География | Қазақстандағы ірі физикалық географиялық аудандар

География | Қазақстандағы ірі физикалық географиялық аудандар

Қазақстандағы ірі физикалық – географиялық аудандар

1.1. Шығыс Еуропа жазығы
Географиялық орны. Шығыс Еуропа жазығы - Жер шарындағы аса ірі жазықтардың бірі. Қазақстанға Шығыс Еуропа жазығының оңтүстік-шығыс бөлігі енеді. Жазықтың Қазақстандық бөлігі Мұғалжар және Үстіртпен, оңтүстігінде Маңғыстаумен шектеседі. Республика аумағындағы Жалпы Сырт қыраты, Каспий маңы ойпаты және Орал алды (Жем) үстірті осы аймақтың құрамына енеді.
Геологиялық құрылысы мен жер бедері. Бұл аймақ геологиялық дамуы мен тектоникалық құрылымы жөнінен ежелгі Шығыс Еуропа платформасының оңтүстік-шығыс бөлігі болып табылады. Платформа фундаменті архей мен протерозойда қалыптасып, кристалды қатты жыныстарынан қалыптасқан. Оның бетін кейінгі эралардың (палеозой, мезозой, кайнозой) шөгінді жыныстары жапқан. Шығыс Еуропа платформасының Қазақстандық бөлігі ұзақ уақыт су астында жатып, біртіндеп көтерілу нәтижесінде қазіргі қалпына келген. Каспий маңындағы бөлігі майысуға көп ұшыраған. Сондықтан мұнда әр түрлі жастағы шөгінді жыныстардың өте қалың қабаты таралған. Ұзақ геологиялық даму кезеңінде әрбір табиғи ауданның өзіне тән жер бедері, топырағы және өсімдік жамылғысы қалыптасқан. Жем үстірті жоғарғы бор дәуірінде, Жалпы Сырт палеогендік теңіздің тартылуынан кейін шегінуінен, ал Каспий маңы ойпаты антропогенде, соңғы мұз басу кезеңінен кейін ғана қазіргі жер бедері қалыптасқан. Бұл аймақтың географиялық орнының, жер бедерінің ерекшеліктері, ауа массаларының алмасуы жағдайының ұқсастықтары жалпы солтүстіктен оңтүстікке қарай ылғалдың азая беруі құрғақ континентті климаттың қалыптасуына себепші болған.
Жалпы Сырт - оңтүстік Орал мен Еділ өзенінің аралығында орналасқан кең жазық қыраты. Қыраттың жер бедерін жайық өзеніне оң жақтан келіп құятын Деркөл, Шаған, Ертек, Ростошь және т.б. өзендердің арналарымен тілімделген. Қыраттың қазақстандық бөлігі негізінен бірімен бірі жалғасып жатқан жалдардан тұрады. Ол солтүстіктен (100-150 м) оңтүстікке қарай (60-70 м) еңіс тартып, аласара береді.
Жем орал алды үстірті Каспий маңы ойпаты мен Мұғалжар тауларының аралығын қамтиды. Оның солтүстік шығыс бөлігі 400-450 м-ге дейін көтерілген. Жем, Қайнар, Сағыз, Ойыл, Елек, Ор, Сарықобда, Үлкенқобда, Бұлтырты, Өлеңті өзендері басын осы жерден алады. Үстірт оңтүстік батысқа қарай аласарады.
Каспий маңы ойпаты Жалпы Сырт қыраты, Орал алды үстірті мен Каспий теңізінің аралығында орналасқан. Ойпаттың солтүстігі жағы теңіз деңгейінен жоғары. Ойпат - жекелеген жоңдармен өзен бойларында қақ, сорлар, құнды аудандары бар кең жазық дала. Ол палеогеннің аяғында басталған Каспий трансгрессияларының құм аралас сазды шөгінділерінен түзілген. Ойпаттың оңтүстік беті теңіз деңгейінен төмен жатқан жазық. Бірақ мұнда тұз күмбездері ұшырасады, солтүстік бөлігіне қарағанда тұзды сорлар, қақтар көбірек. Ойпат арқылы жайық өзені мен оған құятын шағын салалар ағып өтеді. Олардың біразы жазда тартылып, бөлек-бөлек көлшіктер мен қара суларға айналады. Сонымен бірге ойпатта Шалқар, Балықты, Аралсор, Бесоба сияқты көлдер де бар.
