Ахмет Байтұрсынов (Бұлбұл мен есек)

 Ахмет Байтұрсынов (Бұлбұл мен есек)

Бір күні бұлбұл құсты есек көрді,
Қасына сөз айтпаққа жақын келді:
«Сыртыңнан сайрағыш деп жұрт мақтайды,
Тыңдайын, достым, біраз сайра, - деді. -

Кім білсін мұнан былай көрерімді,
Сайра деп тағы саған келерімді.
Мен тұрмын өзім естіп сынамаққа,
Мақтаудай бар ма екен деп өнеріңді».

Есектің сөзін бұлбұл қабыл алды,
Құлағын салып есек тұра қалды.
Дауысын әлденеше түрлендіріп,
Сандуғаш не әдемі әнге салды.

Бұлбұл тұр түрлі-түрлі әнге салып,
Сайрайды бірін нәзік, бірін анық.
Даусындай сыбызғының алыстағы
Құлаққа кейбір даусы келді талып.

Біресе шықылдаған ащы дауыс
Шекеңнен өте жазды құлақ жарып.
Жан-мақлұқ, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа
Тыңдады орны-орнында тұра қалып.

Сайрады бірде ақырын, бірде қатты,
Кейде ысқырып, кей уақыт таңдай қақты.
Жел тынып, құстар қойып шулағанын,
Қойлар да күйісін тыйып, тыңдап жатты.

Көрсетіп бар өнерін болды бұлбұл,
Есекке қарсы қарап қонды бұлбұл.
Қарап тұр екі көзін айырмастан,
«Сыншы не дер екен?» - деп енді бұлбұл.

Сонда есек сөз айтады бұлбұл құсқа:
«Мақтаулы бар ғой әнпаз әрбір тұста.
Солардың баршасы да әдемі әнге
Тауықтың айғырындай емес ұста.

Айтайын мен бір ақыл, бұлбұл шырақ,
Тыңда сен ілтипатпен салып құлақ.
Қораздан біразырақ ән үйренсең,
Сайрар ең мұнан гөрі де артығырақ».

Бұл сөзге жәбірленіп бұлбұл қатты,
Сөз тыңдап онан әрі тұра алмапты.
«Есекке сынатпасын Құдайым», - деп,
Пыр етіп ұшыпты да кетіп қапты.

Ал енді мұнда қандай ғибрат бар?
Есектей іс ететін көп адамдар.
Сары жезден саф алтынды айырмайтын
Дүниеде бар емес пе не надандар.

Есектей қалпы кейбір адамдардың,
Көзі тар, көңілі соқыр жамандардың.
Асылды жасық пенен танымайтын
Сынынан сақта, Алла, надандардың

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?