрсетеді.
Айна

Иілсең иіліп, түйілсең түйіліп,
Қарайды кісіге, ұқыпты ісіне. Бұл не?
Айна

Қолы жоқ, сөзі жоқ, бірақ тісі бар.
Басыңмен ісі бар. Бұл не?
Тарақ

Шомылған баланы,
Аймалап алады.
Сипайды қолын да,
Сипайды жонын да. Бұл не?
Сүлгі

Ертемен күнде сен,
Қолыңды сүйкесең,
Кетіп кір-ласың,
Тап-таза боласың.
Бұл не?
Сабын

Іші мақта, тысы мақта
Арасы мақта, төртбұрыш.
Сырты қабылған,
Жатуға табылған.
Бұл не?
Көрпе

Мойдодырға туыспын мен,
Аша қойшы тұтқамды,
Сонда суық суменен
Мен сені тез жуамын.
Су құбыры

Ақ өзен ағарып
Үңгірге ағады,
Ол жуғанда – тазарады.
Тіс пастасы

Толқыннан толқын, далада,
Егісте келеді бір тырма,
Бидайды тырмалайды,
Тәртіпті қадағалайды.
Тарақ

Орман емес, жүрмін кезіп,
Мұрт пен шаштың іштерін,
Тісінен қасқыр, тышқанның
Ұзын менің тістерім
Тарақ

Сөйлеп тұр мата ұзын -
Кестеленген екі ұшы:
Сабында да кішкене,
Сияны жу бетіңнен! –
Әйтпесе сен сүрткенде
Кір қыласың мені!
Сүлгі

Жон арқасы сүйектен,
Қылшық қалың жүйекте,
Жалбыз паста жағады,
Бізге қызмет қылады.
Тіс щеткасы

Жәй жаңбырға ұқсамай,
Жылы жауын қатты жауар,
Төбені түк те бұлт шалмай,
Күні бойы төгуге даяр.
Душ

Жылы толқын шылп-шылп соғады
Шойыннан жасалған жағаға:
Табыңдар, түсіріңдер еске,
Неткен бұл теңіз бөлмеде?
Ванна

Жаны бардай сырғиды,
Жібермеймін мен оны.
Ақ көбігі көпіршиді,
Қол жууға ерінбейді!
Сабын

Бұлтты күні ашылады,
Ашық күні ашынады.
Қолшатыр

Қара тауды тазалаған,
Сәбилерді мазалаған.
Қия бетті тақырлап боп,
Бүктетіліп тасаланған.
Ұстара

Үш тілі бар,
Тықылдаған үні бар
Сағат

Бір итім бар үрмейді,
Ары-бері жүрмейді.
Тамақ берсең жемейді,
Су ішуді білмейді.
Ол тұрғанда еш адам,
Үй ішіне кірмейді.
Құлып

Әрі төсек, әрі үй.
Иесі оның сәби.
Бесік

Қозғалмастан бір елі,
Түні бойы жүреді.
Сағат

Екі құлағы мен бір аузы
Мықты қолы бар,
Су құясың, топырақ саласың,
Оған риза боласың.
Шелек

Көкшіл айна үйдегі,
Көрсетеді киноны.
Теледидар

Керек санды тересің,
Елге сәлем бересің.
Телефон

Кірге суда кезігеді,
Сүйкенем деп езіледі.
Сабын

Кір киімді қалайды,
Өзі кірді жалайды.
Суға түссе шомылып,
Дақты жояр талайғы.
Сабын

Сүрткен киімі тазарып,
Өзі қалды тым арып.
Сабын

Екі басы қалта,
Ортасы алқа.
Тұтқыш

Кір-қоқысты сүймейді,
Сыртқа қуып сүйрейді.
Сыпырғыш

Еденді кеп жаласа,
Қалдырмас ол түгіңді.
Аузына таласа
Бар қиқым жүгінді,
Тазалауы тамаша,
Кілем мен алаша,
Жайнайды қараса.
Шаңсорғыш

Іші салқын, мұзы бар,
Күнкей қашқан қой сынды,
Жылыда тез бұзылар,
Барша тағам тығылар.
Тоңазытқыш

Сабы — таяқ,
Басы — қалақ.
Ұшын жүрер,
Жерге қадап.
Күрек

Мөлдір мұз арқылы,
Нұр төгіп күн тұрар.
Кең бөлме әр күні,
Тазарып құлпырар.
Терезе