Пайдалы қазбалары. Каспий маңы ойпатының негізгі байлығы — мұнай мен газ. Олар жер қабаттарындағы тұзды күмбездердің көтерілуіне байланысты пайда болған жарықшақтарға жиналған. Пермь, триас, юра, бор және полеоген қабаттарында сақталған. Қазір бұл ауданда теңіз, қарашығанақ, жаңа жол сияқты мұнай мен газ кен орындары жұмыс істейді. Пайдалы қазбалардан ас тұзы, бор, құрылыс материалдары өндіріледі.
Климаты. Шығыс Еуропа жазығының климаты, жоғарыда айтылғандай, құрғақ, континентті. Оған бұл ауданның мұхиттар мен теңіздерден алыс жатуы себеп болады. Қысы суық, қаңтардың орташа температурасы солтүстігінде —15 градус, оңтүстігінде —8 градус. Сібір мен Арктикадан суық ауа енген кезде температура -40 градусқа дейін төмендейді. Көктемде, күзде үсік жүріп тұрады. Жазы ыстық, қапырық, шілденің орташа температурасы +22 - +24 градус. Аңызақ желдер жиі соғады. Жауын-шашынның орташа мөлшері солтүстікте 350 мм, оңтүстікте 140 мм.
Өзендері мен көлдері. Қазақстан аумағындағы Шығыс Еуропа жазығының ірі өзендері - Жайық, Ойыл, Жем.
Көлдердің ең үлкені - Каспий теңізі.
1.2 Тұран жазығы
Географиялық орны. Тұран - Қазақстанның оңтүстігін батысынан шығысына дейін созылып жатқан кең жазық. Оған Маңғыстау, Үстірт, Торғай үстірті, Арал маңы, Сырдария бойы, Қызылқұм, Бетпақдала, Мойынқұм, Балқаш-Алакөл аймағы түгел кіреді. Жер бедері мен оның пайда болу тарихы жағынан біркелкі емес.
Жер бедері мен геологиялық құрылысы. Аймақтың негізгі тұғырын палеозойда қалыптасқан эпигерциндік платформалық құрылым - Тұран тақтасы құрайды. Оның жер бедері мен топырақ жамылғысы палеогендік карбонатты терриген жыныстары мен неоген-антропоген дәуірлерінің құмды, малта тасты моласса үгінділерінен түзілген.
Маңғыстаудың аласа таулы өлкесі мезозой дәуірінде пермь-триас құмтастары мен әктастарының, тағы басқа жыныстарының қосындыларынан түзілген. Ең биік тауы - биіктігі 350-450 м, ұзындығы 130 км болатын Қаратау, оның ең биік нүктесі - бесшоқы 556 м. Қаратау беткейлері шатқалдармен, жыралармен тілімделген толқынды қырат түрінде көрінеді. Тау жотасы ғана тік, жалаңаш, жартасты. Қаратаумен қатарласа оның солтүстігі мен оңтүстігінде солтүстік және оңтүстік ақтау созылып жатады. Олар жоғары бор дәуірінің әктасынан тұрады. Ақтау деп аталуы да осыдан. Биіктігі ЗООм шамасында.
