Қадыр Мырза Али (Не қалады?)

 Қадыр Мырза Али (Не қалады?)

Не қалады?
Шаң қалады көштерден.
Майы біткен шам қалады кештерден.
Не қалады?
Қалады тек қи ғана
Қотандарда
Қойлар өрген,
Ешкі өрген.
Не қалады?
Тас қалады таулардан.
Қурап кеткен бас қалады жаулардан.
Не қалады?
Қалады тек арамшөп
Бір кездегі бақша менен баулардан.
Не қалады?
Тат қалады темірден.
Не қалады?
Күл қалады көмірден.
Сондықтан ба,
Бәрі керек болғанмен,
Көп алуға құмартпадым өмірден.
Екі қолды жылы суға малуға
Үйренбедім,
Үйренбедім әлі «уға».
Өзгелердей
Ағыл-тегіл өмірден
Алам десем болар еді алуға!
Сайтан айтқан сайқал сөзге сенем бе?
Байлықсыз да бағалымын мен елге.
Мен қаншалық алсам жомарт өмірден,
Сонша алады сараң өлім менен де!
Уақыт әлі сылып көзден шеліңді,
Шығарады кеудедегі желіңді.
Ертегі айтып,
Шеһаризада сияқты
Алдарқату мүмкін емес өлімді!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?