Фариза Оңғарсынова (Өз-өзімнен өртеніп барам жанып)

 Фариза Оңғарсынова (Өз-өзімнен өртеніп барам жанып)

Өз-өзімнен өртеніп барам жанып,
жүректен жас ағады тарамданып.
Менде жай жоқ бұл күнде тым болмаса
ақтарылар алдыңда саған барып.
Жасқа ғана толады жанар налып,
мен үшін тұр дүние қараң қалып.
Қақ төбемде жалт ойнап жатыр бүгін,
қалай тұрмын, япыр-ау, аман қалып?
Шырқап, шалқып жүрген бұл кезім менің,
қалай сонша күйгенім, езілгенім?
Бұл өмірдің азабы - ар алдында
күнаң болмай кінәлі сезінгенің.
Дөңбекшідім, түндерде көз ілмедім,
көз ілмедім, таусылды төзімдерім.
Алдамшы боп бара ма мынау жалған,
түсінбесең жанымды өзің менің.
Әттең, оттай сезімім шыдатпады,
суалғандай таудың да бұлақтары.
Арман алға сағым боп шақырғанмен,
көп екен ғой тірліктің сынақтары.
Сенуші едің сәбидей маған, көкем
(сенім артар бұл күнде адам да кем).
Біздегі үміт, сенімді өшіргендер
өкінбей-ақ рахат табар ма екен...
...Сүйген жүрек кешеді дейтін еді,
бұдан соң да кешіре алар ма екен

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?