Ақтаудан оңтүстікке қарай қыратты жартылай шөлді дала басталады. Ол түгелдей ұлутасты-оолитті әктастардан, Каспий жағасына таяу беті саз балшықтарынан түзілген. Олардың астында пермь-триас және одан да ежелгі дәуірлердің қатпарлығы жатыр. Олардан төмен теңіз деңгейінен аласа бірнеше тұйық қазан шұңқырлар ұшырасады. Олардың ең үлкені - Қарақия ойысы теңіз деңгейінен 132 м төмен орналасқан. Маңғыстау түбегіндегі - суларының көбі өте ащы, тіпті тұзды болып келеді. Маңғыстаудан Арал теңізіне дейін Үстірт қыратты жазығы алып жатыр. Оның биіктігі 200-300 м. Ауданы 170 мың км. Ұзындығы 600 км, ені 300-400 км. Үстірттің Қазақстанға батыс бөлігі ғана кіреді. Үстірттің жер бедері тегіс, ұлутасты-оолиттік әктасы мен тұзды мергель және саз араласқан ашық түсті әктастан түзілген. Әр жерінде көлді ойысты қазаншұңқырлар кездеседі. Олар құрғап, айналасы құм басқан. Мұнда да өзендер жоқ.
Торғай үстірті Сарыарқа мен Мұғалжар аралығына орналасқан. Орташа биіктігі 200-300 м. Оның орталық бөлігінде солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатқан кең ойыс бар. Оны Торғай аңғары деп атайды. Бұл кайнозойда Батыс Сібір теңізін Торғай теңізімен жалғастырып тұрған бұғаз болған. Ойыстың батыс және шығыс беттері едәуір тілімделген жазық, Үстірт негізінен, теңіз шөгінділері мен континенттік жыныстардан тұрады. Олардың қалыңдығы 5000 м-ге жетеді. Қазіргі жер бедері саздақты және құмды жыныстардан құралған.
Арал теңізінің маңында ірі құмды аймақтар бар. Арал теңізі мен Шалқартеңіз көлі аралығында жатқан Арал маңы Қарақұмы биіктігі 100 м, бұйратты төбелі жазық болып табылады. Бұл құм жасы жағынан басқа құмдарға қарағанда салыстырмалы түрде ежелгі. Ішінара жел әрекетінен өзгерген. Арал теңізінің солтүстігінде орналасқан үлкен және кіші борсық құмдары жер бедері жағынан Арал маңы Қарақұмына ұқсайды. Олар неогеннің құм шөгінділерінен құралған. Сырдария аңғары мен Арал теңізіне қарай көлбеу жатқан жазықты Сырдария аллювийлі жазығы деп атайды. Ол құмтасты және сазды, кей жерлерінде құмды шөгінділерінен тұрады.
Ал Сарысу өзені мен Балқаш көлінің аралығындағы үстіртті шөл Бетпақдала деп аталады. Орташа биіктігі 300 м. Көтеріңкі келген оңтүстік және шығыс бөліктерінде биіктігі 700 м, ең биік жері - Желтау жотасы 974 м-ге жетеді. Жер бедеріне қарай оңтүстік-батыс және солтүстік-шығыс болып екіге бөлінеді. Оңтүстік-батыс бөлігінің беті тілімделген жазықтық. Ол құмтас, саз және құм араласқан теңіз бен континенттік полеоген шөгінділерінен құралған. Солтүстік-шығыс бөлігі қыратты келеді. Кей жерлерде мүжіліп аласарған, тау қалдықтары кездеседі. Бұл жер палеозой тақтатасынан, құмтас мен магма жыныстарынан, сұрғылт және қызыл граниттен тұрады. Бетпақдаланың бұл бөлігінің Сарыарқаға ұқсастықтары бар.
Пайдалы қазбалар. Тұран жазығында пайдалы қазбалардан мұнай мен газ, құрылыс материалдары, ас тұзы, сода мол өндіріледі.
Климаты. Климаты жағынан Тұран жазығы құрғақ континетті өлкеге жатады. Жазы ыстық, қысы суық. Қаңтардың орташа температурасы солтүстікте -18 градус, оңтүстікте -5 градус. Қыста бұл аймаққа арктикалық ауа массасы мен Сібірдің суық ауасы жиі кіреді. Бұл кезде ауа температурасы -30-40 градусқа жетеді, шілденің орташа температурасы солтүстікте +22 градус, оңтүстікте +29 градус. Аңызақ желдер жиі соғады. Көктем мен күз ылғалдырақ келеді. Жалпы жауын-шашын мөлшері аздау, жылдық мөлшері 80-100 мм. Климаттың қуаңшылығы Тұран жазығының шөл, шөлейтті табиғатымен тығыз байланысты.
