Шәкәрім Құдайбердіұлы (Қобызым неге сарнайды)

 Шәкәрім Құдайбердіұлы (Қобызым неге сарнайды)

Қобызым неге сарнайды –
Ажалдан хабар бередi.
Сыбызғым неге зарлайды –
Деп тұр: «Ием өледi!»

Дүниедегi қуаныш,
Бiр азғантай жұбаныш,
Оның түбi бiр налыс,
Қайғы мен рахат тел едi.

Басқа түскен әрбiр iс,
Не қызықты, не кейiс,
Ойласаң, ол – көрген түс,
Соғып өткен жел едi.

Бақ бермейдi есiркеп,
У салады жесiн деп,
Иманың мен жаның жеп,
Жерге апарып көмедi.

Ақ малтадай езедi,
Түбiнде сенен безедi,
Оны ақылың сезедi,
Неге нәпсiң сенедi?

Бiле тұра талай жан,
Саудаға салып ар, иман,
Алдап берген уынан,
Көп жұтқысы келедi.

Сұлу бетiн сүйгiзсе,
Улатып жанын күйгiзсе,
Маңдайын жерге тигiзсе,
Ешкiм ары жүр демедi.

Ас бергенiн дедi: “Той”,
Ол – қасапшы, бұлар – қой,
Көп мисызда болмады ой,
Бұл неғылған ел едi?!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?