Күләш Ахметова (Алматы)

 Күләш Ахметова (Алматы)

Жайнаған гүлдей жамалы бөлек кентімсің,
көктемнің нұры көркіңді сенің келтірсін.
Ғимараттарымен кеңейіп қанат сермеген
Қазақстанымның еркесіндейсің, еркінсің.
Шаһарым менің, шаттығым, әнім, шәрбатым,
шапағаттанып жатасың-ау сен таңда тым.
Шілдеде — гүлге, ақпанда — қарға бөленіп,
шәйі бұлттардан шәлі байлаған Алматым!
Құйын фонтаннан сезімнің алып бастауын,
қыдырса алтын алма бақтарда жас қауым,
Сүйген жүректің лүпілін қосып үніңе,
сыңғырлаушы еді бұлақтан таққан шашбауың...
Серуенге шығам, шақырса кейде Көктөбең,
Көктөбе жақтан көрінеді екенсің көп төмен.
Көкпеңбек мұнар перделеп сонда жүзіңді,
қиялға батып, ойға қаламын көптеген...
Қым-қуыт ойлар басады кейде мысымды,
мезгілім маған беймаза күдік ұсынды.
Бұлақ суымен жуғым келеді бір уақ
жұлдызды жауып, аспанды басқан ысыңды.
Гүлдеймін бірге, гүлдейтін болсаң егер сен,
көгерем бірге көктемде өзің көгерсең.
Сенімен бірге селге де қарсы тұрам мен,
сенімен бірге көремін мен де, не көрсең!
Өзіңнен күндей тарар деп байтақ елге ізгі үн,
жыр жолдарына жақсы үмітімді енгіздім.
Тәкаппар таудың тәжді шыңдары сүйеген
намысымыз бен мәртебемізсің сен біздің!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?