Салауатты өмір салтын сақтайық

 Салауатты өмір салтын сақтайық

Сейілхан Қуанышгүл Ерханқызы Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Торғай ауылында дүниеге келген.

Салауатты өмір салты – бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған іс – әрекет. Бұл сөз тіркестері соңғы кездері барлығымыз жиі еститін жалаң ұранға айналып барады ма деймін. Уақыт өткен сайын маңызы артып бара жатқан бұл салтқа бей-жай қарайтындар қатары, өкінішке орай, артып барады.
Менің сабағым сағат 9:00 де басталады. Оған дейін таңертең ертерек тұрып, таза ауада жүгіріп, сергіп қайтқанды жақсы көремін. Таңғы жүгіріс адамға өзін сергек сезінуге және көңіл күйінің көтеріңкі болуына әсері зор.
Мұны да көпшілік біледі, бірақ күнделікті күн тәртіптеріне қоса қоймайды. Таңертең сабаққа бара жатып, мен университетке немесе жұмысына велосипедпен бара жатқан адамдардан гөрі таксимен, автобуспен баратындарды көп көремін. Менің ортамда темекі тартып, алкогольдік ішімдіктер ішетіндер де бар. Олардан «неге ішесіңдер? Неге шегесіңдер?» деп сұрасам, еститін жауабым “мұнда тұрған не бар? өмірге бір ақ рет келеміз бәрін көру керек немесе қызық үшін шегемін” дейтіндер де бар. Статистикаға көз жүгіртер болсақ, темекі қойған адамдарға қарағанда темекі тартуды бастағандар саны көп екенін байқауға болады. Никотинге тәуелді болып қалған адамдарға мен бір жағынан таң қаламын, бір жағынан аяймын деуге болады. Олар темекі тұтыну барысында өз денсаулықтарына ғана емес, қоршаған ортаға да зардаптарын тигізеді. Бұл тәуелділіктен құтылудың жолы бар, әрине, әзденген адамға. Мысалы, спортпен шұғылдану.
Спорт – денсаулық кепілі. Спротпен айналысып қана қоймай, дұрыс тамақтануды да естен шығармаған дұрыс. Қазіргі өзекті мәселелердің бірі – бұрыс тамақтану проблемасы. Бұрыс тамақтанудың кесірінен көптеген адамдар дерттерге ұшырап, айыға алмай жатқандар да жоқ емес. Менің емес, мамандардың жарыса айтып жатқан жан айқайы бұл. Нақтырақ атап өтсем, ол қант диабеті, артық салмақ, тағысын тағы. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейтіндер көбейсе екен деймін.
Салауатты өмір салты спорт пен дұрыс тамақтану ғана емес қой. Менің басты принциптерімнің бірі – тазалық. Адам өз бой басын таза ұстап жүрсе, көзге де әдемі көрінеді, өзін де жақсы сезінеді. Таза жерде дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанғанды құптаймын.
Егер адам уайымшыл болса, әр нәрсеге күйгелектеніп қараса, ол адамның жүйке жүйесі сыр бере бастайды. Қасиетті Құран кітабымызда да “Сабыр – адамзатты кемелдік шыңына жетелейтін ең асыл қасиеттердің бірі” делінген емес пе. Психологтар да әр нәрсеге сабырмен қарауға кеңес береді. Расымен, сабыр сақтаудың адам денсаулығына тигізер пайдасы өте зор. Өйткені жүйке жүйесінің тыныштығы сенің денсаулығыңның жақсы болуына жетелейді. Әрине, әр адамның басында проблема көп, күйбің тіршілік бітпейді, соның кесірінен көптеген адамдар да дипрессияға ұшырап жатады. Дегенмен не істесек те әр нәрсеге сабырмен қарауымыз керек. Ата бабамыз “сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа” деген екен. Сондықтан қай жағдайда да сабыр сақтап, күліп жүрген жұрыс екен.
Күле білу, күлкіге қалмай, күлдіріп жүру қандай керемет. Күлкі адам өмірін ұзартады. Ол да салауатты өмір салтын сақтаудың бір бөлшегі екенін мойындауымыз керек. Американдықтар жиі күліп жүреді. Мейлі ол адамды танысын, мейлі танымасын. Өкінішке орай, қазақстандықтар ондай емес. Бізде мынадай стереотип қалыптасып қалған. Егер біз танымайтын адамға күле қарайтын болсақ, “мынау неге ыржалаңдай береді, есі дұрыс па? немесе мені келемеждеп күліп тұр ма?” деп қабылдайтынымыз бар. Біз үшін қабағымызды қатайтып, ашуланып жүру норма болып, қанымызға сіңіп кеткен сығайлы. Шын мәнінде, адамдарға күле қарағаның ең алдымен өзіңе жақсы, екіншіден қасыңдағы адамға да позитив, жақсы көңіл күй сыйлайды. Егер біз күнде таңертен танымайтын бір адамға күле қарасақ, оның да көңіл күйі жақсарады. Ол барып, осы жақсы көңіл күйін басқа адамға жұқтырады, яғни күлкі – тізбек арқылы жалғаса беретін жақсы көңіл күй, ізгі істердің бастамасы.
Неге күлкі жайлы айттым? Себебі адамдар күлу арқылы жүйке жүйесін тыныштандырады. Психологиялық тұрғыдан жақсы көңіл күй сыйлайды. Күле білген адамға өмір тамаша.
Демек, бұдан шығатын қорытынды – салаутты өмір салтын сақтау арқылы өзімізге, қоғамға, қоршаған ортамызға зиянымыздан гөрі пайдамызды тигізейік. Спорттың қай түрі болмасын айналысып, ынтамызды арттырып, өмірге құштар болайық. Сау дене, азат ақыл, адам көңіл. Осы үшеуімен адам бақытты өмір сүреді. Адам болып келген соң, адам болып өту, өмірімізді мәнді де, сәнді өткізу, келешекке оң көзқараспен қарау – міндетіміз. Бұл өмірді дұрыс өткіземін десең, салауатты өмір салтын сақта. Есірткі, нашақорлық, темекі, алкогольдік ащы сусындар – адамзатты түбегейлі құртып жіберетінін естен шығармайық.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?