Ұландарымыз елім деп өссін десек...
8 сынып, №7 қазақ орта мектебі
Атбасар қаласы
Жетекшісі: Достанбаева Қ. М.
Атадан жақсы ұл туса,
Елінің туы болады.
Атадан жаман ұл туса,
Көшінің соңы болады.
Қазыбек би
Отаншылдық ! Осы қасиетті сөзді естігенде тұла бойыңды бостандық пен еркіндік билеп, өз ұлтыңды ерекше жан-тәніңмен сүйетініңді рахаттана сезінесің. Алайда Отанының азаттығы жолында қасық қаны қалғанша күресіп, «тар жол тайғақ кешіп», бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған жандарды есімізге алғанда көңіліңде көңілсіздік кемесі қалқып, жанарың жасқа үйіріліп, олардың алдында мәңгілікке борыштар екеніңді сезіне бастайсың.
Отаншылдық – елжандылық туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топырағы мен табиғатына деген құрметтен басталады. Отаншылдықтың іргетасы – ұлтжандылық. Өз ұлтын сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл болады. Отаншылдықты рухани құбылыс ретінде зорлықпен, нұсқаумен биліктің басқаруымен енгізу мүмкін емес.
Ел Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Әрбір адам біздің мемлекетімізге, соның бай да даңқты тарихына, оның болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай іс-қимыл жүйесін талдап жасауы қажет. Елдің проблемалары да, келешегі де барлық адамға жақын әрі түсінікті болуы тиіс... Әрбір адам бала кезінен Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей істеген жөн”- дейді.
Міне, осы сөздің өзі – тұлабойы тұнған отансүйгіштік тәрбие міндеттері. Қазақстандық патриотизмнің анықтамасы да осынау парасатты ойдан арна тартады.
Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесіне көз жүгіртер болсақ, ежелден –ақ ру-тайпаларымыздың басын төмен имегенін, ұлын құл, қызын күң еткізбеуге тырысып баққандарын тарих беттерінен ақтаруға болады. Қасіретпен өріліп, қанмен жазылған жылнамаларымызды ауыстырып отырсақ, көкірегімізде кек тұтанып, найзағай намысымызды жанып өтеді.
Астындағы аттарын ақ көбік етіп, жаһанды жайлаған ұлы жорықтарымыз, біздің бабаларымыздың қынынан қанжары, қолынан алдаспандары түспегендігін айқындайды. Сонымен қатар ержүрек ата-бабаларымыздың , жауына қатал, досына адал, садақ ұстап, қол күшіне сеніп, найзаның ұшына үкі таққан ұлдары мен қыздарының жауынгерлікке тәрбиелеп, егемендікке талай мәрте талпынғандықтарын байқаймыз. Ел басына күн туғанда , ерлермен қатар етігімен су кешкен, қолына қару алып, ат құлағында ойнап жүріп, жауын тізе бүктірген сақ қызы - Тұмар падишаның ерлік істерін айтпасқа болмас. «Маған туған жердің бір уыс топырағы да қымбат. Сонда енді не бар?!» деп тұрсыңдар ғой... Менде ел бар, менде жер бар, мен елімді-жерімді қорғадым», - деген Тұмар падиша осындай байтақ та бай дархан Отанымызды жұдырықтай жүрегіндегі ерлік сезіммен қорғаған. «Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас» - деп қыздарға сеніммен арқа сүйеген , шашын төбесіне түйіп, жауға шапқан батыр қыздардың қазақта болуы бізді зор мақтаныш сезіміне бөлейді.
«Аман қалған шабуылдан жүздеген,
Батыр халық екенбіз ғой біз деген», -деп Қадір Мырза Әлі жырлағандай, ел тарихында алтын әріппен жазылған ұмытылмас оқиғалар – ел қорғау соғыстары, ұлт-азаттық көтерілістер, айтып жеткізгісіз ауыртпалықты көтере білген, жасымайтын асқақ жігерлі рухы, қайтпайтын табандылығы – өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде санамызда мәңгіге сақталуы тиіс.
Жастық жалыны мен жігері тасыған жастардың еркіндік сүйгіш, патриоттық дәстүрі 1986 жылғы 16 желтоқсан оқиғасына дейін жалғасын тапты. Жүрегінде намыс оты лапылдаған Ләззаттар мен атына заты лайық қажырлы да қайратты Қайраттар ел тәуелсіздігі жолыңда қыршыннан кетті-ау. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға бар өмірін сарп еткен хан-сұлтандары мен батырларын тарихқа өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлғалар ретінде ардақтап, олардың өлмес рухын ұлт мақтанышы ретінде күні бүгінге дейін жеткізді. Бұл қасиетті шежіре – бүгінгі буын арқылы келер ұрпақтың бойына жастайынан сіңірілетін баға жетпес игілік. Осы өнегені, елжандылық, отансүйгіштік дәстүрді жастардың бойына дарыту, патриоттық рухта тәрбиелеу – бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы деп білеміз.