Өзендері мен көлдері. Тұран жазығында өзен жүйесі нашар дамыған. Сырдария өзені басында Қазақстаннан тысқары жерден алады да, жолшыбай суын Орта Азия республикаларынан шексіз мақта плантацияларына тартып алынып, Арал теңізіне мардымсыз су барады. Сырдария кейінгі жылдары теңізге жетпей қалып жүр.
Шу мен Талас өзендерінің жағдайы да осыған ұқсас. Олар да Қазақстан жеріне талмаусырап жетіп, Мойынқұм мен Бетпақдаланың қажетін өтей алмай отыр. Торғай үстіртінің өзендері Торғай, Ырғыз, Жыланшық жазда қарасуларға, ұсақ көлдерге бөлініп тартылып қалады. Бұл өлкеде Обаған, Шалқар, Шалқартеңіз, Ақкөл, Қопа сияқты көлдер бар. Бірақ олардың көбі тұзды. Жетісу өзендері - Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі, Тентек қана түщы. Бірақ о лардың жылдық ағыны жылдан-жылға кемуде.

1.3. Солтүстік Қазақ жазығы
Географиялық орны. Бұл жазық Қазақстан жерінде Орал тауларынан Алтайға дейін ені 200-250 км жіңішке алапты алып жатыр. Ол оңтүстіктен солтүстікке қарай еңіс. Оңтүстігінде Сарыарқамен шектеседі. Жер бедері мен геологиялық құрылысы. Жазықтың оңтүстігіндегі биіктігі 200 м, солтүстігінде 100 м. Солтүстік Қазақ жазығының Қазақстандық бөлігі палеозойдың қатпарлы-жақпарлы тұғырының үстінде жатқан палеогеннің теңіз және неогеннің континенттік шөгінділерінен тұрады. Кайнозой эрасында теңіз тартылып, қазіргі жер бедері қалыптасқан. Жер беті біркелкі тегіс. Өзендері сирек. Сондықтан да көп тілімделмеген. Ондаған тұйық қазаншұңқырлар ғана ұшырасады. Олардың көбін тұзды көлдер алып жатыр. Кей жерлерде биіктігі 10-15м-ге дейін көтерілетін биік жалдар кездеседі. Ішкі ерекшеліктеріне сәйкес Солтүстік Қазақ жазығының қазақстандық бөлігі төрт ауданға бөлінеді. Олар -Есілдің жазық орманды даласы, Тобыл -Обағанның жазық даласы, Есіл -Ертіс даласы және Ертіс -Құлынды жазығы.
Есілдің жазық орманды даласы Есіл өзенінің екі жағын жағалай, Солтүстік Қазақстан облысының жерінде орналасқан. Бұл көлді жазық сазды жыныстардан түзілген, бетін континенттік, әсіресе өзен шөгінділері, палеогеннің жыныстары басқан. Жазықтықтың ең биік беті 130-140 м-ге жетеді. Онда көл көп, батпақты, тұзды қазаншұңқырлар да баршылық. Жер бетін шалғын, қара топырақты даланың өсімдіктері басқан. Ормандары негізінен қайың мен теректен тұрады.
Тобыл —Обағанның жазық даласы батысында Орал Сырты үстіртімен, оңтүстігінде Торғай қыратымен, шығысында Есілдің сол жақ жағалауымен, солтүстігінде орманды даламен шектеседі. Бұл да көлді жазық. Жер бетінің биіктігі оңтүстігінде 250 м. Солтүстікке қарай аласарады. Жазық саздардан түзілген. Оның аумағында Үй, Есіл, Тоғызақ, Әйет, Тобыл,Обаған өзендері ағып өтеді. Түщы көлдер аз. Оның ең үлкені -Құсмұрын көлі. Ал тұзды көлдер көп. Жері қара топырақты шалғынды.
