Қадыр Мырза Али (Жаңбыр жауар алдында)

 Қадыр Мырза Али (Жаңбыр жауар алдында)

Бір ыстық леп аспанда да,
Таста да.
Көлеңке де болмай қалды баспана.
Күн батарда алай-дүлей құбылды
Күнұзаққа күйіп тұрған астана.
Не болғанын үлгермедік біз ұғып.
Күн райы жүре берді бұзылып.
Бұтақтарда жан ұшырды жапырақ
Кететіндей сабағынан үзіліп.
Табиғаттың жиналғандай жындары,
Бұлт боп жауды
Қапшағайдың құмдары.
Таяу тұрған теректермен шатысып,
Бебеу қақты телеграф сымдары.
Зәре-құты қалмайды екен дауылда,
Сұп-сұр болды ақ бас Алатауың да.
Терезелер сарт-сұрт етіп,
Быт-шыт боп
Витриналар түсіп жатты сауылдап.
Алты айшылық жердің өзін алты аттар
Аспанға бір толып кетті «салт аттар».
Қуып берген қожасына жеткізбей,
Қаңбақ болып зымырады қалпақтар.
Құйын емес,
Дауыл емес —
Бір керім!—
Әйнектердің кетті өзгеріп түрлері.
Жібіменен қоса жұлды жынды жел
Жеңгейлердің балкондағы кірлерін.
Төсегінде дөңбекшітіп маубасты,
Дүниені ә дегенше шаң басты.
Шұбатылып
Шаһардың кеп үстіне
Осы қазір қонатындай албасты.
Күні жеткен кәрі ағаштар оңбады:
Отын болып шыға келді қолдағы.
Кім ойлаған
Болар-болмас жаңбырдың
Мұнша мықты болады деп толғағы!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?