Жыл сайын аталып өтілетін Тәуелсіздік күні мейрамы әрбір азаматтың жүрегіне жақын. Еркін еліміздің жарқын болашағына бастау болған бұл күн мемлекетіміздің бүгінгі өркендеуі мен болашағының нық екендігіне сенім ұялатады. 16 желтоқсан - Ұлттық мереке күні қарсаңында бұл Тәуелсіздіктің қаншалықты қымбаттығы мен қасиетін, оның бізге қалай жеткендігін әрбір ұрпақ жақсы білуі және мақтаныш тұтуы керек деп білемін. Өйткені, біздің ата-бабамыз бұл Тәуелсіздікті ұзақ және оның келетініне сене отырып зарыға күтті. Бірақ, бұл зор бақыт бізге, олардың ұрпақтарына бұйырды. Қазақ халқы азаттықтың ақ таңын қанша күтсе, алаштың туын асқақтатар Алаша ханын да сарыла тосты. Осыдан тура 22 жыл бұрын халықтың,елдің таңдауы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа түсті.
«Қазақтың өзіндік ұлттық қасиеттерінің қайта қалыптасуына қамқорлық жасау менің - Президенттік те, перзенттік парызым. Отандастарымнан бөлек уайымым жоқ, олардан бөлек қайғым да жоқ. Нені де болса елмен бірге көремін, елмен бірге төземін, елмен бірге жеңемін!», - дегені – ZЕлбасының өз елінің нағыз патриоты екенінің бір дәлелі.Біз, жастар болашаққа сеніммен қараймыз, ал, болашақ өз қолымызда. Болашақтан үмітіміз зор болуының себебі, біздің көреген Елбасымыз бар. Ұлт көшбасшысы - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сияқты өз елімді, өз жерімді шексіз сүйіп , Отан алдындағы борышымды адал орындауды перзенттік парызым деп түсінемін.
Президентіміз «Мен сіздердің өз өмірлеріңіз бен ел өмірін толыққанды, сәнді және бояуы қанық ете алатындықтарыңызға кәміл сенемін!» деген сөзімен бізге зор міндет жүктеп , сенім артып отыр.Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында еліміз алдына қойған басты міндет- азаматтардың әл-ауқатын нығайту, еліміздің өсіп- өркендеуі жолында сенімді түрде алға жылжып келеміз.
Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Бүгінде еліміз ұстанып отырған жаңа саяси және экономикалық бағыт жастарға жақсы білім беруді, яғни бұдан да артық лайықтырақ болашақ сыйлауды көздейді. Мемлекет басшысы жаңа буынның білімі мен өсіп-өнуі үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептер ашып, «Болашақ» бағдарламасын құрды. Еліміз біздің алдымыздан жаңа мүмкіндіктердің ашылуы үшін барлығын жасауда. Сондықтан, бар мүмкіншілікті пайдаланып , бел шешіп, білек сыбана білімге ден қойып, талап қылуымыз керек. Біз бағындырған белес-ата- анамыздың , туғандарымыз бен туыстарымыздың жетістігі, отбасымыздың , барлық отандастарымыздың, біздің Отанымыздың табысы болмақ.
Кейінгі толқын жастар –болашаққа деген үкілі үміттің тірегіміз. Бүгінгі аға буын өкілдері атқарып жатқан игі шаралар тек біздер үшін жасалуда. Тәуелсіз Қазақ елінің бақытты перзенті екенімізді мақтан етемін! Азат елде туып, зайырлы мемлекетте тәрбие алып келеміз.
Тәубә! Қазіргі таңда бірлігі мен берекесі жарасқан егемен елім бар. Тәуелсіздік таңы атқаннан бері ауыз толтырып айтарлықтай елеулі табыстарға қол жеткіздік. Дос сүйсінді, дұшпан күйінді. Бұл тұңғыш Елбасының жүргізіп отырған парасатты да көреген саясатының нәтижесі. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы жүрегі кең, көңілі дархан қазақ ұлтының арқасында болып отырғаны маған да, барлық қазақстандықтарға да аян.
Ойымды түйіндей келе айтарым, «Ең бастысы соғыс болмай, біздің Қазақстанымыз гүлдене берсін! Әрқашан жерімізде тыныштық пен бейбітшілік орнатуға бар күш жігерімізді салайық. Қазақ ұлтының бірегейлігін сақтап, дамытуға қызмет етуге тиіспіз. Қазақ ұлтын мемлекет иесі, қалған басқа ұлттарды осы мемлекет заңдарын сыйлайтын парасатты азаматтары деп қарауымыз керек. Бұл біздің елжандылық , ұлттық отансүйгіштікке деген ойымызды нығайта түседі.
Зиялы қауым қашанда қоғамның мәдени , рухани, елжанды тыныс тіршілігін жылжытушы десек , азаттық қалыптағы егемен еліміздің шоқтығын биіктете беру үшін көп тер төгіп, еңбек етуіміз керек. Сонда ғана біздің Отанымыздың жасыл теректері, өскелең ұрпақ, мына біздерден жақсы бағбанның күтіп баптауынан әуеге сымдай тартылған жап-жасыл ормандай болып жайқала түсіп, еліне қамқор, Отанын сүйетін , елінің тағдыры үшін алаңдайтын азаматтар шығады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?