Мұқағали Мақатаев (Майгүлге)

 Мұқағали Мақатаев (Майгүлге)

Қалақтай едің,
Қабірінде қалақ тұр.
Туғаныңды, өлгеніңді санап құр.
Сенің аңқау құлағыңдай қалқиып,
Қыр басынан қала жаққа қарап тұр.
Қызым менің,
Гүлім менің,
Аяулым!
Жатыр молаң жотасындай қоянныц
Құлпытастың құны маған бес тиын,
Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын?!
Қойман, ботам.
Керегі не көк тастың.
Қыста ақ қар, жазда шалғын шөп бассын.
Өзің келген май айында ақ нөсер,
Ағыл-тегіл бізбен бірге жоқтассын.
Керегі жоқ көк тастың
Бұлданба, жүрек, бұлданба!
Жиылып досың тұрғанда,
Жиырып сені жентектер,
Жымысқы қайғы-мұң бар ма,
Бұлданба, жүрек, бұлданба!
Қызығы тайып, қызы өлген,
Жалғыз-ақ сен бе бұл маңда?!
Қыс қайтып, жасыл көктемде.
Қызғалдақ өсер қырларда.
Өкініш айтып өткенге,
Бұлданба, жүрек, бұлданба!
Сары алтын дейді сабыр іс,
Тепкілей берме, өкпемді.
Қыз деген құрғыр сағыныш,
Сағынту үшін кеткен-ді.
Бұлданба, жүрек, бұлданба!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?