Есіл —Ертіс даласы Есіл —Қамысты орманды даласы мен Сарыарқаның, Павлодар облысының көлді жазығының ортасында жатыр. 100-120 м биіктегі беткейлер неоген саз балшықтарынан түзіліп, оның бетін палеоген дәуірінің құмдары мен балшықтары басқан. Батыс бөлігінде көл көп. Олардың көбі тұщы. Ең үлкені -Шағалалы теңіз көлі. Оған Шағалалы өзені құяды. Тұзды көлдері де бар. Көкшетаудың солтүстік жағалауында жазық даланың бетінде ұзындығы 24 км, ені 0,5 -1 км-ге, биіктігі 15 м-ге жететін үлкен жалды қырқа жатыр.
Ертіс - Құлынды жазығы Павлодар облысының күңгірт қара қоңыр топырақты ауданын қамтиды. Ертіс өзенінің жағалауы бірнеше террасадан тұрады тұрады. Бірінші және екінші террас өзен деңгейінен 4 -6-дан 15 -18 м-ге дейін биік келеді, жайылмасы өзеннің екі жақ бетінде 20 -25 км-ге дейін созылады. Үшінші террасаның биіктігі 28 -32 м, негізінен сол жақ жағалауға орналасқан. Ол қатпарлы, ұсақ шоқылы өлкемен жалғасады. Бұл беткей ұсақ қиыршық, құмтасты болып келеді. Ал Ертістің оң жақ беткейі төртінші террасаны құрайды. Ол құмайт топырақты аллювилік жазық, желдің әрекетімен қалыптасқан. Онда қалың қарағай өседі. Ертістің сол жағасы мен аймақтың солтүстік-батыс бөлігінде көлдер мен көлтабандар бар. Олардың ең үлкені —Жалаулы, Шүрексор көлдері. Жағаның екінші, үшінші террасаларының қалыптасуы кезінде Ертіс осы көлге құйып, шығысқа қарай қайта ағып шыққан. Қазір бұл көлге Шідерті мен Өлеңті өзендері, Сілеті теңіз көліне Сілеті өзені құяды.
Пайдалы қазбалары. Солтүстік Қазақ жазығында пайдалы қазба байлықтары аз емес. Соколов-Сарыбай, Қашар кен орындарында темір рудасы өндіріледі. Рудный қаласында байыту комбинаты жұмыс істейді. Әйет, Лисаков кен орындарында никель мен көмірдің мол қоры табылған. Хромит, боксит, кобальт кендері барланған. Құрылыс материалдарының да қоры мол.
Климаты. Бұл өлкенің климаты континенттігімен көзге түседі. Орта Азияның ыстық ауасы еркін енеді. Жауын-шашынның 60%-ына жуығы жаз айларында жауады. Шілденің орташа температурасы +18 , +20градус. Қаңтарда -17 -19 градус. арасында -30 -35 градустық аязды күндер жиі болып тұрады. Қар қалың түседі, орташа қалыңдығы 30 —50см-ге жетеді.
Өзендері мен көлдері. Солтүстік Қазақ жазығының негізгі өзені -Ертіс. Ертістің төменгі ағысындағы басты салалары, сол жағынан -Тобыл, Есіл, Вагай, Қоңды, оң жағынан -Омь, Тарта, Демьянка келіп құяды.
Шағын өзендерден Үй, Тоғызақ, Әйет, Обаған, Шағалалы, Сілеті, Өлеңті, Шідерті және т.б. жатады. Олардың көпшілігі қар суымен қоректенеді де, жазда құрғап қалады. Көктемде тасиды. Кейбірі Ертіске және оның салаларына құяды. Бұл өлкеде Құсмұрын, Шағалалы теңіз, Сілеті теңіз, Қызылқақ, Теке және т.б. ұсақ көлдер көп. Олардың сулары ащы келеді. ....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?