Екі ұшына
Екі шелек іліп алды.
Қайқы таяқ
Иығыма мініп алды.
Иінағаш

Қос рельстің арасын,
Қоссам егер белдеулеп,
Биікке өрлеп барасың.
Саты

Жай да үнсіз тұрады,
Біреу келсе тез жет деп,
Қоңырауын ұрады,
Дабыл қағып безектеп.
Телефон

Күндіз-түні шатырдан,
Бір түспейтін қарауыл.
Кіндігі үйге тартылған,
Көрінеді бар ауыл.
Теледидар антеннасы

Кино менен концертті,
Үйде қойып беремін,
Жаңалығын бар елдің.
Өз көзіммен көремін.
Теледидар

Терезенің тесігі,
Таза ауаның есігі.
Көгілдір түсі бар,
Тас балқытар күші бар.
Газ

Бассаң түймесін,
Шашады сәулесін.
Электр шамы

Өзі өтпейді,
Ал, өтпесті өткізеді.
Қайрақ

Саусаққа киіп ем тобатай,
Инені жүгірттім оп-оңай.
Оймақ

Екі басы дөңгелек,
Екі ұшы сүйір,
Қиғанға үйір.
Қайшы

Кішкене тегештей,
Қарыны бар кемештеу.
Құдды қайың беріші,
Ішінде шөл дәрісі.
Саптыаяқ

Адамдардың киімін,
Ұстап тұрар иығым.
Киім ілгіш

Сегіз тарам қайыстан,
Өрімі бар бұзау тіс.
Жұмсақ жағы майысқан,
Айнымаған жылан түс.
Қамшы

Шылбырын сүйрейді,
Жыртықты түйрейді.
Ине

Көзіне шуда тағады,
Бөлекті құрап,
Ұшы жылмаң қағады.
Ине

Үскінің көп тармағы,
Қара орманды шарлады.
Қисықтарын түзеді,
Теп-тегіс түзенді.
Тарақ

Өзі тұрғанымен мелшиіп,
Жап-жалтыр жүзіне,
Кетеді ел сыйып.
Айна

Мөлдіреп жатқан қос көлге,
Шыныдан тұттым қос перде.
Көзәйнек

Өзі сырық,
Басқан жері құдық.
Таяқ

Оны қақса сәйгүлік,
Таста жүрер асыр сап,
Ол жоқта жай жүріп,
Баса алмайды тосырқап.
Таға

Жүргек атқа кісенді,
Салып едім, үзе алмай,
Қос аяқтап күшенді.
Тұсау

Қос ілгекті орындық
Атқа мініп алады,
Адам оны орын ғып,
Емін-еркін шабады.
Ер-тоқым

Сұлап жатқан діңгегі бар,
Қатар тізген ілгегі бар.
Көген

Шыр көбелек айналып,
Жүгіреді бір тынбай.
Беліне жіп байланып,
Шөмеле үйер құртымдай.
Ұршық

Әжемнің қалпақты таяғы,
Қолына алса жүгірер,
Шорланып белі бүгілер.
Ұршық

Ерні жырық —
Кішкене сырық.
Ұршық

Бесікке іледі,
Әнін де,
Дәмін де,
Сәбилер біледі.
Сылдырмақ

Сәбиге сәнді үй,
Әжеге ән-күй.
Бесік

Жездекем
Бұраса құлақты,
Селдетем
Құбырдан бұлақты.
Су краны

Үстi жазық –
Төрт қазық.
Үстел

Жайсаң түңлiк,
Жисаң дiңгек.
Қолшатыр

Ағайынды төрт батыр,
Көтергені бір шатыр.
Үстел

Бір нәрсе екі түрлі заттан болған,
Адамзат шығарады істеп қолдан.
Жұмсаймыз уақытымен тазалыққа
Өмірі ақырында бітер содан.
Сабын

Төрт аяқты болса да жүре алмайды,
Өздігінен еш нәрсе біле алмайды.
Жайылған дүниеге бір ғажайып,
Тік көтеріп отырар адамдарды.
Орындық

Бір дария жерде де емес, көкте де емес,
Төрт тіреу төрт жағынан тұрады егес.
Үстіне алуан түрлі жеміс шашып,
Бірнеше үйрек келіп қонады еміс.
Үстел, тамақ, шыныаяқ

Бір нәрсе дөңгеленген төрт аяқты,
Көтерген үш уақыт барлық затты.
Жем беріп, сол уақытта келгендерге,
Етеді көңілін шат, әрі ауқатты.
Ас ішетін үстел

