Шәкәрім Құдайбердіұлы (Ер қоспақпен сөз сөйлемек)

 Шәкәрім Құдайбердіұлы (Ер қоспақпен сөз сөйлемек)

Ер қосқанға ұқсайды сөз сөйлемек,
Қисындырып, жымпитып қойсам демек.
Атқа тыныш, адамға жайлы келіп,
Көзге сұлу, өзі өңлі болса керек.

«Ол қалайша ұқсайды?»– деп ойлама,
Байқарсың сөзімді оқып, қылсаң шама.
Ер мен сөзді қаралық салыстырып,
Біреуіне-біреуі ұйқаса ма?

Кей ердің алды биік, арты аласа,
Оны көрсем қаламын таң-тамаша.
Алды қаңқақ, ерінің арты жалпақ,
Атын жауыр қылады-ау, байқамаса.

Біреу сөйлер басында батыр шығып,
Жеп жіберер кісімсіп жерге тығып.
Ер жүректі еркекке жолыққанда,
Ыржаң қағып, жалынып кетеді ығып.

Кей ердің алды аласа, арты биік,
Мінбей жатып атыңды қылады иық.
Бас бітімі бәсеңдеу көрінсе де,
Адырайған артында болмас сиық.

Кейбіреу басқы сөзін тым майда айтар,
Аздан кейін сөзінен көңіл қайтар.
Қалжыңдасып отырып ыза болып,
Көзі аларып, күресін адырайтар.

Кей ер бар жанға жайлы, үсті жалпақ,
Жатып алар жалпайып, атқа салсақ.
Желдік салмай мінуге жарамайды,
Тегіс тиер оқпаны сонша талтақ.

Кейбір сөз аласалау, көзге сынық,
Көрінер, байқамасаң, мөлдір, тұнық.
Желдік салып, сақтанбай, міне көрме,
Асты арам, үсті жатық, ол бір қылық.

Кей ер бар тар қосылған, тоқым қаппас,
Шаптай тартып қойсаң да атқа жатпас.
Ілгерінді-кейінді қоқаң қағып,
Ат арқасын ыспалап тыным таппас.

Мұны айтпай-ақ білерсің өздерің де,
Ондайларды көріп жүр көздерің де.
Қоқаң қаққан қолайсыз бір адам бар,
Байлау, матау болмайды сөздерінде.

Кей ерді сом қосылған дейміз тәуір,
Атқа жайлы болса да кісіге ауыр.
Бір желгізбей астыңа тақ-тақ етіп,
Мініп алсаң қылады қоңды жауыр.

Кейбіреу тік айтуды қылады өнер,
Оның сөзі топастау, ащы келер.
Өршіл жігіт дегенге айтып салып,
Аузы-басы қан болып шыға берер.

Атқа тыныш, адамға және жайлы
Алды-арты бірдей сұлу, қөзге ыңғайлы.
Оғаш, оғат, оқыра, сызаты жоқ,
Ер қайда сыр-сымбаты түгел сайлы!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?