Кенен Әзірбаев (Жамбылды бірінші көргенім)

 Кенен Әзірбаев (Жамбылды бірінші көргенім)

Бірінші аттанғанда алыс жолға,
Алыппын жұлдызымды сәтті оңға.
Еркебай ертіп барып қырғыз жаққа,
Босатқан боз торғайды түскен торға.
Кедейлер көшіп жүрген зар заманда,
Өрісі ақындардың тар заманда,
Сұлудың күппен кезіп жасыратын
Бай-манап, би-болыстар бар заманда,
Сол тойға ат жетер жер бәрі барған,
Тай ақын, тарлан боздай кәрі барған.
Ол кезде түбіт иек Кенен едім,
Өнердің ақындығы дарып алған.
Жамбыл да осы тойға келген екен,
Жел сөзге айтудағы мерген екен,
Зар болып бір көруге жүргенімде
Тәңірім тілеуімді берген екен.
Кісі екен алпыс жасты алқымдаған,
Салдықтың самалымен салқындаған,
Домбыра ап, төңірекке қарағанда
От болып екі көзі жарқылдаған.
Ауызда айтар сөзі іркілмеген,
Ақынның дер шағы екен бұл күн деген.
Ақырып, домбыраны сабағанда,
Шіркіннің екі иығы бүлкілдеген.
Шабытын айғай салып шақырарда,
Адамдай езу тартып бір күлмеген,
Сөйлесе досын мақтап, қасын даттап,
Нөсердей дүркін – дүркін - дүркіндеген.
Бір жырды ақбоз үйде төгіп салды
Ағайын қазақ, қырғыз жұртым деген.
Қызықса қияғынан мұртын жеген...
Дулатып қаумалаған халайықты,
Түк емес сөйлеп кетсе бір түн деген.
Ақында алынбаған батам барып
Білсем де,
ә дегенде бата алмадым.
Жаюлы дарқан жатқан дастарқанның
Еркіндеп дәмін сірә тата алмадым.
Еркебай бері кел деп шақырғанша,
Аузында өзге жұрттың аталмадым.
Көрдім мен ертеңіне Жамбыл ақын
Сыйлыққа ақ жабулы ат алғанын.
Көргенде мына - сынды кәрі бозды,
Ақынсып жүргендердің бәрі безді.
Жеті күн желіккенде қайран ақын
Қайда да қалың топты жарып озды.
Мен тұрдым әрі ойланып, бері ойланып,
Кете алмай тентек қойдай шыр айналып.
Тәуекел, барайын деп белді будым,
Сөз басып енді Кенен құрайды анық...
Халықпен қаумалаған араластым,
Жақындап бірте-бірте қадам бастым.
Әдеппен алдына кеп тізе бүгіп,
Қолымды төске қойып салмақтастым.
Көнерген өлеңіммен енді қазір
Сондағы сүгіретін сала алмаспын.
Алды да сәлемімді, қарап тұрып,
Жылы жүз, ықыласпен мойын бұрып: —
Қарағым,
қай баласың? — дегеннен-ақ,
Тастады аш құмарды тойындырып.
Мен айттым баламын деп ашылмаған,
Тастағы жауқазындай аршылмаған.
Дулаттың бір атасы Қасқараудан,
Өлеңге бай болса да,
барсынбаған.
Кебекбай, Ноғайбайды айтып бердім
Күліктей топтан озып аршындаған,
Өмірде өлең қуып жүрмін дедім, —
Алмаймын ақ орданы алтындаған.
Ж а м б ы л:
Кешегі анау боз үйден
Шыққан дауыс сен бе едің?
Бөдене мен тұрымтай
Бұққан дауыс сен бе едің?
Бүркіт болсаң боларсың,
Үлкен екен шеңгелің.
«Кенен - Кенен» деп жүр ғой елдің бәрі, —
Осы тойға жиналған жас пен кәрі.
Сәлем берсең, қарағым, сәлемет бол,
Бабалардың балаға көшкен нәрі...
Ақындық, Ораздан да үзілмеген,
Сарбас,
Әлмен бар ма еді біз білмеген?
«Бабаның батасынан» деген нақыл,
Жас жүйрікті жарамас тізгіндеген.
Құдай сені сақтасын кесірінен,
Жар бағатын жапалақ,
құзғын деген.
Досың болсын Алатау аспанында,
Қырап құстай шырқаған қызғынды өлең...
Бұдан соң ақпап менен аптап ыстық
Кезінде қыс табыстық, жаз табыстық.
Айтыстың неше түрлі аңыздарын
Екеуміз талай жерге тастап ұштық.
Жарлының құрметіне құлдық айтып,
Байлардың сараңымен аз таныстық.
Дұшпанмен неше түрлі жағаласып,
Жар сүйдік, қанды көйлек дос та құштық.
Қырғыздың қысырының тайын жедік,
Балқаштың жағасынан жайын жедік,
Қанып ап Хан - Тағының қымызынан,
Кегеннің кенесінің майын жедік.
Жер дауын, жесір дауын көргендіктен,
Бәріне қосып соның уәйім жедік.
Жұбатып жұт жылдары жұртымызды,
Нағашы, жиен дедік, қайып дедік

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?