Арқасында азығы,
Бауырында қазығы,
Күнде шүлен тарқатар,
Оның неден жазығы?
Үстел

Бір нәрсе су ішінде болды пайда,
Дарияға оны алатын дәурен қайда.
Айнадағы сурет

Үстінен ажырамас ағаш енді,
Қарасаң күлкісіне тамаша енді.
Сұлулық, көркемдікке әуес болған,
Адам менен өзі жүрер таласа енді.
Айна

Көлеңкесін көріспек,
Көріп тұрсаң күліспек
Айна

Сүңгідім суға қарап етпетімнен,
Артыма бір қарадым кеткенімнен.
Әлгі су сүңгіп кеткен мұз боп қатты,
Тағы да шығар-шықпас еркі өзімнен.
Айна

Күнде оған қараймын,
Қара шашым тараймын.
Айна

Әрі отыр ләйлім құс,
Бері отыр ләйлім құс.
Көлеңкесі күмістен,
Күліп тұрған ләйлім құс.
Айна

Алдыма келіп бір сағым,
Көрінді менің көзіме.
Бұл қалай деп сенбеп ем,
Дәл келтірді өзіме.
Байқап тұрсаң бір ғажап,
Аждаһадай тұлғасын,
Сиғыздыра әкелген
Алақандай көзіне.
Айна

Адамды тартып алар көрсе өзі,
Мелшиіп қарап тұрар болмай сөзі.
Жанына барған кісі екеу болар,
Бетіне түртіп қалсаң шығар көзі.
Айна

Бір көл бар, мөлдір емес, лас емес,
Ішіне ит түссе де арам емес.
Айна

Сақалы жоқ, шашы бар,
Бет-аузы жоқ, басы бар.
Белін бекем байлаған,
Қоқсықты қоймай айдаған.
Сыпырғыш

Бір үйден бала көрдім басы жалпақ,
Белінде белбеуі бар бунақ-бунақ.
Тымтынып үй ішінде жүгіреді,
Ерте-кеш, анда-санда, уақ-уақ.
Сыпырғыш

Белі бір, белбеуі он бір,
Кетпейді өмір бойы бетінен кір.
Сыпырғыш

Бір қыз қарап тұр,
Шашын тарап тұр.
Белін буып тұр,
Бетін жуып тұр.
Сыпырғыш

Базардан белбайлау қыз әкелдім.
Сыпырғыш

Жақсы жерде жүреді,
Жаман жерде жатады.
Сыпырғыш

Алақанымен
Үй iшiн аялайды,
Бiрақ,
Кiр-қоқысты аямайды.
Сыпырғыш

Тоққа тисе мұрты ұзын,
Табанымен жазық.
Киiмдердiң қыртысын,
Бередi тез жазып.
Үтік

Сырты құдды алмұрт,
Қояды iлiп төбеге,
Оған құмар бар жұрт,
Ол сонда немене?
Электр шамы

Бұрасаң тетiгiн,
Соғады жүрегi,
Өлшемiн түн мен күн,
Әркiм-ақ бiледi.
Сағат

Жүргек атқа кiсендi,
Салып едiм, үзе алмай,
Қос аяқтап күшендi.
Тұсау

Атам илеп қайысын,
Қажет құрал тiледi.
Атқа, асау тай үшiн.
Жүген

Мамығы бар,
Құс емес.
Жазығы бар,
Тыс емес.
Жастық

Шүберек қабығы,
Iшi құс мамығы.
Жастық

Жеңіл-желпі бұйымды,
Кір-қожалаң үйіңді
Құлқынына тастайды.
Гүр-гүр етіп саспайды,
Өзі адамша сығады,
Тап-таза боп шығады.
Кіржуғыш

Мұздай мөлдір жұмыртқа,
Жарық берер ымыртта.
Электр шамы

Қауаққа да ұқсаған,
Алмұртқа да ұқсаған,
Аузы бар, тілі бар,
Білер көріп, ұстаған.
Қоңырау

Ашылып, жабылады,
Әр үйден табылады.
Есік

Бірі үй күзетіп қалса да,
Бірі жүрер қалтада.
Құлып пен кілт

Тұрса, үйдей,
Жатса, қояндай.
Ертоқым

Кіруге адам батпайды,
Затыңды аман сақтайды.
Сандық

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?