Сәуегейлер 2017-жылға қандай болжам жасаған? 

Сәуегейлер 2017-жылға қандай болжам жасаған? 

Кезекті, 2017-жыл да тарих табалдырығын аттады. Бұл жылы адамзат өз басынан қандай оқиғаларды өткеруі мүмкін екені жөнінде бұрын­ғы-соңғы көріпкел-сәуегейлер не деген? Бұл сауалдарға Замана басылымы жауап іздеп көрді.

Нострадамус не депті?

Кей зерттеушілер ортағасырлық сәуегей Мишель Нострадамус­тың кейбір катрендерін (төрттаған өлең түрінде жазылған болжамдар) саралай келе ол 2017-жылға мынадай болжам айтқан деп отыр:

«Иран мен Түркияның арасында үлкен қақтығыс туындайды.

Бұл жылы мұсылмандар мен христиандар арасында соғыс басталуы мүмкін.

Латын Америкасында халықтың жаппай бас көтерулері орын алады.

Еуроодақ экономикалық, қаржылық дағдарыстан қиналады. Әсіресе Италияға тіпті қиын болады, онда жұмыссыздық көбейеді, несие алу қиындайды.

АҚШ жаңа жылға жаңа Президентпен аяқ басады. Бұл елді басқару қиындай түседі.

Еуроодақтың күш салуы арқасында Ресей мен Украина татуласуы мүмкін.

Адамзатқа қажетті ресурстар азаяды. Жаһандық жылыну күшейіп, көптеген табиғи апаттар орын алады».

Ванга айтқан деседі

Әйгілі болгар сәуегейі Ванганың болжамдары жөнінде де жарияланып жатыр. Кей зерттеушілердің пайымынша, ол 2017-жылға мынадай болжам жасаған деседі:

«Әлемнің әр түкпіріндегі түрлі соғыстардың кесірінен экономикалық ахуал құлдырайды, көп жерлерді аштық жайлайды, өмір қиындай түседі. Бір ірі соғыс басталып, көп адамдардың өмірін үзеді.

Көп елдерде билікке талас жолындағы күрес күшейеді, кейін ол азық-түлікке қатысты күреске ұласады. Өйткені көп елдерде аштық орын алады. Адамдар әділдік пен заңдылық дегенді ұмытады, күрес-таласта кім күшті болса, сол жеңіске жетеді.

Әлемдік дағдарыс күшейіп, көптеген қиындықтар орын алады. Бұл қиындықтан Ресей қуаттанып шығады, кейін ол өзге елдердің де дағдарыстан шығуына жәрдемдеседі. Қытаймен және Үндістанмен ынтымақтаса отырып, Ресей әлемдегі басты жетекші мемлекетке айналады.

Сириядағы жағдай қиындай түседі. Еуропада соғыс басталып, ол 3-ші Дүниежүзілік соғысқа ұласуы мүмкін. Мұсылмандармен арада соғыс болып, онда ядролық қару қолданылады».

Кейсидің болжамдары

Енді бір зерттеушілер ХХ ғасырда өмір сүрген медиум Эдгар Кейсиді былай деп «сөйлетіп» жатыр: «Климат қатты өзгеріске ұшырайды. Табиғаты тұрақты жерлер мен субтропиктерде тропикалық климат орнайды.

Жапония, Солтүстік Еуропа, Америка түгел, Гренландияның көп бөлігі су астында қалады. Жер сілкіністері көбейеді, Кариб теңізінде жаңа аралдар бой көтереді. Оңтүстік Америкада күшті жер сілкіністері орын алады. Әлем картасы өзгереді, ол өз кезегінде экономикалық және саяси беталыстарды өзгертеді.

2017-жылы қазіргілерден ДНК-сы мүлде өзгеше, зақымданған жағдайда өздігінен тез қалпына келе алатын жаңа, мықты адам тұқымы пайда болады».

КӨРНЕКІ ФОТО: ZEITVONEWIGKEIT.LIVEJOURNAL.COM

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?